ҚЫТАЙ САЯСАТЫНЫҢ АСТАРЫ ҚАНДАЙ?..

d29bd18bd182d0b0d0b9-d29bd0bed180d293d0b0d0bdd18b

«…Жауы мен өзін жақсы білетін, жүз соғыста да қатерге тап болмайды.

      Жауын жақсы білмейтін, бірақ өзін жақсы білетін біресе жеңіп, біресе жеңілетін болады. Ал жауын да, өзін де білмейтін айқас сайын үнемі жеңіліс табады».

Сунцзы «Соғыс өнері» кітабынан

 

Бүгінде жерге түссе сынбайтын қытайлық ыдыстарға қызығатындар көбейді.Бағасы арзан әрі ұзаққа шыдайды. Мұндай ыдыстарға салынған тағамдар лезде уға айналады екен. Себебі ыдыстағы меламиннің құрамына формальдегидпен бірге асбест қосылады екен. Ал асбест ыдыс тұрмақ, құрылысқа пайдалануға қатаң тыйым салынған улы зат. Автобустарынан халықтың қандай зардап шеккенін де білесіздер. Өкініштісі күнде қолданып жүрген ұялы телефонымыздың маркасы басқа елдікі болғанымен Қытайда жасалғандығы және оның радиация мөлшері шектес тыс болғандықтан миымызды зақымдап жатқанын көбіміздің хабарымыз жоқ. Кеңсе осыларды ескере отырып дамыған елдердің шектеу қойған тауарларының тізімдерін жасап, бір шектеу қою керек. Қытайлар тек тауарымен ғана денсаулығымызға зиянын тигізбей, жұмыс істетіп жатқан кен орындарындағы экологияны бүлдіріп жергілікті халықтың денсаулығын күрт нашарлатып жіберді. Оны сол жердегі ауруханалардың мәліметтерінен білуге болады. Қытай кен орындарында газдан улану оқиғалары жиі қайталанатын болды. Шиелі кентінде болғанымда «соңғы күндері судың бетінде бір майлы тәрізді сұйықтық пайда болды.

              Білетіндердің айтуынша ол уран көрінеді. Соны біле тұра жергілікті халық судың бетін үрлеп жіберіп іше беретін жағдайға жетіпті. Осылармен қатар Ертіс, Іле өзендерінің арнасын бұру арқылы Қазақстанның шығыс аймағына үлкен экологиялық апат туғызбақшы. Өзендерімізде судың төмендеуінен балықтың түрлері азайып барады. Бұған алаңдаушылық білдірген Қазақстан тарапына Қытай ресми түрде «Елдің барлық ресурстары, оның ішінде шекаралық өзендері де Қытай экономикасының өркендеуіне жұмыс істеуі керек. Қалғаны маңызды емес» деп қысқа қайырды. Қытайлардың басынғаны сондай жергілікті халықты қорлайтындай жағдайға жетіпті. Барлық басшымыздысатып алғаннан кейін басынғаны ғой бұл. Қытай мәдениетін, тарихын жұмысшыларымыздың санасына түрлі айла жолдарымен тықпалап жатыр. Таңертең тұрғанда Қытай әнұранын айтқызуды әдетке айналдырған. Қытай тілін талап етеді, білетіндеріне жеңілдіктер жасайды. Өздеріңіз жақында оқыған боларсыздар қытайлық азаматтың «Жас Алаш» газетінің редакциясына арнайы барып талқандап кеткенін. Бұл бір елдің беделді газетінің аузын жабуға және байқап жазуға Қытай тарапынан көрсетілген сес. Алматыда болған бір оқиғаны айтайын: Қытай фирмасының күзетшісі ұлты қытай бірде орыстың итін атып тастапты, оған иттің иесі өтем өтеткізіп алған, ал бірде бір қазақтың аяғынан атып жаралаған. Қазақ қанша әрекеттенсе де еш нәтиже шығара алмаған. Өз елімізде орыстың иті құрлы болмаған соң не сұрауға болады? Қытайда қасиетті мұрамыз Домбыра аяқасты етіліп, «Домбыра» деген маркамен арақ шығарды. Қытайлар қазақ халқын жақтырмаған сыңаймен «хаса» деп кемсітеді екен. Ал, көп санды қазақтар бұл атауға негізінен үйренісіп те кетті. Ал, өкінерлігі күні кеше ғана дәл осы атты марка етіп алған «хаса» маркалы желілес арақтар базарға шығып үлгерді. Сөздің төтесі «қазақ» маркалы арақ шықты, бұл не деген сорақылық! Яғни, «әнұран таққан арақты, домбыраға құйып таратты» деген хабарды да естігенбіз. Сонымен бірге Қазақстан туы, елтаңбасы, Абай атамыздың суреті бедерленген қытай тауарларына(шоколад, кәмпиттер, т.б.) да көз үйрене бастады. Осы тектес ұлттық, рухани құндылықтарымызға қарсы жасалған шабуылдардан қорғануымыз керек. Қытай ежелден өзінің мәдениетін, идеологиясын біртіндеп өзге ұлтқа сіңіріп, содан кейін әлсіз, тамырсыз, рухы тоналған ұлттарды жойып отырған. Егер жіті назар аударып қарасаңыздар екі де бір қазақтың үйінде немесе қызмет, сауда орындарында қытайдың фэн-шуй ілімі негізінде жасалған мүсіндер, атап айтқанда месқарын адам мен тиын тістеген құрбақаны көресіздер. Сонда бақыт пен байлық шақырады деген қытайдың сенімі санамызға да кіріп үлгерді деген сөз ғой бұл. Бақыт пен байлықты Құдайдан емес Қытайдың ойыншығынан сұрасақ жетіскен екенбіз. Өтірік ертегіге құрылған сәттіліктер арқылы мұндай ойыншықтарға сенудің түбінде пұтқа табынушылық жатқанын естен шығармаңыздар. Бұл бар болғаны қалта қағу мен қытайландырудың бір жолы.

