«Атаның сөзі – ақылдың көзі»

oralbek-botbay111

Жақында Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Атаның сөзі – ақылдың көзі» деген атпен термешілер кеші өтті. Кештің өтуіне кәсіпкер, «Құрмет» орденінің иегері, қазақ өнерінің жанашыры, ұлтжанды азамат Оралбек Ботбай (суретте) демеушілік етті.

         Кешті термеші Ақан Әбдуали жүргізіп отырды. Өнерпаздарға тыңдарманның қол соғу арқылы білдірген лебізінен-ақ кештің қалай өткенін аңғару қиын емес еді.

           Кеш барысында А.Бекбаев Ж.Баласағұнның «Үйлену туралы ой» атты толғауын, «Серілер» тобы Т.Серіковтың «Бір көш кетіп барады» термесін, Ә.Ноғайбаев С.Сейфуллиннің (әні өзінікі) «Ақсақ киігін», Н.Серікбаева М.Мақатаевтың «Тоқта балам, атаң келедісін», Қ.Ағынсары Б.Көлбаевтың «Балаларыма өсиетін», Ж.Сыпатаев Ж.Шырынбековтың «Дүние, шіркін, қандайсың!» атты термелерін тамылжыта шырқағанда зейін қойып тыңдап отырған көпшілік еріксіз ойға батқандай болды

            Домбыраның күмбірлеген дауысымен астасқан әуезді әуендер тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырғандай еді.

            Жиылған жұрттың жүрегіне жол тартқан жыр-толғаулар бір сәт те толастаған жоқ .                  Б.Әлімов Майлықожаның «Өсиетін», Ғ.Жақсылықов Қ.Мырза Әлінің «Не жаманын?», А.Аманжолова Сүйінбайдың «Ақыл-нақылын», Д.Әлихан Құлжан ақынның «Аллаға мадағын», Б.Шағырбаев Алпамыс батыр жырындағы «Алты қазды», Е.Жұмағұлов Әбубәкір Кердерінің «Қазағым» атты термесін орындаса, Ж.Базарбаев Майлықожаның «Насихатын», Т.Серіков С.Иманасовтың «Қадір» термесін, К.Төлеуова Нартайдың «Игигайын», С.Медеуов К.Әзірбаевтың «Бастауын», А.Қосанова Әбубәкір Кердерінің термесі «Аз-маз кеңес жазайын», А.Әбдуали Жамбылдың «Ақындарға арнауын» әуелете шырқады.

            Кеш соңында И.Сапарбайдың сөзіне жазылған «Қазақтың қара баласы» атты әнді «Серілер» тобы орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

            Кешке жиылған жұртшылық көңіл сергітіп ғана қайтпай, ақын-жыраулардың бүгінгі күнге өсиет еткен нақылдарын тыңдай отырып рухани нәр алғаны анық.

           «Атаның сөзі – ақылдың көзі» атты термешілер кешінде жиылған жұртшылықтың орындаушылардан тағы да термені төгілте түсуін қолқалағанына қарап, олардың жыр-термеге шөліркеп келгенін аңғару қиын емес еді.

            Қарапайым халықтың жан-дүниесін тебірентіп, рухани байлыққа кенелткен осындай термешілер кешінің өтуіне тікелей бастамашылдық жасай білетін Оралбек Ботбай ағамыз сынды жаны жомарт, жайсаң жандар көбейе түссін деп тілейміз. Сонда ғана біздің өнеріміз өлмей, көкке өрлей берері анық.

 

Гүлмира САДЫҚОВА