ТҰТҚЫН ТАУҚЫМЕТІ

1
1034

           Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 65 жыл толғалы отыр. Жан алып, жан беріскен сұрапыл соғыстың сойқаны туралы аз айтылған жоқ. Осы күндері қанды қырғынның тірі куәгеріндей болып, арамызда 18 мыңға жуық майдангер жүр екен. Ал 1921 жылы дүниеге келген Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының тұрғыны Есенов Махамбетәлі қарияның ғұмыр тарихы 20 ғасырда адамзат баласы бастан өткерген аласапыранның айнасы іспетті десек артық айтқандық емес.

            Ей, құдайым, қуат бер, жалындаймын,

           Жалғыз өскен кедейдің талындаймын – деп, көкірегі шерменде шерге толған майдангер, артына өлмес мұрадай етіп бір бума қолжазба қалдырған екен. Жастайынан жетімдік қамытын киген ұл, жиырмаға толар-толмаста әскерге алынып, қан майданға араласқан. Житомир маңындағы ұрыс алаңында немістің тұтқынына түсіп қалған Махамбетәлі Есенов қамаудан қашып, Украина жеріндегі партизандарға қосылады. Бұдан кейін де тұтқынға бірнеше рет түсіп, соғыс аяқталғанға дейін азаптау мен қорлықтың алуан түрін көре жүріп, жаны қалған майдангер, бостандыққа шығар-шықпастан-ақ, кеңестік жүйенің жазалау орындарына тоғытылыпты. Өлеңмен өрілген ғұмырдеректі мұқият сақтап, осы күнге жеткізіп отырған Әмірбеков Әбдіғаппар ақсақал да сол өңірдің тумасы және Арыс қаласының құрметті азаматы. Талай жылдар бойы Арыс қаласының партия, өкімет орындарында басшылық қызмет еткен Ә.Әмірбеков Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында өзіне сеніп тапсырылған аманатты ел-жұрттың назарына ұсынуды жөн көріп, «Жас қазақ үні» газетін арнайы іздеп келіпті. Оқырманға алғаш рет ұсынылған деректі дастанның ықшамдалып жарық көруіне әрдайым руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер, «Ақ жол» партиясы төрағасы Әлихан Байменов мұрындық болып отырғанын айта кету ләзім.

 

 

                Аттану

 

12 маусым 1941 жыл сағат 6:25

         Арыстан   аттандым

 

Азанда күн де шықты, біз де жүрдік

Вагонға жүгірісіп барып міндік

Туған жер, қош аман бол мен келгенше,

Жалғызым жаратушы, сізге сендік.

 

Қуат бер Жаратушы, жалғыз құдай,

Жараттың сонша мені қор ғып мұндай…

Жылаумен кетіп барам алыс жолға

Менімен қоштасуға адам болмай.

 

Пайғамбар Әзірет Әли өзің қолда,

Жылаумен мен барамын түсіп жолға.

Анамыз Бибі падиша періштелер,

Жалғызды қайда жүрсем өзің қорға.

 

Жылаумен барып түстік Казатинге

Балаларды ажыратты бөліп үйге

Неміспен соғысқанын естіп елдің

Қараңыз, енді түстік қандай күйге.

 

Азанда отыз кісі бөліп алды,

Есіттік Житомирдей қала бар-ды,

Он бес күндей жол жүріп сол қалаға

Жігіттің кейбіреуі әрең барды.

 

Он күндей біз оқыдық осы жерде,

Әскердің тәртібіне көндік мүлде,

Оқыдық тал арасы біз жүгірісіп

Немістер ұшып жүрді күнде-түнде.

 

Сонымен біз оқыдық он бес күндей

Немістер келіп қалды бір-ақ күнде

Айқасып дұшпандармен қарсыластық,

Әр сағат болады екен жыл өткендей.

 

Жігіттер қарап тұрғын мына сорға,

Мен сорлы түсіп қалдым темір торға,

Немістер ұстап алып таң алдында

Сүйретіп мені апарып салды орға.

 

Құдайым көрсетпесін қайғы мұндай,

Болмайды бүйтіп жатып қаймығуға

Екі күндей жаттым мен ес білместен

Апарды үшінші күн сұрауына.

 

Қинады жауыз фашист тергеп мені,

Жауап бер сұрағыма түгел деді.

Егер де тура жауап бере алмасаң

Осылай тірі апарып көмем деді.

 

Ол жерде мен де қорқып сасқаным жоқ,

Жауап бер сен монғол деп ақырды көп.

Қаншама ұрғанменен қан ағызып,

Аузымды құласам да ашқаным жоқ.

 

Қараңғы там ішінде жаттым жалғыз,

Құдайдың бергеніне сіз қараңыз,

Сол жерде көз ілініп кеткен екен

Естіп партизандар жеткен екен.

 

Тарсылдап шығып қалды мылтық даусы,

Құдайым жіберіпті жан қорғаушы,

Орнымнан тұра алмай жатыр едім

Құлаққа майдай тиді орыс даусы.

 

Құшақтап бір-екеуі алып қашты,

Немістер осы жерде жаман састы,

Сонымен тал ішіне мені апарып

Емдеді неміс ұрып, жарған басты.

 

Осы жерде он күн жатып мен жазылдым,

Бұйрығын командирдің қолға алдым.

Ішіне немістердің кіріп кетіп,

Кек үшін мен оларға ойран салдым.

 

Он жеті күн неміспен қатты ұрыстым,

Құртуға фашистерді мен тырыстым,

жыл, 22 сентябрьде

Қара басып, тұтқынға тағы түстім.

 

Ессіз түсіп, қолына болдым пенде,

Не істеймін мен енді өлмегенде,

Не болса да тағдырда жазылған іс

Құдайым ендігісін өзің жөнде.

 

Азанда мені келіп алып кетті,

Адамның бұл жалғанда жаны тәтті.

Қамалған отыз мыңдай тұтқын екен

Осыған таң сәріде барып жетті.

 

Апарып арбасынан тастады атып

Көз салдым айналама талып жатып

Қиналған көп адам тұр есі шыққан

Келдің деп сұрап қалды сен қай жақтан

 

Жауапқа шамам келмей жаттым құлап,

Бір кісі жетіп келді зарлап жылап

Қолымды енді келіп ұстап еді

Немістің оғы тиіп қалды құлап.

 

Мойныма алып келіп ілді тақтай,

Салмағы бұл тақтайдың бес қадақтай,

Жазылған бұл тақтайға менің кінәм:

«Қосылып партизанға неміс қырған».

 

Қолыма алып келіп берді күрек,

«Көріңді өзің қаз» деп жерді кеулеп,

Өлімнен сонда менің хабарым жоқ

Орнымнан сүйресе де тұрғаным жоқ.

 

Он солдат дайын болды мені атуға,

Бұйырды біреуі кеп көр қазуға,

Қолыма күрек ұстап тұрдым енді

Бес метр алға қарай жүрдім енді.

 

Тұтқындар шуылдап айқай салды,

Немістер аузын ашып тұра қалды.

Қиын ғой шыбын жанды қия салу

Махамбет те осы кез жатып қалды.

 

Немістер айқай салып атып қалды,

Көпшілік жапырылып жатып қалды.

Аллаңыз әмір қылмай шыбын шақпас

Тығылып осы арада жаным қалды.

 

Немістер мені іздеді бір сағаттай,

Шұңқырда жатып алдым мен де асықпай.

Жаратқан жалғыз ием сақта өзің

Сиындым мейірімді Алла бір өзіңе.

 

Осы мен тірі қалдым екі өлімнен.

Немістер бізге беред көк шөбінен,

Екі ай нан көрмеген сорлы тұтқын

Қу жалғыз жиырма жаста не көрмеген?!

