Өткенiн қастерлемеген халықтың болашағы болмайды
2009 ж. 01 шілде
2208
0
Ұлттық қозғалыстар мен беймемлекеттiк ұйымдар өкiлдерiнiң елiмiздiң барша азаматтарына АШЫҚ ХАТЫҚ Қазақстан «Әдiлет» тарихи-ағарту және құқық қорғау қоғамының 20-жылдығына арналған «Әдiлет» қоғамы: тоталитарлық тарихтан – демократиялық болашаққа» ғылыми-практикалық конференциясына қатысушылар мемлекеттiң тоталитаризм тұсында өз азаматтарының құқықтарын жаппай бұзуы, сталинизм зардаптарын жою, жазықсыз жазаланғандарды құқықтық тұрғыдан қорғау, билiкпен, өзге ұйымдармен қызметтестiк мәселелерiн, сондай-ақ «Әдiлет» идеяларының халқымыздың бiрлiгiн нығайта берудегi және елiмiзде демократиялық құндылықтарды орнықтыра түсудегi маңызын жан-жақты талқылай келiп, жұртшылыққа арнайы Үндеу қабылдады. Үндеу Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi Жаңалықта болған Алматы облысы мен Алматы қаласы жұртшылығы өкiлдерiнiң митингiнде жария етiлдi, мазмұны баспасөзде жарияланды. Онда төмендегiдей мәселелер айтылған. Тоталитарлық билiк жылдары Қазақстанда 340 мыңнан астам адам жазықсыз саяси қуғын-сүргiнге ұшырады. Тек «үлкен террор» кезiнде 120 мыңнан астам адам репрессияланып, 25 мыңдай боздақ оққа байланды. Ал пролетариат диктатурасын желеу етiп жүргiзген «большевиктердiң аштық саясаты» (М.Шоқай) науқандарында – 1917-18 жж. 1 миллионнан, 1921-23 жж. тағы 1 миллионнан астам көшпендi, ал 30-жж. тәркiлеу, режимге қарсылық көрсеткен көтерiлiсшiлердi әскери күшпен басу, материалдық қолдау көрсетпей отырықшыландыру, зорлықпен ұжымдастыру кезеңдерiнде 2 миллиондай адам – сол кезгi қазақ халқының жартысына жуығы ашаршылық құрбаны болды. Қазақ жерiне жалпы саны 1,5 миллиондай немiс, корей, шешен, ингуш, балқар, күрдi, месхеттiк-түрiк, болгар, грек, қырым татарлары, қалмақ және басқа да халық өкiлдерi күштеп көшiрiп әкелiндi. Осынау қасiрет¬термен астастыра жүргiзiлген индустрияландыру, тың көтеру науқандарында қазақ жерiне кеңес одағының орталық аудандарынан миллиондаған қоныс аударушылар келдi. Мұның бәрi жергiлiктi халықтың ұлттық мүдделерi шектелуiне қатты әсер еттi. Бүгiнгi ұрпақ бұларды бiлуге тиiс, қазiргi таңда өткенiмiзде күңгiрттiк қалмағанда ғана халқымыздың бiрлiгiн бекем ете түсiп, болашаққа сенiммен бара алатын боламыз. Сондықтан да аталмыш конференцияға қатысушылар жұртшылықты елiмiз¬дiң даму тарихындағы қайғылы белестердi ұмыт қалдырмауға, оларды барша азаматты, жас ұрпақты тарихпен тәрбиелеу iсiнде тиiмдi пайдалана бiлуге шақырады. Бұл орайда қуғын-сүргiн және ашаршылық құрбандары жерленген орындарды анықтап, бастарына естелiк белгiлер қою iсiн жалғастыра беру, жергiлiктi өлкетану мұражайларында тиiстi көрнекi экспозициялар, бөлiмдер ашу, барлық ұйымдарда, оқу орындарында еске алу шараларын жаппай ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру ләзiм. Әсiресе перманенттi ашаршылық қасiретiн айрықша есте тұтуды ойластырған жөн. Жер-жердегi өлкетанушылар, зерттеушiлер, шежiрешiлер аштан шейiт болғандарды отбасылық ата-баба шежi¬релерiн түгендеу арқылы анықтай алар едi. Осыларды айта келе, әдiлеттiктер Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi және оның қарсаңындағы жұма сайын барлық ұйымдарда, мекемелерде, оқу орындарында ашаршылық құрбандарын еске алып, мешiттерде, шiркеулерде, өзге де ғибадатханаларда оларға арнап арнайы дұға оқуды ұйымдастыруға үндейдi. Билiк те қалың жұртшылықтың мүддесiне орай, талай асыл азаматты жазықсыз атқан үйасты «тирiмен» бiрге бұрынғы НКВД ғимаратын саяси репрессиялар тарихы мұражайына қайтаруға, Жаңалықтағы ескерткiш айналасындағы аумақты мем¬лекеттiң өз халқына жасаған қиянаттарын, қызыл терроры мен жасанды ашаршылық зұлматын ендi ешқашан қайталанбастай етiп мәңгi еске салып тұратын белгiлер қойылатын орманды алқапқа айналдыруға, iшiне құрбандар есiмдерi қашалған тас тақта-стеллалар орнатуға мұрындық болар деген сенiм бiлдiредi. Бiз, елiмiздiң барша азаматтарына ашық хатпен үн қатып отырған Қазақстанның ұлттық қозғалыстарының, беймемлекеттiк ұйымдарының және саяси партияларының өкiлдерi, «Әдiлет» қоғамы: тоталитарлық тарихтан – демократиялық болашаққа» ғылыми-практикалық конференциясына қатысушылардың жұртшылыққа Үндеуiне толық қолдаушылық бiлдiрiп, осы Ашық хатпен күллi халықты, жас ұрпақты онда айтылған мәселелердiң орындалуына белсендi түрде атсалысуға шақырамыз. Имандылыққа тұнған осындай шараларды жаппай қолға алу, сөйтiп оларды кейiнгi ұрпаққа үлгi ететiн өнегелi дәстүрге айналдыру барша жұртшылықтың, отанын сүйетiн әрбiр азаматтың абыройлы борышы деп бiлемiз. Дос Көшiм, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы; Хасен Қожа-Ахмет, «Азат» азаматтық қозғалысының төрағасы; Болат Дүйсембi, «Ұлт тағдыры» қозғалысының басқарма мүшесi; Бейбiт Қойшыбаев, «Ұлт тағдыры» қозғалысы төрағасының орынбасары; Асылбек Қожахметов, «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң президентi; Бейсенғазы Нүркен, «Желтоқсан жаңғырығы» қозғалысының төрағасы; Жұмабек Ашуұлы, Репрессияға ұшырағандар ассоциациясының президентi; Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбаев қорының жетекшiсi; Қуаныш Мұқтай, ақын, Серiк Сапарғали, саясаттанушы, Ертас Утарбаев, желтоқсаншы.