Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандық іске қатысты сот болмақ

AltynbekҚаңтардың 10-ы күнi Талдықорғандағы Алматы облысының қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотында өткен алдын ала сот тыңдауы тағы да заңсыздықтармен басталды. Дәл 2006 жылғы сорақы сот кезiндегiдей. Сот тыңдауы жабық өтетiнi хабарланған жоқ. “Сотқа Өтембаевты әкеледi” деген­дi естiгенiмiзбен, оны көре алмадық. Журналистердi арнайы құрылғымен бастан-аяқ тексерген соң қой қайырғандай жан-жағымыздан қақпалап, бiр бөлмеге апарып қамап қойды. Таңғы оннан өте басталған сот бесiнде аяқталды.
Жәбiрленушi тарап пен адвокат Ескендiр Әлiмбаев iстi жүргiзген Алматы облысының қылмыстық iстер жө­нiндегi мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Берiкжан Бай­жүнiсовке үш талап қой­ды. Бiрiншiсi – алдын ала сот тыңдауын ке­йiнге қалдырып, iспен мұқият танысу жөнiнде.
Жәбiрленушiлерге сот тыңдауы 10 қаңтарда өтетiнi жөнiнде тек 6 қаңтарда хабарланған. Яғни, iспен танысуға еш мүмкiндiк болмаған. Егер жәбiрленушi тарап пен заңды өкiлдерi iспен таныспаса, онда iстi қалай жүргi­зедi?
Судьяға бәрiбiр екен. Жәбiрленушi­лер­дiң “iспен танысайық, алдын ала тыңдауды кейiнге қалдырыңыз” дегенiн қабылдамай, iстi одан әрi жүргiзе бердi.
Екiнiшi талап-тiлек – судья Байжүнiсовтiң жеке басына қатысты. Судья Б.Бай­жүнiсовтiң кiм екенi сот басталмай тұрып-ақ белгiлi болған. Жәбiрленушi Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, судьяның онымен    туыстық жақындығы бар. “Судья Бай­жүнiсовтi бұрыннан бiле­мiн. Отбасылық iс-шараларда анда-санда кездесiп, әңгi­ме­лесiп жүрдiк”, – дейдi Р.Сәрсенбай.
Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң 90-бабында судьяға қарсылық бiлдi­ре­тiн жайттар анық жазыл­ған. Егер судья жәбiрле­ну­­шiнiң туысы болса, сондай-ақ судья iске тiкелей немесе жанама түрде мүдделiлiк танытса, ол iстi қарауға қатыса алмайды. Судьяға қарсылық бiлдiру жөнiн­дегi талапта осыны адвокат Е.Әлiмбаев қолмен қойғандай етiп көр­сетiп берген. Бiрақ Бай­жүнiсов бұған да қарамады. Кеңесуге шығып ке­тiп, аздан соң жанына облыстық соттың тағы бiр судьясын ертiп келiп, өз мәселесiн өзi шеше салды. Судьяның түсiнiгiнше, туыс деген – бiр атадан тарау, әке-шеше мен бала-шаға ғана. Дәп бiр бұдан өзге туыстары жоқтай-ақ.
Судья жәбiрленушi Р.Сәрсенбайға “туыстығыңызды дәлелдейтiн құжаттарыңыз қайсы” дедi бiртүрлi қолайсызданып. Бұған Р.Сәрсенбай былай деп ұтымды жауап бердi: “Мұны дәлелдеп жатудың қажетi жоқ. Дәлел – сiз бен мен!”.
Байжүнiсов жақында ғана қылмыстық iстер жөнiндегi маманданды­рыл­ған ауданаралық сотқа төраға болып келiптi. Бұған дейiн ол бар-жоғы үш жыл ғана судья болып қызмет iстеген. Онда да азаматтық iстер жөнiнен. Сот төрағалығының өтеуi­не осы атышулы iстi мойнына iле салғандай кө­рiндi...
Үшiншi талап – қылмыс­тық iстi басқа сотқа беру жөнiнде. Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң 297-бабында мұның мән-жайы көрсетiлген. Егер белгiлi бiр соттың барлық судьяларына бөгет болып отырған жағдайда iс сол дең­гейдегi басқа соттың қарауына берiлуi мүмкiн.
