«Алаң» хабары атын «ЖАЛАҢ» деп өзгертуі тиіс

jalan agazh

          15 желтоқсанда эфирге шыққан «Қазақстан» ұлттық арнасының «Алаң» хабарын көрген соң елдің хат-хабары редакцияға қаптап кетті. Онда олар мұндай бір ғана партияның сойылын соққан хабарда ұлт мүддесін қорғап жүрген «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның сөздерін неге толық бермегеніне наразылық білдіреді. Иә, сөздерінің жаны бар.

Жүргізушісі Нұрмұхаммед Байғара да,  әжептәуір ұлтшыл демократ деп жүрген Берік Әбдіғали бастаған сарапшылары да «Нұр Отан» партиясының адвокаттығын атқарған хабарда ақын Қазыбек Исаның 80 пайыз сөздері алынып тасталған. Көрермен ретінде барған мен бәріне куәмін, Қазыбек Иса ұлт мүддесі жолында «Ақ жол» партиясының істеп отырған барлық іс-шараларымен қоса, мемлекеттік тіл туралы партияның заң жобасын Үкімет өткізбей қойғанын, ол туралы «Қазақ үкіметі мемлекеттік тілге неге қарсы» деген мақаланың «Дат» газетінен бастап, бірнеше басылымдарда басылғанын мәлімдеді. Сонымен бірге ол нұротандық Мәжіліс депутаты Камал Бұрхановқа : «Біздің мемлекеттік тіл туралы заң жобасын Үкімет өткізбей қойды. Ал Үкіметтің бәрі нұротандықтар, сендер неге өткізбейсіңдер осы заңды? Өйткені ол сендердің міндеттерің, себебі 2004 жылы қазақ тіліне 99 пайыз қарсы шыққан сендер «нұротандықтарсыңдар», сол кезде «Қазақ үні» газеті оны жариялап, қоғамда үлкен шу болған» деген «заңды» сұрағына  жүргізушінің өзі берілген тапсырмасын ұмытып кетіп, қанша дегенмен қазақ емес пе,«мынау бір тамаша сұрақ екен, жауап беріңіздер» деп, 3-4 рет сұрақ қойса да, нұротандықтардан жауап болмады.

Сонымен бірге Берік Әбдіғалидың «Ешқандай партия «Нұротанға» балама бола алмайды» деген сұрағына: «99 депутат пен 8 депутатты қарсы қою күлкілі емес пе, ал сайлаулардың қалай өтетінін осында отырған бәрің жақсы білесіңдер ғой» деп,  тағы бір сарапшы Артур Нығметовтың: «Украинада Кличконың мүшелері 10 мың ғана партиясы көшеге елді бастап шығып жатыр» дегеніне : «Украина мен Қазақстанның заңдарын салыстыруға болмайтынын, «ертең мен 3 адамды ертіп, алаңға шықсам, түрмеге жабатынын», ал митингіге шығу үшін 1 ай бұрын рұхсат сұрау керек екенін, ол 1 айдың ішінде үкімет ауысып кететінін» дәлелдеп  жауап берді.

Біз бұл хабарды жазар ма едік, жазбас па едік,  біріншіден, бұның алдында Мәжіліс депутаты, ақжолдық  Алмас Тұртаевтың қатысқан «Алаң» хабары мүлде эфирден берілмеді. Екіншіден, 15 желтоқсанда өткен хабарды көрген елдің наразылықпен редакцияға қайта-қайта хабарласуы, үшіншіден, «Алаң» хабарының сайтында «бүгінгі мәселелерді ашық талқылап, мұнда айтылған әрбір бүкпесіз шындыққа орын бар» деген жалаң сөз жазылуы болды.  Көрдік, қандай шындыққа орын бар екенін...

Әрине, кезінде демократиялық  БАҚ-тарда басшылық жасаған білгір де, білікті, іскер кәсіпқой журналист  Нұржан Мұхамеджанова ханымның бұған қатысы бар деп ойламаймыз.  Бұл жүргізушінің  тапсырманы тастай қылғысы келген талпынысы деп білеміз.

«Алаңға» елдің бәрі шығып, ашық ой-пікірлерін білдіруі керек, сондықтан атына сай болмағасын, бұл хабар атын «Алаң» емес, « Жалаң» деп өзгертуі тиіс.

Сырымбек Төлеуұлы

www.qazaquni.kz.