Назарбаевтың мәлiмдемесi Ресейдiң қамытынан құтқара ала ма?
2014 ж. 10 қаңтар
2078
3
Сейсенбi күнi Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық кеңестiң жоғарғы отырысында Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь президентi Александр Лукашенко 2015 жылы құрылатын Еуразиялық одаққа бiраз сын-ескертпе айтты. Әсiресе, президент Н.Назарбаевтың “құрылатын одақты саясиландыра алмаймыз, экономикалық интеграцияға жатпайтын келiсiмдерден аулақ болайық” деген сарында айтылған мәлiмдемесiн ресейлiк басылымдар сан-саққа жүгiртiп жатыр.
“ОДАҚТЫ САЯСИЛАНДЫРА АЛМАЙМЫЗ”
Қазақстан президентi 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ жөнiндегi келiсiмге қол қою жоспарланғанымен, келiсiмшарттың мазмұны мен терминдерiнде келiспеушiлiктер мен қарама-қайшылықтар бар екенiн жеткiздi. Содан кейiн бүй дедi: “Бұл туралы айтқанбыз, қайталай бергiм келмейдi, құратын одағымызды саясиландыра алмаймыз. Бiрақ жан-жағымызда не болып жатқанын көрiп отырмыз. Экономикалық одақ құрайық. Бiз экономикалық одақ құратындықтан, комиссия (Еуразиялық экономикалық комиссия) келiсiмшартқа экономикалық интеграция аумағынан шығатын баптарды қоспауы тиiс. Шекара қорғау, көшi-қон саясаты, қорғаныс пен қауiпсiздiк жүйесi, денсаулық сақтау, бiлiм беру, мәдениет және азаматтық, әкiмшiлiк, қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек беру экономикалық интеграцияға жатпайды. Мен тiзбелеген мәселелердiң барлығы көпжақты келiсiмдерде, Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiмшарты ұйымы, ТМД және екiжақты келiсiмдерде шешiлiп қойған, оны бұл жаққа тықпалаудың қажетi жоқ. Қылмыстық, әкiмшiлiк заңбұзушылық үшiн жауапкершiлiктi бiрегейлендiру, бiрiздендiру туралы мәселе көтерiлдi. Бiрақ бұл әркiмнiң iшкi ұлттық мәселесi, мемлекеттiң iшкi саясаты, сондықтан бұл нәрсенi келiсiмшарттан алып тастау қажет”.
Н.Назарбаев құрылатын одақтың өкiлетiн шектеп, жоғарғы ұлттық органға барлық мемлекет үшiн мiндеттi жоғарғы ұлттық өкiлеттiлiктер беруге қарсы шықты.
“Мемлекет басшылары мен үкiмет деңгейiндегi Жоғарғы кеңеске жоғарғы ұлттық өкiлеттiлiктер берiп, барлық мемлекеттi соған мiндеттеуге болмайды. Ол үшiн өкiлеттiлiктер берiлген жоғарғы ұлттық орган мен комиссия бар. Оның өкiлетi тек қана экономикалық салаға қатысты келiсiмдермен және мәмiлелермен реттеледi. Мемлекет басшылары ретiнде осы комиссияның мүшелерiн бекiтемiз. Оларға мiндет жүктеп, iс-әрекетiн мақұлдаймыз, келiсiмдерге қол қоямыз. Ал комиссия мұны жоғарғы органның тапсырмасы ретiнде орындайды. Осы құрылымды сақтау керек”.
Сондай-ақ, президент Еуразиялық Экономикалық комиссияға жаңа өкiлеттiлiктердiң берiлуiне түбегейлi қарсы екенiн жеткiздi.
Еуразиялық одақ жөнiндегi келiсiмшарт мүше мемлекеттердiң халықаралық ұйымдармен және өзге мемлекеттермен келiсiмдерiне кедергi келтiрмеуi тиiс екенiн де баса көрсеттi.
Еуразиялық экономикалық комиссияға кiретiн мүше елдердiң азаматтарының ара салмағы теңдей болуы қажеттiгiн де ескерттi. “Бiз директор мен екi орынбасар болады деп келiстiк. 23 департаменттi жетi-жетiден Қазақстан және Беларусь басқарады. Қалған тоғызын Ресей азаматтары. Онда үш мемлекет те болады деген принцип бар. Кейбiр департаменттерде үш-төрт орынбасардан отыр – олардың бәрi ресейлiктер. Құр босқа ақша шашып не керек? Оларды екiге дейiн қысқартып, ақша үнемдеу қажет”.