 

Осымен үш ай жаттым осы арада,

Кім рахым етеді бейшараға,

Дұшпанның ортасында тұрғаннан соң,

Қолдан келер шарамыз құрыған соң.

 

Немістер тұтқындарды аралайды,

Қасқырша пышақ ұрып жаралайды,

Іздегені қырым етік жақсы нәрсе

Түнімен жүрсе дағы таба алмайды.

 

Немістер тағы келді етік іздеп

Отырдық арам ойда жолын көздеп

Білгендей жетіп келді қасымызға

Екеуін өлтірдік те тықтық сазға.

 

Мылтығын бөліп алдық олжа қылып,

Кешке шейін отырдық біз тығылып,

Қараңғы болғаннан соң күн де батып

Құлаттық қарауылды біздер атып.

 

Осымен тегіс қаштық біз лагерден,

Құдайым аш кісіге қуат берген.

Құтылған, тұтылғандар жетіп жатыр

Қашам деп артымыздан бізге ерген.

 

Сонымен жүгірісіп қашып кеттік,

Қалың тал арасына барып жеттік,

Ішер тамақ сол жерде болмаған соң

Қарға атып үш үндей қорек еттік.

 

Сандалып тал арасы жүре бердік,

Соңынан капитанның ере бердік,

Бәрімізді қосқанда жиырмадай

Көзімнен ақты жасым бір тиылмай.

 

Бір күні кешке жақын бардық үйге,

Біз түстік арып-ашып ауыр күйге,

Келе салып бұл үйге нан сұрадық.

Нанын әкеп бергенше тұра алмадық.

 

Осымен тал арасы жүре бердік,

Алланың көр дегенін көре бердік.

Қу кеңірдек сірә да толмайды екен

Жабайы шыққан шөпті теріп жедік.

 

Талдан шықпай келемізаралаумен,

Жалғыз бас өтесің бе, сен жылаумен.

Жалғанда маған жарық болар ма екен

Болмаса жас өмірім солар ма екен?!

 

Арманым, елге мен де барар ма едім,

Бұйырған сұлу қызды алар ма едім.

Осылай жүрген күнім естен шығып,

Соларға ала көзбен қарар ма едім.

 

Өмірде қарамас ем алғаныма,

Ырзамын отқа түсіп жанғаныма.

Алдымда балам болып, жүрсе қызым,

Осыным түсім болмай, көрсе көзім.

 

Туған жер, байтақ жатқан қазақ елім,

Арыстың бойы еді туған жерім.

Артымнан мені іздер туғаным жоқ,

Егер де өліп кетсем өстіп жүріп.

 

Қош болғын ұшқан құс пен жүгірген аң,

Жылаумен атып қапты қайғылы таң.

Түнімен көз ілінбей арман қылдым,

Туған жерім, жете алмай, әттең, саған.

 

Осылай үш ай жүрдік тал ішінде,

Құладым жүре алмай бір күн түнде.

Арқалап екі жігіт мені апарды,

Қарайып тал ішінде тұрған үйге

 

Жан кеткен аяғымнан, жаттым сұлап,

Шешемдей шомылдырды мені булап.

Шыбын жан шықпаған соң қиын екен,

Жүрегім ойнақтайды сонда тулап.

 

Жолдастар қолын созды қоштасуға,

Қолымды мен де создым бас-басына.

Ырзалық мен берген соң шыныменен,

Жолдастың болмай тұр ғой қашпасына.

 

Есіктен жыламсырап шықты бәрі,

Қожайын мені емдеді беріп дәрі.

Жатамын там астында жалғыз өзім,

Жарық күн, дүниені көрмей көзім.

 

Осылай екі ай бақты мені емдеп,

Ойлап па ем сол уақта өлмеймін деп.

Атаңа рахымет Украина,

Орнымнан түрегелдім жауға кел деп.

 

Өзімді киіндірді, берді мылтық,

Қарағым, қарызыңнан біз құтылдық.

Екі кемпір, екі шалмен ертіп шықты,

Бар деді туған жерге аман жетіп.

 

Бас иіп мен де айттым рахымет,

Тілеген мақсатыңа сендерде жет.

Балаңа соғыстағы тілектес бол,

Жақында қызыл әскер жеңіп келед.

 

Күнімен жүре бердім күн шығысқа,

Түнімен отырмадым бір тыныстап.

Екі күн өтіп, әбден шаршаған соң,

Дем алу керек болды бір қуысқа.

 

Дем алып біраздан соң тағы жүрдім,

Алдымда немістерді көзбен көрдім.

Өткенше сол немістер жатып қалдым,

Содан соң түрегеліп тағы жүрдім.

 

Тамақ жоқ ішеріме, мен тарықтым,

Алыстан көріп қалдым көп жарықты.

Жақындап тамақ іздеп барып қалдым,

Қарасы көрінеді кемпір-шалдың.

 

Жақындап тал арасы көз жібердім,

Жалғанда тірі жүріп не көрмедім.

Атаңа мың лағынет, ку немелер,

Жас бала жанып жатыр көзбен көрдім.

 

Қолынан тартып алып тастайды отқа,

Құдайым көндіріпті бұл қорлыққа.

Ата-ана жүгіреді бала артынан,

Жете алмай өліп жатты атқан оқтан.

 

Қарайып екі көзім құлап түстім,

Арт жағы қандай болар мұндай істің.

Есімді жинап алып түрегелдім,

Қырылғанын халықтың түгел көрдім…

 

Жігіттер не көрмедім бұл жалғанда,

Жүрегім айнып кетті көз салғанда.

Қорлық қой қарап тұрсаң мұндай істеу,

Өлместен кім қалады бұл жалғанда.

 

Барғанда жалғыз өзім кімді қырам,

Қолымда екі оқ пен жалғыз құрал.

Отырдым ішім қайнап, көзім жайнап,

Ертемен тұрып кеттім жолды сұрап.

 

Осымен сегіз күндей тағы жүрдім,

Ит көрмеген қорлықты тағы көрдім.

Адамның жаны берік болады екен,

Жүрсем де сүйретіліп, тағы өлмедім.

 

Отырдым таңға жақын мазам кетіп,

Бір кемпір мені көріп барды ертіп.

Үйіне апара сап берді тамақ,

Асымды іше алмай қалдым құлап.

 

Тағы да бес күн жаттым осы үйде,

Түсемін өстіп жүріп қандай күйге?

Кемпірге мен айтамын рахымет,

Тойынып, қайта міндім зор күшіме.

 

Азанда дайын болдым мен жүруге,

Далаға кемпір шықты жол көруге.

Асығып жүгіріп кеп маған айтты,

Жандармдар біздің үйге келіп қапты.

 

Асығып мен де оған дайын болдым,

Қомданып, қорамсаққа қолды салдым.

Есіктен ол да кірді, мен де бастым,

Байқасам төртеу екен, жаман састым.

 

Сол жерде аз уақыт болды атыс,

Қарасам бір-екеуі маған таныс.

Баяғы мені ұрған неміс екен,

Қалайша менен таяқ жемес екен.

 

Басынан мылтықпенен жаман ұрдым,

Құлатып дұшпанымды қарғып тұрдым.

Қасына мен де бардым, ол да тұрды,

Қасына жақындатпай мені ұрды.

 

Екеуміз кезек ұрып көп алыстық,

Пышақты сілтей алмай көп таластық.

Шамамда жеңілуге жақындадым,

Болсам да одан әлсіз тартынбадым.

 

Осылай апай-топай болып жаттық,

Кемпірім үйге іздеп келіп қапты.

Қолыма дәу пышақты бере салды,

Домалап қу немістің басы қалды.