               Қазақ аң-құспен табиғатпен жақыннан сырласа білген халық. Солардың сезімталдығымен алдағы күнді болжап отырған. Егер қазақ-қытай шекарасының арғы бетіне назар аударсаңыздар құстар жоқ та, бергі бетте құстар көп екен. Құс екеш құстың өзі шекараның арғы бетіне бір қадам жоламайды екен. Өйткені бір тажалдың келе жатқанын сездіртеді. Сөйтсе мәдени төңкеріс кезіндегі қырғын гендік жадында сақталғандығынан арғы бетке өтпейді екен. Сондықтан тарихтан жоңғарларды түп тамырымен қалай қырғанын, ал қазір автономды ел болып отырған ұйғырларды қалай қырып жатқанып біліп, көріп отырып   қалай сақтанбай отырмыз деген заңды сауал әрдайым әрбір қазақты ұйықтатпауы керек.

             Шетелге кеткің келсе, ағылшын тілін үйрен, осы жерде қалғың келсе қытайша үйрен деген әзіл де болса әңгімелер айтылып жүр. Қазірдің өзінде өз елімізде отырып қытайға жалданып жүргенде ертең құл болмаймыз деп кімді сендіре аламыз.

              Өте тереңінен жүргізілген қытай саясатының бір тармағы тарихи, мәдени құндылықтарымызды қытайландыру. Мысалыға Зсан деген қытайдың классик жазушысының түбі түрік тектес Сәрсен екен, Елдібай ақынды да Ли бай деп қытай ғып шығарғаны сияқты. Осы тұста бізге қиын соғып тұрған жері тарихи құжаттарымыздың болмауы. Ал Қытайда біз туралы томдаған зерттеулер саны ұзын сонар. Бір Су Бэйхайдың төрт томдық «Қазақтың жалпы тарихы», Уаң Жылайдың төрт томдық «Орта Азияның жалпы тарихы» сияқты еңбектердің өзі неге тұрады. Жалпы осы тектес томдаған еңбектердің барлығы қытай мүддесіне қарай жазылған. Осындай еңбектердің әсерінен бізде қытайлық пікірді қалай жақтап кеткендерін білмей қалғандар көбеюде. Аталған еңбектерде Қазақстанның оңтүстік бөлігі қытайдың атақонысы екен. Тіпті жергілікті халық «біз Таң патшалығынанбыз» деп мақтанышпен айтқан көрінеді. Қытайдың жалпы орта мектебінің 9-сыныбына арналған тарих оқулығында Қазақстанның оңтүстік бөлігін Қытайдың территориясы деп көрсеткен. Қысқасы солардың жерін біз хақысыз жаулап алған екенбіз. Егер де бізде оқулықтарымызда Қытай қорғанынан бастап айтпай-ақ қояйын кешегі Орынбор қаласын картамызға қосып алайықшы –   Ресейің өре түрегеледі.

              Қытайда Орталық Азияны зерттейтін 10-нан аса ғылыми зерттеу орталығының жұмысы Қазақстанды зерттеуге бағытталған екен. Қытай Қазақстанды зерттеу жағынан бізді он орап кетеді. Егер сенсеңіздер әрбір қытай азаматы еліне барғанда қазақтар не істеп жатыр, ой-пікірі қалай екені жөнінде қауіпсіздік органдарына түсініктеме беріп отырады. Ал басшыларымыздың барлық іс-әрекеттері жөніндегі ақпараттарды бақылауда ұстап отыр. Шыңжаңның экономика газеті күн сайынғы нөмірлерінде Қазақстанның күнделікті экономикалық жағдайынан былайша айтқанда базардағы көкөніс бағасынан бастап мұнайының әр барелінің бағасына дейін жариялап   отырады. Сондай-ақ, Қазақстан экономикасының болашағына болжамдар да жасап, тіпті күзгі жиын терімде қанша тонна астық алатынына дейін есептеп жариялайды екен.

            Спорт саласында да Қытайдың мерейі үстем болып тұр. Қазір өзіміздің қазақша күрес сияқты ұлттық спортымыздың орталығынан гөрі ушу, айкидо, кунфу сияқты қытайдың жекпе-жек өнерлерін насихаттайтын орталықтарын көптеп ашылып жатыр. Бұл түбінде өзіміздің генімізге тән әскери рухты жоғалтуымызға жол ашпай ма?

             Қытай ешқашан басқа елдің территориясына қол сұқпайды деген адамды қателестіретін пікірге сенуге болмайды. Қытай қауіпсіздігінің доктринасына сәйкес Қытайдың стратегиялық шекарасы әлсіз елдердің территориясы есебінен ұлғая береді. Арысы Қытай қорғанынан бастап айтпай-ақ берісі 1992-95 жж. аралығында Ресейдің Приморье, Уссури, Амурдағы біраз жерлерін, 1997 жылы Гонконгты, 1998 жылы Аомынды өзіне қосып алып тек территориясын ұлғайтып келеді. Егер де қытайдың әскери тәсілдерін зерттесеңіздер, соңғы уақыттары қорғаныс саласынан гөрі қарсы шабуылға көп қаржы бөлуде. Біз шабуылына төтеп бермек түгіл оғымыздың (патрон) саны қытайдың санына жетпейді екен. Осы тектес мысалдарға сүйеніп Қазақстан Қытайға қарсы 30 минут, 40 минут қана төтеп бере алады дегендер көп даурыға бермесін. Осы тектес пікірлерді Ресей әдейі шығарып «Сендер өз беттеріңмен Қытайға қарсы 1 сағат та қарсы тұра алмайсыңдар» деп Қазақстанды Қытайдан қорқытып өз қолтықтарының астына басқысы келеді. Жоғарыда аталған экономика, идеология, спорт, миграция, т.б. салаларындағы үстемдігімен қоса Қытай енді әскери байланыстарын күшейтуге кірісті. Себебі де түсінікті, Қазақстандағы экономикалық мүддесін қарумен қорғау. Сондай-ақ Қазақстанның батысынан бастап Қытайға қарай тартылған мұнай құбырының қауіпсіздігін қорғау мақсатында кез-келген уақытта әскер кіргізуге   дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұл аталған мәселені Қытайдың Қазақстанмен әскери жаттығуларын көбейтіп жатқандығымен дәлелдеуге болады. Мысалы соңғы 4-5 жылда жыл сайын әскери жаттығу өткізуді дәстүрге айналдырды. Биыл 2010 жылы Қазақстандағы Мәтібұлақ полигонында тағы бір әскери оқу-жаттығу өткізу жоспарланып отыр. Кеңес Одағы заманынан қалған әскери техниканың ескіріп, қолданыстан шығуына байланысты Қытай өзінің әскери құрал-жабдықтарын беріп, оқу-жаттығулар өткізу арқылы иемденгісі келетін ниетін іс-әрекетімен байқатып жүр. Оған қоса қытайдың әскери оқу орындары қазақ әскерлеріне оқуға бөлінетін грантты жыл өткен сайын көбейтіп келеді. Қытай енді мұнай құбыр желілерімен қатар Қазақстандағы компаниялары мен азаматтарының мүдделерін қорғаудың стратегиясын жасап жатқанына күмәніңіз болмасын. Әрине біздің ресми билік ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіретін болғандықтан еліміздегі Қытайдың энергетикалық мүдделерін қытай әскерилерінің қорғауына рұқсат бергісі келмейді. Ал, бірақ оған қарап отырған Қытай жоқ. Қазір экономикалық тәуелділікке түсіруге, қытай диаспорасын көбейтуге бар күшін салып жатыр. Одан арғысы  белгілі ғой.

