Назарбаев пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекетке қайтаруды талап етті

nazarbaev_i_tasmagambetovМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бас жоспарына тағы да көз жүгіртті. "Бүгінде елорданы кеңейтіп, халқының санын 2-3 миллионға жеткізу жобасы жоқ. Бұл үшін көп нәрсе - коммуникация, сумен жабдықтау және өзге де инфрақұрылымдар жеткіліксіз. Сондықтан, бірнеше мәселені шешетін кез келді. Мысалы, қала сыртында жеке тұлғалар арзан бағамен сатып алған алаңдар көп. Қазір ол жерлерді кейін құрылыс салу кезінде сатып жіберіп, мемлекет есебінен "жеңіл жолмен" ақша табу үшін пайдаланбай отыр. Жер телімдерін мемлекеттік мақсатта пайдалану үшін тексеруді жалғастыруды прокуратураға арнайы тапсырамын. Біз олардың иелері кім екенін білетін боламыз және дәрежесіне, лауазымына қарамастан, жер телімдері мемлекетке қайтарылатын болады", - деді Президент.Елбасы белсенді көші-қон үдерісі есебінен шахар тұрғындарының 900 мың адамға жақындап қалғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол, қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарту және елорданың инфрақұрылымын дамыту шараларын қабылдау қажеттігіне тоқталды. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мемлекет басшысына елорда архитектурасы мен қала құрылысы саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, қала құрылысы туралы жобалық ұсыныстарды қарауына ұсынды.

Соңында Мемлекет басшысы қаралған мәселелер жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

nur.kz