 

Кемпірді мен қулықпен байлап салдым,

Қолыма қару-жарақ тағы алдым.

Немістер іздеп келсе жолдастарын,

Кемпірім жауыздардан аман қалсын.

 

Опасыз барады өтіп мына жалған,

Қайғымен көкірекке таңба салған.

Қасымда сүйер жолдас болмаған соң,

Құралдан пайда бар ма қолға алған.

 

Кемпірді сақтау үшін байлап кеттім,

Он күнде Бело-Церковь барып жеттім.

Қанша күн жүрсем-дағы жете алмадым,

Азаптың ортасынан кете алмадым.

 

Тағы да ел жағалап жүре бердім,

Алланың көр дегенін көре бердім.

Демалмай күндіз-түні жүріп келем,

Жетуге әскеріме сеніп едім.

 

Осылай жүре беріп мен адастым,

Немістің үстін басып жаман састым.

Жан керек, қанша батыр болсаң-дағы,

Бұқпалап тал арасын тұра қаштым.

 

Немістер тұра қуды итін қосып,

Барамын ақаралдай мен де жосып.

Қасымда, әттең, жолдас болмағаны,

Кетер ек немістердің мойнын осып.

 

Иттердің қуып жетіп талағаны-ай,

Жалғыздың айдалада жылағаны-ай.

Артымнан жауыз неміс қуып келіп,

Сорлыны қолға түскен сабағаны-ай.

 

Таяқты тойғанымша тағы жедім,

Жанашыр мен сорлыға жан көрмедім.

Қанша ұрса өзі білер жауыздарын,

Ұрғанмен қанша жаншып мен өлмедім.

 

Апарып арба үстіне отырғызды,

Әйелдер ұрлап берді нан мен тұзды.

Кешке жақын болған соң бәрі кетті,

Бір жауыз қарауылдап мені күтті.

 

Отырмын қарауылды мен бақылап,

Отырды ажалына ол жақындап.

Ешнәрсе білдірместен суырып ап,

Сұлаттым көкірекке пышақты сап.

 

Мылтығын қолыма алып тағы қаштым,

Жауыздың түн ортасы қанын шаштым.

Қорқыныш бұдан асқан тіпті болмас,

Барған соң тал арасы тағы адастым.

 

Адасып сандалуға тағы түстім,

Айдала қалған қақтың суын іштім.

Қорлығым менің көрген бастан асты,

Маханбет осы жерде тағы састы.

 

Сандалып тал басына шығып алдым,

Мылтықты мен дайындап қолға алдым.

Отырып тал басында жапалақтай,

Туған жер еске түсіп ойға қалдым.

 

 

     Аллаға зарым:

Ку көзім туған жерді көресің бе,

Жалынды жиырма жас сөнесің бе?

Айдала тал басында мен отырмын,

Жаратқан бұл зарымды көресің бе?

 

Болсам да жалғыз, жетім елім едің,

Артымда екі жетім қалып едің.

Қыз санап мен сендерді ескермеуші ем,

Жоқтықтан онша-мұнша сескенбеуші ем.

 

Қыз да болсаң осы жерде болар ма едің,

Қолымнан көкежан деп алар ма едің.

Осылай торыққанда қасыма кеп,

Көкежан деп зарымды сұрар ма едің.

 

Айдала, хал сұрайтын қарындас жоқ,

Жүректі жарып барад қайғылы шоқ.

Анасыз екі жетім қалып едің,

Мен барда қара суға қанық едің.

 

Халдері екі сордың болды қалай,

Екеуің маған сеніп жүрдің талай.

Көз жасын екеуіңнің қабыл қылмай,

Мен сорды алып кетті жалғыз құдай.

 

Айдала, тал басында мен отырмын,

Қамыңды болсам да алыс жеп отырмын.

Қарақтар, аман болғын қайда жүрсең,

Арманым мен сендерді көзбен көрсем.

 

Сор жетім аш жүрсің бе, тоқ жүрсің бе,

Ағамыз өліп кетті деп жүрсің бе?

Болмаса күндіз-түні зарлап жылап,

Жалғызым қашан келед деп жүрсің бе?

 

Ағаңыз тал басында отыр тірі,

Оңбай тұр қайда барса тіршілігі.

Есіме жатсам-тұрсам сендер түсіп,

Денесі жалғыз жүріп түршігеді.

 

Қарағым аман болғын мен барғанша,

Өзіңді жуып-шайып қолға алғанша.

Әзірше несібемді теріп жейін,

Алланың жарлығы ғой амал қанша.

 

Тарсырған ең жақыным ағай Слам,

Барлығын бұл жұмыстың құдай қылған.

Бар болса сені өлтірмес көзі көріп,

Несібін туған жерден берер теріп.

 

Жүрсің ғой туысқанның ортасында,

Қиыншылық іс түссе қорқасың ба.

Сүрінсең абайсызда сүйеп қалар,

Қарамаса туысқанға қарыз болар.

 

Амал жоқ, не болса да тірі болғын,

Барам ба құдай қалап түсіп жолым.

Жаратқан жалғыз Алла берсе жәрдем,

Қарағым болар істі көзбен көрем.

 

Сәлем де менен қалған екі сорға,

Періште, әруақтар өзің қорға!

Қылқиып тал басында мен отырмын,

Опасыз сұм жалғанда түсіп торға.

 

Мен тудым көз жасыңа болып жалғыз,

Жаныма қатты батты арманыңыз.

Кетерде, қайда «кеттің?» деп жыладың.

Маған да өтіп кетті зорлығыңыз.

 

Қарағым, тілектес бол жалғызыңа,

Жаман сөз өміріңде алма аузыңа.

Егерде өлмей кетсем осы арадан,

Құдайым жолықтырар қазынаға.

 

Зарлаумен тал басында таң да атты,

Жабайы аң тал ішінде шулап жатты.

Қыбырлап тал басынан түсіп едім,

Бір жауыз немістерге мені сатты.

 

Орнымнан жүз метрдей жүргенім жоқ,

Алдымда ысқырынды атылған оқ.

Алақтап жан-жағыма мен қарасам,

Немістер келіп қапты ептелеп көп.

 

Жан керек қорыққаннан көтердім қол,

Қасымда жатыр екен бір үлкен жол.

Итермелеп, тепкілеп жолға салды,

Сүйретіп бастығына алып барды.

Бастығы аты-жөнді сұрап алды,

Бетіме бақырайып қарап қалды.

Тал ішінде қаңғырып не істеп жүрсің

«Шыныңды айт, атамын!» деп айқай салды.

 

«Ей, тақсыр, мені атпаңыз, бері қараңыз,

Жауапты мен берейін, сіз тыңдаңыз.

Әскерден мен адасып қалып кеттім,

Қаңғырып осы жерге жаңа жеттім.

 

Адасып қаңғып жүрген мен солдатпын,

Адасқан соң қаңғырмай не қылмақпын.

Ақсақал, кешіріңіз пақырыңды

Сұранып жалынған бір мен бейбақтың.

 

Бастығы енді күліп қарап еді,

Бір солдат алып келді мылтығымды.

Немістер өз мылтығын көргеннен соң,

Таяқты жаудырды кеп оңымен сол.

 

Таяқты тойғанымша тағы жедім,

Тепкісін немістердің мен көп көрдім.

Осы жерде ажал болса өлер едім,

Етімнен ет кессе де көнер едім.

 

Немістің бір үлкені келіп қалды,

Есіктен кірмей жатып айқай салды.

«Не үшін мені шығып күтпедің» деп,

Барлығын топырлатып боқтап алды.

 

Айқайлап боқтап жүріп мені көрді,

Менімен орысшалап тілге келді.