“ОДАҚТЫҢ МӘРТЕБЕСIНЕ ҚАУIП ТӨНДI”
Беларусь және Қазақстан президенттерiнiң Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия мен құрылатын одақтың келiсiмшарттарына таққан сынын ресейлiк ақпарат құралдары бiрден iлiп әкеттi.
“2014 жылы жалғасатын келiссөздердiң оңай болмайтын түрi бар. Беларусь да, Қазақстан да болашақ одаққа тәуелсiз өкiлеттiлiктердiң беру мүмкiн емес, одақтың өкiлетiн нақты және бiржолата белгiлеу керек деп есептейдi. Ал бұл болашақ одақтың интеграциялық процесi жаңа басталды және оны шектеудiң қажетi жоқ деп есептейтiн Ресейдiң пiкiрiне қарама-қайшы”, – делiнген “Коммерсантътiң” кешегi санында жарияланған “Одақтың алдына тыныс белгiлерiн қойып жатыр” атты мақалада.
“Қазақстан мен Беларусьтiң жоғарғы ұлттық органның өкiлетiне қатысты алаңдаушылық бiлдiргенi түсiнiктi нәрсе – дейдi ТМД елдерi институты директорының орынбасары Владимир Жарихин “Ведомости” басылымына берген сұхбатында. – Осы екi елде бүкiл өкiлеттiлiктердiң президенттiң қолында болғандықтан, оны өзге бiреуге беруi қиын. Бiрақ онсыз олар одақтың артықшылықтарын сезiнбейдi”.
РБК арнасының кешкiлiк “Виттель.Обозреватель” бағдарламасында да Қазақстандағы кейбiр шенеунiктердiң бейресми әңгiмелерде Кедендiк одаққа қарсылық бiлдiретiнiн айтқан бағдарламаның жүргiзушiсi Игорь Виттель “Әңгiмелердiң ауаны өзгерiп барады. Қазiр қазақ жерiнде орысша бiлмейтiн жастар пайда болды”, – дедi.
Бағдарламаға сұхбат берген сарапшы Надана Фридрихсон “Жиында Ресей одақтағы көшбасшылық орнын айқындаған соң, Қазақстан бұған қандай қабақ танытты? Одақты саясиландырмау керек дедi. Сондықтан одақтың мәртебесiне қауiп төндi” дедi.
Жүргiзушiнiң “Соңғы уақытта Қазақстан Қытайға жақындап кеткен жоқ па?” деген сұрағына Еуразиялық экономикалық кеңестiң бас директоры Владимир Лепехин: “Қытай Қазақстанға жақындап жүр” деп қайырды.
ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТI КЕДЕНДIК ОДАҚТАН ШЫҒА АЛА МА?
Қазақстан президентi одақты саясиландырмау жөнiнде талап қойса да, Ресей президентi бұған құлақ аса ма? Соңғы процестер Ресей президентiнiң бұрынғы метрополияларды бiрiктiрiп, оларға ықпалын жүргiзуге мүмкiндiк беретiн және ол одақта көшбасшылық рөлiн айқындағысы келетiнiн көрсеттi.
Брюссель мен Мәскеудiң қабағына қарап қалған Украинаға 15 миллиард долларды Ресейдiң ұлттық әл-ауқат қорынан оңайлықпен несиеге бере салуы мен газ бағасын айтарлықтай арзандатуының артында да осы мақсатты көксейтiнiн украиндық сарапшылар айтып жатыр. Украин басылымдарында “Путин бiздi Кедендiк одаққа кiргiзбей-ақ бағынышты еттi” деген пiкiрлер өрiп жүр.
Кедендiк одаққа қарсылығын ашық бiлдiрiп жүрген экономист Мұхтар Тайжан “Президентке патриот шенеунiктер “егер одаққа қол қойсаңыз, келешекте билiктен айырылып қаласыз” дегендi түсiндiрген болуы керек. Мемлекет басшысына жақын шенеунiктердiң бизнесi бар. Олар үшiн де кедендiк одақ тиiмдi емес, – дейдi.
