ЫБЫРАЙЫМ СҮЛЕЙМЕНОВ – ҚАЗАҚТЫҢ ХАС БАТЫРЫ Бұдан 67 жыл бұрынғы әділетсіздік енді түзетілуі керек

0
1747

           Сәуірдің соңғы күндерінің бірі болатын. Жаңа ғана жауып өткен ақ жауыннан соң қала іші ерекше көріктене түскен. Алматылық әдебиетші досым екеуіміз табиғаттың осы жанға жайлы кезін тамашалауға сыртқа беттедік. Ол кезде бүгінгі Тараз қаласы ұлы ақын Жамбыл есімімен аталатын.

              Жасыл желекке оранған шалқар көшемен жүріп келеміз. Қаздай тізілген ақбалтыр теректер мен бұйрабас қарағаштар қанатын кең жайып, әлі дымы кебе қоймаған жапырақтары кешкі күн нұрымен жалт-жұлт етеді. Ымырт үйіріле жарқ ете қалған электр шұғыласы онсыз да әсем көшені жайнатып жібереді.

         – Бұл қай көше?- деп сұрады досым.

Мен оған Ұлы Отан соғысының қаһарманы, атақты мерген Ыбырайым Сүлейменов атындағы көше екенін, осында оның анасы тұратынын айттым. Ол дегбірсіздене :

        – Қазақстандық батырлар жөнінде материал жинап жүр едім. Сәті түскен іс болды. Мергеннің анасымен дидарласып, естелігін жазып алып қайтайын,-деп қолқа салды.

           …Біз онда ертеңгілікте бардық. Еңселі үйдің төргі үлкен бөлмесіндегі төрт қабаттап салынған көрпе үстінде ақ шашты қарт ана отыр. Бізді Тынышбала шешей «қарағым, шырағыммен» қарсы алды. Ол етженді қарасұр кісі еді. Сол күнде жасы сексеннен асса да әлі сөзі ширақ көрінеді. Неге келгенімізді бірден аңдады.

           Болыскей кереуеттің тұсындағы кілемге ілінген шағын портретке көз қиығын тастап қадала қарап қалды. Старшина шеніндегі атжақты, қалың қабақты жігіт отты көздерін анасына бұрғандай бір қырын тұр. Иығына асынған снайперлік винтовка сонау сұрапыл күндердің от-жалынында ата жауға қарсы арыстанша арпалысқан ардагер ағаның асқан ерлігін айғақтап тұрғандай.

         Тынышбала шешей, ауыр денесін енді бізге қарай бұрды да әңгімесін бастады.

          – Басқа алты ұлым бір төбе, Ыбырайымым бір төбе болатын. Алтын бесік – Сарыарқаның төсінде туып, түлеп ұшқан еді құлыным. Күні кеше, ел басына күн туып, ерге сын болған шақта, бес қаруын асынып, жауға аттанды ол. Сонда мен көзіме жас алмастан былай деп едім: “Ұлым, анаңның ақ сүтін ақтаймын десең ата жаудан кек алып, абыроймен қайт!”. Сол сәтте: “Апашым, апатайым”, деп жас балаша қапсыра құшақтап аймалағаны, “аманатың ақталады” дегені құлағымнан әсте кетер емес. Соны өңімдегідей ылғи түсімдеде көремін.

Қабырғалы қалын ел,

Алыста жатқан қазағым.

Елдігің үшін болашақ.

Соғыстың көрдің азабын.

Өлімге де бас идік,

Көрмеуге фашист мазағын.

Отан үшін тоқтаттық

Жігіттіктің базарын! – деп жазған еді, бір хатында қарашығым.

             Ыбырайым сол кеткеннен тобына қайтып қосылмады. Ұлымның ерлігін дәріптеген еліме разымын. Қабырғамды қайыстырған қайғы бұлтын сол сергітеді, соны медет тұтамын. Қарағымның аты өшкен жоқ. Мынау ала қағаздар соның айғағы.

