СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНЕ СЕРГЕК ШЫҚҚАН...

          Қазақ журналистикасының туын биік ұстап, әрдайым абыройын көтере түсуге өзіндік үлесін қосып келе жатқан республикамызға көптен танымал журналист Сағат Арынұлы сексен сынды аса құрметті жасқа келіпті.

        Тәуелсіздік дәуірінде жастарға тән шабытпен қалам тербеп жүрген ересек буын ішінен Сағат аға әрдайым өткір пікірлерімен ерекше көзге түсетін. Біз бұл кісінің түрлі кемшіліктерді – еліміздің абыройына нұқсан келтіретін келеңсіздіктерді, рынок желеуімен жалпыхалықтық байлығымызды талан-таражға салған сыбайлас жемқорларды, құлқынның құлына айналған шенеуніктерді, билік буындарындағы түрлі тұтқаға ие болып алып, қилы қисық тірліктерімен бірлігімізге іріткі салып жүрген рушылдар мен топшылдарды әшкерелеген мақалаларын ризашылықпен оқитынбыз. Оқыған сайын тағы сондай батыл пікірлер білдіруіне іштей тілектес болатын едік. Сөйтіп жүргенде, қадірменді қаламгердің сексеннің сеңгіріне шығып, ақсақал жасына келгенін байқамай да қалыппыз.

         Енді осы мерейтойы орайында  ардагер ағамыз жайында бір-екі ауыз пікір білдіруді парыз деп санаймыз.

         Сағат Арынұлы Жамбыл облысында туып-өсті. Күллі өмір жолы, журналистік қызметі де осы облыспен тығыз байланыста өтуде. Облыстық газетте, радиокомитетте қызмет атқарып, қатардағы тілшіден басшы қызметкерге дейін көтерілді. «Шұғыла–Радуга» атты Жамбыл аудандық газетінің алғашқы бас редакторы болды. Жаңа шығармашылық ұжым қалыптастырып, бір шоғыр жас журналистерді тәрбиеледі.

            Ол тек Жамбыл облысына ғана емес, бүкіл республикамызға танымал қаламгер. Баспасөз бен радиода жарты ғасырдан астам үзбей еңбек еткен Сағат аға әлі де қаламын тастамай, жемісті шығармашылық жұмыстарымен көрініп келеді. Қарымды қаламгер «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Еңбек туы», «Ақ жол», «Оңтүстік Қазақстан», «Тың өлкесі», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Ана тілі» және заманауи өзгерістерге орай шаңырақ көтерген басқа да республикалық басылымдарда жарияланған көсемсөз, очерк, сын және проблемалық мақалаларында еліміздің экономикасына, әдебиеті мен өнеріне қатысты сан түрлі мәселелер көтерді. Маңызды журналистік жұмыстарын топтастырған бес кітабы баспадан жеке басылымдар ретінде жарық көрді.

           Оның бүкіл журналистік қызметінің өрісі де, қайнар бұлағы да кәдімгі қазақ ауылы болған-ды. Осы бір қасиетті мекеннің барлық қам-қарекеті оның кеңес заманындағы басты тақырыбына айналған еді. Ол қазақ шаруасының – малшының, диқанның ерлікке парапар еңбегі мен оны жақсарту жолдары жайында жазды. Әділетсіздікке ұшырағандарға араша түсті. Тауқыметті тіршілікте мойымай, ел дәулетін асыруға үлес қосушыларды дәріптеді. Баспасөздің ауыл тұрғындарымен байланысын нығайту, қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтеру, оларды еліміздің басты тірегі, негізі ретінде насихаттау, халық дәстүрлерінің өркен жаюы, ана тіліміздің өміршеңдігін қамтамасыз ету, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ел өмірімен біте қайнасып жатуы жолында кеңес заманында да, бергі тәуелсіздік дәуірінде де жан аямай тер төкті.

           Ұзақ жылғы журналистік қызметінде ол Жамбыл облысының шар тарабын түгел аралап, ел тыныс-тіршілігімен етене танысты деуге болады. Әр ауданның хал-ахуалын тікелей еңбекшілермен араласа жүріп танып-білді. Ол Шу өзенінің төменгі ағысындағы алқапты, Мойынқұмды, Бетпақдаланы, Сарыарқаны мекендеген жұрт өмірін, жер жағдайын бес саусағындай біледі десе, артық айтқандық емес. Содан көрген-білгенін, ойға түйгенін облыстық және республикалық баспасөз беттерінде оқырманмен бөлісіп отырды.

          Оның әдебиет пен өнер тарихындағы беймәлімдеу тұстарды ашудағы еңбегі де атап айтуға тұрарлық. 50–60-жылдары Шу бойындағы шаруашылық адамдарымен кездесу сәттерінде байырғы өнер қайраткерлері жайында сұрастыра жүріп, әлемдік музыка мәдениеті тарихында өз орыны бар атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлының жерленгенін жерін тапты. Басына белгі қойғызуға мұрындық болды. Халқымыздың мақтанышына айналған әйгілі композитор және орындаушы,  қазақы тілде – жәй ғана қобызшы Ықыластың сол жылдары көзі тірі жақын туысқандарымен сұхбаттасты. Олардың даңқты өнерпаз жайындағы дүнияуи естеліктерін жазып алып, күйлерімен бірге күллі Қазақ еліне радио арқылы таратты. Республикалық әдеби газетке әрі танымды, әрі проблемалы материал жариялады. Жергілікті музыкант Сәбит Нұркеевтің Сарысу ауданында музыка мектебін ашуына қолдау көрсетті. Мектепке ұлы қобызшы Ықыластың есімін бергізу, одан, мектепке жаңа ғимарат салғызу үшін түрлі мекемелер табалдырығын тоздырып жүрген директор Нұркеевтің оң нәтижеге қол жеткізуіне жәрдемдесті. Ықаңның туыстарынан, өзге де тікелей көрген адамдардан бет-бейне ерекшеліктерін ауызша сұрастыру арқылы, ұлы композитордың суретін қылқаламмен салғызу жөніндегі ізденістеріне ақыл-кеңесін беріп, ұдайы моральдық көмегін тигізіп тұрды.

