Дариға Назарбаеваның Шу алқабына қатысты ұсынысы

karasora0801Бүгін Мәжілісте үкіметтік сағат барысында депутат Дариға Назарбаева Шу алқабындағы жерлерді ірі фармацевтикалық компанияларға пайдалануға беруді ұсынды. Олар алқапта өсетін қарасорадан дәрі-дәрмек өндіреді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. "Қарасорадан жасалатын препараттар бүгінде әлемде обырмен, ЖИТС дертіне шалдыққандарды емдеуде пайдаланылады. Мәселен, олар Израиль, Чехия, Канада мен Голландияда қолданылып келеді. Қарасора есте сақтау қабілетіне қатысты ауруларды, Альцгеймер сырқатын емдеуде пайдаланылады", - деді депутат. Бұл ретте әлемнің бірқатар елдерінде қарасораны арнайы өсіру қолға алынған екен. Мұнымен қатар, депутаттың сөзіне қарағанда, қарасорадан әлемде 25 мыңға тарта өнім шығарылады. "Біздің құқық қорғау органдарымыз қаншама жылдан бері Шу алқабындағы қарасорамен күресіп келеді? Осы күреске бюджеттен қыруар қаражат бөлінді. Бұл тиімді ме? Ендеше, бүгінде жабайы қарасораны пайдалы мақсаттарға, соның ішінде медицина, халық шаруашылығы салаларында пайдаланатын уақыт жетті", - деді депутат. Осы ретте ол Ішкі істер министріне Шу алқабындағы қарасора өскен жерлерді ірі фармацевтикалық компанияларға беруді ұсынды. "Бұл компаниялар осы алқапта зауыт салып, өнімдер шығаратын еді. Әрине, бұл үшін ең алдымен біздің заңнамамызға өзгерістер керек", - деді Д.Назарбаева. Өз кезегінде Қалмұханбет Қасымов Шу алқабындағы қарасора мәселесі бүгінде өзекті проблема екеніне тоқталды. "140 мың гектар жердің барлығын қоршап тастау мүмкін емес. Сондықтан бұл мәселені шешу қажет. Алқапты түбегейлі құрту керек, не болмаса оны халықтық шаруашылықта пайдалану қажет. Бұл мәселеге қатысты кез келген ұсынысты қолдаймыз. 2012 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі есірткіге қарсы күрес бағдарламасын қабылдаған еді. Алайда, еш жұмыс атқарылмай отыр", - дейді Қ. Қасымов.

Bnews.kz