Өткен жылы бюджет қаражаты есебінен 83 науқас үздік шетел клиникаларында емделді

images (5)2013 жылы Денсаулық сақтау министрлігі республикалық бюджет қаражаты есебінен 83 науқасты үздік шетел клиникаларына емдеуге жіберді.
 Бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 51 пайызға көп, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен. Министрліктің ақпаратына сәйкес, ел азаматтары негізінен Германия, Австрия, Израиль, Түркия, Оңтүстік Корея, Беларусь және Ресейдің үздік клиникаларында емделді. Олардың ішінде 18 жасқа дейінгі балалардың саны - 36, яғни барлық жіберілгендердің - 44 пайызы. 83 науқастың 20-сы, яғни 22 пайызы қан ауруларына байланысты кемік майын трансплантациялауға жіберілді. Айта кетерлігі, отандық клиникалардың да жоғары технологиялық медициналық қызметтер ұсынуға әлеуеті жеткілікті. Шетелдің үздік клиникаларымен және мамандарымен байланыс та жолға қойылған. Соның нәтижесінде донор табылған науқастар шетелдік мамандардың көмегімен отандық ауруханаларда емделе бастады. Айталық, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ базасында Оңтүстік Кореядан мамандарды шақыра отырып, 4 ересек науқасқа туыс донордан бауыр алмастырылды. «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында» бір балаға туыс донордан бүйрегін транплантациялау отасы сәтті жасалды. Ұлыбританиялық профессор Питер Роланд Эйлифтің қатысуымен тағы бір сырқат балаға жасалған «Ауыз жұтқыншағындағы терең жараны пластикалау. Реконструктивтік ринопластика» операциясы сәтті аяқталды. «Жедел медициналық жәрдем республикалық ғылыми орталығы» АҚ базасында 6 жасар балаға туыс донордан бауыр транплантацияланды. Осы орталықта шетелдерден тиісті мамандар шақырыла отырып, бір әйелге кемік майының аллогендік транплантациясы жасалды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ең үздік әлемдік тәжірибелерді белсенді түрде енгізе отырып, шетелдерге жіберілуі тиіс науқастарды отандық клиникаларда емдеуге ынталандыру шарасын әрі қарай жалғастыра береді.