«Ақ жол» Ақтау мен Жаңаөзенде жиын өткізді

mangystau 

Маңғыстауда Жаңбырбайдың орнына... Жаңбырбай келді.

 

«Жаңбырмен жер көгереді,

Батамен ел көгереді»

Халық мақалы

 

14 қараша күні түске дейін Жаңаөзен қаласында елмен кездесу өткізген «Ақ жол»  партиясы төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, фракция жетекшісі Азат Перуашев бастаған  ақжолдықтар түстен кейін Ақтау қаласында өткен «Ақ жол»  партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезекті IV есептік-сайлау конференциясына қатысты.

  «Ақ жол» ҚДП облыстық филиалының кезекті есептік-сайлау конференциясын облыстық филиал төрағасы Жаңбырбай Доспаев ашты. Алғашқы сөз «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» республикалық газетінің президенті, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қазыбек Исаға берілді. Ол киелі Маңғыстау өңірінің ерекшеліктері мен Жаңаөзендегі елмен  кездесуі және  халықтың жағдайын толғана сөйлеп, бұл мақсаттағы «Ақ жол» партиясының қайрат-қарекетін сөз етті. Қазақтың қазынасына құмар шетел инвесторларын ең бірінші кезекте  жергілікті ел жағдайын ойлауға мәжбүрлейтін заңдар қабылдану керектігін,   олардың "Мұнайы керек, Адайы керек емес" деген саясатын тоқтатудың,  мұнай мен газдың үстінде отырып, тезек жағып келе жатқан теңсіздіктің жойылатын уақыты жеткенін мәлімдеді.  Қазақтың жырын жырлап, мұңын мұңдап келе жатқан «Қазақ үні» газетінің тынысы туралы әңгімеледі. Сөзінің соңын Маңғыстауға алғаш табаны тигенде алған әсерінен туған: Маңғыстаудың көргенде маң даласын, Кеңістікке  керемет таңданасың. Қашағанның жырындай қайран жүйрік, Қашағанын уақыттың аңғарасың...   Маңғыстауда бәрі шын, бәрі де аңыз, Даласындай елінің жаны нағыз. Отпантаудың басында от жанғанда, Осы жерден бәріміз табыламыз!- деген шабытты жыр жолдарымен аяқтады. Одан соң сөз  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаевқа берілді. Ол конференция жұмысына сәттілік тілеп, қабылданатын шешімдердің «Ақ жол» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының өркендеуіне, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатынына сенім білдірді. Конференция жұмысының күн тәртібіне сәйкес, партия көшбасшысы Азат Перуашев «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының Айса Үмбет пен ақын Ақшагүл Рамазанова бастаған белсенділеріне салтанатты түрде алғыс хаттар табыс етіп, партия ардагері Ағзам Жұмсақовты (суретте) "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл" медалімен марапаттады. Сонымен қатар, Азат Тұрлыбекұлы партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттерін тапсырды. mangystau 1 Келесі сөз сөйлеген ұлағатты ұстаз, маңғыстаулық зейнеткер Ордалы Қосай еліміздің білім жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстарын айтты. Партия мүшесі, жас кәсіпкер, кинотеатрлар жүйесі компаниясының директоры, «Қазақстан болашағы үшін» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Айса мәдениет саласын дамыту керектігін айтып, кино-, драмтеатрларды көбейту, жастарды мәдениетке баулу, түрлі акциялар ұйымдастыру жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Бұдан әрі конференция делегаттары Партия көшбасшысы ұсынысымен бұрын Ақтау қалалық мәслихат хатшысы қызметін атқарған, партияның белсендісі Жаңбырбай Матаевты бірауыздан «Ақ жол» ҚДП Маңғыстау  облыстық филиалының  төрағасына сайлады. Ал Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасына сайланған Жаңбырбай Доспаев конференцияға қатысушыларының қол шапалақтауымен төрағалықтың  «эстафета таяқшасын» өз аттасы Матаевқа тапсырды. Азат Тұрлыбекұлы Жаңбырбай Доспаевқа атқарған адал қызметі үшін алғыс айтып, Жаңбырбай Матаевқа партия облыстық филиалының төрағасы жауапты қызметінде сәттілік тіледі. «Маңғыстауда Жаңбырбайдың орнына... Жаңбырбай келді»,-деген Қазыбек Исаның әзілін Жаңбырбай Доспаев «Жаңбырмен жер көгереді» деп қостап қойды... Сонан соң партия облыстық филиалының Орталық және Саяси кеңестері құрамдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «Ақ жол» ҚДП XI съезіне делегаттар сайланды. Қорытынды сөзді партия төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, фракция жетекшісі Азат Перуашев сөйледі. Азат Тұрлыбекұлы өз сөзін Жаңаөзен қаласына барып, жергілікті тұрғындармен кездескендігі туралы мәліметтен бастады. Жаңаөзендік кәсіпкерлердің талап-тілегін орындауға барынша күш салатынын айтты. Сонымен қатар, ол партияның жалпы жұмыстары және өзінің ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық фракция жетекшісі ретінде атқарып отырған жұмыстары жөнінде айтып өтті. Халық таңдаулысы өз сөзінде заң шығару қызметіне жан-жақты тоқталып, «Ақ жол» фракциясының мәжілісмендері көтеріп жүрген өзекті мәселелерге назар аударды. Сонан соң А.Перуашев конференцияға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Өңірге және республикаға танымал ақын А.Рамазанова Қошқар ата улы көлінің сол маңайдағы ауыл тұрғындары денсаулығына, жалпы экологиямызға кері әсерін айтып, радиоактивті қалдықтар, Басқұдық ауылы айналасына жиналған қоқыстар проблемаларын қозғап, Үкімет тарапынан тиісті шаралар қабылдауға ықпал етуді сұрады. Мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілі, Жаңаөзен қаласының тұрғыны Е.Сәрсенғалиев дін мәселесін қозғап, секталар қатарларына қазақ жастарының кіріп, экстремизм жолына түсуі проблемасына назар аударды. Ақтау тәуелсіз кәсіподақ төрағасы К.Сүйеуов «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының жұмысын жетілдіру үшін тиісті құралдармен жабдықталған кеңсе, қажетті қаржыландыру, аудандардан филиал ашу керектігін айтты. mangystau 2Жаңаөзендік ауған соғысы ардагерлер атынан К.Сенбай «Ақ жол» ҚДП МОФ жұмысына оң баға беріп, рахметін айтты, партия ұстанымымен бірлесіп жұмыс жасауға дайындығын жеткізді. «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары, партияның белсенді мүшесі Р.Тұрар патрул полициясы қызметкерлері жол полициясымен біріккелі қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау орнына жаппай жол полиция қызметін атқарып кеткендігін айтты. Көлік компания машиналарын орынсыз тоқтату көбейгендіктен жеке кәсіпкерлер бизнесіне кедергілер туындағандығы проблемасын қозғады. Партияның белсенді ардагері, жеке кәсіпкер А.Жұмсақов «Ақ жол» ҚДП МОФ қызметін бағалап, жетістіктерін айта отырып, Мұнайлы кенті тұрғындарының атынан мұнай қалдықтарын елді мекен айналасына төккізбеу үшін шара қолдануға ықпал жасауды ұсынды. Ақтау қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ж.Базарбаев ұлутас өндіруші компанияларының заңды түрде тау-кен компанияларына теңестірілгені ұлутас өндіретін кәсіпкерлері үшін бақылау органдарынан түрлі-түрлі келісімдер алуды міндеттеп, белгілі қиындықтар туғызып отырғандығын айтты. Конференция жұмысына сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, облыстық және Ақтау қалалық мәслихаттары мен әкімдіктерінің, облыстық және қалалық ішкі саясат басқармасы мен бөлімінің, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, «Ақ жол» партиясының белсенділері мен ардагерлері, Маңғыстау "Болашақ" колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.  

Әділ Мұстажеб,

www.qazaquni.kz