НАҒЫЗ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ. Сәбит Мұқановтың туғанына 110 жыл

d181d0b0d0b1d0b8d182-d0bcd183d0bad0b0d0bdd0bed0b2-3d181d0b0d0b1d0b8d182-d0bcd183d0bad0b0d0bdd0bed0b231d181d0b0d0b1d0b8d182-d0bcd183d0bad0b0d0bdd0bed0b2-2         

 ЮНЕСКО-ның шешімімен 2000 жылы бүкіл дүниежүзі қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқановтың(1900-1973) туғанына 100 жыл толуын атап өткен еді. 2010 жылы 22 сәуір ұлы жазушының дүниеге келгеніне 110 жыл толады. Шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған, А.Толстой, Л.Леонов, А.Фадеев, С.Маршак... талай алыптар бас иген ұлы тұлға туралы үнсіз қалу – әдебиетімізге, тегімізге деген құрметсіздік саналар еді. Жақында ғана Мәриям апасымен қоштасқан осы жұрт Сәбеңнің тойын қай деңгейде қарсы алғалы отыр? Атаулы күнді ел есіне салып, ұлы тұлғаға тағы бір мәрте тағзым жасауды жөн көріп отырмыз.

        Мұхтар Әуезов: Қазақ әдебиетінің аға жазушысы Сәбиттің аты – қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі. Сәбиттің «Теміртас», «Жұмбақ жалау» сияқты романдары сапа мен көркемдік жағынан қазақ көркем қара сөзінің елеулі үлкен дәуірін танытады. Қазақ романының тарихында талантты, өнімді жазушы Сәбиттің орны – бірінші орын. Оның аты бүкіл одақ елінің оқушысына да мәлім және кеңес әдебиетінің ұйымдастырушысы есебінде де зор еңбегі бар адам.

Ғабит Мүсірепов: Сәбиттің еңбектері – халық қазынасы, ел мақтаны...Сәбит еңбектерінің бірнеше өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен Сәбит – ақын, Сәбит –жазушы, Сәбит – драматург, Сәбит – әдебиет тексерушісі, Сәбит қазақ совет әдебиетін ұйымдастырушылардың бірі. Сәбиттің шығармалары әдебиетімізге берік негіздің бірі болып кіреді... Жазушы Сәбит Мұқановтың қаламынан туған еңбектер өз алдына бір энциклопедия.

Мұхаметжан Қаратаев: С.Мұқанов толық мағынасында халық жазушысы еді.

Әбділда Тәжібаев: Сәбит – қазақ әдебиеттану ғылымының туып-қалыптасуына да көрнекті еңбек сіңірушілердің бірі. Ал прозадағы Сәбиттің орны тіптен бөлек. Сәбит қазақ совет поэзиясында қандай ірі орын алса, оның негізін салушылардың бірінен саналса, прозамызда да сондай. Өйткені Сәбитті айтпай, оның шығармаларын талдамай қазақ совет прозасының қалыптасуын түсіндіру өте қиын.

Тұрсынбек Кәкішұлы: Қазақ әднбиеті тарихында өз романын орыс тілінде бірінші болып жариялаған жазушы – Сәбит Мұқанов...Сәбит Мұқанов – қазақ кеңес әдебиетінің негізін қаласқан, оның өркендеуі үшін орасан еңбек сіңірген аса көрнекті сөз шебері, ел еңбекшілерінің бүгінгі өмірінен, ой-арманынан нәр тауып, шабыттана жырлаған азамат ақын, дәуір шындығын эпикалық биік деңгейге көтере суреттеген халықтық жазушы, сахна өнерінің өркендеуіне үлес қосқан драматупг. Қазақтың әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымын өрге сүйреген жауынгерсыншы, парасатты ғұлама. Қазақ әдебиетінің мақтанышы Сәбит Мұқанов өзінің өнегелі де өміршең шығармаларымен қазақтың жаңа ұрпағына рухани азық беріп, ұрпақтан-ұрпаққа жасай беретін ұлы классик.

 

С. ӘБЕҢНІҢ ТӘТТІ ҰЙҚЫСЫ

(С.Мұхановтың 110 жылдығына орай «Алыптың адымдарына» қайта үңіліп)

 

Шоқан салған жол

          Шетелдегі қазақтар және олардың әдебиетін зерттеу сөз болғанда сөзді Шоқаннан бастамау мүмкін емес. Сол үшін де Сәбит Мұханов «Алыптың адымдары» аталатын еңбегінде (Қазақ мемлекеттік баспасы. 1959ж) Қытайға сапарға шығар алдында ең алдымен Шоқанмен «сырласып», оның 1856 жылғы жарияланбаған «күнделігін» ақтарғанын тілге тиек етеді. Өз кезінде Шоқан орыс империясының мүддесі үшін жұмыс істеді    десек те оның қырғыз-қазақтардың тарихы мен әдебиетіне жүргізген зерттеуі ұшан теңіз еді. 1856-1857 жылғы алғашқы саяхаттары мен 1858-1859 жылдардағы Қашқарияға сапары нәтижесінде Уәлихановтың «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс провинциясы мен Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» атты еңбектері туды. Және Орталық Азия мен Шығыс Түркістан карталары, «Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы», «Құлжа қаласының жобасы», «Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта», т.б. дайындалған.

          Құлжа, Қашқар сапарында да ұйғырлар төңірегіндегі «Жоңғар очерктері» әңгіме болғанымен оның көкейінде исламды өзек еткен түркілер тағдыры жатты. Соның ішінде өзінің қандас қазақтары туралы түйе  бағушылар арқылы болса да өзіне қажетті құндылықтарды жинай білді. Сөйтіп ол «кыргиз-кайсақ» аталатын тайпалар тұтастығының алғашқы энциклопедиясының негізін қалады.

           Ортағасырлық деректер мен ауыз әдебиеті үлгілері негізінде «Қазақ шежіресі» атты еңбек жазды. Іледегі Таңбалы тас мекенін, Шолақтау мен Жоңғар қақпасындағы жартас жазуларының көшірмесін жасады және Аягөз бен Ыстықкөл жағасындағы тас балбалдардың суретін қағазға түсірді. Ыстықкөл, Құлжа, Қашқар сапарының күнделіктері, «Көкетай ханның асы», «Оңтүстік Сібір тайпаларының тарихы туралы пікірлер» - бәрі де сол кезеңнің үздік туындылары болды. Ғылыми еңбектері ішінде Жетісу, Ыстықкөл, Тянь-Шань, Шығыс Түркістанға тарихи-географиялық шолу жасауға арналған «Жоңғария ескерткіштері», «Қазақтар туралы жазбалар», «Алтышаһардың, яғни Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның)   жайы» сияқты зерттеулерінің орны ерекше еді.

               Шын мәнінде XIII ғасырдың соңғы ширегінде Марко Поло, содан 1603 жылы саяхатшы Гоес қана болған Қашқарияның географиясы, саяси құрылысы, мәдениеті мен тұрмыс-салтының ерекшелігі туралы үш жарым ғасыр бойы Еуропа ғылымында елеулі мәлімет болмаған. Еуропалықтарға жабық болып есептелетін Қашқария билеушісі Уәлихан-төре Шоқаннан бір жыл бұрын Үндістан арқылы барған немістің белгілі географы Адольф Шлагинтвейттің басын кескен еді.

           Шоқан Уәлиханов болса 1857 жылы тамыздың 22-інде Александр II-нің қол қоюымен осы жолдың қатеріне қарамай Қашқарияға баратын экспедицияны бастап жолға шыққан болатын. Бір қызығы Сәбең де араға тұп-тура бір ғасыр салып, Шоқанның сапар   жолын қайталай басып өтті. Кеңестік империяның шеңберінде жүрсе де қандастарына «бүйрек бұрып», Шоқанның кемтігін толтыруды іштей армандағанымен «кеңістіктен» шыға алмады. Шохан жолының күрделілігін, ауырлығын С.Мұханов өз басынан өткерген сапар жайынан толық аңғарса керек. Ш.Уәлихановтың өзінен бұрынға орыс ғалымдарын қайталағысы келмегені сияқты Сәбең де Шоқанды қайталаған жоқ. Дегенмен екеуі де орыс цензурасынан сүрінбей өтті. Сондықтан шетелдегі қазақтар және олардың әдебиетін зерттеу сөз болғанда сөзді Шоқаннан бастап, Сәбеңді соқпай өту мүмкін емес.