            Біз Тынышбалашешей Берген құжаттарға үңілдік. Солардың ішіндегі бір газет қиындысында мерген туралы мынандай оқиға баяндалыптысуреттеліпті.

            …Бірде батальон командирі капитан Филипп Илларионович Ушаков жауынгерлердің шабуылға дайындығын көру үшін бөлімшелерді аралап келе жатты. Қасында Ыбырайым бар. Жау оғы толастар емес. Ілгері басқан сайын үдей түсті. Командир мұны елең етер емес. Осындай батылдығы үшін де Ыбырайым командирін жақсы көретін, әрқашанда оны ажалдан арашалауға әзір еді. Жау атысты сәл саябырлатқан кезде Сүлейменов бір оқтың зың етіп өздерінің дәл жандарынан өте шыққанын байқап қалды.

           – Жатыңыз, жолдас капитан!-деп айқайлап жіберді де өзі қар үстімен еңбектей жөнелді. Ыбырайымның сөзінің мәнің бірден түсінген капитан оның айтқаның істеді. Жаңағы атылған оқ неміс мергенінікі еді, ол командирді нысанаға алған-ды. Бірақ оқ дарымады.

             Ыбырайым винтовкасын кезенген күйі снаряд қазып кеткен шұңқырға қарғып түсіп, жасырына қалды. Әлден уақытта шамасы 500 метр қашықтықта екі фриц көрінеді. Ыбырайым оң жақтағысын көздеп атып жіберді. Бірақ, әлгі орнынан мызғыр емес. Бұл қалай? Байқаса, ол киім кигізген қарақшы екен.

            – Иттің баласының қуын. Сені жерге тықпай қоймаспын,- деді де аңдумен болды. Осы кезде немістің басы қылт ете қалды. Тағы да атты. Оқ тимеген тәрізді. Көздегені мүлт кетпеуші еді, бұл қалай?

              Япыр-ау, маған не болды деген оймен Ыбырайым дүрбімен алға қарады. Көзі енді жетті, көрінген сұлаба винтовканың найзасына кигізген бас киім болып шықты.

           – Қап, сені құртпасам ба, – деп кіжінді ол. Сөйтті де енді өзі де айлаға көшті. Құлақшынын окоптың ернеуіне қойды да төмен жасырынды. Қолға түстің бе дегендей неміс бас киімді атып түсірді. Жауымды мұқаттым деп ойлаған фашист бойын жазып ілгері жүрді. “Құланның қасуына, мергеннің басуы” дөп келді. Ыбырайым атқан ажал оғы немісті жер жастандырды. Кейін әке-шешесіне жазған хатында “бас киімім де бір фашисті құртты” деп әзілдепті.

           … Тынышбала шешейдің бізге ұсынған ала қағаздарының әрқайсысы туған елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы Ыбырайымның осындай ерлігін баяндайтын шежіре деректер еді.

                  Сөз орайында айта кетейін, Невель қаласын жаудан азат ету жолында кескілескен ұрыстарда қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бірге Ыбырайым Сүлейменовте 32 жасында ерлікпен қаза тапқан. Мергендік кітапшасында “281 фашистің көзін жойған” деп жазылған ердің есімі әрқашанда ел есінде. Соның бір айғағы 1943 жылдың 1 қарашасында қабылданған еңбекшілер депудаттарының Невель қалалық кеңесі атқару комитетінің шешімі. Онда былай делінген: “21-невельдік гвардиялық атқыштар дивизиясының жеңісін құрметтеу мақсатымен Невель қаласының Новаквортальный көшесі мен Гумный переулогы снайпер  Ыбырайым Сүлейменовтың есімімен аталсын”.

             …Біздің әңгімемізді сырттан келген, қараторы әдемі келіншек бөліп кетті. Тынышбала шешей ауыр денесін әрең қозғап келіншектің маңдайынан иіскеп, емірене бауырына қысты. “Ыбыжанымның көзі”, деп күбір-күбір етті. Бұл қарт ананың немересі, Ыбырайымның жалғыз қызы Алмагүл екен.

