Қазақ ұлтының мәселесін көтерген – қазақ құрылтайы

               Жақында «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы бастаған бір топ қоғамдық ұйымдардың бастамасымен Қазақ ұлтшылдарының құрылтайы өтті.

          «Менің Қазақстаным» әнімен шымылдығы түрілген шараны «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы, белгілі саясаттанушы Дос Көшім ашып берді.

             «Тәуелсіздік қазаққа не берді?» атты тақырыпта баяндама оқыған Ғ.Алдамжаров егемен ел атанғалы бергі Қазақстанның дамуы турасында сөз қозғады.

            Қазақ құрылтайында қазақ халқы үшін маңызды саналатын мәселелер туралы баяндамалар жасалды. Д.Көшім «Үш мәселе», Н.Әмреқұлов «Хан Кененің намысын қорғау әр қазақтың қасиетті борышы», Б.Дүйсембі «Ұлттық жаңғырудың негізі – ұлттық экономика», Б.Қойшыбаев «Білім мен мәдениет рухани дамудың қайнар көзі», М.Тайжан «Кедендік одақ қазақ халқына не береді?», М.Бұлұтай «Дін – бірлік пен біртұтастықтың темірқазығы», Иран Ғайып «Жеке басқа табыну мен табынту» атты тақырыптарда кеңірек әңгіме өрбітіп, жиылғандарға ой тастады.

            Жиынға қатысқан «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық демократиялық қозғалысының төрағасы, ақиық ақын, ұлтшылдар көсемі Мұхтар Шаханов қазақ ұлтына қатысты баяндамашылар қозғаған мәселелерге орай өз пікірін білдірді. Ақын ұлт тағдыры тек бірлік болған жағдайда ғана оң шешілетінін мәлімдегенде халық дүр көтеріліп, қошемет білдірді.

         Жиын соңында мәлімдеме қабылданып, Ақ Ордаға жолданды.

 

«Жас қазақ үні» -ақпарат