Алтын адам деп жүргеніміз кім?

Сақ па, үйсін бе?

 Altyn adam

Бұл өзі сонау 1963 жылдары Есіктегі су тасқынынан шайылған қорғаннан кездейсоқ табылған олжа болатын. Сонымен, кезінде бүкіл әлемде қазақтың атын аспандатып, рухын шаттандырған керемет тосын жаңалық – ұлт мақтанышы көрерменнің көзайымына айналған, сол алтынға малынған асыл бекзатымыз кім болып шықты? Осы қорғанда 1969-71 жылдары зерттеумен айналысқан археолог-тарихшы К.Ақышевтің болжамы бойынша, Есік қорғаны б.з.б. V–IV ғасырларға жатады. Антропологтың анықтауынша, мүрденің жасы 16-18. Байпақов оны б.з.б IV ғасырдың аяғы, ІІІ ғасырдың басына жатқызып, жерленушіге 17-18 жас береді. Уақыт айырмашылығы ІІ ғасыр. Тап басып айту жоқ. Алтын адамымыз жөніндегі бар тұжырым осымен шектеледі. Ертедегі Қытай жазба деректеріне үңілер болсақ, б.з.б. Іле бойында, жалпы Жетісу өңірінде үйсіндерден басқа іргелі мемлекет болмаған. Осы маңайдағы ұлыстардың түсін түстеп, қоныстарын түгендеп шыққан ежелгі Қытай тарихшылары Есікті орталық астанасы еткен құдіретті ұлы мемлекет — Үйсіндер ұлысы мекен еткендерін жазады. «Үйсін күнму Елжау би үздік шыққан көсем, қажырлы қаһарман, соғыс өнеріне шебер, ақылы асқан парасатты адам еді» (Көне қазақ тарихы. Алматы, 1993 ж. 68 б.). Үйсіндердің гүлдену, өрлеу шағы да арғы мың жылдықтың ІІ-І ғ.ғ. болатын. «Алтын, күміс, асыл тастардан жасалған әшекей бұйымдар Үйсін мемлекетінің, қазақ халқының мәдениетінің өте жоғары болғанын көрсетеді» (Ақышев. Алматы, 1993 ж. 68 б.). Сөйте тұра неліктен Ақышев бұл қорғандағы Алтын адам ханзаданы сонау сақтарға апарып телиді? Қытай деректері үйсіндердің күшейген кезін былайша баяндайды: «Үйсіндер — батыс өңірдегі ең құдіретті мемлекет, олардың 120 мың түтін, 188, 8 мың сауытты әскері болған. Елжау бидің 10 ұлы болған, соның тақ мұрагері етіп белгілеген тұңғыш баласы жас шағында 22 жасында қайтыс болады. Елжау атамыз 5 әйелінен 23 бала көріп, соның оны тіреп тұра қалыпты…» (Қазақ тарихынан. Алматы, 1997 ж. 42 б.). Мұны Бан Гу жазған «Батыс өңірі және Үйсін мемлекеті» кітабында (Үрімші, 1987 ж.) дәлелдейді. Елжау бидің екінші баласы «Дәру (Дулы) аса қабілетті әрі қолбасылыққа шебер еді» делінген онда. Бірақ Елжау тақ мұрагеріне осы баласын бекітпей, қайтыс болған баласының ұлы Жөншіні тағайындайды. Соған қарағанда, қайтыс болған үлкен баласы әкенің зор құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленген деуге болады. Ақышевтің зерттеулерін ары қарай талдап көрелік: «Ертедегі сақ дауіріндегі мүрделерден кездесетін сүйек-ет қалдықтары, табылған 31 ыдыс-аяқтардың бірінде де болған жоқ». (Ақышев, Алматы 1976 жыл, 2-бет) Ертедегі сақтардың жерлеу рәсімдерінде міндетті түрде арғы дүниеде ішіп-жейді деген ұғым бойынша қыш құмыра ыдыстарға ет тағамдарын салып, кейде белгілі тұлғаларға арнап қойдың бүтіндей жамбас етін салатын болған. Бұл рәсім мұнда сақталмаған. Сақ, ғұн, үйсіндерден басқа бұл өңірде басқа ірі ұлыстар өмір сүрмегені белгілі. Ғұндардың жерлеу ғұрыптарында көсеммен бірге құлдар да жерленген, яғни тіптен басқаша. Ал үйсіндердің жерлеу ғұрыптары бойынша да арғы дүниеде өмір жалғасады, ішіп-жейді деген ұғым болған. Бірақ ет тағамдары емес, жеңіл тамақ, сусындар қыш құмыраға толтырылып, бірге көмілген. Ханзаданың қабірінен табылған 31 қыш құмыра, 4 күміс тостағандарда тек сусындар мен жеңіл тамақтар қалдықтары болған. Демек, ғұндар мен сақтардың жерлеу дәстүріне келіп тұрған жоқ. Олай болса ол неліктен сақтарға апарып телініп отыр? Мұндағы жерленген сақ бекзадасы емес. Ханзаданың мүрдесінен 15 м аралықта тағы бір көсемнің қатар қойылуы нені аңғартады? Жалпы дәстүр бойынша әрбір тұлға дара көмілуі керек. Басындағы қорған да жеке болуы керек. Жас ханзаданың әуел басында тұрғызылған қорғаны жеке болған. Кейін екінші тұлғаны жерлеуінен кейін біріктіріп, үлкен қорған тұрғызылған. Қорғанның ауданы 60 х 60, биіктігі 6 м., жалпы аумағы 8300 м3. Ақышев бұны екі мүрденің бір отбасынан шыққан жақын туыс екенімен түсіндіреді. Біздің айтпағымыз да осылай, бір қорғанның астында қатар жатқан қазақтың ұлы тұлғасы Елжау би мен оның тақ мұрагері, өмірден тым ерте өткен аяулы ұлының мүрдесі. «Екі жерлеу де бір ғана жүз жылдықтың ішінде болған. Шеттегі қабірге қарағанда, ортада жерленген адам аса құрметті, лауазымды адам болуы тиіс. Екі мүрденің бір қорған астында орналасуы марқұмдардың бір отбасы мүшелері, туыс адамдар» (Ақышев, Алматы, 1978 ж. 6 б.). Ақышевтің бұл пікірімен толық келісуге болады. Арада 30-35 жыл өткеннен кейін Елжау би дүниеден өтерде, баласының қасына қатар жерлеуді өсиет етіп, екеуіне үлкен бір қорған тұрғызуды аманат етіп кеткен сықылды. Ортадағы мүрдедегі жерленген адам, біздің болжамымыз бойынша, алғашқы қазақтың дара көсем тұлғаларының бірі – Елжау би. Оның бүткіл үйсіндер арасындағы қандай беделге ие болғаны жөнінде тарихтан белгілі. Өкініштісі, төңірегіндегі қорғандарды тұтас тонаған тонаушылардан ұлы тұлғаның мүрдесі де аман қалмаған. Біз сөз етіп отырған жас ханзаданың бейітінен басқа осы маңайдағы ірілі-уақты 40-тан астам қорғандардан тоналмай аман қалғаны жоқ. Суық қолдардан алдын ала сақтандыруды кемеңгер әке ойластырған тәрізді. Екі қорғанды біріктіріп бір қорған жасау арқасында тонаушылар адасып, сүйікті баласының мүрдесі сол қалпында 22 ғасыр өтсе де мұрты бұзылмай, қазіргі ұрпақтарына жетіп отыр. Оның үстіне Елжау би өте киелі рухты адам болған. Ол жөнінде қытай тарихшыларында мынандай дерек бар: «Хұндар Күн бидің әкесін соғыста өлтіріп, жаңа туған сәбиді далаға тастап кетеді. Оған құстар қамқоршы болып, қаншық қасқырлар емізіп асыраған.» (Бичурин, Алматы 1997 жыл, 63-бет). Мүмкін киелі әкенің жебегені де болар.  