Жәбiрленушiнiң бәрi де Алматы қаласында тұрады. 2006 жылы саяси себептермен сотты қарауды Талдықорғанда өткiзу шешiлген. Қыстың көзi қырауда Алматы мен Талдықорғанның арасына қатынау қиын. Оның үстiне жол жөнделiп жатыр. Бұл процеске қатысушылардың өмiрiне қауiптi болуы мүмкiн. Қылмыс Алматы қаласында жасалған, оны тергеп-тексеру осы қалада аяқталды. Осыны ескер­­тiп, жәбiрленушi тарап iстi қарауды Алматы қаласының қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырыл­ған ауданаралық сотына тапсыруды сұраған. Бұл талап та ескерусiз қалды.
Бiр айта кетерлiгi, Ержан Өтембаев сот про­цесi­нде дел-сал күйде отырды. Ашылып сөйлеген жоқ. Тек адвокаты Анжелика Әжiғалиеваға иек қақ­қаннан басқа. А.Әжi­ға­лиева сотты Қаскелеңде өткiзудi сұрады. Мұнда бiр гәп бар. Өйткенi судья Байжүнiсов Әжiғалиеваны қолдады. Қолдайын деп қолдады дейсiз бе, алдын ала шешелiп қойған мәселе ғой...
Сонымен, А.Сәрсенбайұлына, Б.Байбосынға, В.Журавлевке жасалған қастандыққа қатысты iс 22 қаңтардан бастап Қас­келеңнiң қылмыстық iстер жөнiндегi аудандық сотында өтедi. Ал ендi Қаскелеңдегi сотта iске кiм төрағалық етпек? Байжүнiсов пе, әлде басқа ма? Мұны жуық арада бiлетiн боламыз.
Бiр қызығы, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiне жасалған қастандыққа қатысты iстi жүргiзудi жәбiрленушi тарапқа тiкелей немесе жанама қатысы бар адам­дар­ға тапсыруы тегiн емес. Осыны ұйымдастырушылар сотты отқа айналдырып жiбердi.
Рысбек СӘРСЕНБАЙ, А.Сәрсенбайұлының бауыры:
– Iс басынан бастап заң шеңберiнде әдiл жүр­гiзiлгенде ғана нә­тижесi болады. Бұлар ә дегеннен-ақ заң бұзушылыққа жол бердi. Маған туыстық жақындығы бар адамды судья етiп тағайындады. Бұл – Рахат Әлиев үшiн көзiр. Ертең ол осыны қорған етедi. “Жәбiр­лену­шiлердiң туысы шығарған сот үкiмi заңсыз” деп.
Өтембаевтың жазасын жеңiлдетудi ойластырған бас прокуратура ұйым­дас­тырушы деп Әлнұр Мұсаевты, тапсырыс беру­шi деп Рахат Әлиевтi атады. Ал ендi осыған бұлтарт­пас айғақтар жеткiлiктi ме? Жоғарғы соттың Өтембаевқа қатысты шығарған қаулысын процеске дейiн таныстырмай, әбден соңынан беруiнiң себебiн кейiн түсiндiк. Қаулы үйлесiмсiз жазылған. Тiптi кей тұстарында қарама-қайшылықтар бар. Мағынасы бұлыңғыр сөйлемдер кездеседi. Жоғарғы соттағылар құ­жатты осылай әзiрлесе, онда өзгелерiнiң кәсiптiк бiлiктiлiгi қай деңгейде екенiн шамалауға болады.
Төлеген ЖҮКЕЕВ, қоғам қайраткерi:
– Iс шала-шарпы басталды. Егер дәл осы күйiн­де жалғаса беретiн болса, билiк еуропалық соттың алдында тағы масқара болады.
Сот барысындағы бiр ғана жағымды жаңалық – соттың Қаскелеңде өтетiн болып шешiлгенi. Бұл куәлерге де, Өтембаевтың өзiне де тиiмдi. 22 қаңтар­ға дейiн iспен толық танысып үлгеремiз деп ойлаймын.
Е.Биеке. "Жас Алаш"