ҚР Бас Прокуроры Қ. МӘМИДІҢ назарына! ӘКІМ МЕН ПРОКУРОР ЖАУАП БЕРУДЕН НЕГЕ ЖАЛТАРАДЫ? әлде қылмысты бүркемелегендеріне қысылып жүр ме?

d29bd183d0b0d0bdd0b4d18bd29bd0bed0b21            d0bcd0bed0bdd188d0b0-11

Осыдан тура бір жарым жыл бұрын Шиелі аудандық сотының төрағасы С.Сүлейменов, аудан әкімшілігінің «Шиеліні көркейту» мекемесін тарату туралы қаулысынан соң, аталған мекемені тарату комиссиясы құрылып, аудандық салық комитетінің төрағасы Данабек Ермағанбетов, банкротқа кетіп жатқан кәсіпорын директоры Еділ Жұбанышбеков, бас есепші Мұхамедияр Жүсіп аталынған мекеменің Қызылордада тұратын 100 орындық монша ғимаратын 0,45 гектар жерімен бас пайдаларына жаратып, олар тергеу қорытындысымен сол моншаны сатудан түскен мемлекетке 29  848  000 теңге зиян келтіргенін сот өндірісінде анықтап, «...Ермағанбетов Данабек Қуандықұлын Қазақстан Республикасы ҚК-нің 176 бабының 3  бөлігінің «а,б,г» тармақтарымен және 307 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп тауып, ҚК-нің   176 бабының 3 бөлімінің «а,б,г» тармақтарымен оның мүлкін тәркілеп және мемлекеттік қызмет лауазымдарын атқару құқығынан жеті жылға айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 307 бабының 2 бөлігімен екі жылға бас бостандығынан айыруға, ҚР ҚК-нің 58 бабының 3 бөлігінің талабына сай қатаңдығы жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен түпкілікті мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызмет лауазымдарын атқару құқығынан 7 жылға айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуді белгілеуге...» деп «асығыс» үкім шығарған болатын.

           Асығыс деп отырғанымыз, айыпталушылардың сот шешіміне орай «...қаржы полициясы мен сот тергеуі жан- жақты обьективті жүрмей ҚР ҚІЖК- нің 24 бабы өрескел бұзылды...» деп облыстық соттың қылмыстық істер қарайтын апелляциялық алқасына шағымдануында келтірілген, арнайы құжаттары бар, нақтылы деректер біраз әділетсіздіктің бетін ашып берген-ді.

         Осы әділетсіздікке орай сол кезде республикалық үш басылым; «Қазақстан» газеті «Қылмыс қай жерге бой тасаласа – сол жерге әлек кіреді. (№37, 02 10 2008 ж), «Жас Алаш» газеті «Шиеліше соттау». (№79, 02.10.2008 ж), «Заң газеті» «Өлі моншаның» иесі кім?» (№154, 09.10.2008 ж), «Қазақстан» газеті «Меңдуананы жеген кім?», ( №20 28.05 2009ж) деген тақырыптармен соттың әділетсіз үкім шығарғандығы туралы өткір сын мақалалар жариялап, судья С.Сүлейменовтың сот тергеуін бір жақты қарап, дұрыс өткізбегендігін, төменгі сатыда шығарылған бұл үкімді облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы қараған кезде, көрсетілген өрескел кемшіліктерге мән берілуі талап етілгенді.

            Жазылған бұл мақалалар сол кезде шиеліліктерді ғана емес облыстық сотты да дүр сілкіндіріп, 14 қазан күні өткізілетін облыстық сот алқасы белгіленген уақыттан бір аптаға шегеріліп, 21 қазан күні өтіп, аудандық сот шешімін өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы алған. Әрине, үкімді өзгерту де оңай емес. Кезінде аудандық сот үкім шығарар алдында да, жең ұшынан жалғасқандар туралы не бір әңгімелер болған. Сол әңгімелер рас болатын болса, бұл шығарылған үкімнің оңайлықпен өзгертіле қоюы екі талай екенін, біз де білгенбіз. Бірақ, заңда көрсетілген талаптар тұрғысында әділ үкім шықпай жатса, араша түсіп әділдікті айту және жарияланған сынға нақтылы жауап күту әрбір БАҚ-тың абройлы міндеті ғой. Оның үстіне «Нұр Отан» партиясының бастамашылығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумда Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаев өз аттарына сын айтылған мемлекеттік мекеме басшылары сын жарияланған БАҚ-тарға уақтылы, әрі шұғыл жауап беруді міндеттеген жоқ па?..