            – Мен әкем әскерге кеткенде үш жарым жаста екенмін,-деді бізге  Алмагүл. – Көкем Невель қаласын фашист басқыншыларынан азат ету жолындағы ұрыстарда ерлікпен қаза болғанда жаңа ғана ес біле бастағанмын. Әкемнен жастайымнан қалғаныммен жетімдік көргенім жоқ. Жамбылдағы медициналық училищені бітірдім. Қазір жұбайымыз екеуміз Талас ауданындағы “Қаратау” совхозында жұмыс істейміз. Көкемнің жиен немерелері өсіп келеді. Енді соғыс болмасын деп тілеймін!

              – Ыбырайымым әскерге аттанғанда: “Отан үшін, туған ел үшін жан пида”, деп еді. Менің қарағым сол сөзін берік ұстап, ел сенімін ақтады. Қайтейін соны медеу тұтамын да, – деп Тынышбала шешей өзегін өртеген өкінішін “аһ”ұра аяқтады…

***

            …1990 жылы, яғни Жеңістің 45 жылдық мерекесі қарсаңында Ыбырайым Сүлейменов атындағы қор құрылып, бұған елден біраз қаржы жиналды. Қорды басқарушылардың істе шалғайлығы жұртшылық арасында теріс пікір туғызды. Әлгілер ардагер ағаның есімін есте қалдырарлықтай шараларды жүзеге асырудың орнына, атақты мергеннің халық алдындағы абыройын өздерінің күмәнді бет-беделін көтеруге, жиналған қаржыны оңды-солды жұмсауға тырысты. Соның салдарынан игі іс мақсатына жетпеді. Қордың жұмысына Ыбырайымның қызы Алмагүл қатыстырылмады. 1995 жылы Ы. Сүлейменовке Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атағын бергізуге жасалған ұсыныс біліксіздік, қарадүрсіндік салдарынан өтпей қалды.

            Оқырмандарға түсінікті болу үшін мына бір жәйітті ескерте кетуді дұрыс деп санаймын.

            Жоғарыда айтылған Тынышбала шешейдің төрінде ілулі тұрған Ыбырайымның суретін 1970 жылдың бас кезінде бір қылқалам шеберіне мен салдыртып берген едім. Біз нағашы-жиенбіз.Менің ұлы анам – әкемнің шешесі Балкүміс Молжігітқызы Ыбырайымның әкесі Сүлеймен  ақсақалдың жақын туысы-тын.

            Ыбырайымды мен бала кезімде көрдім. Әкем Арынның шақыруымен ол 1936 жылы Сарысу ауданына, біздің “Жаңа тілеу” колхозына көшіп келді. Содан соң аудан орталығы Байқадамда құрылыс салуға және Сарысу – Жамбыл тас жолын пайдалануға беруге белсене қатысты. Келіншегі Базаркүл өте мейірман жан еді. Бізді, інім Таңат екеумізді жақсы көріп еркелететін. Жас болсам да нағашымның балуан тұлғасы және мейрамдар кезіндегі   күресте ауылдағы жігіттерді шақ келтірмегендігі есімде қалыпты.

             Мен 1954 жылы облыстық “Сталиндік жол” газетіне қызметке келгеннен бастап Ыбырайым туралы материалдарды жинауға кірістім. Ойым батыр аға туралы қомақты шығарма жазу еді. Сонымен әртүрлі құжаттар, ауызекі естеліктер, өлеңдер, газет қиындылары, суреттер жинақталды. Аталмыш қордың жетекшілері бұл материалдардың біразын “танысамыз” деген желеумен сұрап алып, түрлі сылтаулар айтып қайтарып бермеді.

               Қазір Жамбыл облысының тек жасамысы емес, кез келген оқушысынан:

              -Ыбырайым Сүлейменов кім?-деп сұрасаңыз.

