Қазақтілді сайттар арасында өткен «Интернет-дода» байқауы блогшылардың наразылығын тудырды

signin_bgТұңғыш рет жастарға арналған қазақтілді сайттар арасында өткізілген «Интернет-дода» қазақтілді блогшылардың наразылығын тудырды, деп хабарлайда BNews.kz тілшісі.

«Интернет-додаға» мұрындық болған «Современный город» үкіметтік емес жастар ұйымы шараны ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өткізген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Интернетті қазақтілді контентпен қамтушы сайттардың жүзден жүйрігін Парламент депутаттары, Үкімет, БАҚ өкілдері, филологтар мен жастар ұйымдарының мүшелерінен жасақталған қазылар алқасы іріктеген. Олар ең алдымен веб-ресурстың сапалы мазмұнына, дизайнына, грамматикасына, контенттің жаңарту жиілігіне, оқылуына, пайдаланушылардың белсенділігіне, фото-, видео материалдарына басты назар аударыпты. «Байқаудың басты мақсаты - біздің жастарымыздың назарын мемлекет тілде ақпарат тарататын қазақстандық контентке аударту. Бұл байқау биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта жалғасын тауып, дәстүрге айналады деп сенеміз», - деген үмітімен бөлісті «Современный город» ұйымының төрағасы Виктор Роганов. Биыл бірінші рет ұйымдастырылып, қазақтілді сайттардың танымалдылығын арттыруға септігін тигізерлік бұл байқау блогерлердің ашуын неге туғызды екен деген сұрақ туындауы мүмкін. Сөйтсе, блогерлер байқаудың ұйымдастырушылық жағындағы бірқатар шикіліктерді аңғарып қалған екен. «Интернет-доданың» кемшіліктері блогшылар, ғаламтор белсенділерінің қытығына тиіп кетті. Ұйымдастырушылар мемлекетке «үлкен шара өткіздік» деп жалған ақпарат тапсыратынын көріп, наразы болып отырмыз. Егер байқауға кеткен шығынды санасақ, бас-аяғы 1 млн теңгенің шамасында ғана болады. Қалған қаржы қайда кетті? Оған қоса, мазақ еткендей, лауреаттарға 3500 теңгелік телефондар табыс етілді», - деп отыр байқауда 3-орын алған «Сұрақ-жауап» сайтын жасаушы Ербол Серікбай. Блогшылардың зерттеп білгеніндей, осынау шараны өткізу үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша қыруар қаражат бөлінген екен. Оның көлемін естігенде, блогшылардың «Қалған қаржы қайда кетті?» деп шырылдауын түсінуге болады. «Байқауға 6 250 000 теңге қарастырылған. Бірақ шараны ұйымдастыруға ондай сома кетпегені анық көрініп тұр», - дейді қазақтілді белсенді блогшы Данияр Алан. Оның айтуынша, тіпті, жүлдегерлерге табыс етілген сертификатта «Қазақстан Республикасының» деген сөз ғана бар, жалғасы жоқ. Сондай-ақ оған мөр басылмаған, қол қойылмаған. Тіпті, «Современный город» атты үкіметтік емес ұйым өткізген шараға қатысқаны туралы жүлдегер атанған сайт иелерінің өзі 2-3 күн бұрын ғана білген. Яғни, осыдан 2-3 күн бұрын ұйымдастырушылар хабарласып: «Сіздер конкурстан жеңдіңіздер», - деп таңғалдырыпты. «Тендердің өткізілуінің өзінде заңсыздықтар көзге ұрып тұр. Тіркелген күні (байқаудың сайты – агенттік ескертп.) 2013 жылдың 11 қазаны болғанымен, алғашқы жаңалығын 16 қыркүйекте жариялаған байқау сайтынан қатысу туралы өтініш формасын, қатысушылар тізімін, әділ қазылар алқасы тізімін таба алмадық», - дейді блогшы Данияр Алан. Блогшының айтуына қарағанда, жеңімпаз лауреат атанған сайт иелерін ол түгел танитындықтан, neke.kz сайтынан басқасы байқауға қатысу үшін мүлде өтініш бермеген. Алайда ұйымдастыру сайтында «30 үміткер өтініш берді» деп көрсетілген. Байқауда екінші орын иеленген Aynaline.kz жастар порталының бас редакторы Жарқын Түсіпбекұлы да жоғарыда айтылған ескертулерге толығымен қосылады. «Оның бірнеше себебі бар. Ол туралы блогерлер ашық айтып, ҚР Білім және ғылым министрінің жеке блогына хат жазып та үлгерді. Ұйымдастырылған шара деңгейі мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінген қаржыға мүлде сәйкес келмейді. Сертификаттарға жазылған жазуларынан-ақ шараның қаншалықты селқос өткізілгенін көруге болады», - дейді ол. Естеріңізге сала кетсек, аталмыш байқауды ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Современный город» ҚБ ұйымдастырды. «Интернет-дода» байқауына тек жастарға арналған мемлекеттік тілдегі «kz» домені бар веб сайттар қатыстырылды. Марапаттау шарасы кеше «Астаналық» бизнес орталығында өтті. Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар үштігі келесідей бекітілді: 1-орын: «Массагет» сайты (Massaget.kz) 2-орын: «Айналайын» сайты (Aynaline.kz) 3-орын: «Сұрақ-жауап» сайты (Szh.kz) Жеңімпаздардан бөлек, жастарға арналған қазақ тілді сайттарды қолдау мақсатында 17 сайт жүлдегер (лауреат) атанды.

el.kz