Құпиясы мол мөр

  «Есік қорғанынан табылған сақ адамы қолына екі көлемді алтын жүзік таққан. Оның бірінде жүзік – мөр, әсем бас киімдегі адамның басы бейнеленген» (Байпақов, 2006 ж. 159 б.). Сол қолындағы «көлемді жүзік» ырым-жырымның бірі болар, ал оң қолындағы «жүзік-мөр» нені мегзейді? Арғы мың жылдықта Қытай мен Жетісу алқабын жайлаған Үйсіндерден басқа ешбір ел «мөр» пайдаланбаған. «Қараша қорғанының бір обасынан бедерленген саз балшықтан жасалған мөр табылды. Сирек кездесетін бұл олжа Талғар қорғанындағы обадан табылған мөрмен бірдей. (Байпақов, Алматы, 2006 ж., 159 б.). Мұндағы Қараша деп отырғаны — Тараз қаласынан 40 шақырым шығысында орналасқан әйгілі Ақыртас ғимаратының іргесіндегі бұлақтың аты. Осы төңіректе археолог Максимова бастаған экспедиция 1971-75 жылдары зерттеу қазба жұмыстарын жүргізген. «Жерленушінің бел тұсынан табылған саз балшықтан жасалған мөр ғалымдарды қызықтыруда. Мұндай мөр тек Үйсіндерде ғана болғандығы шығыс деректерінде баяндалған» (Максимова, Алматы. 1975 ж.). Бұл деректі белгілі шығыстанушы-аудармашы Бичурин да қуаттайды. «Үйсін патшасы Гунмоға, жоғары лауазымды тұлғаларға маңыздығын білдіру үшін алтын мөрлер берілген» (Бичурин, Алматы. 1997 ж. 109 б.). Ханзаданың оң қолындағы алтын жүзіктің мөр екенінде талас жоқ. «Жүзік-мөр, онда тоғыз шашақты бас киімі бар әлде шаш қою үлгісі сондай адам басы бейнеленген» (Ақышев, Алматы. 1978 ж. 40 б.). Мұндағы «бас киім» де, «шаш қою үлгісі» де емес, осы ханзаданың жеке басының бейнесі болуы да мүмкін. «Гунмо (қытайша) күнби – ежелгі үйсіндердің б.з.б. ІІ-І ғ.ғ. бастап жоғарғы билеушісінің лауазымы» (Қазақ қысқаша тарихы, Үрімжі. 1987 ж.). Күнби – күн астындағы би немесе билік жүргізуші деген мағынада. Күн астындағы Күнекей қыз деген аңыз әңгімелер халық есінде болар. Ал мөрдегі күн бейнесінің шапағын бас киімнің орнына өрнектеп көрсетілуі оның күнби Елжаудың тақ мұрагерінің тегін анықтайтын айрықша белгі, сондықтан оның басындағы бас киімі емес, күн шапағы бейнеленген. Ал мүрдеден табылған күміс тостағанның түбіне жазылған ескі руналық жазулардың аудармасы не дейді: Күміс тостағанның түбіне металл үш қырлы кішкентай қанжар (стилет) арқылы салынған жиырма алты әліпбилік белгілердің оқылу тарихын еске алсақ. «Есік хаты» деген атауды алғаш ғылымға Олжас Сүлейменов енгізді, сондықтан ертетүрік руналық әліпбиі негізінде шифрды шығарып оқудың алғашқы жобасы оған тиесілі. Ол ұсынған жазудың оқылуы былай еді: «Ханның ұлы жиырма үшінде (өлді), Халықтың аты мен даңқы өшті». (Ақышевтың еңбектерінен, Мәдени мұра журналы №3, 2013 жыл). Жалпы Елжау бидің орталығы екі қала болғаны белгілі, соның бірі Ыстық көлдің оңтүстік жағалауында орналасқан. «Үйсіндер Ыстық көлдің оңтүстік жағалауындағы өңірді қамтиды. Ол жерде Елжау бидің Іледен кейінгі екінші ордасы болды, оның астанасы Чи – Гу қаласы еді» (Қазақтың көне тарихы, Алматы. 1993 ж. 67 б.). Сол Ыстық көлдің аузында ертедегі Барсқауын қаласы болғаны араб географтары Ибн Хордадбек пен Ибн Жапардың жазба деректерінен мәлім. Осы Барсқауын қаласынан 1970 ж. қырғыз археологы Б.Мокрынин бірнеше жүз күмістен, қоладан жасалынған әшекей зергерлік бұйымдар табады. «Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауында Барс-қауын қаласынан табылған жүз шақты заттардан тұратын бұл олжаның стилі, бейнесі және жасалу техникасы Есіктен табылған әшекейлерді қайталайды» (Ақышев, Алматы. 1979 ж. 6 б.). «Ғұндар мен Үйсіндердің алтын-күміс, қоладан жасаған көп бұйымдар табылатын жері — Жетісу, Алматы қаласының төңірегі» (Марғұлан, Алматы 1997 ж. 176 б.). «Ежелгі үйсіндердің нағыз зергерлік бұйымы ретінде «Қарғалы» диадемасы танылған» (Ақышев, Алматы, 1979 ж. 2 б.). Қарғалы диадемасы толық алтын бұйымдарынан тұрады, үйсіндерге тиесілі, б.з.б. ІІ ғасырларға жатады» (Байпақов, Алматы. 2006 ж. 168 б.).  