             – Ол Кеңес Одағының Батыры, – деп тақ еткізіп жауап береді. Расында, ол жасаған ерлік осы жоғарғы атаққа лайық екені даусыз. Ыбырайымның Ұлы Отан соғысы кезінде Батыр деген атаққа ұсынылғаны да шындық еді…

***

                Содан бері көп жыл өтті. Тынышбала шешей әлдеқашан бақилық болған. Иманы жолдас болғай. Бірақ ол кісінің айтқан бір өкініші әлі көкейден кетер емес.

                Бірде көрші кемпір күндестікпен былай депті:

            – Әй, қара кемпір. Балам батыр болды ылғи мақтанасың. Бізді көзге де ілмейсің. Барған жерде төрге сен шығасың, жұрт жапырыла құрметтеп жатқаны. Егерде балаң шын батыр болса, алтын медалі қайда? Соны көрсетші маған?

                Бұл құйтырқы сұраққа Тынышбала шешей бір ауыз өлеңмен былай депті:

Қимаса да солардың бұл атақты,

Ұлымның ерлікпен даңқы шықты.

Ұмытпас Ыбырайымды елім менің,

Көрсеткен қан майданда батырлықты.

Сендағы іші тар сорлы екенсің,

Күнәкар мазалама аруақты.

             Соғыс жылдарындағы бұл әділетсіддіктің себептерін анықтау үшін өмір мен өлім қатар жүрген қанды   қырғын жылдардың әбден сарғайған құжаттарына, майдан шебінде от пен оқтың жалынына шарпылған газеттерге және Ыбырайым Сүлейменовтың қандыкөйлек майдандастарының жүрекжарды естеліктеріне қайта-қайта көз жүргізіп, ой елегінен өткізуге тура келді.

            Ең алдымен мерген батыр атағына қашан ұсынылды? Артында қалған жалғыз тұяғы Алмагүлдің әкесі туралы жазған хатына КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас кадрлар басқармасының полковнигі Колесников 1958 жылдың 5 сәуірінде қайтарған жауабында былай деген:

            “Сіздің КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы К. Е. Ворошилов жолдасқа жолдаған хатыңыз мұқият тексерілді.

            Армияның Әскери Кеңесі старшина Сүлейменов Ыбырайымды 1943 жылдың шілдесінде Кеңес Одағының Батырлығына ұсынылғаны анықталды. Бірақ, ол Калинин майданының Әскери  Кеңесі тарапынан қолдау таппаған, мергенді Ленин орденімен марапаттауға ұйғарылған. Сол бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 4 маусымдағы жарлығымен старшина  Сүлейменов Ыбырайымға Ленин ордені берілген. Сондықтан бұрынғы шешімді қайта қарауға мүмкіндік жоқ.

            Мұнымен қатар Сүлейменов Ыбырайым ерлігі мен сіңірген еңбегі үшін бұдан бұрын Қызыл Жұлдыз орденімен және “Жауынгерлік еңбегі үшін” медалімен марапатталған.”

            Осы жерде батыр атағына ұсынылуы қарсаңында Ыбырайым неміс-фашистеріне қарсы соғыста қандай ерліктер жасағанына қысқаша тоқталып өткен жөн болады. Соны растайтын құжаттар, майдандастарының естеліктері көптеп саналады.

             Бұрынғы 100-атқыштар бригадасының танкіге қарсы шайқасатын дивизионының комсоргы, кейін 1-Брест дивизиясының батальон порторгы болған, Ыбырайымның қанды көйлек жолдастарының бірі Ахметқазы Болатов былай деп тебірене еске алады:

            – 1941 жылдың қазан-қараша айларында Алматыда қазақтың 100- атқыштар бригадасы жасақталды. Ыбырайым екінші батальонның мергендері сапында болды. Жаттығу өткізген сайын командиріміз Ушаков: «Мерген болсаң, Сүлейменовтай болыңдар», деп оны ылғи мақтайтын.

              Біз 1943 жылдың ақпанында Невель қаласына беттедік. Маусым айында Калинин майданына қолбасшы болып А.Е.Еременко, ал 3- екпінді Армияның басшылығына К.Н. Галицкий келді. Ұрыс алдындағы үзіліс кезінде әскери жаттығулар өткізілетін Сондай жарыстарда Ыбырайым асқан шебер мерген екендігін көрсете білді. Майдан қолбасшысы Еременко оған әбден риза болып кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін қадап, қолына өзінің сағатын тақты. Содан соң қапсыра құшақтап: «Есеп бойынша 239 фашисті жер қаптырғаның рас екен. Әрдайым аман бол, сен нағыз батырсың», деді. Ал Галицкий өзінің «1941-1944 қаһарлы жылдар шежіресі» деген кітабында Ыбырайымның ерлігін сүйсіне жазды.

               1943 жылғы 15 қазанда Невельдің солтүстік-батыс жағындағы 20 шақырым жердегі Изога станциясын босату үшін қиян-кесті ұрыстар болды. Бұл ала-сапыран шайқастарда гвардия полковнигі Әбілқайыр Баймолдиннің дивизиясының жауынгерлері ерекше көзге түсті. Мерген Ыбырайым Сүлейменовтың есебіндесол кездің өзінде-ақ өлтірілген 289 фашист болды. Ал, оның мергендік шеберлігі бүкіл майданға әйгілі еді. Сөйтіп, 15 қазанда болған осы қанды шайқаста Ыбырайым ерлікпен қаза болды. Дәл осы күні қазақтың аяулы қызы-пулеметші Мәншүк Мәметова да елі, жері үшін жанын пида етті. Екеуінің де сүйегі Невель қаласында жерленіп, бейіттерінің басына:

«Пулеметші Мәншүк Мәметова (1922-1943); снайпер Ыбырайым Сүлейменов (1911-1943)» деген сөздер жазылған.

              Тағы бір дерек, ол армиялық «Фронтовик» газетінің 1943 жылы 10 наурызда шыққан санында басылды. Мұнда: «Мерген жолдас, Сүлейменов Ыбырайымдай бол!» деген жалпы тақырыппен құралайды көзге атқан снайпердің фашистерді мұрттай ұшырудағы тәжірибесі, айла-әрекеті басқаларға үлгі етіп ұсынылады. Сонымен бірге Ыбырайымның қару ұстап, түрегеп тұрған суреті берілген. Беттің төменгі жағына: «Орденді мерген Сүлейменов Ыбырайым 239 немісті жер жастандырды» деген сөздер үлкен әріптермен жазылып қойылған.

               Даңқты мергеннің ерлігін паш ететін құжаттардың қатарына Краснодар қаласында тұратын запастағы полковник Виктор Ильич Куценко жіберген листовканы да жатқызуға болады. Тараз қаласындағы облыстық өлкетану мұражайына жолдаған хатында ол былай деп жазған: «Сіздердің жерлестеріңіздің асқан ерлігі туралы листовканы жиырма жылдан астам уақыт сақтадым… Соғыс кезінде көптеген жауынгерлер көзге түсті. Сол үшін олар ордендермен, медальдармен наградталды. Ал ең таңдаулылары жөнінде листовкалар жазылатын. Бұл листовканы 3-тегеурінді Армияның саяси бөлімі шығарған. Ыбыраым Сүлейменов жауды жеңуге көп үлес қосқан…»

              Енді сөзді Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовқа берелік. Ол кісі де Ыбырайымның қандыкөйлек майдандасы. Сүлейменовке Қазақстанның Халық Қаһарманы жоғары атағын беру туралы Елбасына алғаш ұрыныс жасағандардың бірі. Сонымен, Әзекең не айтады?

            – Мен, – дейді ол,–Ыбырайым Сүлейменовпен майданда таныстым. Ол батальонының мергені еді. Бригада ең алғаш неміс-фашистермен шайқасқа кіріскен 1942 жылдың 25 қарашасынан бастап Ыбырайымның даңқы шыға бастады. Ол Молодой туд, Прездово, Дроздово, Тройня, Плеханово ұрыстарында, одан кейін Великие Луки қаласы үшін болған қырғын шайқастарда өзінің асқан мергендік өнері арқасында көптеген фашистердің көзін жойды… бұл кезде Сүлейменов жалғыз 100-атқыштар бригадасының ғана емес, берісі біздің бригада құрамына енген 3- тегеурінді Армияның, әрісі бүкіл Калинин майданының ең атақты мергендерінің бірі болды.

              Әзекең қанды көйлек, қарулас бауыры Ыбырайымға арнаған, үлкен тебіреніс үстінде жазылған өлеңінде:

– Еткен ісі, ет жүректі тербетті,

Алып дене, аға батыр келбетті.

Қаһарманым жер бетінен екі жүз,

Отыз тоғызын жойған неміс жендетті.

Еңбектің зор майданында шыңдалған,

Қажымайтын хас батырдан үлгі алған.

Сүлейменов-жауған оты нажағай,

Қырда өскен қарапайым өжет жан,–деп жырлаған.

              Ұлы ақын Жамбыл атамыз 100-атқыштар бригадасы жауынгерлері мен командирлерінің өзінің атына жорлдаған хатына жауабын былай толғаған еді.:

– Бимурзин мен Бұрышев,

Жауған оқтан таймаған.

Танктермен ұрысып,

Найзағайша ойнаған.

Ыбырайым, Мырзаби,

Жау қыруға тоймаған.

Кезенгенге боп қырғи,

Көрінгенді қоймаған.

Кеңес етіп соны ылғи,

Күндіз-түні ойланам.

Сол батырлық болып күй,

Өлеңімді қозғаған.

           Ыбырайының Жеңіс күнін жақындату жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай жаумен шайқасқан теңдесі жоқ ерлігін тарихи құжаттар, оның осы күні көзі тірі майдандас жолдастары нақты дәлелдермен бұлтарғысыз айғақтайтынын тағы да қайталап айтамыз. Мәселен, ол 1942 жылдың басынан 1943 жылдың тағы бір қазанына дейінгі мерзімде фашистердің 281 солдаты мен офицерін жер құштырған делінген мәліметте. Бұл цифр қайдан алынған? Бұрыннан мәлім 239-ға Невель қаласы түбінде өлтірілген 42 фашисті қосыңыз. Сонда жоғарыда көрсетілгендей нәтиже береді, яғни немістің атқыштар батальонының тең жартысын жалғыз өзі жойған болып шығады. Бірақ, әлі де көрсеткіш толық емес сияқты.

            Қолда бар құжаттарды салыстыра зерттегенімізде Ыбырайым жер жастандырған басқыншылардың саны 300-ден әлдеқайда көп болғанына көз жеткіздік. Олай дейтінім, Невель қаласын екінші рет жаудан азат еткен 6 қазандағыұрыстарда 60 жаудың құртылғаны белгісіз себеппен есепкеи алынбай қалған. Сонымен атақты мергеннің қолынан оққа ұшқан неміс солдаты мен офицерінің нақты саны 341 болады. Не зеңбірек емес, не пулемет емес, жалғыз оқты винтовкамен осыншама жауды жою соғыс тарихында бұрын-соңды болмаған ерлік!

           Амал не, қазақтың хас батыры Ыбырайым Сүлейменовке Кеңес Одағының Батыры атағы бұйырмады. Мұндай әділетсіздік неге орын алды? Жасыратыны жоқ, соғыс кезінде аз ұлттардың өкілдерін ұлты орыс қолбасшылар мен командирлердің тарапынан кемсітуге жол берілді. Олар өздерінің түймедейін түйедей етіп көрсетуді мақсат тұтты. Бұл тоталитаризмнің солақай саясатының салдары еді. Славян нәсілділерден басқалардың майдандағы көзсіз ерліктеріне күдікпен қарау, менсінбеу орын алды. Кезінде Бауыржан Момышұлына, Рахымжан Қошқарбаевқа және басқа бауырларымызға Батыр атағының берілмей қалғаны осындай келеңсіздіктің кесапатынан болғаны белгілі. Ал орыстарға автоматпен 20-30 немісті өлтіргені үшін Батыр атағы берілгенін білеміз. Мен мұндай деректерді «Кеңес Одағының Батырлары» деген екі томдық кітаптан кездестірдім. Есесіне жалғыз оқты мылтықпен 341 жауды жайратқан Ыбырайым Сүлейменовке Батыр атағын беруді қимаған. Бұдан өткен әділетсіздік бола ма?