– Екiншiден, президенттiң мәлiмдемесi – қоғам өмiрiндегi титтей де болса жетiстiк. Кедендiк одақ халыққа да, кәсiпкерлерге де тиiмдi еместiгiн талай айттық. Менiңше, ендi Еуразиялық одақ саяси емес, тек қана экономикалық одақ болмақ. Өйткенi қылмыстық, әкiмшiлiк құқық одақта бiрiктiрiледi делiнген бұған дейiн. Ал кеше президент бұл әр мемлекеттiң iшiнде қалатын дербес мүдде екенiн айтты.
Бiрақ бәрiбiр Қазақстан Кедендiк одақ пен бiрыңғай экономикалық кеңiстiктен бас тартуы керек. Өйткенi экономикалық тәуелдiлiк бәрiбiр саяси тәуелдiлiкке әкеп соқтырады.
“Президент Н.Назарбаев Кедендiк одақтан шығуға бара ма?” деген сауалға сарапшы “бұл өте күрделi сұрақ. Баруы мүмкiн” деп жауап қайырды.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚЫСЫМ ЖАСАУЫ МҮМКIН
– Еуразиялық одаққа жаңа елдердiң қосылу-қосылмауы әлi күнге дейiн даулы мәселе. Сирия, Армения, Қырғызстанның ешқайсысы өз iшiнде Кедендiк одақты толығымен қолдап отырған жоқ. Атамбаев өте сыни пiкiр бiлдiрдi. Арменияның өз iшiнде қарсылық тағы бар. Себебi Кедендiк одақтың оған мүше мемлекеттерге берерi шамалы екенiне, көп тежеулер әкелгенiне, нұқсан келтiргенiне көздерi жетiп отыр. Президенттiң саясиландырмау туралы мәлiмдемесi – баяғыдан пiсiп жетiлген мәселе. Себебi о бастан Кедендiк одақ немесе Еуразиялық одақ болсын, бұл Путин үшiн саяси жоба екенiн бiз, сарапшылар 2009 жылдан берi айтып келемiз. Саяси болғанда да баяғы кеңес үкiметi кезiндегiдей ықпалын қайта қалпына келтiру мақсатын көздейдi. Тең дәрежедегi интеграция жөнiнде ойлап отырған Кремль жоқ. Сондықтан экономикалық интеграцияны желеу ете отырып, ортақ интеграциялық құрылым, ортақ қарулы күштердi жасақтау арқылы саяси үстемдiктi орнатқысы келдi. Менiңше, интеграцияны шектеу, саяси институттарға жалғастырмау – кеш те болса дұрыс қабылданған шешiм.
– Назарбаевтың айтқанына Путин көне ме?
– Әрине, Путин үшiн бұл саяси жоба. Ресейде Путиннiң рейтингiсi одақтың iске асу-аспауына байланысты өзгередi. Сондықтан мүмкiндiгiнше күш салып, Беларусь пен Қазақстанға қысым жасауға тырысады. Кедендiк одаққа Украинаны мәжбүрлеп кiргiзу үшiн сауда соғысын ашты, несие бердi, ақпараттық соғыс жасады. Мұндай қысым бiзге де жасалуы ықтимал. Бұған қатысты бос қиялға берiлмеу керек. Бұл қысым ашықтан-ашық БАҚ арқылы жасала ма, әлде астыртын түрде iске аса ма, соған қарамастан Қазақстан дербес тәуелсiз ел ретiнде өз ұстанымында қалуы керек. Ал интеграцияға келсек, қазiргi күйiндегi Кедендiк одақ пен Еуразиялық одақтың болашағы жоқ. Бiрақ бұл – ертелi-кеш ыдырайтын одақ. Себебi бұл – тең одақ емес, тең дәрежедегi ықпалдастық емес, Ресейдiң үстемдiгiн алға тартқан одақ. Ондай одақтардың болашағын Кеңес Одағы мен ТМД көрсеттi.
– Президент Назарбаев бұл одақтан шыға ала ма, жоқ бұл постназарбаевтық кезеңде iске аса ма?
– Мұны нақты айта алмаймын. Президент болған соң, қоғамда болып жатқан мәлiмдемелердi ескеруi абзал. Кешегi мәлiмдеменi – сыни пiкiрлердiң нәтижесi деп бiлемiн. Саяси партиялар, экономистер мен сарапшылардың ойы бiр жерден шықты. Бұл Қазақстанға қажетi жоқ, егемендiктен айыратын жол екенi айтылды. Бiрақ Қазақстан одан қашан шығады немесе шықпайды, қазiргi президент тұсында шыға ма, жоқ содан кейiн бе, бұл жағын тап басып айта алмаймын.
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ
Жас Алаш