 

Көл суреті

         Көз – көңілдің, көл – даланың терезесі. Қытайға сапар Сәбеңнің көңілін айрықша толқытты. Көз алдында «алып» орыс даласының Байқалы жатты. «...Біз көл шетіне    кірген шақта көл бетінде ақ бұлттанып, қап-қалың боп шөгіп жатқан бұйра тұман, көл көркін ақырындап ашқысы келгендей, әр тұстан сөгіле көтерілді. Аз уақыттан кейін аспан да көл беті де ала бұлттана, төбедегі бұлт таудың ар жағынан аспанға биіктей тарамданған күн сәулесінен күреңдене боялды да, сол бояудың елесі Байқал көліне шағылысқанда біздің самолет, адам ауызбен сипаттап жеткізе алмайтын сиқырлы суреттің ішіне сүңгіді де кетті... Көлден көтеріле бастаған тұманның кейбір бөлшектері көл жағасында, алыста мұнартып бұлдырлаған жоталардың салаларына қонып, әдетте аласа таулардың қатарына қосылатын ол жоталар тұманның құшағында көтерілгендей, тұман арасынан сорайған шоқылары аспанға шаншыла шырқап кетті...». (14 бет)

         Алғаш рет қалыңдығының ауылына аттанып бара жатқан бозбаланың тәтті сезіміндей Сәбеңді қыттықтаған не еді? Көл бетінің мұнары неге ғана «көл көркін ақырындап ашқысы келгендей, әр тұстан сөгіле көтеріліп», лезімге айығып кетті. Бұл «цензураның» көзін бояған, Шоқанның жолын өзгеше қайталаған Сәбеңнің көлдей көңілінің суреті емес пе?! Тұманданған Байқал көлін артына қалдырып, шығыс түрік даласына тұтас төбесінен қараған, сол даланың көркіне аспаннан алғаш үңілген жазушының далаға деген, елге деген «мөлдір махаббаты» шығар.

             Ал «Алыптың адымдарының» соңғы беттеріне таяған сайын Сәбеңнің қанбаған құмары, тарқамаған шері тағы да көл суреті арқылы көзге ұрады. «Сәнді киінген сұлу келіншектей мөлдіреп, бетіндегі әлсіз толқынның әр тамшысы батысқа еңкейген күннің сәулесіне алтын балықтай шағылысып, алп-шұлп, жарқ-жұрқ ойнаған көлдің өзінің де, мұнарта маужыраған төңірегінің де көркіне қайран қалған біз, машинаны жарқабаққа тоқтаттық та, өзіміз домалай төиенге түсіп, жүгіріп көл жағасына келдік. Жағасы құм-қайраң екен. Желсіз тымық ауада әлденеге ақырын ғана қозғалған су, жұқа ғана ирелеңдеп, көл шетінде көбікпен көмкерілген сарғылт құмға шылп етеді де, кейінгі иректердің астына сүңгіп кері кетеді. Жеңіл қимылды судың мөлдірлігі көздің жасындай, шетінен қараған кісі құс таңдайланңан түбін алысқа дейін айқын көреді. Дәмі – саумалдау.Суға қызыққан біздің шомылып та алғымыз келіп еді, көлдің батыс жиегінде бұлдыраған таудың төбесіне жақындаған күн көзін сол кезде түтіндене бастаған бұлт бүркеуге айналды»(338 бет).

            Міне, қазақ жерінің қасиетті көліне Сәбең тамсана қарайды. Көлге шомылғысы келеді. Себебі түркі бауырларының, қазақ ауылдарының мейіріне қанып болмаған қаламгер сол даладан алыстап барады, аттанып барады. Қимай барады. Бірақ, шомыла алмайды. Бұл жазушының   Шыңжаңнан аттанар алдындағы, қоштасар сәтіндегі көңіл күйі. Мұңлық бейне – нәзік сезімнің иесі бұл далаға алғаш рет келіп, соңғы рет қол бұлғап барады.

 

«Жарты бастың» хикаясы

          «Алыптың адымдары» аталатын еңбектің Шыңжаң жайынан сөз қозғайтын төртінші тарауының алғашқы бөлімі «нысаналы бала» деп аталады. Сәбең бұл балаға неге шұқшиды. «Менің ойым имамның кеңесінде емес, баланың түр-тұлғасында. Оның кескініндегі көмірдей қара бояумен, «қан мен сүт ақ жүзінде араласқан» деп сипаттайтын қызыл шырайлы ақ бояу маңдайын, мұрнын, иегін дәлдеп өлшегендей қақ-жара төмен түсіп, бұғаққа жете тоқтаған. Беттің қара жағын түгел жаба, шықшыттың астын ала, мөлдірей қап-қара сақал өскен... Шашын тап-тақыр ғып қырған бастың да тең жартысы қап-қара, тең жартысы аппақ екен. Осы екі түс желкенің шұқырына жете бітіпті»(217-218 бет).

         Жазушы Шыңжаңға берілген алғашқы таныстыруды неге бір беті ақ, бір беті қара «жарты бас» баладан бастады екен. Сол баланың басынан Шынжаң тағдырын, Шыңжаңдағы аз ұлттардың тағдырын, екі елге жарылған қазақтардың тағдырын көрген жоқ па екен деген ой мазалай береді.

 

Рахат кеш - тәтті ұйқы

        Сәбең қазақ ауылдарында болған азғана сәттерінде сол ауылдың өз адамдарындай аунап-қунап, «балдай батып, судай сіңіп» кете береді. «Сол күні кешке тағы бір қазақ ауылына қондық. Кешке сол ауылға жергілікті жастар және қытай студенттері жиналып сауық кешін жасады. Бұл менің рахатта өткізген кештерімнің бірі болды» (336 бет) дейді бір сөзінде. Тағы бір қазақ ауылына келгенде: «Шаршап келген біз, ертерек жатып тынығып, ертеңіне сәске көтеріле түрегелсек, тау арасының күн көзіне қызып үлгірмеген салқын ауасы тамаша бір рахат жайда екен»(339 бет) деп көтеріңкі көңіл күйін жасырмайды.

          Қытайдың не бір керемет алтынмен апталып, күміспен күптелген қонақ үйлерінде «рахаттанбаған» Сәбеңнің қазақ ауылдарына келіп, көсіле ұйықтағаны қалай?

         Тұманынан айыққан көлдей көңіл тезек исі бұрқыраған қараша үйлерге неге бауыр баса береді? Ет жүрегі езілген, жақындығын танытқан жазушы айналасындағылардан жасырған жан құпиясын осы арада байқамай ашып алған жоқ па! Иә, дәл солай. Қазақ көліне шомылғысы келгені сияқты қазақ үйін көргенде мызғай кеткісі келетін, сағыныштан туған еркелік әке-балалық, аға-бауырлық қимастарда көп болушы еді ғой. Ағалығын ағыл-тегіл ақтарып, ыстық құшағына тартып құшып-сүйе алмағанымен бүйрегі бүлкілдеп тұрғанын жасыра алмайды. Қайран Сәбең-ай, қазағыңның төрінде көсіле жатып, туырлықтың жыртығынан жұлдыз көрінген сол бір түндердегі ұйқың қандай тәтті болды екен деші!

 

Алтын көпір

           Қазақтар туралы қытайлар көп біле бермейтін сол бір кезеңде қазақ жазушысының қытай астанасы Пекиннен тартып, бүкіл ел мен жерді аралауы ғажап оқиғалардың бірі еді. Ол осы сапарында қытайларға қазақ жазушысы, қазақ ұлты туралы ой салып қана кеткен жоқ, ондағы қазақ қаламгерлерін марқайтып, қанаттандырып қайтты.

          «Бізді қарсы алуға келген топтың басқарушысы – қытайдың ақыны, қытай жазушылар ұйымының қасындағы шетел жазушыларымен байланыс жасау комиссиясының бастығы Чан Бай-шан деген жолдас екен»(19 бет). «...Ертеңінде бізді бүкілқытайлық Жазушылар бірлестігінің председеталі Мао Дун жолдас қабылдады»(30 бет).