             Жоғарыда аталған Қытайдың осыншалықты қауіпсіздігімізге де, экономикамызға да дендеп кіріп бара жатқаны даңғыл жол ашып отырған ол елімізде тамырын тереңге жіберген ЖЕМҚОРЛЫҚ. Бұл жемқорлық деген жоңғар шапқыншылығы мен ашаршылықтан да жаман болайын деп тұр.

            Бір қауіп төндіріп отырғаны қазірдің өзінде қытайлар көбейіп кеткен Ақтөбе, Маңғыстау сияқты Қазақстанның кейбір қалаларындағы жергілікті атқарушы органдар арасында қытай мүддесін қорғайтындардың көбеюі. Жергілікті халықтың ортақ бір мәселесі мәслихат, әкімшілікте көтеріліп қалған кезде ауыздарына құм құйып алғандай үнсіздер саны көбейіп, есесіне халықтың мәселесін жанұшырып айтатын адамдар азайып барады. Қу бастың құлқынын ғана ойлап аузына қытайдың қаржысын толтырып алғандар қалай сөйлесін?! Бірде Қызылорда облысында қытайдың мұнай барлау экспедициясы ұсталды. Туристік визамен қыдырып келген қытайлықтар 89 жергілікті азаматты келісім-шартсыз жалдап, мұнай қорын барлап жатқан жерінен қолға түсті. Осының бәріне жол ашып, рұқсат беріп отырған кім? Әрине, жергілікті атқарушы органдар.

              Бір таңқаларлығы, Қытайдың көпе-көрнеу төндіріп отырған қаупін қарапайым халық көреді де, билік неге көрмейді? Қытайға сатып берсең де, жалға берсең де, уақытша берсең де, берген жердің енді қайтуы жоқ екенін бәрі біледі де, билік білмейді ме? Миллиардтаған Қытайдан алпауыт АҚШ сақтанғанда алақандай 15 млн қазақ неге сақтанбайды? Жерді ешқандай жағдайда жалға да, малға да, қарызға да беруге болмайды! Бұл халықтың биліктен әбден күдер үзгені соншалық жерді жалға береді екен дегенде сасқанынан Ху Цзинтаоға араша сұрап жазылған хаттарды интернеттен оқыдым. Бұл арада тек қана билікті ғана кінәлап отыруға болмайды. Бұған біз де жауаптымыз және біз де кінәліміз.

             Хат жазғаннан, сұрағаннан, жылағаннан, кіжінгеннен мүйіз шықса, қазақтың мүйізі қарағайдай болар еді. Бұдан ешқандай пайда жоқ, нәтиже жоқ екеніне көз жетті. Әлсіздің үніне кім құлақ асып еді бұ заманда?! Сондықтан әрбір қазақ мықты, табандыболуы керек. Реті келгенде аспандап кеткен билікті алқымынан алып, тәрбиеге салып, тәубесіне түсіріп отыру керек. «Халық талап етсе, хан түйесін соятынын ұмытпайық». Бірақ мына заманда саясатқа қарсылық білдірген халықты қырып салудан да тайынбай ма деп ойлаймын. Себебі Қытайға жер беруге қарсы шыққан кешегі Алматы қаласындағы 2009 жылғы 16-17 желтоқсанда жаңа алаңның астында (сол үшін жасалған екен ғой) 2000 әскер мұздай қаруланып, ши шыға қалса жер астынан тап беруге дайын тұрыпты.

            Қытайға Қазақстанның жері керегі жоқ деген пікірдегілер қателеседі. Өз жеріне сыймай отырған елге қалай жер керегі жоқ. Яғни оларға шикізат керек, тұратын жер керек. Сондықтан да олар Қазақстаннан жалға болса да жер алуға мүдделі. Қытайдың «Рен минь рь бау» газетінің ағылшын тіліндегі сайтында және францияның «Le Monde» газетінде «Қазақстаннан жеті мың гектар жер он жылға алынды, үш мың қытай диқаны осы көктемде барады» деген мәліметті таратты. Бұл Алматы облысы Алакөл ауданында орналасқан «Сино-Қазақстан» компаниясы. Директоры - Ху Фең деген қытайлық. Естеріңізде болса өткен жылы тағы 1 млн. гектар жер жалға сұраған еді. Осылардың бәрі ақылға қонбайды. Себебі ешқандай ел Қазақстанға мал, егін шаруашылығын үйретпей-ақ қойсын. Себебі Қазақстан бұрыннан аграрлы ел. Тәжірибеміз мол, жеткілікті. Тек жұмысымызды жүйеге қойсақ болды.

 

(Жалғасы бар)

Фазылбек ӘБСАТТАР