«Қалайша сені бұлар ұстап алды?»-

Барлығын айқай салып қуып салды.

 

Екеуміз  жеке қалдық осы жерде,

Орнымнан тұра алмаймын ауыр дене.

Сұрады мені тартып тұрғызып ап:

«Немістің қайдан жүрсің мылтығын ап.»

 

«Тақсыр-ау, жолда жүріп тауып алдым,

Аңдардан тал ішінде мен қорғандым.

Адасып тал ішінде отыр едім,

Соншама мені ұрып ортаға алды».

 

Өтірік сен айтасың, мен білемін,

«Бірақ та менің бүгін туған күнім.

Офицер туған күні қинамайды,

Арамдық ішке сақтап жиналмайды.

 

Несібең кездескенің жақсы күнге,

Болмаса атар едім бүгін түнде.

Үстіңді сен тазартып, жуынып кел,

Жұмысты маған істеп байлағын бел

 

Қисаңдап тысқа шығып мен жуындым,

Немістің суын тасып, отын үрдім.

Түнімен тойын жасап айқайлады,

Дұшпандар аштығымды байқамады.

 

Таң да атты, бәрі жатты қара басып,

Мен отырмын теңселіп қарным ашып.

Бір неміс мас болып жүр бәрін шашып.

Тойғыздым қарнымды алып қашып.

 

Ертесі түске жақын келді маған,

Қолында бір стакан берді маған.

«Осыны сен ішпесең мен атамын,

Қайтармай ішіп салсаң мен жатамын».

 

«Тақсыр-ау, бұны ішсем мас боламын,

Арақ ішіп көрмеген жас баламын.

Мен қалайша ішемін бұл арақты,»

Жауыздың ұсынғаны қатты батты.

 

«Ішпесең де ішесің осы арақты,

Болмаса жаудырамын көп таяқты.»

Қорыққаннан арағын ішіп салдым,

Көтере алмай арағын жаман талдым.

 

Қарасам бір уақта суда жүрмін,

Дыбысы естіледі көп күлкінің.

Арақ ішіп мас болып құлаған соң,

Суға апарып салыпты қызық үшін.

 

Ей, Құдайым нағып сонша болдым күлкі,

Болдым ғой қолға түскен қызыл түлкі.

Өзімдей адамзат қой маған күлген,

Өмірден мен отырмын күдер үзген.

 

Осы жерде мен отырдым екі күндей,

Пойызбен алып кетті бір күн түндей.

Қамалған көп кісіге мені қосты,

Полицай тұтқындардың мойнын осты.

 

Полицей бізді ұрады қызық үшін,

Қорқамыз айғайласа көрмей түсін.

Осы жерге ойламаған жерден келдім,

Қызықты есітпеген тағы көрдім.

 

Жататын орын жетпей тік тұрамыз,

Болғанда түн ортасы біз құлаймыз.

Айқайлап боқтасумен таң атады,

Өліп-семіп қалғандар көп жатады.

 

Оларды тұрып алып біз тасимыз,

Бит басқан басымызды көп қасимыз.

Азаннан кешке дейін өлік тасып,

Құтылып кете алмаймыз бұдан қашып.

 

Беретін ауқаты жоқ, өліп жатыр,

Апарып бензин құйып жағып жатыр.

Жалаңаяқ, жалаңбас бит басқанды,

Жауыздар мылтық ұстап бағып жатыр.

 

Теңселіп мас болғандай біз жүреміз,

Үш күнде ыстық суды бір көреміз.

Ішінде ыстық судың шірік картоп,

Бұдан да қырылады дизентир боп.

 

Қасымда Сабыр атты жолдасым бар,

Өскен шашты ала алмай қыламыз зар.

Шашымыз кеудемізге түсіп кеткен,

Күп болып бүкіл дене ісіп кеткен.

 

Аяқты бір басуға шамамыз жоқ,

Осымен өткені ғой дүние боқ.

Қырылып күндіз-түні жатқанменен,

Жауыздың ауқат берер ойында жоқ.

 

Адамның шыбын жаны қандай тәтті,

Жолдасым тұра алмай құлап жатты.

Еңбектеп тапқанымды әкеп берем,

Жаныма ауырғанықатты батты.

 

Бір күні жұмысына мен іліктім,

Бар күшімді жинап ап мен киліктім.

Жұмысына жеткенше зорға барам,

Қалт етсе шикі бидай ұрлап алам.

 

Осылай шикі бидай мен тасыдым,

Сабырды көтермелеп қасыма алдым.

Екеуміз жұмыс істеп жүре бердік,

Қорлығын полицайдың әбден көрдік.

 

Бізбен бірге істейді кемпір-шалдар,

Нанын әкеп береді бейшаралар.

Нан мен бірге су ішіп тойды қарын,

Жылайды кемпір-шалдар айтып зарын.

 

Немістер ермек үшін бізді атады,

Қолынан ол иттердің кім тартады.

Абайсызда қасына барып қалып,

Сабырды бір ұрғаннан құлатады.

 

Кемпір-шал жүгіріп кеп маған айтты,

Немістер алып кет деп айқайлапты.

Жүгіріп тамнан шықсам Сабыр жатыр,

Басынан қан сорғалап ағып жатыр.

 

Арқалап мен апарып басын жудым,

Көйлегімнің жеңін ап оны будым.

Не пайда жуып-шайып, буғанымнан,

Сабырда байқауымша қан қалмаған.

 

Бір сағат ессіз жатып тілге келді,

Қасында мен тұрғанын анық білді.

Бетіме бақырайып бір қарады,

Көзінен жас сорғалап сөз сөйледі:

 

«Маханбет, бүгін менің өлер күнім,

Бір тапсырма беремін саған бүгін.

Қолымда қаламым жоқ, жаттап алғын,

Көре алмадым қызығын бұл жалғанның.

 

Сәлемім саған айтар елге қайтқын,

Ұмытпай сәлемімді шешеме айтқын.

Артымда зарлап қап ед жалғыз шешем,

Сөзімді айтып барсаң тұзым кешем.

 

Сар балаң бейуақта өлді дегін,

Жапан түз ол көмусіз қалды дегін.

Ол жылап мені күтіп жүрген шығар,

Түсінде мені талай көрген шығар.

 

Шешеме тегіс айтқын Маханбетім,

Айтпасаң мен күтемін ақыретін.

Ағайға Ахметтей сәлем дегін,

Шешеме қарай жүрсін қылмай жетім.

 

Сорлы анам маңдайыңа сыймай кеттім,

Жалғанда көз жасымды тыймай кеттім.

Басымда жалғыз ғана жолдас отыр,

Қу денем шымырлайды болған қотыр.

 

Қу денем қотыр болды өзің жуған,

Әлдилеп бесігіне мені буған.

Құшақтап бауырыңа басушы едің,

Қуанып мені көріп тасушы едің.

 

Дегенмен мақсатыма жете алмадым,

Сабырың мың жасайды деп ойладың.

Жағдайы балаңыздың осылай болды,

Жеткізбей мақсатына көктей солды.

 

Арманым айта берсем толып жатыр,

Маханбет, кетеріңде бетім жасыр.

Жаңағы сізге айтқан сәлемімді,

Егерде тірі қалсаң жүзеге асыр.

 

Осымен көзін жұмып, жүріп кетті,

Қасымда тұрғандардың бәрі кетті.

Сүйрелеп бір шұңқырға жасырмақшы ем,

Жауыздың біреуі кеп теуіп кетті.

 

«Тимегін, өртейміз» деп мені қуды,

Маханбет көз жасымен бетін жуды.

Алыстап қашып барып қарап тұрдым,

Немістер кетісімен сүйреп келдім.