            Осылай бола тұра, жарияланған бес сын мақалаға да тиісті заң орындарынан редакцияға түскен жауаптар болмаған соң, жазылған мақала авторларының бірі ретінде, маған Қызылордаға сапар шегіп, облыс прокуроры Б.Есенбаев мырзаның қабылдауында болып, жоғарыда аты аталынған сын мақала жарияланған газеттердің бір-бір данасын қолына ұстатумен бірге, сол басылымдарда атап көрсетілген, бірақ істі қараған соттар назар аудармай отырған мынадай төрт мәселенің қадағалау тәртібімен басын ашып, жазбаша түрде нақтылы жауап беруін талап еттім.

        Бірінші, Шиелі ауданы әкімі Ерлан Мұстафаев өзінің №981 санды Өкімімен, ауданның териториялық аумағына кірмейтін, «Қызылорда Сервис» шаруашылық басқару құқығындағы көп салалы мемлекеттік кәсіпорынын, «Шиеліні көркейту» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына ауысу жолымен қалай қабылдап алған? Бұл заңсыздық прокуратура тарапынан неге қадағаланбаған?

        Екінші, даулы монша мемлекеттік пе, әлде мемлекеттік кәсіпорын меншігі ме немесе жеке меншік пе?

       Үшінші, Қызылорда қаласы Күлтекенов көшесі №1үйде орналасқан 100 орындық монша ғимаратын сатудан түскен 29  848  000 теңге қаржы монша мемлекеттікі болса, қай есеп шотқа немесе жеке болса кімнің есебіне түсті? Мемлекеттің бұл қаржысын кім іздейді, кім табады?

        Төртінші, осы даулы моншаның бастапқы иесі және 2000 жылы құрылған «Қызылорда сервис» мекемесінің алғашқы бастығы Е. Мұстафаев мырзаның осы іске қаншалықты қатысы бар?..

            Міне, осы төрт сұраққа прокурорлық қадағалау барысында нақтылы жауап берілсе, төрелігіне төбе шашың тік тұрар, сотты болған азаматтар тағдырымен ат үсті айналысып отырған қазыларға да түбінде бір зауал болар деп ойлағанбыз...

           Сол жылдың соңғы күндерінде менің атыма №18  \138-08 санды облыс пркуроры Б.Есенбековтың қолымен мынадай «жаңылтпаш» жауап келді. «Ссіздің, хатыңызда көрсетілген мән жайлар Д.Ермағанбетовке,  Е. Жубанышбековке, А.Райсовқа және Қ.Нұртазаға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жүргізілген алдын-ала тергеу барысында толық қамтылған...

1.Қызылордла облысы  әкімінің 22 11 2002 жылғы 347 санды қаулысымен «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңын және «Мемлекеттік кәсіпорын» туралы Қазақстан Республикасы Ппрезидентінің 19.06. 1995 жылғы заң күші бар Жжарлығын басшылыққа алып, «Қызылорда сервис» ШЖжҚ МКК-ның уәкілетті органы Шиелі ауданы әкімінің аппараты деп табылып(?), әділет басқармасына тіркеуін қамтамысыз ету жүктелген. Шиелі ауданы әкімінің аппаратымен «Қызылорла сервис» ШЖҚ МКК -ның жарғысы 29848000 теңге болып бекітілген.

2.14.03.2003 жылы Қызылорда облысы әкімінің 450 қаулысымен «Шиелі Көркейту» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны (ШЖҚ МКҚ) құрылған.

3. 18.05.2005 жылғы 981 санды Шиелі ауданы әкиматының қаулысымен (құрылтайшысы) «Қызылорда сервиз» шаруашылық басқару құқығындағы көпсалалы мемлекеттік кәсіпорны «Шиеліні Көркейту» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына біріктірілген.

4.Мұстафаев жөнінде қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын жүргізу барысында оған қатысты қылмыстық ізге түсуден бас тартылған...

          Масқара! Мен не сұрап отырмын, прокурор не жауап жазып отыр. Сауатсыз десем жазықты боламын, демесем, «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері болып тұр. Әлде, бетімен кеткен бұл іске прокуратураның да қатысы бар ма?.. Менің түйінім, бұл жерде нақтылы бір   сұрақтың басын ашуға - үкім шығарушы облыстық соттың да, прокуратураның да дәрмені жетпей отыр...

          Осы әділетсіздікті алға тарта отырып өткен жылғы «ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN» газетінің №35, (03.09.2009ж) санында «ОБЛЫС ӘКІМІ Б. ҚУАНДЫҚОВ МЫРЗА «ӨЛІ МОНШАҢЫЗҒА» ЕГЕЛІК ЕТІҢІЗШІ...немесе үш азамат нақақтан- нақақ түрмеде неге отыр?» деген тақырыппен тағы да бір сын мақала жариялап облыс әкімінің нақтылы жауабын күткенбіз. Сынға тағы да жауап болмады. Болмаған соң Президент әкімшілігіне хат жазу арқылы қозғау салғанымызда төбелеріне жай түскендей қимылдай бастады. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» демекші, облыс әкімі аппаратының Құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау  бөлімінің меңгерушісі М.Ақдәулетованың қолымен «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңына сәйкес Сіздің ҚР Президентінің Әкімшілігіне жолдаған 2009 жылғы 25 желтоқсандағы №А- 13762, 1 өтінішіңіз Қызылорда облысы әкімінің аппаратында 2009 жылғы 28 желтоқсанда №587 қаралып, нәтижиесі туралы өзіңізге жауап қайтару үшін Шиелі ауданының әкімі Н.Нәлібаевқа жолданғанын хабарлаймыз» деген хат тиді. Қызық! «Сонда Н.Нәлібаев облыс әкімінің атынан жауап беретін құзыр алған ба?». Осы сауалды облыс әкімі аппаратының басшысы Рзақұл Нұртаевқа телефон шалып қойғанымызда, аппарат басшысы жауап бере алмай, телефонда ақ тер-көк тер боп, бұрқан-тарқаны шығып шаптыққаны бар. Содан шығарылған қорытынды болар, ұзамай олыс әкімінің бірінші орынбасары М.Алдоңғаровтың үш беттік жауап хаты мен соған тіркелген облыс прокурорының орынбасары Н.Бижановтан өз атына алдырған жауап көшірмесін алдық.

          Мақалаға қайтарылған жауапта, облыс прокурорының орынбасары Н.Бижановтың өз атына жазылған хаттағы сот үкімінен үзіндіні алға тартып, соңында «...Негізінен, ҚР Конституциясының 77 бабында судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынатындығы, сондай ақ сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейтіндігі және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатындығы көзделген...

           Осыған байланысты, облыс әкімінің немесе әкімдігінің сот  ісіне араласуы заңсыз болып табылатындығын ескерте отырып, шығарылған сот үкіміне келіспеген жағдайыңызда жоғары инстанциядағы сотқа (Жоғары Сотқа) шағымдануға құқылы екендігіңізді назарыңызға саламын. М. Алдоңғаров. деп қолын шиырып қойып, облыстық соттың беретін жауабындай ақыл беріпті. Жауап мақаладағы нақтылы сұраққа қайтарылуы тиіс қой. Біз не сұрап отырмыз, әкім орынбасары не жауап қатып отыр? Нақтылы жауаптан неге қашады? Әлде орын алған қылмысқа облыс әкімі Б.Қуандықовтың шынымен-ақ қатысы бар ма?..

         Бізде сот Үкімі де, облыс прокурорының орынбасары Н.Бижанов түгілі, №18  \138-08 санды облыс прокуроры Б.Есенбековтың қолымен келген өз жауабы да бар ғой. Амал жоқ өзімізге қажетті құжатты журналистік жангештілікпен тағы да Қызылордаға барып, өзімізге іздеуге тура келді. Таптық. Бақсақ бақа екен демекші, тапқан құжаттарымызға қарасақ, бұл мәселеге шынымен-ақ біз ойлағандай облыс әкімі Б.Қуандықовтың қатысуы бар болып шықты. Облыстық прокурор мен облыс әкімінің орынбасары безек қағатынындай-ақ бар екен. Құжаттар бұлтартпастан былай сөйлеп тұр. 14.01.2000 жылы облыс әкімінің №133 шешімімен қайта ұйымдастырылған «Қызылорда» мемлекеттік кәсіпорыны негізінде шаруашылық жүргізу құқығы бар «Қызылорда -Инновация» және «Қызылорда -Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары құрылып, шешімнің орындалуын бақылау облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Б.Қуандықов мырзаға жүктеледі. Жаңадан құрылған «Қызылорда Сервис» мемлекеттік кәсіпорынға мемлекет есебінен 29  848  000 теңге (Ссот үкімініде көрсетілген зиян! Б. А). жарғылық қаржы бөлініп, кәсіпорын жетекшілігіне Ерлан Төлегенұлы Мұстафаев бекітіледі. Жаңа мекеменің жаңа бастығы Е.Мұстафаев мырза мемлекеттен жарғылық қор үшін мекеме шотына түскен 29  848  000 теңге қаржыны кідіртпей, тұтастай К. Ермекбаев деген азаматтың атымен жаңадан құрылған «Бейбарыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке аударып, жарғылық қаржыны сол күйі құрдымға жібереді. Сол құрдымға кеткен байлықтың бойына сіңгені болар, көп ұзамай Е.Мұстафаев Шиеліге аудан әкіміболып шыға келеді. Сол кезде, қолды болған жарғылық қаржы қолға шам алып ізделе бастаған болар, облыстық әкимат 22.11.2002 жылы №347 қаулысымен «өз былығыңды өзің жап» деген емеурінмен «Қызылорда Сервис» мекемесін Е. Мұстафаевтың соңынан шалғайда жатқан Шиелі ауданы әкімінің аппаратына аударады.

             Қаулының орындалуын бақылау тағы да облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Б.Қуандықов мырзаға жүктеледі. Бұл шаруаны аяғына дейін апару үшін облыстық әкимат 14.03.2003 жылы Шиелі ауданының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Шиеліні Көркейту» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынын құру туралы №450 қаулысын шығарады. Осы қаулы негізінде Шиелі ауданының әкімі аппараты 01.04.2003 жылы №49 санды Шиелі ауданының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Шиеліні Көркейту» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынын құру туралы бұйрығы өз ізімен өмірге келеді. Мемлекеттік мекеме бола тұра жарғылық қаржы қаралмайды. Бұл заңсыздыққа көнбеген Шиелі аудандық әділет басқармасы 22.11.2005 жылы «Шиелі көркейту» мекемесі жарғысына өзгерту мен толықтырулар енгізуін тіркеуден бас тартқан өзінің №158 санды бұйрығын шығарады. Аудандық Әділет мекемесі тарапынан шығарылған бұл заңды қарсылыққа аудан әкімшілігі қысым жасап 25.12.2005 жылы мекеменің Жарғысы аудан әкімшілігінің №1186 санды қаулысымен бекітіледі. Осы құжаттан соң амал жоқ 29.12.2005 жылы аудандық әділет басқармасы өзінің №164 бұйрығымен мекемеге № 110 1933 08 МК тіркеу куәлігін береді. 18.05.2005 жылы Шиелі ауданының әкімі өзінің №981 қаулысымен Қызылорда қаласындағы «Қызылорда Сервисті» өз териториясына кірмесе де «Шиеліні көркейту» мекемесіне қосу туралы қаулы алады.

              Міне, біз ашқан, нақтылы құжаттармен қолдан ұйымдастырылған сыбайлас жемқорлық осы. Осыны көре біле тұра, қылмысты бүркемелеп баққан облыстық құқық қорғау органдары қызметкерлері ақыр соңында Шиелілік үш азаматты нақақтан-нақақ жауапқа тартқызған. (Құжаттар көшірмесі толық қолымызда).

           Біз осы құжаттар көшірмесімен Президент әкімшілігінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі С.Қанаев пен Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия заңгерлерінің қабылдауында болдық. Облыс әкімі Б.Қуандықов тарапынан орын алған заңсыздықтарға қолдағы құжаттарды көрсете отырып көздерін жеткіздік. Қабылдаған азаматтар орын алған заңсыздықтарға бастарын шайқай отырып, бізге заңды тұрғыда жауап беру үшін, өтінішімізді құжаттар көшірмелерімен қоса тексеріп, нақтылы жауабын беру үшін Бас прокурор Қ.Мәмидің атына жолдады. Алынған жауапты саралап бізге қосымша жауап жазатын болды.

           Біз не айтамыз, орын алған қылмыстың көзін ашар бар құжатты қолдарына ұстаттық қой, енді Бас прокурор Қ.Мәми мырза тым болмаса осыған нақтылы жауап берер.

 

 

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ

АЛМАТЫ-ҚЫЗЫЛОРДА-АЛМАТЫ