      Сонымен қатар, «халық жауы» атты қара таңбадан жиырмасыншы партсъезден кейінгі алғашқы лекте ақталған қазақ әдебиеті классиктерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллиннің өміріне байланысты ел ішінде сақталған мәліметтерді және жұрт аузынан оның біраз өлеңдерін жазып алып, жұртшылық игілігіне ұсынды.

            Сағат ағаның өзі де поэзияны жас шағынан жақын тұтқан. Майталман қаламгердің «Ақиқаттың жолы алыс» атты кітабына жазған алғысөзінде профессор Әбдеш Қалмырзаев оның журналистігімен қатар, ақындығы хақында да асқан ілтипатпен жылы пікір білдіріпті. Өлең жазумен мектеп қабырғасында әуестене бастаған ол студенттік шағындағы өлеңдерінде жастық сезімдерді арқау еткен көрінеді. Одан, есейген сайын, өлеңінің алымы мен шалымы күрделілене түскені көзге ұрады. 1980 жылы жазған «Өлеңге бар әркімнің таласы...» деген поэзиялық туындысында Сағат аға бұл орайда мынандай сыр ашыпты: «Жазған емен   өлеңді өзім үшін, Әлдеқандай ала құйын сезім үшін». Осылай дей келе, жәй ұйқас құрудың өлең бола бермейтінін былайша білдіреді: «Бір терең ой жаныңды тебірентпесе – Өлең емес, ұқсаса да сыртқы пішін».

           Қаламгердің кемел шағындағы қалам тербесі, шынында, тек қана жанын тебіренткен терең ойдан туындап жатқанын көресің. Өлең, дастандары ғана емес, күнделікті тыныс-тіршілікке сергек үн қатып отырған публицистикалық мақалалары да сол үдеге сай. Қаламгерлік мақсат-мүддесі мен азаматтық кредосын ол өзінің өлең жолдарында былайша түйіндейді: «Әділетті аттағанды көрсем егер, Қаным шапшып басыма, қайнар ішім. Шенеуге мұндайларды тырп еткізбей, Жұмсаймын құдіретті сөздің күшін».

          Тәуелсіздік жылдарғы жарияланымдарын оқыған сайын қазақтың ұлттық рухын қорлап жүрген мәңгүрттерді әшкерелеудегі батылдығы мен қайрат-қарымына қайран қалатынсың. Біз Сағат ағаның баспасөзде әділдік үшін қалай шайқасқанына, шындықты, қаламы арқылы, бет-жүзге қарамай тура айтқанына куә болдық. Ол мәдениет мұраларын сақтау, тарихты бұрмалауға жол бермеу мәселелеріне өте кірпияз қарайтынын көрсетті.

         «Опасызды омақа асырып, өткір тіл – Бет қаратпай, турашыл айтар шешім. Біреуге ол жаға ма, жақпайды ма, Менің  онда болмайды ешбір ісім», – дейді ақын-журналист. Өлең тілімен ағынан жарылу дегеніңіз осындай-ақ болар. Онысының хақтығына күллі жарияланымдары куә. Оны оқырмандары өмір бойы ақиқаттың ақ жолынан айнымаған қаламгер ретінде біледі. Ол қиындықтан қорықпай, әділет туын ұдайы жоғары ұстауда. Шығармашылығы айқайлап айтып тұр – ол әрқашан турашыл болып келе жатқан қаламгер. Тек шындықты жазды, көлгірсуге ешқашан жол бермей, әділ сөйлеуді әрдайым мұрат тұтты.

        Бұл жастарға өнеге боларлық қасиет, мұны өскелең ұрпаққа қашанда үлгі етіп тартуға тұрады.

            Адалдық пен азаматтықты серік еткен журналистика ардагері сексеннің сеңгіріне шаршап-шалдықпай көтерілді. Оның шығармашылық жетістіктері кезінде Қазақстан Журналистер одағының жүлдесімен, еліміздің үкіметтік марапат белгілерімен – бес медальмен атап өтілді. Дербес зейнеткер ағамыздың қаламы әлі қолында, айтары да мол. Бүгінде ұзақ жылдар шәкірт тәрбиелеген ұстаз – Қанай жеңгемізбен қол ұстасып, әр салада еңбек етіп жүрген ұл-қыздарының, немерелерінің ортасында бақытты күн кешуде. Барша күш-жігерін, қаламының қарымын өз елінің рухын көтеруге жұмсап жүрген қаламгерді мерейтойымен  құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, шығармашылық жеміс тілейміз.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