 

Қолымда күрек те жоқ, кетпен де жоқ,

Қалайша жан-жолдасым болады шоқ.

Сүйрелеп бір құдыққа мен апардым,

Ақырын көтердім де соған салдым.

 

Ішінде су қалмаған құдық екен,

Немістер жоламайтын нәзік екен.

Үш кемпір, екі шалмен топырақ сап,

Сабырды білгенді оқып кеттім тастап.

 

Қоштасып жолдасыммен лагерь бардым,

Қазақ іздеп лагерьді араладым.

Кеш боп қалды, полицей жүргізбейді,

Жүрсем де біраз іздеп таба алмадым.

 

Ертесіне келген соң тағы іздедім,

Ауылдас жолдасыма мен кез келдім.

Жүруге шамасы жоқ отыр екен,

Үсті-басы бит басқан қотыр екен.

 

Мені көріп Батырхан зар жылады,

Орнынан тұруға да қаймығады.

Теңселіп ыңылдаған масадай боп,

Көрісуге шамасы келе алмады.

 

Көзінен жас шығады мөлтілдеген,

Баяғы жігіттік жоқ екпіндеген.

Сасаев Батырхан деп жүруші еді,

Арыстың бар баласы білуші еді.

 

Қасында анталаған аш адамдар,

Жанына жақындасаң бас салғандай.

Ауруға берген суды тартып ішіп,

Әлсізі өліп жатыр таяққа ұшып.

 

Ақырын көтермелеп алып кеттім,

Жұмысшы лагеріне барып жеттім.

Екі-үш күн мезгілімен тамақ беріп,

Орнынан тұратындай адам еттім.

 

Осылай он күн жатып тұрып кетті,

Істеуге менімен жұмыс талап етті.

Сабырдың оған бердім мен нөмірін,

Содан соң жұмыс істеп көрді күнін.

 

Жұмысқа барып жүрсең табысың көп,

Кемпір-шал әкеп беред аздылы-көп.

Кей-кейде нанмен қосып май да жейміз,

Берсе де бізге қаптап қой демейміз.

 

 

 

 

            Голландияда

Тамақ тоқ, киім таза, жүре бердік,

Арадан өстіп жүріп жыл өткіздік.

Бір күні жиып алып қуып кетті,

Вагонга бізді апарып жүк тиетті.

 

Болған соң жүкті тиеп, біз де міндік,

Не десе де айтқанына біздер көндік.

Әр вагонга елуден адам басты,

Тұтқындар орын таппай жаман састы.

 

Ауқат та жоқ, су да жоқ, вагон ыстық,

Тозағына жалғанның тағы түстік.

Адам көрсек тесіктен айғайлаумен,

Он күнде Голландия жеріне түстік.

 

Біз түстік Голландия жеріне кеп,

Ажалсызға әр нәрсе болады сеп.

Көз қарайып аштықтан кеткеннен соң,

Күн көрдік тапқан шикі картопты жеп.

 

Тілін білмей қиналдық голландардың,

Жарымы аштан өлді адамдардың.

Күндіз-түні жұмысты біз істейміз,

Сонда да қарын тойып көже ішпейміз.

 

Осылай екі-үш ай өтті жылауменен,

Күн көрдік болар-болмас қылауменен.

Терісі алақанның сыпырылды,

Дуалға балшық жағып сылауменен.

 

Өстіп жүріп таныстық Голандменен,

Дос болдық комунистік адамменен.

Содан соң тірлігіміз болмай жаман,

Өлімнен тірі қалдық біздер аман.

 

Арадан жыл өтпестен біз семірдік,

Голланның ақ наны мен сырын жедік.

Комунистер партиясы арқасында,

Үстімізге тазартып киім кидік.

 

Голланның аралында біздер жаттық,

Ойламаған шет елдің тұзын таттық.

Адамның туған жері қандай ыстық,

Жүрсек те жер түбінде ойлап жаттық.

 

Туған жерді біздерге көру бар ма,

Ажалсызға себепсіз өлу бар ма?

Күндіз-түні май беріп баққанменен,

Қоя берсек кетер ек аққан сумен.

 

Арман ғып жылап жатад барлық адам,

Солардың барлығын да жазып жатам.

Тұз тартып туған жерге бара қалсам,

Ұмытсам осы күнді болар қатам.

 

Қолдағын аруақтар, Қызыр атам,

Зарлап жүр жер түбінде жалғыз ботаң.

Ырза бол мені туған ата-анам,

Қапаста өліп кетсе жалғыз балаң.

 

Жүремін көп ішінде мен де зарлап,

Көзімнен жас шығады әрнені ойлап.

Құдайым берсе маған тіршілігін,

Жүрер ме ем туған жердің тойын тойлап.

 

Жетімнің күні құрсын жастай қалған

Әкесін шешесімен құдай алған.

Пешенеме жазылған істі көріп,

Баламын жастайымнан мен зарлаған.

Осылай жылауменен жатам зарлап,

Ыстық жас екі көзден шығад парлап.

Құдайым тілегімді берер ме екен,

Еркіндеп алшаң басып жүрер ме екем.

 

Жасымнан мен келемін жылауменен,

Көзім де тиылмады бұлауменен.

Құдайым ақырын бер, өзің оңда,

Осылай өтемін бе қиналумен.

 

Жетімнен ит те жақсы иесі бар,

Иеден басқа тимес киесі бар.

Мендейді иттен-дағы төмен көріп,

Желкемнен кім көрінген түйер шығар.

 

Басымнан өткен істі жазып жатам,

Болған соң азын-аулақ шала қатам.

Арманды жазғанменен пайдасы не,

Болмаса арттан ерген азаматым.

 

Ағашпын мен жалаңаш, бұтағы жоқ,

Жасымнан өсіп келем қамкөңіл боп.

Осылай өліп кетсем алыс жерде,

Артымнан жаны ашып іздерім жоқ

 

Жатқанда ішім пысып ермегім ғой,

Алдымда не боларын білмедім ғой.

Үміт қып туған едің асыл анам,

Өзіңді емін-еркін көрмедім ғой.

 

Арқалап әкем сорлы бағып еді,

Мойнына қасірет-қайғы тағып еді.

Алдында жалғыз ғана мен жас болып,

Ержетсем бағуым да анық еді.

 

Сорлатып мақсатына жетпей алды,

Көкірекке екі бірдей таңба салды.

Айрылып ата-анадан болдым таза,

Бермепті жалғыз құдай маған қаза.

 

Ажалсыз қарап жүріп өлесін бе,

Басыңа құдай салса көнбейсің бе?

Жүргенім осы зарлап алла ісі,

Болмасын адамзаттың көрген түсі.

 

 

               Азаттық

Осылай зарлауменен үш жыл өтті,

Ағылшын Германынды жеңіп кепті.

Бір түнде хабар келді «Азат» деген,

Ағылшын бұйрық қыпты босат деген.

 

Азанда бізді топтап жиып алды,

Моншаға тобымызбен бір-ақ салды.

Үш жылдай монша көрмей жүрген сорлы,

Бұл не деген ойменен қайран қалды.

 

Моншадан шығысымен тамақ дайын,

Түсінбей біз қараймыз мәні-жайын.

Бұрынғы кір ыдыстың біреуі жоқ,

Ішпей-ақ бұл ауқатты көңіліміз тоқ.

 

Шақырды мені келіп бір офицер,

Қасына шауып бардым қолды төсей.

Тыңдайын сөзіңізді, айтыңыз сіз,

Тыңдамай сөзіңізді қайтеміз біз.

 

«Шақырған бұйрығыма құлақ салғын,

Көпшілікті басқарып қолға алғын.

Тамағың ада болса ішетұғын,

Ағылшын штабынан тамақ алғын.»

 

Бас иіп құлақ салдым барлығына,

Ырзамын маған айтқан жарлығына.

Сонымен мен басқардым көпшілікті,

Төбеміз бұлт емес көкке ілікті.

 

Құтылдық біз Германның қысымынан,

Көргенім осы болды мен жасымнан.

Өмірі бітім оқып жүруші еді,

Қасыма адам іздеп келмеп еді.

 

Осыдан былай қарай, Маха болдым,

Кентайдың ортасында сақа болдым.

Басқарып көпшілікті аш қылмастан,

Қызметті мен істедім жасқанбастан.

 

Осылай кетеміз деп үш ай жаттық,

Шуменен күз айын да жақындаттық.

Ата-анам болмаса да менің елде,

Жүрегім жарылады ел дегенде.

 

Ағылшын аты менен берді арба,

Көрсетіп бізді апарып салды жолға.

Өмірде жүре алмайтын қу көпшілік,

Ел дегенде барлығы болды жорға.

 

Жорытып жорғалаумен біз келеміз,

Бірақ та ел көруге біз сенбейміз.

Не болса да сол жерге бір барайық,

Қиыншылық іс болса бір көрейік.

 

 

         Елде көрген қорлық

Бір айда жорытумен жетіп келдік,

Көрген соң орыстарға сәлем бердік.

Сәлемді бірі алып, бірі алмай,

Қысымын Отанымның тағы көрдік.

 

Апарып тобымызбен қамап қойды,

Қуаныштың іштегі бәрін жойды.

Елге барып ет жейміз деп келіп ек,

Ет жемей-ақ сорпаға қарын тойды.

 

Далаға шығармайды, қарауыл бар,

Аруақ осындайда болғайсын жар.

Ел дегенде көргенім осы ма еді,

Түрменің біздер жатқан есігі тар.

 

Ей, өмірім қамалумен өткенің бе,

24 жас жылаумен кеткенің бе?

Жаратқанға не жазып ем қинардай,

Біреудің жылап көрген жалғызы ем.

 

Қу көзім жылауменен болдың соқыр,

Жасымнан жүрген жерім болды-ау топыр.

Құдайым көз жасымды қабыл қылып,

Осыдан шығатындай салғын көпір.

 

Құдайым еркін жүрер күн бола ма,

Өмірім қара, көрмес түн бола ма?

Болмаса осылардан аман шығып,

Еркіндеп жүремін бе кең далада.

 

Туған жер еркін жатқан Қазақ елім,

Жете алмай бұраңдайды менің белім.

Басында өзім сұрап кеткенім жоқ,

Бұйрықтан әскер болып келіп едім.

 

Жете алмай енді саған талпынамын,

Құдайым сорлы қылып туған жанмын.

Алдымда сенерім жоқ мені сүйер,

Естісе жағдайымды жаны күйер.

 

Құдайым аға, іні бермей қойған,

Талқанын шешем сорлы ерте жойған.

Артына төрт қыз тастап кетіп еді,

Бір-бірін мен түгілі көрмей қойған.

 

Біреуі ең болмаса болғанда ұл,

Мен сорлы болар едім соған да құл.

Пайдасы болмаса да осы жерде,

Жүрер ем ағам бар деп көкейімде.

 

Хат жаздым қалам алып елге тамам,

Қал-жағдай, қалай болды ағай Слам?

Қолыңда бір соры бар қалып еді,

Хат жазғын тірі жүр ме сол сорлы жан.

 

Атадан бесеу едік, кеттік тарап,

Артымда жастау еді , Қабез жылап.

Соры бар маңдайында мен бармасам,

Болады жаны ашып қайсы алаң.

 

Кеткенде мен әскерге «қош» деген жоқ,

Қасында күйеуі бар, қарыны тоқ.

Не қылсын сенің көрген қорлығыңды,

Өлсең де көрмес олар орынынды.

 

Апамыз інім бар деп келмей кеткен,

Мен түгіл, ата-анасын ескермеген.

Шырағым құдай сені есіркесін,

Жаратқан қор қылмасын өз пендесін.

 

Әскерге мен кеткенде келмегені-ай,

Қарағым қош дегенді білмегені-ай.

Санасыз туып па едің сонша апай,

Болмаса осыларың жөн бе еді-ай.

 

Қолыңнан ұстап тұрған адам жоқ қой,

Ішіңде арманың жоқ, қарның тоқ қой.

Сонда да бір анадан тумап па едік,

Артыңда жалғызыңнан хабар жоқ қой.

 

Осының барлығы да маған арман,

Сіздерден жас кезімнен көңлім қалған.

Келіп хабар алуды білмедіңдер,

Есігін Есен шалдың көрмедіңдер.

 

Шіркін-ай, мыңнан асқан қой болар ма ед,

Үйімде күнде жиын, той болар ма ед.

Екі апам екі жақтан келер еді-ау,

Мейлінше таңдап шапан киер еді-ау.

 

Алланың сондай бақыт бермегені-ай,

Осыны апалардың көрмегені-ай.

Қу жетімнің үйінен не жейді кеп,

Сол қойдың жоқтығы ғой бұған себеп.

 

Дүние нағып сонша болдың тәтті,

Апамның маған біткен бәрі қатты.

Жалғызы жылауменен кеткенінде,

Төсекте солар шыдап қалай жатты.

 

Ішіңе біткен, сірә, бауыр ма екен,

Тірлік тиіп қажаған жауыр ма екен?

Апырмай бүйрегі жоқ қандай адам,

Болсын да енді жәрдем бір алладан.

 

Осымен апайлардан күдер үздім,

Жасымнан тұз-дәм айдап жаһан кездім.

Өстіп жүріп алыста өліп кетсем,

Артымда іздерім жоқ соны сездім.

 

Арманға ішім толып жарып барад,

Суықтай денемді ұстап қарып барад.

Қолыма қалам алып жазып көрсем,

Бір мезгіл көкірегім демін алад.

 

Арманның көптігінен ағарды шаш,

Қолымда ойнақтайды қу қарындаш.

Өз басым бір күнімді көрер едім,

Болмаса артта қалған жас қарындас.

 

Дүние нағып сонша болдың тәтті,

Апамның маған біткен бәрі қатты.

Жалғызы жылауменен кеткенінде,

Төсекте солар шыдап қалай жатты.

 

Ішіңе біткен, сірә, бауыр ма екен,

Тірлік тиіп қажаған жауыр ма екен?

Апырмай бүйрегі жоқ қандай адам,

Болсын да енді жәрдем бір алладан.

 

Осымен апайлардан күдер үздім,

Жасымнан тұз-дәм айдап жаһан кездім.

Өстіп жүріп алыста өліп кетсем,

Артымда іздерім жоқ соны сездім.

 

Арманға ішім толып жарып барад,

Суықтай денемді ұстап қарып барад.

Қолыма қалам алып жазып көрсем,

Бір мезгіл көкірегім демін алад.

 

 

Арманның көптігінен ағарды шаш,

Қолымда ойнақтайды қу қарындаш.

Өз басым бір күнімді көрер едім,

Болмаса артта қалған жас қарындас.

 

Біреуге пышақ салып, тартып алып,

Кісіге мал таптым деп жымияды.

Жемегін ондай малды ішің өтер,

Өмірің ұрлықпенен бекер кетер.

 

Басында пешенеңе жазған малың,

Ол дағы өміріңнен әрі кетер.

Азапты мың жасаған мендей көрмес,

Жер бетін араладым көріп тегіс.

 

Мысалы бір ауыз сөз мен жазайын,

Мен көрдім адам көрмес, барса келмес.

Әкемнің жиған малы қалды қайда,

Шыға алмай мен баласы жүрмін сайда.

 

Жан тірі осы сайдан шығып кетсем,

Жігіттер менің үшін жаным пайда.

Қамаудан бәрімізді айдап шықты,

Апарып вагонына бізді тықты.

 

Күн суық, пеші де жоқ ол вагонның,

Көрерсің мұндай істі көрмегенің.

Барамыз түн ішінде біздер зырлап,

Суыққа шыдай алмай біз тыпырлап.

 

Бардық қой топырменен Комсомолға,

Түскендей біздер болдық қайтып қолға.

Комсомол қаласына барып түстік,

Біздің жердің болар ед күні ыстық.

 

Жалаңаяқ, жалаңбас тұра қалдық,

Аяқ үсіп барады, біз не қылдық.

Азанда тал кесуге біздер бардық,

Бір ара, бір балтадан қолға алдық.

 

Бергені жаман тон ед үстімізге,

Оны да тал ішінде жыртып алдық.

Жел кіред жаман тонның тесігінен,

Шығады жиырма шақты есігінен.

 

Ол тонды төрт жыл кию бізге міндет,

Ақымақ бухгалтердің есебімен.

Осылай жаурап жүрдік бүрсең қағып,

Хат жаздық генералға барып шағым.

Генерал келіп қалды бір күн кешке,

Барлығын тастатқызды жанған пешке.

Жаңа тон, жақсы ауқат беріп жатыр,

Генерал бастықтарды тергеп жатыр.

 

Неге мүнша бұларды қор қылдыңдар,

Соғысқан бұл адамдар біздің батыр.

Осыдан былай қарай жақсы болды,

Адамдар көңлі толып, қарны тойды.

 

Генерал келіп тұрад ай жарымда,

Бастықтар шауып жүред жан-жағында.

Бұрынғы бастықтардың бәрін қуды,

Жігіттер енді айқайлап белін буды.

 

Право айтып, заң талас болып жатыр,

Сонда да жетімсіздік толып жатыр.

Хат жаздым қалам алып Калининге,

Не десең де мен көндім өзіңізге.

 

Менің қылған қылығым осы болды,

Қараңыз бір уақыт көңілімізге.

Жауап келді Калинин атамыздан,

Жауапта мені зонадан босатқызған.

 

Есеновтің қылмыс жоқ, мұны босат,

Қолына документ пен бер қаражат.

Қуанып қағазды алып жүгіргенім,

Егоршевті көргенде түңілгенім.

 

Нағып сен хат жазасың Москваға,

Апарып абақтыға тастайын ба.

Қақым бар Москвағахат жазуға,

Жауаптың сөзін тыңда жолдас аға.

 

Советтің кісісіміз мұны ойлан,

Ойлама мені қайдан кінә болған.

Осылай ұрсып қалдым тергеушімен,

Документ ол бермеді біріншіден.

 

Хат жаздым шыдамастан генералға,

Істері тура емес біздің заңға.

Жауапты генералдан тағы алдым,

Жауапты екі бүктеп жанға салдым.

 

Ауқаттан енді келіп отыр екен,

Товарыш тергеуші деп жетіп бардым.

Бетіме ала көзбен бір қарады,

Қолына қағазымды тағы алды.

Орнынан атып тұрып бір боқтады,

Жауабын генералдың жыртып салды.

Орнымнан атып тұрдым шыдай алмай,

Болар ма ед осындай іс құдай қылмай.

 

Генералдың жауабы мынау деді де,

Апарып жауып қойды қылмыс қылмай.

Жеті күн жатып шықтым қылмысым жоқ,

Ішімді өртеп барад қайғылы шоқ.

 

Шыққасын тағы жаздым генералға,

Генерал өзі келді сол аралға.

Генерал келгеннен соң мен де бардым,

Айыбын тергеушінің айтып салдым.

 

Жеті күн мен қылмыссыз жатқанымды,

Талай кісі ақшаға сатқанын да.

Генерал ләм деген жоқ тұрып кетті,

Артынан үш күн өтпей приказ жетті.

 

Тергеуші Егоршев босатылсын,

Жұмысын Андреев қолға алсын.

Мен бардым тергеушіге арызбенен,

Қарсы алды мені күтіп жылы жүзбен.

 

Қарағым, документті аласың ғой,

Істей тұр осы жазда биыл күзбен.

Қолыма қағаз берді босат деген,

Қуанып, балқығаны босап денем.

 

Арасы бірталай жер болса-дағы,

Жымыңдап бірде жортып, бірде желем.

Желумен келіп жеттім бастығыма,

Қағазды мен ұсындым саспай ғана.

 

Қолына қағазды алып, қарап тұрып,

Қағазды тығып қойды жастығына.

Ертең кел менен жауап аласың деп,

Еліңе аман болсаң барасың деп.

 

Үйінен жылы сөзбен шығып кеттім,

Жолдасқа мұның бәрін хабар еттім.

Шақырды ертесіне мені бастық,

Өтіпті кеше менен біраз жастық.

 

Қағазды бастығымыз білмеймін деп,

Болды ғой мұнікі де маған қастық.

Бірақ та қамауынан мен босандым,

Жапонды тұтқындағы қолға алдым.

Солармен екі жылдай жұмыс істеп,

Бірталай қаражатты жиып алдым.

Айлығым менің алар сегіз жүз сом,

Қорқасың ұсқынымды түнде көрсең.

 

Қарын аш, нан алуға біз барамыз,

Бір бөлке қымбат емес үш-ақ жүз сом.

Осылай алты жылды мен өткіздім,

Ішінде алты жылдың көп күйзелдім.

 

Дегенмен ажалым жоқ жан екенмін,

Қатарға жетінші жыл мен теңелдім.

Теңелмей не қылғаным жүремеркін,

Жүректің басып қоям шыққан дертін.

 

Қасымда ата-анам жоқ, басқасы бар,

Алғаным осы жерде орыстан жар.

Кім кәпір, кім мұсылман құдай білер,

Жазғанын пешенеге пенде көрер.

 

Жазыпты пешенеме орыс қызды,

Мінекей орыс қызы көңіл бұзды.

Алғаным орыс қызы, өзім қазақ,

Тартам ба, мен білмеймін, тағы да азап.

 

Құдайдың пешенеме жазғаны ма,

Болмаса мендей сорлы азғаны ма.

Тұрмысым жаман емес, жүріп жатыр,

Дегенмен орыспенен көңлім тату.

 

Тапқаным екеумізден артылмайды,

Өйткені, қалалық жер бәрі сату.

Осылай жүре бердім жыл жарымдай,

Жаратқан қабыл қылды көп зарымды-ай.

 

Қамаудан өмір бойы азап шеккен,

Жүрегім бостандықта бір жарылды-ай.

Қуанам еркін жүрген тұрмысыма,

Жуынам ертелі-кеш ыстық суға.

 

Сиынып ата-баба аруағына,

Оқимын білгенімді қылып дұға.

Жаратқан енді жарық көремін бе,

Еркіндеп қатарыммен жүремін бе?

 

Нәсіп боп, жолым түсіп барып қалып,

Көкорай туған жерді көремін бе?

Жалғанда арманы жоқ адам бар ма,

Құдайым енді қайтып басқа салма.

Баруға туған жер деп талпынамын,

Барғанда алдан шығар ағам бар ма.

Аға жоқ, іні де де жоқ алдан шығар,

Адам жоқ мен адассам жолға салар.

 

Мен жалғыз, құдай жалғыз бұл жалғанда,

Қаламым мүдірмей жаз қолға алғанда.

