Алматы облысының әкімі Ұйғыр ауданының атын өзгертуге қатысты пікірін білдірді

Uygur_District_Kazakhstan"Қазмедиа" орталығында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов облыстағы Ұйғыр ауданының атын өзгерту туралы мәселеге қатысты пікірін білдірді. "Алматы облысында 103 ұлттың өкілі тұрады. Ұйғыр ауданының атын өзгерту өзекті мәселе болып отырған жоқ. Ұйғыр мен қазақ халқы бірнеше жылдар бойы достықта өмір сүріп келеді. Екі халық өкілдері құдаласып, ағайындықтарын көрсетіп келеді. Балалар мен жастардың арасындағы кикілжіңдерді ұлтаралық мәселе етіп көрсетуге болмайды. Ақсақалдардың өзі бұл мәселеге назар аудармауды сұрайды",- деді А.Мұсаханов.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін кейбір баспасөз беттерінде ұйғыр мен қазақ азаматтары арасындағы келіспеушіліктерді ұлтаралық мәселе етіп көрсеткен мақалалар жарияланған болатын. Облыс әкімі мұндай істерге бола ауданның атын өзгертуге негіз жоқ екенін жеткізді. Алматы облысының әкімі cондай-ақ өзінің денсаулығы жайлы айтты. Аңсар Мұсаханов журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде өзінің 31 тамызда көлік апатына ұшырау себебі мен денсаулығы туралы айтып өтті. "Мен отырған көлікті 20 жасар бала жүргізіп келе жатқан көлік соқты. Жас баланың көлік жүргізудегі тәжірибесі аздау болған шығар. Тежегіштің орнына газды немесе өзгені басты ма ол жағын білмедім", - деді А.Мұсаханов. Сондай-ақ әкім бұл іске кешіріммен қарағанын, қазіргі уақытта денсаулығының жақсы екендігін жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов осы жылдың 31 тамызда жол апатына ұшыраған болатын. Әкіммен бірге көлікте оның орынбасары мен Жамбыл ауданының әкімі болған. Оқиға Алматы-Ұзынағаш тас жолының 55 шақырымында, Фабричный ауылы маңында орын алды. Апат кезінде облыс әкімі Аңсар Мұсахановтың оң қолы сынып жедел ауруханаға түскен еді.

BAQ.KZ