            Ендігі жерде Сәбең қазақтың емес, әлемдегі алпауыт ел - Кеңес Одағының мүйізі қарағайдай жазушыларының бірі. Кеңес-қытай достығы барамын-келемін дегеніне кең жол ашып отырған екі ел саясатының тиімділігінен ойға алған нәрсенің бәрін көру мүмкіндігіне ие бақытты жан. Коммунистік партияға адал көңілмен қарап келген ақ пейіл қаламгер өзге ұлт жазушыларын да жатырқаған жоқ. Әсіресе көрген-білген, сезген дүниесін назарынан қағыс қалдырғысы келмеді. Көз алдына көргенін қалт жібермей қағазға түсіріп, орыстардың аузын аңқитқан Шоқан елестеді. Шоқан болып ойланып, Шоқан болып толғанды. Оның кетігін толтырып, кемтігін жамағысы келді. «Өмір мектебін» әлі де тереңдей зерттегісі келді. Бұл жолда Шоқан Уәлихановтың басқан ізі жайында құнды деректер жинап қалмастан, қытай тарихы мен мәдениетін танып-білгеніне, тереңіне үңілгеніне қайран қалмау мүмкін емес еді.

        Шыңжаңдағы күндерінде қазақ қаламгерлерінің де талайымен бірге болып, әдебиет және өнер хақында көп сыр шертіскен. Бір ғажабы мұндай әңгімелер әсіресе әдебиет жөніндегі шежірелер аса көп емес. «Мүмкін редакциялық өңдеуде қысқарып қалған шығар» деген күдікке де жетелейді.

            Сонда да оның қаламынан Таңжарық Жолдыұлы, Әсет Найманбаев, Бұхара Тышқанбаев, Сара Таңжарыққызы, Әсейін Жақсылықұлы секілді тұлғалар қағыс қалмаған. Ол кезде Сәбит есіміне бүкіл қытай қазағының жетпістегі шалынан, жетідегі баласына дейін дегендей дерлік таныс еді. Әсіресе екінің бірі:

Ботакөздің көзінде,

Күн көзіндей жарық бар.

Ботакөздің сөзінде,

Телегей-теңіз тарих бар,- деген беташармен басталатын «Бөтакөз» романына әбден қанық болатын. Мейлінше қарапайым, мейлінше бай, суретті, қаймағы қалың қазақы сөз саптауға келгенде Сәбеңнің шашасына шаң жұқпайтын. Қазақ әдебиетінің ұлттық бояуы қанық өзіне ғана тән шымыр тұлғасын сомдап, оқырманының қошеметіне бөленіп отыру көзі тірісінде көрген бақыты еді. Осы сапардан кейін де Шынжаңдағы қанша қазақ қаламгері С.Мұқановқа қарап бой түзеп өсті. Тіпті Қытайда жүріп өткен «мәдениет төңкерісі» аталатын көзсіз қозғалыс кезінде Сәбеңдісүйгені үшін «Сәбиттің, сәбеттің мыс шегесі» аталып талай қазақ таяқ жеді.

            Орыс-Қытай сынды екі империя тату болса оның қолтығында отырған туысқан халықтардың, қазақтардың да бір-біріне жақын барыс-келісте бола алатынын жаны сезіп, ішек-бауыры езіліп жүрді. Империялардың идеясына жат көрінгісі келмеді. Бірақ «көл суреті», «жарты бас», «ұйқысы қанған сәттердің» жүрегінің түкпірінде жатқан беймәлім құпиядан сыр суыртпақтауы мүмкін жазушы шеберлігі, мүмкін өзі де сезбеген таза сезімнің шымырлап шыққан тұнығы шығар. Қалай болғанда да оның жазғандарынан ұлтын жан-тәнімен сүйетін жұдырықтай жұмыр еттің лүпілі ап-анық естіліп тұрады. «Жол таптым бар қазақтың жүрегіне» деуінің тегін еместігін де сонан аңғарамыз.

            Қытай сынды алып елге даланың марқасқа ұлы өз марқалығын осылай танытып, абыз болып барып, аңыз болып қайтқан еді. Жай ғана танытып қойған жоқ, сүрдекті сүрлеуге айналдырып қытай әдебиетіне ғана емес, қытайдағы қазақтардың әдебиетін қазақстандағы әдебиетпен тұтастыратын алтын көпір салып қайтқан болатын.

 

Жәди ШӘКЕН