Алаш жұрты әйгілі әнші Ермек Серкебаевты ақтық сапарға шығарып салды

serkebaevҚазақ өнері тағы бір тарланын, тау жаңғыртар баритон дауысты опера әншісі Ермек Серкебаевты қара жердің қойнына тапсырды. Кеңес Одағының Халық әртісі сенбі күні, 88 жасына қараған шағында көз жұмған. Кеңес Одағына ғана емес, әлемге аты танылған дарын иесімен қоштасу рәсімі өзі өмір бойы еңбек еткен Абай атындағы Опера және балет театрында өтті. Қазақтың қара нардай қайраткерлерін құшағына алуға қара жер қашаннан құмар сынды. Ажалдың құрығы енді қазақтың көмейіне бұлбұл ұялаған Ермегіне түсті. Қаралы хабар жеткелі үшінші тәулікте елінің еркесі, операның серкесі Ермек Серкебаевты жер қойнына тапсыруға тура келді. Өнердегі өмірі өткен Абай атындағы опера және балет театрына келген қарашаның қарасы көп. Әріптестері, достары, іні-қарындастары, биліктің құлаған ұстағандарда жетті мұнда. 1947 жылы осы театрға қызметке тұрып мұқым елдің сүйікті әншісіне айналған еді Ермек Серкебаев. Екі мәрте «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Отан» ордендерімен марапатталды. КСРО-ның халық әртісі деген таудай аты тағы бар. Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР Халық артисі: Ермек аға тек қазақ өнерінің ғана жаршысы болған жоқ, қазақ өнерін, қазақ халқын күллі әлемге танытқан, күллі әлемді өзінің өнерімен мойындатқан алып тұлғалардың бірі. Қазақтың Ермегіне Кеңес кезінде талайлар тік тұрып қол соқты, өнеріне табынды таңдай қақты. Таңды таңға ұрып айтсаңда Ермек Серкебаевтың операдағы орнын кемеліне келтіре жеткізу әсте мүмкін емес. Тым биік, тым таланатты ол өйткені. Марқұмның есімі қазақ киносының алтын қорына да алтын әріптермен қашалды. Бас-аяғы онға жуық фильмде елеулі рөлдер ойнаған азамат қазақ көрермендерінің есінде мәңгі. Мәселен “Біздің сүйікті дәрігерде...” Міне, көрген ел көзайым болып ішек-сілесі қата күлетін аты мәшһүр “Тақиялы періштеде” де өнердің өрнегін боямасыз көрсетті. Бибігүл Төлегенова, ҚР Халық артисі: -Ермек ағамыз біздің арамызда жүрген көп бидайдың ішіндегі арпадай адам болатын. Өйткені біздердің арамызда ең бірінші профессионалды әнші, ең бірінші шет елге шығып, сахналарда опера айтқан біздің Ерекең болатын. Қаралы жиынға келген қарақұрым қараша қазақтың қара нарын қара жердің қойнына тапсырды. Жақындарының қабырғасы қайысты, қураған қурайдан аспап жасап әнге салып кете берер қазақтың жасы көл болды, өлеңнің қара шаңырағы қайтадан қара жамылды.

КТК телеарнасы