Тұңғыш рет айтыс өтті

0
1118

Жақында Қарағанды облысының Абай ауданы мен Шахтинск қаласында «Еңсесі биік Елім бар» атты әдеби-музыкалық кеш пен ақындар айтысы өтті.

Бұл мәдени шараларды «Нұр Отан» партиясының, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қарағанды облысы әкімдігінің, Абай ауданы әкімінің, Шахтинск қаласының әкімінің қолдауымен «САЙГЕЗ» жеке қоры ұйымдастырды.

Қала тұрғындары бұл жаңалықты ерекше қызығушылықпен қарсы алғаны соншалық, кеш басталарда залда ине шаншар жер қалған жоқ.

Н.Ә.Назарбаевқа арналған «Тұңғыш Елбасы – кемеңгер тұлға» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда  кітап сөрелерін тамашалаған көпшілік Елбасының халыққа арнаған Жолдауы жайлы басылымдармен, Нұрсұлтан Әбішұлының әр жыл-дарда жарық көрген кітаптарымен танысып, қарапайым еңбек азаматынан Елбасы дәрежесіне көтерілгенге дейінгі еңбек жолы жайлы қызықты мәліметтер алды

Жұртшылыққа тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жетістіктері, Елбасының тұлғасы жайлы, Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауының басымдықтары туралы бейнефильм көрсетілді, Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарына арнаған кітапша (брошюра) таратылды.

Әдеби-музыкалық кештің шымылдығын Абай ауданында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Адашев, Шахтинск қаласында қалалық мәслихат хатшысы Сатова Әмина Құсайынқызы, «САЙГЕЗ» жеке қорының президенті, халықаралық, республикалық ақындар айтыстарының лауреаты, ақын Қуаныш Мақсұтов ашты. Ақындар айтысын Шахтинск қаласының әкімі А.М.Аглиулин ашып, ел тарихындағы Елбасы тұлғасы, Жолдау бағыттары жайлы айтылды.

Ауыз толтыра айтар тағы бір ерекшелік – қазақтың дәстүрлі өнерінің орындау-шыларының концерті мен ақындар айтысы бұл қалалардың тарихында тұңғыш рет өткізілді.

Шахтинскіде өткен мәдени шараларда халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Ержан Базарбеков, Сержан Мұсайын, Дулат Аханов, Қанат Бақыраев т.б. көрермендерді әнімен тербесе, Еркежан Сәдуақасова қыл қобыздың құдіретін танытып, Гүлғайша Кәпен жетігеннің, Еркежан Сәдуақасова саз сырнайдың сырлы әуенімен баурап әкетті. Көпшілік «Шабыт» фестивалінің лауреаты «Арқа сазы» этнографиялық ансамблінің орындаған шығармаларын да ерекше ықыласпен тыңдады.

Өнер кештерінде Абай ауданының, Шахтинск қаласының өнерпаздары халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаты Бота Ноғаева, Аманжан Манабаев, «Дидар» үлгілі би ансамблі елімізге танымал өнер тарландарымен бірге әуелете ән салып, мың бұрала биледі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері дирижер Ә.Шоқанбаевтың жетекшілігімен Тәттімбет атындағы академиялық  ұлт-аспаптар оркестрі Абай ауданы өнерсүйер қауымның рухын аспандатты.

Тағы бір ерекшелік – ән мен күй салтанат құрған әсем кештерде, ақындар айтысында жүргізушілер және ақындар Елбасымыздың тарихи тұлғасын, Қазақстан халқына Жолдауын, еліміздің жетістіктерін өз сөздеріне арқау етті.

Ақындар айтысында қарағандылық Мақсат Аханов (І орын), астаналық Иранғайып Күзембай (ІІ орын), қарағандылық Доскей Ботпай (ІІІ орын) жеңімпаз атанып, барлық ақындарға Шахтинск қаласы әкімі мен «САЙГЕЗ» жеке қорының атынан ақшалай сыйлықтар мен дипломдар, алғыс хаттар берілді.

Қ.Жұмағали

www.qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз