ШАХАНОВ ШАҚЫРАДЫ! «ХАЛЫҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚҰРЫЛТАЙЫНДА» БАС ҚОСАЙЫҚ!

shahanov 2 Қадірлі рухтас бауырлар! Бұдан бұрын хабарланғандай 2013 жылдың 23-ші қарашасында, Алматыда «Халық өкілдерінің құрылтайы» өтпек. Оған халқымыздың елдік, ұлттық мүддеге тамыр жіберген азаматтары, белгілі қоғам қайраткерлері, жалпы еліміздің болашағына жаны ауыратын адамдар қатысады. Бүгінгі кезеңде биліктің немқұрайлы қарауының нәтижесінде саясат пен экономика саласында да, рухани салада да көптеген мәселелер, түйдек-түйдегімен алға шықты. Осы проблемалар төңірегінде ой толғап, келелі кездесу жасаудың қажеттігі туындап отыр. Кейбір мәселелерге қысқаша тоқталып өтер болсақ және ұлтты ұлт етіп ұстайтын қуаттың негізгісі тіл екенін ескерсек, онда бұл мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін тапқан жоқ. 1989 жылы Ата заңымыз бойынша Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып бекітілді. Содан бері 24 жыл уақыт өтсе де, мемлекеттік тіл мемлекеттік биліктің тіліне айнала алмады. Жуырда Республикалық «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы атынан тiл жанашырлары мен ұлт зиялылары билiк басындағыларға арнап «Мемлекеттік тілдің мұңлы халі» (28.08.2013ж.) атты мәлімдеме жариялады. Қысқаша ғана үзінді келтірер болсақ, онда мынадай талаптар бар: «Елбасының өзінен бастап мемлекеттік лауазымды қызмет иелері барлық отандық, шетелдік ресми кездесулерде, негізінен, мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеліп, республика көлеміндегі маңызды іс-шаралар мемлекеттік тілде жүргізілсін. Республика министрліктері, мемлекеттік органдар, департамент, басқармалардың іс-қағаздары толықтай мемлекеттік тілге көшірілуі керек. Мемлекеттік тілді білмейтіндер ілеспе аударма қызметін пайдаланатын болсын. Мемлекеттік тілді мойындамайтындар, оны оқып, үйренуге тырыспайтындар – мемлекеттік қызметке алынбасын; Қазақстан Парламенті «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдап, заң негізінде мемлекеттік тілдің түбегейлі негіздерін күшейтіп, заң талаптары орындалмаған жағдайға қатысты жауапкершілікті нақты белгілеуі қажет; Мәдениет және ақпарат министірлігінің бір бөлімшесі ретінде ғана Тіл комитеті қызмет етіп келеді. Турасын айтсақ, министрлік аясындағы комитеттің құзыры қордаланып қалған Мемлекеттік тіл проблемаларын шешуге мүлде дәрменсіз. Сондықтан Мемлекеттік Тіл агенттігін құруды ұсынамыз; Негізін «американдық ұлттан» алатын «Қазақстандық ұлт» саясаты Қазақстан халқы Ассамблеясы доктринасынан алынып тасталынғанмен, қоғамға сыналай ендіріліп жатыр. «Қазақстандық ұлт» саясаты қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауымның жіті назарында болғандықтан, бұл іске қайта бет бұру, халықтың зор қарсылығын тудыратынын биліктің есіне саламыз...». Қазақстан жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-шы орында деп мақтанамыз. Бірақ, адамзат тарихында 50 жылда 752 рет ядролық жарылысты басынан өткізген тек қазақ жері шығар... Оған «Байқоңырдан» жыл сайын ұшатын Протондардан төгілетін гептилды, Ресейдің 7 әскери-сынақ полигондарында болатын сынақтарды қосыңыз. Ядролық жарылыстардың зардапты салдары аз болғандай және Чернобольді, Фокусиманы көріп отырып, атом электр станциясын салмақшымыз. Әлем елдері бас тартып отырған ядролық қалдықтар мен отынның қоймасын да өз жерімізге әкелуге келісім бердік. Осының бәрі қазақ жеріне, Қазақстан халқына үлкен қауіп әкелмесіне кім кепілдік береді? Сондай-ақ қазақ жерін қытай мемлекетіне жалға беру мәселесі де және ол елден ондаған миллиард доллар қарыз алғанымызды ескерсек, елді алаңдататын көкейтесті мәселелер жеткілікті екені даусыз. Әлі күнге дейін сыртқа шикізат шығаруға тәуелді болып келе жатқан еліміз отандық өнім өндіру мәселесін шеше алған жоқ. Оның бір себебі елді жайлаған жемқорлық болса, екінші зор қауіп – Кедендік одақ. Кедендік одақ тек экономикалық мақсатта құрылып, одан еліміз пайда тауып жатса әңгіме басқаша болар еді. Өкінішке қарай Қазақстан Кедендік одаққа кіруден тек зардап шегумен келеді. Атап айтсақ, одаққа кіру нәтижесінде жанар-жағар май бағасы қымбаттады. Ол халық тұтынатын тауарлардың, коммуналдық қызметтің бағасының шарықтауына да жол ашты. Қазір Ресей мен Белоруссиядан келетін импорт көлемі артып, Қазақстаннан шығатын тауар көлемі кеміп барады. Қазақстандық шаруалар не сүт, не ет өнімдерін сата алмай отыр. Бір сөзбен айтқанда Кедендік одақ Қазақстанның экономикасына, бизнесінің дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына орасан зор кесірін тигізуде. Ал болашақ Еуразиялық одақ Қазақстан тәуелсіздігіне, оның жер аумағының тұтастығына қауіп төндіретіні туралы халықтың алаңдаушылығы заңды деп ойлаймыз. Республикамыздағы халық санын арттырудың негізгі бір жолы – шет елдегі қандастарымызды туған Отанына шақыру еді. Өкінішке қарай, бұл аса маңызды мәселе жарты жолда тоқтап қалды. Қазіргі кезеңде баршамызды үлкен сын күтіп тұр. Қазақстан мемлекетінің ертеңі және жас ұрпақтың болашағы әрқайсымызды бейжай қалдырмауы тиіс. Ұлтымыздың тілі мен жерінің, ұлттық мүддеміз бен экономикамыздың, халық денсаулығының ертеңгі тағдыры таразыға түсіп отырған уақытта әр адам өз жауапкершілігін сезінуі қажет. Ұйысқан ұлтқа, біріккен елге, саяси және рухани күшке айналу жолында баршаңызды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ақылдасуға, сырласуға шақырамыз. Жуырда мен «Шындығын жоғалтып алғандар мен ұлттық мүддеден бойын аулақ салғандар туралы» әрбір қазақ білуге тиісті жаңа ұстаным жарияладым. Осы ұстанымды негізге алған жағдайда ғана шындық тұғырына бет бұруға мүмкіндік табарымыз айқын. Ол ұстаным мынау: Ұлтты алып шығу үшін рухсыздық қармақтан, Мен ұстаным ұсынамын тұратын қос тармақтан: Мейлі, ақын, жазушы ма, мейлі, үлкен ғалым ба? Саясаткер болсын тіпті, билігі бар қолында. Кәсіпкер де болсын мейлі, дарын жеккен қарынға, Мейлі, сазгер, әнші болсын, жүрген өнер жолында. Әлде ұстаз, әлде ұшқыш, кім болса да бәрі бір, Барлық кәсіп, мамандыққа бұл талаптың мәні бір. Ертелі-кеш тек билікті мақтан тұта отырып, Көп газеттің, телеарнаның айтатыны өтірік. Қаншама жұрт сондықтан да өтірікке нанады, Кейбіреулер қызметі үшін сатқындыққа барады. Кім айырма салса жиі ісі менен сөзіне, – Екі жүзді, әрі алаяқ пенде оның өзі де! ЕГЕР АДАМ ЖОЙЫП АЛСА ЖҮРЕГІНІҢ ШЫНДЫҒЫН, Рух қуатын сезінбесе адал, әділ мұңдының, Елге қажет пайдалы ойлар жүргенімен миында, Шындығы өлсе, бітті, ісі бағаланар тиынға! Талай тұлға құнсызданып ТЖ болған уақытта, Шындығы өлген сорлылардан қашар нағыз бақыт та. Тіпті, ол адам атақ-даңққа толтырса да қойынын, ЕЛДІК, ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРДЕН АУЛАҚ САЛСА МОЙЫНЫН, Тоқтатуға тырысса да пендегерлік құлқынын, Шыншыл рухты және адал перзенті емес ұлтының!.. ....................................................................................... Шындық кейде қалың «арпа ішіндегі бір бидай», Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?» Ұлтсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай, Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбикүл мен Жырбибай! Құрметпен, Мұхтар ШАХАНОВ, «Тәуелсіздікті қорғау» және «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалыстарының төрағасы  Ұйымдастыру тобының байланыс телефондары: 8727 3976170, 87017890728 Нұржан Ошанбек, 87059997868 Мақсат Нұрыпбаев (Астана), 87017771969 Ғабиден Жәкей