Қарқаралыдан табылған әйел сәукелесі

  Енді осы Қарқаралыдағы табылған әйел сәукелесінің (диадема) сюжетіне қараңыз: Бірінші: қолында қамшы ұстаған бозбала белгісіз қанатты құбыжық жануардың үстінде төңірегіне мереке басталғанын хабарлап шауып келеді. Екінші: тақ үстінде тұрған қанатты жылқы. Жылқы болса да оны піріндей сыйлап, оған көрсеткен ерекше құрмет. Үшінші: жылқы үстіндегі салт жігіт айналасына қолын сермеп хабарлар жеткізуде. Төртінші: ат үстіндегі той бастар жігіт аузында қамыстан жасалған сыбызғы-сырнайы, қолдарымен би өрнектерін көрсетіп билеп келеді. Жоғарыда ұшып жүрген құстар жердегі мәз-мейрам болған хайуандар кейпіндегі қуаныштарға қарағанда, наурыз — мұнда табиғат мерекесінің бір сәті бейнеленген. Осыларды сараптай келе айтарымыз: Есіктегі, сонау Ыстық көлдегі, Қарқаралыдан табылған зергер бұйымдар жасаудағы қолөнер шеберлерінің кәсіби деңгейі, ондағы сюжеттегі сомдаудың үйлесімділік, техникалық амалдары өте ұқсас. Сонымен, Жетісу алқабын тұтас жайлаған үйсіндердің ұлан байтақ өңірінде кен өндіру, металл өңдеу, одан жоғарыда айтылған небір көркем әсем әшекей жәдігерлер жасау, байлығы шалқыған, өркениеті дамыған үйсіндердің алтын ғасыры б.з. бұрынғы ІІ ғасырына келіп тіреледі. Олай болса, тұла бойы тұтас алтынмен апталып, сән-салтанатпен жерленген, бүгінге дейін айтылып келе жатқан б.д.б. V-III ғасырдағы сақ ханзадасы емес, сол дәуірдің ІІ ғасырындағы сақтардың ұлыстарға ыдыраған шағында қазақтың тұңғыш дербес мемлекетінің іргесін қалаған үйсіннің ұлы тұлғасы Елжау бидің 22-23 жасында дүниеден өткен баласы, тақ мұрагері, қазақ-үйсін ханзадасы демекпіз. Алтынға оранған адам төңірегіндегі ақиқат пен шындық осы. Барымызды болдыра алмай, тура тартпай, бұра тартып жүрген өзіміз.  

Қалмақан Шекеев,

тарих зерттеушісі

www.qazaquni.kz