«Харамды» «халал» деп жеп жүргенімізге кім кінәлі?

indo-kombuha-halal-02.138173350_stdАлматы қаласы Жетісу аудандық прокуратурасы тұтыну­шылар құқықтарын қорғау акциясы шеңберінде заңнамаларды сақтауға қатысты арнайы тексеру жүргізді.

Нәтижесінде сауда нысандарынан бірқатар заң және құқық бұзушылықтар анықталған. Мәселен, қолданыстағы заңнамалық актіде сатушының белгілі міндеттері бар. Оның негізгі міндетінің бірі - дайындаушы немесе сатушы тауардың қазақ және орыс тіліндегі мәліметін ұсынуы керек. Міне, осы талап жаппай түрде еленбейді, деп жазады «Түркістан» газеті. Ол ол ма, қауіпті және сапасыз тауарлар, тиісті сертификаттың болмауы, мерзімі өтіп кеткен тауарды сату, бақылау-кассалық аппаратының болмауы, азық-түлікті өндіру және іске асыруды медициналық куәландыру, санитарлық кітабы жоқ азаматтардың жұмыс істеуі сынды толып жатқан заңсыздықтар белең алған. Жетісу ауданы прокуроры Н.Бекназаров мысал ретінде тауық орамаларын дайындау мен өткізу қызметін жүзеге асыратын ЖК «ПИР»-дің қызметін ашып айтты. «Антисанитарлық жағдайдағы цехтің ішінде өнім жасаған. Шетелдік азаматтардың сол жерде тұратыны белгілі болды. Сондай-ақ Қытайдан азық-түлік тағамдарын сатумен айналысатын ЖК «Хуан Цзе» ҚР заңдарын өрескел бұзып, пайдаға кенелген. Тауар бойынша мәлімет, жарамдылық мерзімі, бәрі-бәрі қытай тілінде жазылыпты. Ол аздай, жарамдылық мерзімінен бір жыл асып кеткен азық-түлікті саудалап келген. Ал «Prime Trans Logistic» ЖШС заңды бұза отырып, 350 796 дана, яғни жалпы сомасы 21275315 теңге тұратын ойыншықтарды сатқан. Тексеру нәтижесінде, барлығы 17 кәсіпкерлік субъекті жауапкершілікке тартылып, оларға 1 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды», - дейді ол.

 Ал «Наследие традиция предков» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының өкілі Мұратов Арманғазы халал өнімдеріне байланысты көптің ойындағы мәселені дөп басты. Соңғы кезде елімізде кез келген азыққа «халал» деп жазу сәнге айналғандай. Бұл заңды ма? Бұл жөнінде біраз жайтқа қаныққан Арманғазы мырза: «Алиментариус кодексі 2002 жылы ратификацияланған. Халықаралық стандартқа және Ислам заңдарына сәйкес, азық-түлік сапасына лайық болу керек. Біздегі базарларға бас сұқсаң, тау боп үйіліп жатқан «халал» шұжықтарды көресіз. Бұл реттелмеген нарық. Біз базардағы төрт шұжыққа тест өткізіп көргенде, оның екеуі шошқаның етінен жасалғаны анықталды. Тұтынушыны алдап отыр. Демек, нарық бақылаудан кеткен деген сөз. Ал Алматыдағы маңдайшасына «Халал» деген таңбасы бар 30 нысанды аралап, тексергенімізде көптеген заң бұзушылықтарға көзіміз жетті. Оларға «Халал» деп жазып, өнім сатуға ешкім рұқсат та бермеген. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы берген құжат та жоқ. Қазір кім «халал» деген өнім шығарғысы келсе, түк қиындығы жоқ. «Халал» жазуы бар шұжықтың сыртын орайтын қаптаманы шақырымдап та сатып алуға болады екен» дегенді жайып салды. Оның айтуынша, өнімге «халал» деп жазуға ешкімнің құқысы жоқ. «Ресейде тек мүфтияттың рұқсатымен ғана шығарады. Егер заңсыз өнім өндірсе, дереу заңдық тұрғыдан қылмыстық іс қозғап, алаяқтық бойынша тексеру жүргізеді. Ал бізде халал өнімнің сапасы емес, кәсібін өрге домалатқысы келетіндер үшін брендке айналды. Оны анықтайын десең, кәсіпкерлер тарапынан ашықтық жоқ. Не заңдық мекенжайын көрсетіп жазбайды, не өзі туралы нақты мәлімет бермейді», - дейді тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының өкілі. «Халал» өнімін жасаудың арнайы талаптары бар. Ол арнайы қоспаларды былай қойғанда, малды қарапайым «бісміллә, аллаһу әкбар» деп мұсылманша бауыздаудан басталады. Ал қаншама адам «халал» деп алып жатқан өнім «харам» болса кім кінәлі? Дайындаушы ма, сатушы ма? Әлде, шынымен де, нарықтан бақылау кеткен бе?

ҚазАқпарат