Іштен дерт шығарамын қаламменен,

Екі көз соқыр боп ед жылауменен.

 

Жалынды он бес жылым кетті-ау бекер,

Әркімнің босағасын қанауменен.

Алдымда әлде не бар мен көрмеймін,

Жарыққа шығарыма мен сенбеймін.

 

Барғанда туған жерге мен не істеймін,

Сондай ақ сенімі бар кісідеймін.

Он бес жыл қарным тоймай өтті күнім,

Аллаға мен сиынып жүре бердім.

 

Жалғыздың әлі жетер екі көзі,

Дұшпанның естен шықпас айтқан сөзі.

Дұшпанның мен ортасында жүріп едім,

Жер жүзін мен аралап көріп едім.

 

Құдайым орыс жерін бір көрсет деп,

Айдала тал ішінде зар қып едім.

Мінекей, зарлағаным болды қабыл,

Қу жүрек ойнақтайсың қылмай дамыл.

 

Тағы да нысап қылмай бұл тұрмысқа,

Ойнақтап секіресің сен алысқа.

Мінекей мен үй болдым, алдым әйел,

Алдымда жақсы-жаман бәрі дайын.

 

Құдайым бұл тілекке жеткізген соң,

Қылайын ендігісін не уайым.

Арманым енді менің өскен жерім,

Жақсы ат шөп жемейді баспай терін.

 

Үй болдым, әйел алдым деп тынам ба,

Артымда қалыпеді-ау бас пен терім.

Хабарын мен білмеймін сол басымның,

Көз жасы ма қарағым Ұлбосынның.

 

Бес жыл қан төксе де мен өлмедім,

Жан сақтап тал ішінде көк шөп жедім.

Жалғыздың жаны берік дегені рас,

Жиырма беске жетпестен ағарды бас.

Ойласам өз басымды ағармас ед,

Артымда қалып еді бір қарындас.

Жаратқан жетім қылма адамзатты,

Жаныма жетімдігім қатты батты.

 

Шіркін-ай, ата-ана болмаған соң,

Мейірімі ағайынның болар қатты.

Мен бардым бастығыма елге сұрап,

Үй болғам екі қыздың басын құрап.

 

Арманым елге барып көріп келу,

Ел-жұртым не жағдайда көзбен көру.

Рұқсат берді маған екі айға,

Ішімнен ұшып кетті арман-қайғы.

 

Қолыма қағазымды ап шықтым жолға,

Пойызға мінгеннен соң қалдым ойға.

Мен барып телеграм елге бердім,

Жақын деп Сламқұлға арнап келдім.

 

Келген соң туған жерім Арысыма,

Баяғы түсе қалдым таз қалпыма.

Алдымнан жан шықпады мені күтіп,

Отырдым стансада шарап жұтып.

 

Қай жаққа барарымды мен білмеймін,

Бұларын ағайынның жөн көрмеймін.

Нан сұрап келгенім жоқ ағайынға,

Жазбастан жөн сөзімді қалайын ба.

 

Ең болмаса өтірік шықса қайтед,

Сол жерде мен соларды сынаймын ба?

Жүректің басылғаны мұз жегендей,

Шыдамай келіп едім поезд жүрмей.

 

Жалындаған жүректің басылғаны-ай,

Арманның қайтып келіп осылғаны-ай.

Құтылам осы арманнан қалай қашып,

Отырдым не қыларды білмей сасып.

 

Ойыма түсе қалды Әбдіхалық,

Не болса да шығайын амандасып.

Жақындап мен келемін туысыма,

Көшенің іздеп кірдім қуысына.

 

Жақындап мен келгенде төртеу шықты,

Төртеуі көз салмады тұрысыма.

Артынан жеңгем шықты танымайды,

Аңғарып маған қарап көз салмайды.

Қу жүрек кемшілікті көп көргеннен,

Жақындап амандассам жарылмады.

«Жеңеше, танымадың бұның қалай,

Беріп ең өз қолыңмен дәмді талай.

 

Алдымнан шығады деп мен келіп ем,

Шынымен болғаным ба бөтен былай.»

Жетімге не болса, сол кек болады,

Алдыма жеңгем келіп бұл құлады.

 

Артынан екеу келді жүгірісіп,

Сол жерде қорқып тұрдым қолды тосып.

Қарасам Төрегелді ағай екен,

Қабатта жүгіргені Шерім екен.

 

Орнымда мен состиып қарап тұрдым,

Бұларың маған келіп не дер екен.

Шекең көкем келді ғой қатты жылап,

Жеңешем әлі жатыр жерде сұлап.

 

Түс көрген адамдай боп қарап тұрмын,

Түспедім сол уақта мен де құлап.

Жыласып, қол ұстасып келдік үйге,

Ағамыз сол уақытта қандай күйде.

 

Үйіне бір кіреді, бір шығады,

Білмедім неге олай бұл жөнінде.

Есіткен ағайынның бәрі келді,

Амандасып, шуласып үйге толды.

 

Жүрегім бұрынғыдан басылғандай,

Екі көзім енді менің ашылғандай.

Осы жерде ырза болған жерім болды,

Сөзіне Шерімбайдың көңлім толды.

 

Қанат пен құйрық бітті, бата бер деп,

Орнынан сол арада атып тұрды.

Жүрегім сонда менің елжіреді,

Жалғанға кімдер кетіп, кім келмеді.

 

Осындай жақсы сөзді күтпегеннен,

Көзден жас қорыққандай сәумеңдеді.

Ар жағы болып кетті көзден таса,

Қылмайды жиған малың өзіне опа.

 

Шырағым осыңа да рахмет,

Қылар ед мен келгенде кім қызмет.

Баймын деп басыңды алып көтермегін,

Көшеде менмендікпен жөтелмегін.

 

Үлкеннің айтқанына құлақ салғын,

Кездессе ықыласпен қолын алғын.

Дүние он саусақтың кіріндей-ақ,

Құланның көкпар шапқан теріндей-ақ.

 

Кейбіреу мыңдап малды айдап жүред,

Жалғанда өз рәтіне жеуге аяп.

Өлгенде осы малың қалар шулап,

Алып кетер туысқаның оны даулап.

 

Барлығы жақын болар мал кеткенше,

Қарамайды азаматың ержеткенше.

Артыңда қалған балаң болса жақсы,

Әкемнен қалған малды енді тапшы.

 

Ол малың қайтпас жерге кетіп қалған,

Ағайын әкеңнен соң жиып алған.

Әкем сор жиып еді, ішпей-жемей,

Өзінің келешекте артын білмей.

 

Туысың жиып алып ішіп қойды,

Әкем ең болмаса бата демей.

Әкеңнің жиған малы осы болды,

Мал тапқын ұрлық қылма жұмсап қолды.

 

Артымда балам қалды деп кетіп ед,

Ұмытпан бұрынғыдан қалған жолды.

Ас беріп ата-анама, алам бата,

Жамбасың ауырмасын үйде жата.

 

Қызығып дүниеге естен шықса,

Жалғанда жасағаның сенің қата.

Көкірек сайрап тұр ғой бәрін біліп,

Түспейді уысыма сары кілт.

 

Қайда жүрсем алдымнан ораласың,

Түнерген сұсты жаман қара бұлт.

Үміт бар, денсаулық та әлі менде,

Түскен де жау қолына болған пенде.

 

Сол көрген естен шықпас көзім барда,

Болмаспын деп саулықта кедей, жарлы.

Осы оймен демалысқа келіп кеттім,

Алдына балдарымның барып жеттім.

Шыдамай туған жерді көргеннен соң,

Өткеніне барымды беріп кеттім.

 

                                                            Махамбетәлі   ЕСЕНОВ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз