Жас министр жарады!

3
1051

       

  Жақында  Парламентте Байланыс  және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев дебют өткізді.

         Асқар Жұмағалиевтың жас, әрі Қазақстанның емес Ресейдің тумасы екеніне қарамастан жиында таза қазақ тілінде сөйлеуі өзге министрлерге үлгі боларлықтай іс болды. Халық қалаулылары да сауалдарын қазақ тілінде қойды. Сауалға сай жауап та алынды.

          Шыны керек, қалың жұртышылық билік басындағылардың  тілі қазақша шығатынына күмәнді болып  жүргенде, бұл ел үшін жағымды жаңалық болғанын жасырмаймыз.

          Сонымен қатар, жиын барысында «Электрондық үкіметті» дамыту мәселелері бойынша ұлттық заңнамалық базаны өзгертетін заң жобасының тоқырап біткендігі де айтылды. Ендігі жерде аталмыш жобаға тың серпін беру мәселесі қолға алынбақ. Төменгі палата депутаттарын «3G» қызметінің мәселесі   қатты толғандырған болып шықты. Олардың алғашқы сауалы да осы мәселеден басталды. Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің экс басшысы Қуанышбек Есекеевтің қызметінен кетер алдында Парламентке арнайы «соғып», ұялы байланыс   кезінде тек тілдесуге ғана емес, сондай-ақ ар жақтағы адамның бет-әлпетін көріп, «жүздесуге» де мүмкіндік беретін «3G» қызметін осы сәуірде іске қосуға сөз берген

болатын. Сондықтан болса керек, мәжілістегілер мұның жайын енді сол Агенттікті қосып алған министрліктің басшысынан сұрады.

              Байланыс және ақпарат министрі 3G үшін қажетті радиожиіліктің енді дайындалып жатқандығын жасырмады. Сонымен қатар, Асқар Қуанышұлы бұл мәселені шешу жолында бірқатар кедергілердің бар екенін атап көрсетті. Бұл жобаға көлемді инвестиция салынғанымен жобаның өзін-өзі ақтамауы да мүмкін. Бұл жаңалыққа сұраныс тумай қалса да таң қалмайтын сияқтымыз.

              Жалпы, жаңа технологияларға иек артқан «Электрондық үкімет» құрамыз дегенімізге де біраз уақыт болды. Енді істің басына «бас блоггер» Кәрім Мәсімов келген соң, бұл мәселенің де түйіні тарқатыла бастаған тәрізді. Бірақ, ел тарихында бұрын-соңды болмаған бұл жобаның дұрыс заңнамалық тұғыры жоқ болып шықты.

             Министр аталған заң қабылданып, іске қосылысымен, «электронды қызметтер үшін төлем жасау, Интернет арқылы әртүрлі өтініштер беру, лицензиялар алу мүмкін болатындығын жеткізді. Министрліктің дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда ғаламтордағы  «Электронды үкімет» порталында Жер ресурстарын басқару агенттігінің, Салық комитетінің, Әділет министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың 59 қызметі электронды күйде көрсетілуде екен..

              Ал, енді базбір депутаттар болса «Электронды үкімет» жобасының атауының өзін «дұрыс емес» деп санайтындықтарын айтыпты.

            «Мұнда ешқандай кемшілік жоқ» деп айта алмаймын деді А.Жұмағалиев.

            «Электронды үкімет» шешімнің  тиімділігі сол – электронды өнімді қолданысқа енгізуден жыл басынан бері мемлекет қазынасынан 18 миллиард теңге үнемделіпті.

             А.Жұмағалиев сөзінің соңында электронды құжатайналымның тамаша нәрсе екендігіне тағы да тоқталып өтті.

              Айта кетуге тиіс ең басты нәрсе – ақсақал сенатор Симамбаев мемлекеттік тіл тез арада қабылданып кететін болды деп қынжылыс білдіріп жүргенде, оған көксақал Үкімет басшысы Мәсімов «мемлекеттік тілге 2020 жылы ғана көшеміз» деп басу айта бастағанда су жаңа министр Асқар Жұмағалиев Парламент мінберінде таза қазақ тілінде баяндама жасап, жас та болса, бас болуға жарап тұрғанын дәлелдегендей болды.

              Тек, ел-жұрттың көзі өтіп кетпесін деп тілейік…

Гүлмира САДЫҚОВА

3 ПІКІРЛЕР

  1. Асқарлардың қатары көбейіп, орыстілділерге үлгі бола берсін. Болашақ жастардыкі. Сәкен.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз