ЕЛ БІРЛІГІ НЫҒАЙСЫН ДЕСЕК, АҢЫЗДАН ТАРИХ ЖАСАМАЙЫҚ

d0b5d0bbd182d2b1d182d29bd0b0

«Жас қазақ үні» газетінде жарияланған бір мақаладан туған ой

 

         Тараз қаласында тұратын қаламгер Сағат Арынұлы ақсақал қазақ баспасөзінің өркен жайып, өсіп-өркендеуіне ұзақ жылдар үлес қосып келе жатқан белгілі азамат. Білікті автордың туындылары көзі қарақты оқушыларының назарынан тыс қалып көрген емес. Осыдан біраз жыл бұрын Астанадағы Лл. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығарған «Елтұтқа» деген еңбек туралы «Жас қазақ үні» газетінде жарияланған «Аруақтарды алалаған зиянды кітап» (№ 48-49, 11.12.2009) деген Сәкеңнің үш бетті алып жатқан көл-көсір сын материалы да жұртшылықты елең еткізбей қоймады. Өйткені Отан тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу мақсатына арналған туындыға тақырыбын айғайлатып, соншама қатты сын айтарлықтай не себеп болды екен деп алаңдағанымыз шындық.

            Мақаламен танысқан соң пікір жазу қажет пе, жоқ па деп біраз ойланғанымыз рас. Ақиқатына жүгінсек, ел тарихының әйгілі тұлғалары туралы шығарма жалпы аса қажет дүние екендігін мақұлдай отырып, тарихи деректерді баяндауда елеулі кемшіліктерге жол берілгендігін, ал Сағат ағамыздың сын семсері көп жағдайда нысанаға дәл тиіп жатқандығын мойындауға тиіспіз.

            Сөз жоқ, тарихи есімдер туралы сөз болғанда дәлдік, нақтылық қажет, екі ұшты пікірлерге жол берілмеуі тиіс, ал бір айғақ туралы әртүрлі айтыла қалса, оларға түсінік беріп, оқушыларды шатастырмауға ұмтылған абзал. Міне, осы белгілі қағиданы қаламгерлердің көпшілігі ескеріп жатпайды.

          Мәселен, Сәкең атап көрсеткеніндей, Президент Н. Назарбаев Қарасай батырдың ХVIII ғасырдың алғашқы жартысында, яғни 1720-1740 жылдары Ұлы жүзді билеген Жолбарыс ханның тұсында өмір сүргенін айтады («Егемен Қазақстан», 5.07.1997) Бұл Қазақ Совет Энциклопедиясында жоңғар шапқыншылығына қарсы қол бастаған Қарасай батырдың 1664 жылы туып, 1727 жылы қайтыс болды деген деректен алшақ емес. Жазушы М. Етекбаев та мұны қостайды («Қазақ батырлары», 29.11.1991).

           Ал «Елтұтқа» кітабында осы мәліметтерді өзгертіп, бұрынғы жазылып, сөз болған деректі 66 жылға шегіндіруге қандай-себеп-салдардың болғандығы түсіндірілмей-ақ, Қарасай батыр  1598 жылы туып, 1671 жылы өлді делінген. Сағат ағамыз аяқ астынан мұндай өзгеріс неліктен бола қалғандығын ой елегінен өткізіп, оған өз пікірін білдіреді. Мұны ұйымдастырушылардың «түпкі мақсаты 1998 жылы Қарасай батырдың 400 жылдығын тойлау болатын. Қалайда Президенттің назарына ілігуге жанталасқан жарамсамақтар барын салды, оған 1997 жылы айтқанын ұмыттырды», – дейді Сағат Арынұлы.

          Ендігі сөз Жамбыл атамыз айтқандай, «батыр тұлға бола алмай, елдің туын жығып, Аңырақайдың тасына түнде барып тығылған», Кенесарының басы үшін отаршыл орыс патшасының сый-марапатына бөленген Сыпатай би туралы. «...Кенесарыға барып қосылады, оның сенімді батырларының біріне айналады» деп жұрттың ашу-ызасын келтірмей-ақ, оны бұл кітапқа енгізбесе де болар еді. Осы жерде архив деректерін тағы еске түсірудің реті келіп тұр.

          «Национально-освободительнаяборьба казахского народа под предводительством Кенесары Касымова» деген құжаттар жинағында (Алматы, «Ғылым», 1996) Сібір қазақтарының шекара бастығына 1847 жылғы қазанның 15-жұлдызында жазған хатында бас манап Жантай Қарабеков Кенесары ханның қалай қаза тапқанын хабарлайды. Қазақтың соңғы бүлікшіл ханы 7 мың қолмен шабуыл жасағанда біздің талай ержүрек сарбаздарымыз өмірден өтті. Бірақ соңында Құдай жар болып, жаудың көбін қырдық, алайда Кенесары қашып құтылды. Бірақ ,соңғы шабуылда оның әскерін үш күндей қоршауда ұстадық. «В это время султан Рустем с бием Супотаем Алибековым, взяв войска, обратились, предоставив мне по своему разумению поступить с Кенесарой.

      ...Кенесару схватил мой человек по имени Калча и первый известил меня». Кенесары өзін босатуды, сол үшін саудагерлерден тартып алған 60 түйеге артылған жүкті беремін дегеніне қызықпай-ақ (алайда,  Кенесарының қазасына куә болды дегендерден алынған жауапта бұл туралы ешқандай сөз болмайды, манап айтқан осынау деректі растайтын құжат жоқ. – А. К.), оның халыққа жасаған көптеген жауыздығын, сонымен бірге бұрын жәбір көргендерге тыныштық пен береке-рахат жасауды ойлап «умертвил его, тем самым выказал услугу государю. Потом брату моему Калыгулу отдав голову, при письме с печатью на оном, отправил султану Рустему и бию Супотаю, на тот конец, чтобы они о том известили Вас, господин генерал», – деп жазады қырғыздың бас манапы Жантай Қарабеков (474– 475-б.). Кенесары хан қазаға ұшырағаннан кейін қазақ пен қырғыз арасында жарықшақ пайда болып, сызат ұлғая түседі. Сол кезде көршілердің Төрегелді деген батыры тұтқында болыпты. 

          Қырғыздар оны босатуды сұрап бірнеше рет келсе де «сен, дұшпан, не бетіңмен келдің» дегендей дұрыс қабақ көрсетпей, батыр қазақтардың қолында қала береді. Міне, сонда «выход из положения подсказали султан Рустем и батыр Сыпатай, предложившие кыргызам обратиться к русским как к посредникам – отвести голову Кенесары в Омск. Затем убедить их в необходимости освобождения Торегельды из неволи. Так и поступили. Калыгул Алибеков, которому манап Жантай уступил голову казахского хана, в свою очередь, доставил его череп в Омск, где и вручил генерал-губернатору (Жанузак Касымбаев. Последний поход хана Кенесары и его гибель. // Алматы, «Ана тілі», 2002, 150-б.).

          Сөйтіп, Сыпатай батыр шешуші соғыс кезінде Кенесары ханды «не қылсаң да өзің білесің» деп жау қолына (қырғызды қазаққа жау етіп, бауырлас екі елді соғыстырып, арандатқан Ресейдің отаршылдық арамза саясаты. Әрине, бұл – жеке әңгіме. – А. К.) тастап қана қоймай, сонымен бірге оның  басының орыс әкімшілігіне тапсырылуына тікелей қамқорлық жасаған.

* * *

         Сағат Арынұлының тілге тиек болған осы сын мақаласын сөз еткенде кескілескен ұрысқа Қарасай батырмен екі жүз мәрте кіріскен Ағынтай батыр, қазақ жерін Өзбекстан мен кеңестік Ресейге беруге үзілді-кесілді қарсы шығып, сол үшін биік лауазымды қызметінен қуылған Жұмабек Тәшенов, өткен ғасырдың небір алмағайып кезеңінде ел басқарған үш қазақтың бірі, алаштың ардагер ұлы - Жұмабай Шаяхметов туралы және автордың басқа да ой-толғамдары назар аударарлық дүние.

         Белгілі қоғам қайраткері, жазушы Әди Шәріпұлының «Жұлдыз» журналындағы (№9, 1994) естелігіне сүйенсек, 1954 жылдың соңына қарай республика партия ұйымының басшылығына КОКП Орталық Комитетінен Шымкент облысының Бостандық ауданын түгелімен Өзбекстанға беріңдер деген нұсқау келген. Алайда, орталық пәрмені тез орындалмай, ұзаққа созылады. Сондықтан мұны анықтап зерттеу үшін комиссия құрылады. Бұл құзырлы топ мәселені сараптап, қорытындысы бойынша сол кездегі Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л. Брежнев жолдастың атына 1955 жылдың 1 маусымында арнайы хат түсіреді.

           Онда: «Бостандық ауданының жері... мал өсіруге мәні зор екендігін, құрылыс материалдарын өндіруге, су-энергетикалық қорларының молдығын... қорғасын, көмір және машина жасайтын өндірістердің жұмыскерлері дем алатын орындарын ұйымдастыруға өте қолайлы екендігін ескеріп, бұл ауданды Өзбекстанға беруді өте тиімсіз санаймыз.

        ...Оңтүстік облысының Бостандық ауданын Өзбек ССР-на беру жөніндегі Өзбек ССР Өкіметінің сұрауын комиссия негізсіз деп есептейді... Қол қойған комиссия жетекшісі – Ж. Тәшенев (Жоғарғы Кеңес төрағасы), мүшелері – М. Бейсебаев, С. Дәуленов, Х. Арыстанбеков, А. Морозов, В. Гогосов, В. Шереметьев. 1 маусым 1955 жыл (16-б.) делінген».

         Бұл тұжырым ЦК-нің бюросында  (сол маусым айында) қаралып, толықтай мақұлданады. Алайда, Мәскеу бұған пысқырып та қарамайды. 1955 жылғы қарашаның 12-жұлдызында   Н. Хрущев қол қойған КОКП ОК Президиумының қаулысына орай КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы К. Ворошилов қол қойған Жарлық шығып, оңтүстіктегі Бостандық ауданы Өзбекстанға кете барды. 1962 жылдың тамыз айында ала шапанды бауырларымыз тағы да екі республиканың шекарасын ретке келтірейік деген сылтаумен Шымкент облысының Өзбекстанмен шектескен кейбір өңірін сұрап, тағы да ұсыныс жасайды.

           Оны Хрущев қолма-қол қолдайды. Сөйтіп, 1962 жылдың 20 қыркүйегінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Шымкент облысының құрамындағы Киров, Келес, Сарыағаш аудандарының едәуір бөлігін (421300 гектар) Өзбекстанға беріп, ол жақтың 3500 гектары жері бізге өтуі тиіс деген шешім қабылдапты. Әди Шәріпұлы осы указдың мәтінін «Жұлдызда» жариялады. Алайда,  бұл құжаттың жобасы немесе алғашқы нұсқасы болса керек. Олай дейтін себебіміз, Қазақстан даму институтының И. Тасмағамбетов редакциясымен шыққан «Первые лица государства: политические портреты» (Алматы, 1998) деген кітапта былай деп көрсетілген: «В газете «Казахстанская правда» за 29 января 1963 г. был опубликован Указ Президиума Верховного Совета Казахской ССР «О передачи части территории Южно-Казахстанского края в состав Узбекской ССР» (жарлыққа 1963 жылдың 26 қаңтарында қол қойылған – А. К.). Вот выдержки из указа: «Исходя из общегосударственных интересов, в целях ликвидации разобщенности земель «Голодной степи», их быстрейшего хозяйственного и наиболее рационального использования для увеличения производства хлопка и другой сельскохозяйственной продукции Президиум Верховного Совета КазССР постановляет: передать в состав УССР Кировский и Пахта-Аральские районы, Кзыл-Кумский и Чимкурганский сельские советы с общей земельной площадью 95,9 тыс. га, а также 1 554 000 га пастбищных земель Чимкетской области и 1 150 000 га Кзыл-Ординской области, находящихся в долгосрочном пользовании Узбекской ССР... Указ вступает в силу с 1 февраля 1963 г.» (313-314 б.). Яғни алғашқы құжатта 421300 гектар туралы сөз қозғалса (сонымен бірге Өзбекстанның 3500 гектар жері бізге өтеді делінді емес пе?), соңында мәселе, байқайсыз ба, мүлде басқаша шешілген. Сөйтіп, Қазақстан 3 500 000 гектардан астам шұрайлы жерінен айырылап қалды.   Ел боламыз десек, марқасқа азаматтарымызды руына, жағрафиясына қарамай, тарихи деректерді саралап, ақиқатын айтайық. Қаламгер Сағат Арынов ағамыз мақаласының негізгі айтар ойы осыған келіп саяды. Расында, аңыздан тарих жасамай-ақ, қандай да болсын шындықты сөз еткенге не жетсі?! Осыған орай бір-екі мысал келтіріп, кейбір деректерге назар аударып көрейікші.

           Айталық, ақмолалық азаматтар – Талғат Бигелдинов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Жұмабек Тәшенев – қазақ халқының мақтанышы. Дей тұрсақ та, біз оларды кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, паш ете алып жүрміз бе? Кеңес Одағының екі мәрте Батыры атанған Талғат ағамызға Халық Қаһарманы атағы неге берілмейді? Оны айтасыз, қадірменді ақсақал 85 жасқа келгенде  оның жасын, соғыстағы   ерлігін елеп не қалалық әкімшілік, не Қорғаныс министрлігі, не Үкімет құттықтау хатын да жолдамапты («Жас Алаш», № 35, 30.04.2009). Ал қырғыздың әдебиетші ғалымы Әбділдәжан Ақматалиев өзінің кітабында («Жазушы», 1989) Талғат Бигелдинов Фрунзе қаласында туды деп жазады. Қазақстаннан тыс жерден шыққан анықтамалықтардың бәрінде осындай ақпар берілген.

          Сол сияқты қазақты әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлы (осыған орай журналист Ғ. Қожабековтың «Егемен Қазақстанның» 2010 жылдың 27 қаңтарындағы жазған ой-пікірін қайталамай-ақ қояйық) мен Рейгстакқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлік істерін тиісті деңгейде насихаттап, елеп-ескеріп жүрміз бе? Ал, солтүстік аймақты Ресейге бергізбеймін деп, арыстандай арпалысып, сол үшін биік мансабынан қуылып, қуғын көрген Жұмабай Тәшеневтің тіпті аудан орталығы да емес, туған ауылына оның есімін беруге жұртшылық қанша өтініш жасаса да қанағаттандырусыз қалғанын қалай түсіндіруге болады?

         Ал ақиқатына келсек, барлық қазаққа ортақ Талғат Бигелдинов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Жұмабек Тәшеневтердің ескерткіштері қазіргі Астананың дәл ортасында тұруы керектігі өзінен өзі сұранып тұр емес пе?

«Ел бірлігі – ел теңдігі» дегендей, бірлік болмай, тірлік болмастығын ұмытпағаныз абзал, ағайын!

 

Амантай КӘКЕН,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі