Ғалым Боқаш. "Миллионға жетеміз!"-дейді Киев демонстранттары

kiev demonstranttary
2006 жылдан бері Еуропаға тарыдай шашылған, алды Ұлыбритания мен Италияға жеткен, арты Чехияда жүрген украиндарды көп көрдім. Тек Прагада ғана араласқан украиндарымның өзі бір қауым. Достарым қаладағы "ең мықты электриктердің бірі" деп ұсынған маман - Олег есімді украин. Ақысын әділ айтып, жұмысын адал атқаратын ең шебер сылақшы деп тапқан адамым да Игорь есімді украин болып шықты. Жас балаға баптай, үй шаруасына пысық, өмірімізде кездестірген ең жайлы күтушіміз - Марина есімді украин келіншек. Көлігімді жөндетіп жүрген, Толя есімді еңбекқор таныс механигімнің де украин екенін жуырда білдім. Прагадағы жетекші құрылыс компаниялар ORCO мен Central Group-тың прорабынан бастап құрылысшысына дейін түгелге жуық украиндар. Официанттар, сатушылар, супермаркет жұмысшылары мен еден жуушыларының жартысынан астамы және осы халық. Ресми және "бейресми" жолдармен түрлі құжат рәсімдеумен айналысатын делдалдардың дені - украиндар. Бірақ, бұл халықтың өкілдері осындағы кейбір Шығыс Еуропа елдерінің жігіттері сияқты есірткі саудасымен айналысады екен дегенді естігем жоқ.Прагадағы орта деңгейлі украин гастарбайтерінің өмірінен бір-ақ мысал келтірейін. Жасы қырықтың ортасындағы Ярославамен 2010 жылдан бері таныспыз. Львовтың маңындағы бір ауылдан келген. Түске дейін трикотаж фабрикасында оператор болып жұмыс істейді. Түстен кейін Прагадағы орыс тілді клиенттерінің үйін тазалайды, ұсақ-түйек шаруасына көмектеседі. Түнде бірнеше фирманың офисінде еден жуады. Тапқан ақшасын апта сайын ауылындағы кәрі әке-шешесі мен қызына жібереді. Бізге айтуынша, әке-шешесі ауылындағы "ең бай отбасы" деп саналады. Екі үй салып берген, көлік алып берген, ал қызына ұзатыла қалса деп жүк-жасауын реттеп жатыр. Ол аз болса Прагадағы байлардың үйін жинап жүріп, олардан шығып қалатын ескі-құсқы киім-кешек, тұрмыс заттары мен ойыншақтарды ай сайын ауылына жіберіп, тегін таратқызып, сауап жинап жүреді. Өзі Чехияның азаматтығы болмаса да, біржола тұру рұқсатын алып алған. Былтыр мектеп бітірген жалғыз қызын қасына алдырып, жұмыс визасын жасатып беріп, оны бір теңіз тағамдарын сататын қымбат ресторанға даяшы етіп орналастырды. Прагадан несиеге шағын пәтер алам деп ақша жинап жүр. Мұндай еңбекқор адамды сирек көрем. Украинаның экономикасының жартысын құрап тұрған - осындай гастарбайтерлер. Енді осы Ярославадан: "Өзіңіз келген Батыс Украинаның жұмысқа жарамды жұрты түгел Еуропада жүрген сияқты. Шығыс Украинаның адамдарын көп көрмеймін. Олардың жағдайы жақсырақ па?" деп сұрасам, "Е, ол Шығыс Украинадағы сорлы жұрттың Еуропа тұрмақ Батыс Украинаға жететін жағдайы жоқ қой" деп күрсінеді. Орта мектепті ғана бітірген адам болса да, көп нәрсені терең ойлайды. "Түбі Украинаға қайтамын. Таныстарымның көбі қайтады. Біз құсаған мына жақты көріп көзі ашылған жұрт қайтпаса, Украина қайыршылықтан шыға алмайды" деп қояды. Бүгін Киевтегі демонстранттардың "Миллионға жетеміз!" деп жатқанын оқыдым. Ішімнен "Еуромайдандағы студенттерге сырттағы гастарбайтерлер келіп қосылды ма екен" деп ойладым. Украинаға бір Құдай жар болғай!

www.qazaquni.kz