Қарлығаштан хат жаздым (Елмен қоштасу)

          Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ халқының абыройын асырған, теңдесі жоқ сұрмерген атанған халық қаһарманы Ыбырайым Сүлейменов асқан ерлік жасаумен қатар ақынжанды адам болған.

           Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылғы 15 қазанда Невель қаласы маңындағы Изога станциясын неміс-басқыншыларынан босату кезіндегі қиян-кескі ұрыстарда қатты жараланып, ажал аузында жатқанда анасы Тынышбалаға, әкесі Сүлейменге, ағалары Сүйіндікке, Ысқақ пен Смайылға, сүйген жары Базаркүлге, қарындасы Аманкүлге, жалғыз қызы Алмагүлге және бүкіл ел-жұртқа құс төресі – қарлығаш арқылы жолдаған сәлемі. Мұны хатқа түсірген қарулас досы аға лейтенант Несіпбай Манашев. Бұл толғау 1944 жылғы 9 майда Жамбыл облыстық «Коммунист» газетінде жарияланған екен. Ол мұрағаттан алынды.

Сымбатты сұлу Қарлығаш,

Бірге өстік далада,

Бала кезден боп сырлас.

Тыңдасаңшы зарымды,

Сөге көрме жарқыным,

Деп мынау неге тарынды.

Келгенім жоқ өлгелі,

Көп күн өтті сарсаңмен,

Бұл соғысқа кіргелі.

Артымда қалды сүйгенім,

Болмаса да қасымда,

Қайғыма ортақ күйгенім.

Не болғанын білмейді,

Майданнан ол хабарсыз,

Алаңдап көзін ілмейді.

Үміт ақтар досымның,

Биікке самға, биікке,

Қанат талмас ұшқырсың.

Азамат едім төзімді,

Өзіңе сендім Қарлығаш,

Жеткізер деп сөзімді.

Күйдіріп оқ тимесе,

Сүлейменов жата ма?

Дене отқа күймесе,

Жанға қайғы бата ма?

Сүрінді тұлпар тұрмастай,

Қайтадан таңым ата ма?

Жалыны шарпып ажалдың,

Алуға тұр жанымды,

Күші жетпес амалдың.

Жүрек шіркін әлсіреп,

Баяулап қана соғады,

Барған сайын лүпілдеп.

Суық хабар сумаңдап,

Барса жаным налыма.

Ақса да бойдан сорғалап,

Өкінбеймін қаныма.

Аман болсаң, достарым,

Сөзім жетсе, жан жарым,

Пайымдап оны аңғарғын.

Көкте ұшқан құс болса,

Іліп түсер сұңқар ем.

Жерде жатқан аң болса,

Қуып жетер тұлпар ем.

Ақырғы минут болса да,

Ойымда жоқ бұлтарғым.

Тұрса да ажал анталап,

Екі көзім қанталап,

Келмейді менің қымтанғым.

Туған едім анадан,

Екі рет емес, бір рет!

Өлімге қидым басымды,

Келмейді өлгім мың рет!

Айттым сөздің ақырын.

Қыл үстінде қыршын жас.

Сүйгенім – елім, жақыным.

Қыл үстінде ғазиз бас.

Осы арада мен өлсем,

Халімді келіп кім сұрар?!

Алыста жатыр ауылым,

«Ой бауырым» деп кім жылар?!

Қабырғалы қалың ел –

Алыста жатқан қазағым.

Өлеңге қосып тербетіп,

Көңілдің шерін жазамын.

Елдігің үшін болашақ,

Өмірдің көрдік азабын.

Өлімге де бас идік,

Көрмеуге фашист мазағын.

Отан үшін тоқтаттық,

Жігіттіктің базарын.

Жетсін деп үнім сендерге,

Алыстан қолды созамын.

Жоқ қылам деп шығып ем,

Жауыздың шаңды тозаңын.

Ұйлыққан қолға жол ашып,

Деп едім топтан озамын.

Аудартам деп айтып ем,

Ресейдің назарын.

Құралайды көзінен,

Ататын мерген боламын.

Айтып ем антты осылай,

Қайтқаным жоқ сертімнен.

Жамбылдағы жақыным,

Жеңістің көрмей ақырын,

Мен өлгелі жатырмын,

Біткендей демім, қарқыным,

Сәлем жолдап айтат қош,

Барлығыңа білген дос,

Әлпештеген ата-ана,

Разы болғын ботаңа.

Төніп тұрған бауыр жоқ,

Көрінер көзге ауыл жоқ,

Шырын тілден сүйіскен,

Төсекте басы түйіскен,

Шілдеде бірге жүріскен,

Суыққа бірге көніскен,

Сарсылған соғыс шоғында

Қайғыға бірге күйіскен,

Серігім дер жарым жоқ,

Оны іздейтін халім жоқ.

Жан садаға арыма,

Ыбырайым, налыма,

Деген тоқтау тағы айттым.

Қадала кеп тигенде оқ,

Өлер алда ойыма

Түсті-ау менің жан анам

Балдырған кез шағымда

Бөбегім деп ертеден,

Әңгімені шертер ең.

Құмартып тыңдаушы ем

Үш жүзден аса есебім,

Өлтірдім мен қастанды.

Риза бол жарыңа,

Жастығын ала жастанды!

Мың жасамас еш адам,

Әлі-ақ бір күн өледі.

Оқ қадалса қаңғыған,

Оған да пенде көнеді.

Өлімде де өлім бар,

Ішімде кетті-ау арманым.

Ұштығына кім шығар,

Бұл дүние жалғанның?!

Жеңіспен елге оралып,

Көрмедім тойдың болғанын.

Ақырғысын ату ед –

Адамның аң боп азғанын,

Жерімде бар-ау әлі азғын –

Сол ғой менің арманым.

Мың фашисті өлтіру –

Серттелген еді ойымда.

Кемелге оны келтіру,

Күш бар еді бойымда.

Қос өкпеден ұрындым,

Меселің, жарым, қайтпасын.

Жарақты алдым жазылмас,

Ел лағнет айтпасын!

Аяғымнан басталып,

Өрледі суық жүрекке.

Жау атты оған мастанып,

Қиядан ұшқан түлекке.

Жеңіспен елге оралу –

Жете алмай кеттім тілекке.

Шейт болып өлсем де,

Есіріп азғын таспасын!!

Елімнің құты қашпасын,

Жерімді фашист баспасын!

Тосылған жау аспасын!

Дәрмені болса бойында,

Құлының бүйтіп жата ма?

Ебелек емес ел едік,

Көбелек емес ер едік,

Күнім туып оңымнан,

Айым туып солымнан,

Жарқырап жұлдыз жолымнан,

Күні кеше жүр едік.

Жерім көктеп еңбекпен,

Сарыала алтын дән сепкен,

Ардақты ата сен едің,

Тракторшы мен едім.

О да өткен дәуренғой,

Мен кімдерден кем едім?!

Қуанып күліп ата-ана,

Құлынына шаттана,

Еңбектің ері дер едің.

Қайран ағам Сүйіндік –

Таянышым сен едің.

Қолғанатың артыңда,

Демеуің сенің мен едім.

Трактор айдап жүргенде,

Мен кімдерден кем едім?!

Түлейленіп қан құсқан,

Ұшқыны өртке ұштасқан,

Үскірігі от шашқан

Қабақтарға қар қатқан,

Миықтарға мұз қатқан,

Ұйқыдан безіп түн қатқан,

Кешкенімде от майдан,

Атамның салтын сақтадым,

Ел сенімін ақтадым.

Армансыз пенде өте ме,

Түбіне дүние жете ме,

Еске түсіп ел-жұртым,

Ыбырайым ойланды-ау:

Тынышбала шешесін,

Сүлеймендей әкесін,

Әлдилеген, аймалап,

Алмагүлдей көкешін.

Қарындасым Аманкүл,

Ысқақ пенен Смайыл,

Қан кешіп жүрген майданда

Жан сүйгенім қос аға,

Болсаңдар да қашықта,

Сендерді бүгін жоқтадым.

Қысылғанда жас жаным,

Жоқтағанмен не пайда,

Құлыным дер ата жоқ,

Еңіреп жылар ана жоқ,

Әкешім деп бас сүйер,

Қасымда тұрған бала жоқ.

Өкпесін салып еңкілдеп,

Жал-құйрығым көркім деп,

Ертегісін «Сұрмерген».

Болсам-ау деп ойлаушы ем,

Сұрмергендей бір мерген.

Құланның келіп қасуы,

Мылтықтың келді басуы.

Фашист деген аңды атып,

Басылды кектің ашуы.

Қиян кескі соғыста

Көңілге алмай жасуды,

Соның бірі мен едім,

Мен кімдерден кем едім,

Отан үшін жан пида –

Ежелгі мұра қағида,

Сертте тұрды өренің.

Қарлығаштан хат жаздым,

Азайып дәмім, көрерім.

Өкінбеймін өлдім деп,

Орындалды дегенім.

Қайран елім, аман бол,

Еңіреп өткен ер едім!

Батырдың осы жүрекжарды толғауын

қайта басуға дайындаған –

Сағат Арынұлы