ҚАЗАҚ ҚҰРЫЛТАЙЫ БЕКІТКЕН ТАЛАПТАР ОРЫНДАЛУҒА ТИІС!
2013 ж. 30 қараша
1914
3
Үстіміздегі жылғы 23-қарашада Алматыда Қазақстанда тұратын қазақ алқының бас жиыны – «Халық өкілдерінің алғашқы құрылтайы» өтті.
Құрылтайға Мұхтар Шаханов, Балташ Тұрсынбаев, Ғазиз Алдамжаров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Дулат Исабеков пен Нұрғали Нүсіпжанов сияқты әдебиет пен мәдениетіміздің ірі тұлғалары, еліміздің 12 облысынан келген өкілдер қатысты.
Халық өкілдерінің алғашқы Құрылтайының күн тәртібіне:
1. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретінде конституциялық құқықтарын қорғау және қазақ халқының атынан үкіметке талаптар қоя алатын өкілеттілік институтын – Қазақ ұлттық Кеңесін құру, оның Ережесін бекіту;
2. Ұлттық-демократиялық мемлекет құру Тұжырымдамасының жобасын бекіту;
3. Қазақ ұлттық Кеңесінің Үкіметке қоятын талаптарын бекіту сияқты негізгі үш мәселе
шығарылды.
Бекітілген күн тәртібі бойынша Құрылтайды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Мұхтар Шаханов, академик Оразалы Сәбден, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, қаржыгер Айдар Әлібаев, Ғабит Мүсірепов орының атқарушы директоры Ғабиден Жәкей, жазушы-дра-матург Дулат Исабеков, қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев, жастар ұйымдарының жетекшісі Дәурен Бабамұратов, кинорежиссер Еркін Рақышев және басқалар сөз алды.
Қазақ халқы азаттық пен бостандық жолында күрескен соңғы үш ғасырда жоңғар-қалмақ шайқастарында, патша өкіметіне қарсы 400-ден астам көтерілістерде, ашаршылық пен нәубет, Екінші жаһан соғысы жылдарында барлығы 30 миллионнан астам құрбандық беріпті.
Осыншама құрбандық қазақ халқының өзі армандағандай ұлттық мемлекет құруына жол ашуға тиіс еді.
Қазақ халқының өзін - өзі билеу, Қазақстан мемлекет құраушы қазақ халқының мемлекеті екендігі туралы бұрынғы негізгі заңдарда бар конституциялық мәртебе өкінішке қарай 1990 жылғы Конституциядан алынып тасталған.
Негізгі заңның преамбуласында «байырғы қазақ жерінде» деп сипай қамшылап өте шығады.
Заңнамаларда құқықтық мәртебесінің айқындалмауы өз елі, өз жерінде отырып, Қазақ халқының кемсітушілікке ұшыратуын туындатып отыр.
Жаңаөзенде жұмыс берушілерге наразылық білдірген қазақ жұмысшыларын ату, «террорист» деген желеумен сотсыз, тергеусіз қырып тастау, қандастарымыздың атамекеніне оралуына мораторий жариялау сияқты дискриминациялық фактілер орын алуда. Мемлекет құраушы қазақ ұлты тұрғанда ол ескерілмей әлде бір «Қазақстандық ұлт» доктринасы сияқты масқара құжаттар тықпаланды.
Қазақстан үкіметі Қазақ халқының мүддесіне үнемі қырын қарайтындықтан «Халық өкілдерінің Құрылтайы» Біріккен Ұлттар Ұйымының 2007 жылы 13-қыркүйекте қабылданған «Байырғы халықтардың құқықтары туралы Декларациясының» 3,18,19 баптары негізінде өзінің мүддесін қорғау және Үкіметке талаптар қою үшін «Қазақ үлттық Кеңесін» құрды. Кеңестің Ережесін бекітті. Төрағасы етіп Мұхтар Шахановты сайлады.
Қазақ ұлттық Кеңесінің Ережесіне Президент әкімшілігі жанындағы кеңесші консультациялық орган, заңдық тұлға құрылмай жұмыс істейтін «Қазақстан халқы ассамблеясының» жарғысы үлгі етіп алынған. Сондықтан заңды тұлға құрылмай жұмыс істейді.
«Халық өкілдерінің Құрылтайы» Қазақ ұлттық Кеңесіне Үкімет алдында қазақ халқының өзекті мәселелерін көтеру және шешу үшін қажетті өкілеттіліктерді толықтай берді.
Қазақ ұлттық Кеңесіне мемлекет құраушы Қазақ халқының атынан мемлекеттік органдар алдында ресми түрде қазақ халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік мүдделерін қорғау, сондай-ақ, ҚР Президентінің, ҚР Үкіметінің, министрліктер мен ведомстволардың, басқа да мемлекеттік органдардың, әкімшіліктердің, сот орындарының жұмысына, лауазым иелерінің қызметіне ұлттық көзқарас тұрғысынан қоғамдық баға беру міндеттері жүктелді.
Қазақ ұлттық Кеңесінің қызметі Қазақстанда тұратын Қазақ халқының заңды мәртебесін конституциялық тұрғыдан қайтадан қалпына келтіруге, Қазақ мемлекеттілігін нығайтуға, Қазақстанды ұлттық демократиялық сипатта дамытуға, мемлекетті басқарудың авторитарлық Президенттік формасынан Парламенттік-Президенттік формасына ауысуға, демократиялық қағидаттардың салтанат құруына бағытталған.
Құрылтай қарарына сәйкес Үкіметке қойылатын 23 баптан тұратын Талаптар қабылданды. Құрылтайда ұлттық демократиялық мемлекет құру тұжырымдамасы негізінен қабылданып, оны жетілдіру Қазақ ұлттық Кеңесінің бюросына тапсырылды.
Қазақ ұлттық Кеңесі Қазақстанды мекендейтін диаспоралар мен түрлі ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтарына үзілді-кесілді нұқсан келтірілмейтіндігін мәлімдеді.
www.qazaquni.kz