             Осыған байланысты Ә.Нұршайықовтың күйінішпен айтқан мына сөздерін еске салғым келеді.

          – Қазақ солдаты Ыбырайым Сүлейменов,–дейді ол,–239 фашисті жойған кездің өзінде-ақ сөзсіз Кеңес Одағының Батыры болуға лайық еді. Бірақ сәті түспеді. Ал 300-ден астам жауды жайпап, ер өліммен өлгеннен кейін де ол Батыр атағын алуға лайық еді. Ұсынылып, әлдекімдердің қазақтардан батырларды көбейте беріп қайтеміз деген арам ниетімен өтпей қалды ма, білмеймін… Бар білетінім, Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен есіл ер Ыбырайым Сүлейменов Батыр атағына ілінбей қалды. Мұндай жауынгердің Батыр атағын алмағанына қалай өкінбессің?!

          Бұл жерде Әзекеңнің айтқаны дұрыс. Қазақтан шыққан батырларды көбейтпеуге әрекет жасаған шовинистердің аз болмағаны белгілі.Сондықтан бұдан 65 жыл бұрын жасалған әділетсіздікті кеш болса да түзетуге пәрменді шаралар қолдануы тиіс деп ойлаймыз. Ол үшін Ұлы Отан соғысының 65 жылдығын мерекелеуге байланысты құрылған республикалық ұйымдастыру комитеті қажетті материалдарды кешіктірмей дайындап, Елбасының алдына мәселе қояды деген үміттеміз.

             Батыр аруағын қастерлеуге қолбайлау болып отырған тағы бір сорақылықты айтуға тиіспіз. Тараз қаласының басшылары Ы.Сүлейменовке қатысты маңызды мәселені , яғни оған ескерткіш салуды бірнеше жыл бойы сөзбұдайға салып, іске асырмай отыр. Бұл жөнінде кезінде талай рет сөз болып, арнайы шешім де қабюылданған. Қаржы жоқ деп айтуға ешқандай қисын жоқ. Бұдан бірнеше жыл бұрын қаланың орталық алаңына аңыз адамға әйдік ескерткіш орнатқан солар Ұлы Отан соғысының батырына, қазақ халқының атын шығарған қаһарманға келгенде неге бүгежектейді? Әлде бұл қазір өрттей қаулап тұрған рушылдықтың салдары ма? Сұрмергенге ескерткіш салынуға тиісті аллеяның қақ төрінен ғайыптан пайда болған әлдебір ғашықттардың жұмбақ ескерткіші бой көтеріпті. Мұны салуға кім рұхсат берген? Әншейінде әр метр жерді есепке алатын қала әкімшілігінің бұған нағып емешесі түсе қалды екен. Соның қандай тәрбиелік маңызы бар? Осы «ескерткіштің» қарсысына мазақ қылғандай Ыбырайымның біржапырақ суретін іліп қойыпты. Беті қарақожалақ. Қаланың әкімі Е. Астаев мырза Құдайдан қорқып, аруақтан именбей ме? Алда Ұлы жеңістің даңқты мерекесі жақындап келеді. Қазақтың ардагер ұлы Ыбырайым Сүлейменовке ескерткіш салуды жан-жақты ойластырып шешетін мезгіл жетті. Сондықтан бұған облыстың жаңа әкімі Қ. Бозымбаев мырза пәрменді ықпал жасап, жылдар бойы созылған кемшілікті түзетеді, Ұлы Отан соғысының батырына лайықты құрмет көрсетіледі деген сенімдеміз.

 

 

Сағат АРЫНҰЛЫ,

Соғыс және еңбек ардагері.

Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Тараз қаласы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз