Марченко өзін шетелде "сұранысқа ие қызметкер" деп көпсінеді

308d85053e4590117eeda1891a95c75f-bigҚазақстанның қаржыгерлер элитасы кеше теңгенің 20 жылдығын атап өтті. Мерекелік шараға қазақ тілін менсінбей жүрген Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченко да, қаржы жүйесін құрушылардың бірі Ораз Жандосов та, Батталов сынды ірі кәсіпкерлер мен Бас банкке жаңа тағайындалған Қайрат Келімбетов келді.

Ұлттық банктің төрағасы ретінде журналистермен алғашқы рет кездескен Қайрат Келімбетов Марченко мырза оң жамбасына сала алмай кеткен негізгі мәселелерден бастады. Алғашқысы және ең негізгісі - тұтынушылық несиелер санының қауіпті өсуі мен проблемалық несиелік артуы. Бас банкирдің айтуынша, тек 2 жылдың ішінде ғана тұтынушы несиелердің көлемі 15 пайызға өскен екен.
Халықтың жаппай несиелер алып, оны дер кезінде қайтара алмауы мемлекетті тығырыққа тіреуі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде, қаржы институттарының жасырын пайыздарына, тиімді ставканы қолдан өсіруі мен бұрмаланған келісім шарттарға қатысты арыз-шағымдар көп -дейді қаржыгер. Бірақ, арыздың 7 пайызы ғана негізді дейді. "Бұл жұмысты біз бақылап жатырмыз әр банктің. Егер адамдардың ұсыныстары болса, кейбір банктерді тексеру бойынша, біз сол банктерді тексереміз", - деді банк төрағасы.

Ал өзгеге сөз бермейтін Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченконың бұл қателіктерімен қазіргі кезде жұмысы жоқ. Себебі басымызға көтеріп, иығына шапан кигізген экс-бас банкиріміз Швейцарияға көшіп кеткен екен.

Жағдайым жақсы, өзімді қазір құнды маман ретінде тендерге шығардым деп көпсініп қояды. Тіпті қолына қолқа салар ұсыныстар да көп көрінеді, 12 бірдей мекеме жұмысқа шақырды  -дейді ол. Ал сіз үшін барын жайып, жақсысын аузыңызға тосқан қазақ халқының тілін асықпай жатып енді үйренесіз бе? -деген сұрағымызға, Марченко бұрынғыша мұрын шүйіріп, кесірлене "ЖОҚ" -деп жауап берді. "Мен испанша, ағылшынша, немісше жауап бере аламын сізге, маған осы тілдер де жетіп жатыр. Швейцарияда бұл тілдерді тамаша түсінеді", - деді ол. Аузымен от бүркіп, қолымен шоқ көсеп отыратын Марченконың орнына жымиып келген Келімбетов теңгенің құнсыздануы мен девальвацияға қатысты қауесеттің барлығын жоққа шығарды. Бұл араңдатушылардың жұмысы, сондықтан оған мән бермеген жөн -дейді ол. Сондай-ақ Ұлттық банкке тапсырылған ортақ зейнетақы қоры жайында да сөз етілді. Келімбетов бұрынғы қорлар қаржыны эмитенті күдікті, қоқыстық облигацияларға жұмсап, халық ақшасын рәсуә еткен -деп сөкті. Айтуынша, халықтың жиған-тергені енді мемлекеттік құнды қағаздарға инвестицияланатын болады. Себебі тек соңғы бірнеше жылдың ішінде олардың әлеуеті 3 пайыздан 6 пайызға артқан екен. Енді Келімбетов 2 жылдың ішінде шешімін таппай, қордаланып қалған мәселелерді аз аралықта реттеумен айналыспақ. Оның жаңа қызметтегі жұмыс тиімділігін уақыт көрсетер.

31 арна