Қазақстанда кадрларды дайындау еңбек нарығының талаптарына толық сәйкес келмейді

20140116114421Қазақстанда кадрларды дайындау еңбек нарығының талаптарына толық сәйкес келмейді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев айтты. Әлемдік алдыңғы қатарлы елдердегі жоғары білім берудің бүгінгі таңдағы үрдістеріне тоқталған ол: «Ең бірінші үрдіс - ол жаппай білім беру. Бүгінгі таңда экономикалық ынтымақтастықты дамыту елдерінде жастардың 27 пайызы жоғары білім алады. Қазақстанда бұл 24 пайызға тең. Соңғы жылдары әлемде жоғары білім алып жатқан жастардың саны күрт өсті. Ал бізде соңғы он жылдың ішінде 3 пайызға төмендеді», - деді Т. Балықбаев. Вице-министрдің атап өтуінше, екінші жағынан білімді жаппай беру жалпылама болғандықтан білім сапасын төмендетеді. Осыған байланысты білім сапасының төмендеуі мәселесі бар. «Жалпы, Қазақстанда кадрларды дайындау еңбек нарығының талаптарына толық сәйкес келмейді және жоғары оқу орындарын бітірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етпейді. Осы бағытта келесі шараларды ұсынып отырмыз. Біріншіден, мамандарды бизнес салаларына сәйкес даярлау және оның сапасын арттыру. Ол үшін білім мен бизнесті интеграциялауды тереңдетеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша екінші курстан бастап өндірістік тәжірибеден өткізу заңнамалық тұрғыда енгізілейін деп жатыр», - деді ол. Т.Балықбаевтың атап өткен екінші шара бойынша жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін арнайы бағдарламалар жасалады.

Қазақпарат