Алматыда тіркелмегендер саны 1 млн-ға жетеді…

0
717

            Таяуда «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің баспасөз орталығында «Алматыда азаматтарды тіркеудің жаңа ережесі» атты тақырыпта баспасөз мәслихаты өтті.

            Баспасөз мәслихатына Алматы қаласы Әділет департаментінің бастығы Б.Тайымбетов, Қалалық Ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы бастығының орынбасары А.Асанов, Алматы қалалық мәслихатының депутаты А.Моргуновтар қатысып, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

          Алматы қаласы бойынша азаматтарды тіркеудің жаңа жүйесі әлі күшіне енбегендігі белгілі. Жаңа ережені Алматы қалалық мәслихаты мақұлдағанымен, жобаны әлі қалалық Әділет басқармасы талқылауда екен. Осыдан-ақ мәлімдеменің әлі толық пісіп, жетілмегенін байқау қиын емес сияқты.

          Қалалық мәслихат депутаты А.Моргуновтың айтуынша, Алматыда тіркелген 1,5 миллион халықтан өзге 1 миллион тіркелмеген азаматтар жүр екен.

        – Қалада тіркеусіз азаматтардың көбеюі қаланың экономикалық өсіміне кері әсер етуде. Азаматтардың бәріне қойылар талап – біреу. Ол 15 шаршы метрді құрайтын пайдалы тұрғын үй бөлігіне бір адамды ғана тіркеу, – дейді мәслихат депутаты А.Моргунов.

       – Айта кетерлік жәйт – жаңа ереже тіркелмеген азаматтарға ғана қатысты екен. Яғни, жаңа ереже күшіне енгенге дейін тіркелген азаматтар және үй иесінің заң бойынша белгіленген жақын туыстары «15 шаршы метр» талабын орындамайды. Осы уақытқа дейін 40-50 адамды үйіне тіркетіп қойған азаматтарға да ешқандай шара қолданылмайды. Ал, қалалық Әділет департаменті бастығы Бағбан Тайымбетов болса, Алматы қаласының тұрғынының үйіне жақын туыстары келетін болса, олардың санына да, үйдің ауданына да қарамастан, тіркеле алатындығын айтты.

          Бірақ, жақын туысы болмайтын болса, міндетті түрде үйдің пайдалы бөлігінің ауданы есепке алынады екен. Мәселен, үйдің пайдалы аумағы 60 шаршы/метр болып, үйде 3 адам тіркелген болса, онда тағы бір адамды қоса тіркеуге болады. Керісінше, қалған бос аумақ 15 шаршы метрге жетпесе, онда басқа азаматарды тіркеуге рұқсат берілмейді.

          Жаңа ереже ендігі жерде азаматтарды тіркеуді бизнестің көзіне айналдырғандарға тосқауыл болатындығы сөзсіз.

                                                                     Гүлмира  САДЫҚОВА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз