Хайролла қажы ҒАБЖАЛИЛОВ, «Алаш» тарихи зерттеу орталығының президенті: ТАРИХТЫ ТҮСІНБЕЙТІН ТАРИХШЫЛАР ДА БАР...

d0b0d0bbd0b0d188-d185d0b0d0b9d180d183d0bbd0bbd0b0-d0b0d0b3d0b0-3

«Менің Хайролла Ғабжалилов жөнінде айтарым:

адал халқына шын берілген, парасатты, және иманды адам.

Елімізде осындай адамдар көбірек болса,

 біздің мемлекетіміз тарихтан тезірек орын алады»

 

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ , академик.

 

               Хайролла Ммағауияұлы Ғабжалилов 1950 жылы Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында дүние есігін ашты.

              1975 жылы Чехославакияның Прага қаласында сурет, сәулет өнерінен дәріс алады. Самарқандағы Сәулет құрылыс институтын, Сурет училищесін 1976 жылы бітіріп, сәулетші және безендіргіш суретші мамандықтарын игерген ол Алматы қаласындағы Қала құрылыс жобалау институтында аға сәулетші қызметін атқарды. 1980 жылы Орталық Ккомитетте көркемдеп жазушы, 1992 жылы Қазақстан дизайн орталығының бас директоры болып тағайындалды. Ол жетекшілік еткен арнайы топ, қазақ ұлттық банкінің тапсырмасымен ұлттық валютаның дизайнын жасады. Бүгінде «Алаш» тарихи зерттеу орталығына басшылық ететін Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі Хайролла Ғабжалилов асқаралы алпыс жасқа толып отыр.

        Елім деген ер азаматқа егеменді елі үшін атқарар ерен еңбегіңіз ел алдында елене берсін деген тілегімізді білдіре отырып, мерейтой қарсаңында Хайролла ағамен өрбіген әңгімені назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

              Кейбіреулер  «Зиялы қауымның қадірі қашып кетті» дегенді айтады. (Әрине, бәрін емес) Зиялы қауымның бір мүшесі ретінде осы пікірмен келісер ме едіңіз?

- Көпке топырақ шашуға болмайды әрине. Әйтсе де бұл рас. Зиялы  қауым өкілдері дегеніміздің өзі - ел мүддесін қорғайтын жандар. «Ел бірлігі» деп ел дүрліккенде 700 жазушысы бар Жазушылар одағынан 7 - ақ қаламгердің қатысқанын да көз көрді. Бұған не дей аламыз?

          Айналып келгенде, «қол қоймадым» деп, өзінің азаматтық позициясынан айнығандарды да жақсы білеміз. Осындай азаматтар туралы не ойлауға болады? Бұлар зиялылар  емес, зияндылар деп түсінсе болар еді. Бетіне бетперде киіп алған мұндай азаматтар Құдайдан емес, халықтан емес, биліктен қорқады.

          Бірқатар ер азаматардың осылайша майдаланып бара жатқандығы зиялы қауымның арына дақ түсіруде. Осыны түсінуіміз керек.

 -  Хайролла аға, асқаралы алпысыңыз құтты болсын! Осы тұста өзіңіз де алпыс жыл ғұмырымда не істедім деген сауалға жауап іздеген боларсыз...

         Адам есейіп, балалық шағынан жырақтаған сайын ұлы мұхитқа бет алған кемедегі кісідей, қол бұлғап жатқан жағалау – жастығы мен жас күнін жиі-жиі еске алып, жан дүниесін баураған бір сезімдерге бөленеді екен. Адам өмірге бір деңгейде келгенмен пешенеге жазуымен әр түрлі өмір сүреді. Біреу бала оқытады, біреу зәулім сарай салады.

            Сократ: «Абзалы өмір сүру үшін, өмір сүруден гөрі, жақсы өмір сүру әлде қайда мәндірек» депті.

           Менің бойымда, жылт еткен бір жақсылық болса, ол ата-бабаларымнан дарыған тәрбие деп білемін. Әкем Мағауияның өз ұрпақтарына айтқан ақыл сөзін бұлжытпай орындауға тырысып келемін. Аяулы әке: аты озған азаматтың аяғын тұсайтын үш кеселге жуымағайсың. Біріншісі – еріншектік, яғни бүгінгі істі ертеңгі күннің еншісіне қалдыру. Екіншісі - көңілшектік, яғни, денсаулығыңды бұзатын, абыройыңнан айыратын жат әдеттің жетегінде кету. Үшіншісі – тым қарапайымдылық, кішіпейілділік.

             Адал болуға тырысып, абайсызда залымдардың алдауына көну, жақсы мен жаманның жігін айырмау. Тірлігіңде осы пәлелерден сақ болғайсың» - деген еді.

               Мен бұл өмірдегі ең биік, ең жоғары институт - әке институтынан өттім. Аз оқыдым демеймін, көп бітірдім де демеймін. Бірақ бір азаматтың ғұмырына жететін білім де, тәжірибе де жинақтадым. Самарқанд қаласындағы мемлекеттік сәулет-құрылыс институтын бітіріп, сонау Еуропаның Прага қаласында суретші-сәулетшілер мектебінде тәжірибеден өткенім өміріме үлкен бағыт берді деп ойлаймын.

           Алматы, Жаңатас және еліміздің бірнеше қалаларында сәулет қала құрылысын жобалауда қолтаңбамның қалғанын мақтаныш етемін. Бұл жолдағы тәжірибем еліміздің тұңғыш валютасы, қазақтың төл теңгесін шығаруды ұйымдастырушы және авторларының бірі болып, Қазақстанды әлемге ең алғаш теңге арқылы танытқаныма қуаныштымын. Демек, бұл менің оқу-білімдегі тәжірибемнің зая кетпегендігін аңғарса керек.

          Бойыңдағы  білімің мен тәжірибеңді халықтың игілігі үшін пайдалану азаматтыққа саятын көрінеді. Бұл жолда мен алған тәрбием мен біліміме адалдық танытып, келемін деп ойлаймын.

            Уақытпен санаспай жүріп, аталық жасқа да келіп қалыппын. Жалпы, адам алғашқы отыз жылын қателіктер жасау үшін, кейінгі отыз жылын оны түзету үшін, соңғы отыз жылын жиған тергенің мен тәжірибеге түйгенің мен рахат өмір сүру үшін берілетін көрінеді. Мен осының үшініші баспалдағына табан тірегенімді көріп отырмын.

              Мазасыздық әу бастағы қанымда бар қасиет еді. Осы арада мен тағы да білмекке, оған өзімнің азаматтық үлесімді қосуға «дертті» болдым.

             2005 жылы «Алаш» тарихи зерттеу орталығын ашып, оның айналасына белгілі тарих мамандарын топтастырдық. Бұл – Тәуелсіз Қазақстандағы ең алғаш тарихи зерттеу орталығы екендігін айта кеткенім артық болмас. Қазіргі таңда осы орталықта қазақ халқының тарихын зерттеп, оны  өскелең ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп келемін.

Аға, «Алаш» тарихи зерттеу орталығын құруға не түрткі болғанын тарқатып айтып берсеңіз...

– Ел егемендігіне қол жеткізгеннен кейін қоғамымызда  қайсібір мамандық иесі болмасын шежіре жазу «дертіне» шалдықты. Шежіре кітаптардың көпшілігі дерлік, өз руынан шыққан батырларды, билерді дәріптеуден әріге бара алмады. Осылайша «қолынан келгендердің бәрі қонышынан басып» өз руының тарихын асқақтатып жазып жатқан тұста, маған неге мен қазақтың шынайы тарихын жазуға күш салмаймын деген ой келді. Қазақтың тарихына келсек тек ғана 5 – томдық тарихи кітап жазылған екен. Мұның өзі саяси тарих. Бұл кітаптарда мемлекеттердің қалыптасуы, күйреуі, саяси-әлеуметтік әскери жағдайлары сөз болған. Түптеп келгенде қазақтың нағыз тарихы негізінен ру-тайпалар ұйысып, мемлекет құрғандығын және олардан шыққан ұлы тұлғалардан құралады. Осының бәрін түбегейлі зерттеп барып, шынайы тарихтың жазылатындығын түйсіндім.

            Тарихты зерттеуге ден қоюымның тағы бір себебі бар. Еліміздің төл теңгесін шығару жолында европалық мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас жасадық. Сонда олардың қазақ халқына жер бетінде жәй ғана пайда болған халық ретінде қарайтындығын байқадым. Осы жағдайдың бәрі тамыры тереңде жатқан қазақ халқының тарихын жазуыма түрткі болды. Біраз тарихшыларға қазақтың тарихын түбегейлі зерттеп бірлесе жазайық деген ұсыныс жасағанымда мені мырс-мырс күліп шығарып салғандары да болды. Тарихтың мағынасын түсінбейтін тарихшылардың бар екенін сонда білдім.

             Қазақтың тарихын тереңнен зерттеп жазу үшін кәсіби тарихшылардың басын қосып  жүйелі жұмыс жүргізу қажет болды.

             Сол себепті де уақыт оздырмай іске кірісіп кеттім. Жоғарыда атап көрсеткен мақсаттарды жүзеге асыру үшін осыдан 5 жыл бұрын «Алаш» тарихи зерттеу орталығы құрылған болатын.

            Ой азабына шыжғырылып отырып, тарихи жанрда және халықтық шежіре дәстүрінде 4 мыңға жуық кітап қоры жиналды. Құнды кітаптар ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейін қамтиды. Орталық екі айда бір шығатын «Алаш» тарихи- этнологиялық ғылыми журналын шығарып келеді. Осы уақыт аралығында «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» атты 36-дан аса ғылыми еңбек жарияланды.

              Осының бәрін мен өз қаржыммен шығардым. Ел үшін еңбек еткеніме өкінбей, қайта адал еңбегімнің ағартушылық жолға жұмсалғанына қуанамын. Осыдан 950 жыл бұрын Махмұд Қашқари бабамыз: «Түрікте өзін ұнату,мақтану жоқ. Түрік азаматы үлкен ерлік және жанкештілік жасағанның өзінде ерекше іс істемегендей сезінеді» деген сөзінде үлкен бір ұлылық жатыр.

                 Мен осы ұғымды өзіме үлгі етемін.

 

ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ТЕҢГЕ ҚҰНСЫЗ,

РУХСЫЗ САУДА-САТТЫҚ ҚҰРАЛЫ ҒАНА

          Тұңғыш  төл теңгеміз дүниеге келіп, айналымға енген кезде бар қазақ қалпағын аспанға атып қуанды. Қуануына да негіз болды.

           Экономикамыз құлдырап, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеген тұста төл теңгенің айналымға енуі барша қазақ жұртына рухани күш бергені сөзсіз.

           Хайролла Мағауияұлы, кезінде Қазақстанды әлемге танытқан төл теңгеміздің ғұмыры неліктен қысқа болды?

- Төл теңгеміздің бетінен баталы бабаларымыздың бейнесі алып тасталынды. Сол   кезде ұлттық валютамыздың айналымға түскеніне бар-жоғы 13 жыл ғана уақыт болған еді. Ұлттық банктің мұндай шешімге келуінің себебін сол мекеменің департамент басшысы Дәуренбек Мәжитов: «Банкоттың жаңа дизайнын енгізудегі басты себеп полиграфиялық және компьютерлік технологияның дамуы және банктің машина оқи алатын элементтерді жоспарлы түрде енгізуіне байланысты» деп түсіндіріп, халықты алдағысы келді. Бірақ, өзіңіз ойлап көріңізші айналдырған 13 жылдың ішінде теңгеміздің дизайны ескіріп, ондағы ғұламалардың құны түсуі мүмкін бе? Бұл құлаққа сыймайтын әңгіме. Қазіргі қолданыстағы теңгенің қорғаныс амалдары өте күшті. Ал, алғашқы теңгеміздің қорғаныс мөлшері 14-17 дәрежеде болды. Бірақ мұның өзін сарапшылар жоғары бағалаған болатын. Жәй ғана салыстырмалы түрде айтатын болсақ, сол кезде АҚШ-тың бүгінде әлемді «жаулаған» долларының өзінде өте аз қорғаныш элементі боллғаны белгілі еді. Әйтсе де, әлі күнге дейін доллардың қорғаныс амалдарының әлсіздігі туралы сөз болған емес. Өйткені, ел тұрақтылығы дизайн сәнінің құбылмалылығына емес, тұрақтылығына байланысты дамиды.

             Базбіреулер теңгенің өзгертілуін жалған ақша жасаушылар санының артуымен байланыстырады. Яғни олар тұңғыш валютамыздың қорғаныс қабілеті төмен дегенді алға тартады.

             Бірақ шын мәнінде олай емес. Жасанды ақша мен жалған ақша бірдей емес. Жалған ақша жасаумен айналысатындар жалғыз біздің елде ғана емес, барлық мемлекетте бар. Олар бірнеше мың банкот жасап, оңай олжаға кенелгісі келгенмен, жасаған істері бәрібір әшкере болады.

            Жасанды ақша деген бір мемлекеттің екінші бір мемлекеттің ақшасын өте көп мөлшерде басып шығаруы болып табылады. Жасанды банкоттарды түпнұсқасымен айыру қиын. Тарихта мұндай оқиғалардың орын алғанын білеміз.

            Дегенмен, теңгенің дизайнын тез арада өзгерту үшін технологиялық немесе экономикалық себеп-салдары болмауы керек. Меніңше, мәселенің бәрі белгілі бір арсыз, рухсыз топтың нұсқауымен шешілгендігі айқын аңғарылып тұрады.

            Не десек те тұңғыш теңгенің қадіріне жете алмай, бас-аяғы он екі жылдың ішінде жоқ қылып тындық. 

           Бүгінгі қолданыстағы теңге ешқандай идеологиясы жоқ құнсыз, рухсыз жәй ғана сауда-саттықтың құралына айналып кетті.

          Тұңғыш теңгенің идеологиясы жоғары болғандығы барша жұртқа аян. Онда әлемдегі екінші ұстаз, ғұлама ғалым, Әл-Фарабимен қатар Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Абылай, Әбілхайыр сынды дара тұлғалардың бейнесі бейнеленген еді. Қазақ халқы үшін аталған баталы бабаларымыздың орны қандай екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Амал нешік? Барды бағалай білмедік.

-Алланың ақ жолымен жүретін алпыстағы ағамыз осы уақытқа дейін қандай сауап істер жасады екен?

- Көп іс жасадым деп көлгірсімеймін. Әйтсе де, негізгілерін атап өтейін. Әрбір адам бір Аллаға сиынары хақ. Бұл өмір бізге сынақ үшін берілгендіктен, кез-келгеніміз де дін ислам жолында жүрсек құба-құп болар еді. Мұсылман баласына Алла тағаланың еткен парызын шамамның келгенінше орындап келемін.

          Осы тұста ата-бабалар тарихына бір үңіліп көрейін. Біздің Мұхаммедқазы хазірет деген арғы атамыз, өз заманының қоғам қайраткері болған екен. 1905 жылы зиялы қауым өкілдерімен бірге патшаның қабылдауында болып, жер, дін сияқты өзекті мәселелерді қозғапты. Сол кезде Ақ патшаға алғашқы петиция-хатты өз қолдарымен табыстапты.

          Ең алғаш рет Алаш-Орда қозғалысын Батыс Қазақстандағы Ақтөбе облысынан осы кісілер бастағандығы белгілі болып отыр. 1932 жылы 76 жасында атылып кеткен Мұхаммедқазы бабамның атымен Алға қаласынан мұнарасы 40 метрлік 360 орынды мешіт салдырдым.

            Мешіт құрылысына 3 жылдай уақыт және 2005 жылы 40 млн. теңгедей қаржы жұмсалды. Бүгінде бұл мешіт алғалықтардың Аллаға құлшылық етер орны.

            Сонымен қатар, қапшағайлықтарға орталық мешіт салдыру үшін 17 соттық жерді тегін сыйға тарттым. Бәрін тізбектеудің қажеті жоқ шығар, қолымнан келгенінше қайырымды іс жасауға тырысамын. Қазір балам Абылай Шамалған бекетінен 1 га жерді сатып алып, өз қаржысына үлкен мешіт салдырып бітті. Әрине, жасалған істерді, мақтаншылдық үшін емес, Алла разылығы үшін жасадым.

 -  Дұрыс екен, аға. Ендігі әңгімеміздің ауанын қоғамда орын алған жәйттерге бұрсақ. Ресей, Белорусья, Қазақстан мемлекеттері бірлесіпқұрған Кеден одағы туралы пікіріңіз қандай? Ресейге жақындай түсеміз деп, қайтадан бодан болып кетпейміз бе?

- Кеден Одағына Мұхтар Шаханов бастаған ұлт зиялылары болып қарсы тұрдық. Осы мәселеге байланысты мәлімдеме жасап, тіпті Президентке де ашық хат жолдадық.

           Кеден одағына кіріп, өз тәуелсіздігімізден айрылып бара жатқанымызды теледидар арқылы да айттым. Өзге де ұлт жанашырларымен Кедендік одаққа өз қарсылығымды білдіріп келемін.

             Президентті халық сайлады. Бұған келісейік. Бірақ, бұл Президент қандай мәселе болмасын, халықпен санаспай, өзінше шешім қабылдай алады деген сөз емес қой. Жергілікті халық қазақ емес пе? Қазақстан Халықтар Ассамблеясының құрамындағылар – қазақ емес. Олар қазақтың айналасын жайлаған келімсектер. Олардың қазақ ұлтының атынан шешім қабылдауға, тіпті сөйлеуіне де құқы жоқ.

               Кедендік одаққа кіруіміз - өзімізге өзіміздің ие бола алалмай қалғандығымызды көрсетеді. Қайткен күнде де біз Ресеймен байланыста сақ болуымыз қажет еді. Өйткені Ресей әлде де бізді қолына түсірмесін деп тілейік, түсірсе жұтып қоятыны сөзсіз. Қазақстанның Кедендік одаққа кіріп шеке майы шылқи қалады дегенге өз басым сенбеймін. «Үш ел біріксек, экономикамыз қарыштап дамиды» деген жәй ғана қаңқу сөз. Ендігі жерде одаққа мүше елдер арасында іс-қағаздардың барлығы орыс тілінде жүргізіледі. Одан кейін, ортақ валюта, ортақ төлқұжат шығаруымыз да бек мүмкін.

              Осы нәрсенің бәрі жүзеге асып жатса, біз қалай егемен елміз деп айта аламыз?

         Кедендік одақтан бізге көп пайда түсуі мүмкін. Уақытша ғана. Ол да әдейілеп ұйымдастырылуы ғажап емес. Сондықтан одаққа кіріп, олжаға кенеле қаламыз деп қуанудың қажеті жоқ. Оның бәрін бір-ақ күнде сорып ала салатыны сөзсіз. Қазаққа бармақ тістеп, санын сабалайтын сәт енді келе ме деп қорқамын.

 -  Кейбіреулер «Зиялы қауымның қадірі қашып кетті» дегенді айтады. (Әрине, бәрін емес) Зиялы қауымның бір мүшесі ретінде осы пікірмен келісер ме едіңіз?

- Көпке топырақ шашуға болмайды әрине. Әйтсе де бұл рас. Зиялы қауым өкілдері дегеніміздің өзі - ел мүддесін қорғайтын жандар. «Ел бірлігі» деп ел дүрліккенде 700 жазушысы бар Жазушылар одағынан 7 - ақ қаламгердің қатысқанын да көз көрді. Бұған не дей аламыз?

         Айналып келгенде, «қол қоймадым» деп, өзінің азаматтық позициясынан айнығандарды да жақсы білеміз. Осындай азаматтар туралы не ойлауға болады? Бұлар зиялылар емес, зияндылар деп түсінсе болар еді. Бетіне бетперде киіп алған мұндай азаматтар Құдайдан емес, халықтан емес, биліктен қорқады.

              Бірқатар ер азаматардың осылайша майдаланып бара жатқандығы зиялы қауымның арына  дақ түсіруде. Осыны түсінуіміз керек.

 

ҚЫРҒЫЗСТАН ҚАЗІР ЖОҚ БОП КЕТУДІҢ АЛДЫНДА ТҰР

- Хайролла аға, айыр қалпақты ағайындар елінде бүлік шығып жатқанын білесіз. Ашынған халықтың бұл әрекетін қалай түсінуге болады?

- Қырғыз халқының әлеуметтік хал-ахуалының нашар екенін екінің бірі біледі. Әйтсе де, қырғыстандықтан мүлдем дұрыс жасамады. Олардың бұл әрекетін ақымақтық, топастық демеске шара жоқ. Мәселені қан төгіссіз-ақ шешудің жолдарын қарастыруға болатын еді ғой. Сонда ол елде ашуға мінген халықты сабырлылыққа шақыратын зиялы қауымның жоқ болғандығы ма?

           Егер оппозиция өкілдері шын мәнінде ел жағдайын ойласа бұлай жасамас еді. Оппозиционерлердің  көзі ашық, көкірегі ояу болса, мәдениет сақтай білер еді.

           Халықты даурықтырмай, жазықсыз жандарға жапа шектірмей қоятын талапты тікелей Қ.Бәкиевтің өзіне қойып, мәселені саналы азаматтарша шешсе, мүмкін халықтың жайы ретке келер ме еді кім білсін?

          Ендігі жерде ешқандай мемлекет Қырғыстанмен қарым-қатынас жасағысы келмейді.

Қырғыстан қазір жоқ боп кетудің алдында тұр. Орын алған бұл тәртіпсіздік көтеріліс емес – бандитизм.

         Бұрындары Қырғыстан тарапы Қазақстанға қосылуға ұсыныс жасаған болатын. Сол кезде бұл ұсынысты Қырғыз Үкіметінің 30 пайызы қолдап, 70 пайызы қарсы болған еді. Егер де бұл келеңсіз оқиға жалғаса беретін болса, Қырғыстанды Ресей, Өзбекстан Қазақстан бөліп ала салуы әбден мүмкін. Елбасының елден безуі ондағы халықтың сана-сезімінің қай дәрежеде екенін көрсетіп берді.

-  Хайролла  Мағауияұлы өзіңіздің елдегі болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарай алмайтын елжанды азамат екендігіңізді ел жақсы біледі. Басшылардың бассыздығынан орын Қызылағаштағы қырғынды Алланың бізге жіберген сынағы деп қабылдағандар да болды. Ал сіз не дер едіңіз?

- Иә, Қызылағаштағы қайғылы оқиға бар қазақтың сай-сүйегін сырқыратқаны анық. Бұл ешқандай да Алланың сынағы емес. Жауапсыздықтан орын алған жағдай. Апатты дағдайды дер кезінде ескертіп, елді қорғай алмаған аудан басшысы тікелей кінәлі. Қызылағаш облыс әкімі тарапынан алдын-ала бақылауға алынуы тиіс аймақ еді.

            Апаттың алдын алу шаралары мүлдем жүргізілмегендіктен қарапайым халық қазадан қан жұтты да қалды. Үкімет қанша  қаржы бөлгенмен де, жүрек жарасы мәңгілік жазылмасы белгілі. Қызылағаштағы ағайынның басына күн туғанда оқиғаның басы-қасынан табылуға тиіс Мәсімов мырза алғаш күні теледидардан «Менің баруға уақытым жоқ» деді міз бақпастан. Араға біраз күн салып, тарқап кеткен тойға келген адамдай, болар іс болғаннан кейін келіп: «Үкіметтің тікелей бақылауындасыздар» дегенді айтты. Амал қанша? Адамның тағдыры биліктегілер үшін бес тиын болған соң...

              Ал, діни басқарма бастығы болса, дәл осы күні республика сарайында бүкіл діндарларды жинап, мәулет күнін атап өтуге мұрындық болып жүрді. Бірақ сол шара барысында қаралы ауылды еске алып, құран бағыштауды ұмыт қалдырды.

             Елім деуге тиіс ерлер халық тағдырына бей-жай қарағаннан кейін басқаларына қалай өкпелеуге болады? Қазаның қайырын берсін дейміз де енді.

             Осы оқиғаға кінәлі азаматтарға дер кезінде, қандай да бір шара қолдану қажет. Олай жасамаған жағдайда басшыларымыз арқа кеңге салып жүре беретіні анық.

- Аға, сөз соңында қазақ халқына бірер ауыз тілегіңізді арнасаңыз...

- Қазақстанның әрбір азаматы туған еліміздің еңсесі биік болуы жолында аянбай адал еңбек ете білсе екен деймін. Қазақстанның келешегі - жастар дейтін болсақ, жалынды жастарымыздың жігері жасымасын, тасысын! Көк туымызды көгімізде желбіретіп, мемлекетіміздің мәртебесін асқақтата берсін!

 

Тұщымды әңгімеңіз, үшін рахмет аға! Бүгін асқаралы алпысқа келсеңіз, ертең жемісті жетпіске де жете беруіңізге шынайы тілектестік білдіреміз.

 

Сұхбаттасқа

Гүлмира САДЫҚОВА