Премьер-министр бюджеттік қаржыны игермеген вице-министрлерге сөгіс жариялады

 f002289747bb8d6012020980c324bdedБюджеттік қаржының игерілмеуіне жол берген бірқатар лауазымды тұлғаларға сөгіс жарияланды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Серік Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. «Бюджеттік қаржыны игермеу мәселесі өткен аптадағы отырыста талқыланды, ол бюджетті нақтылау бойынша шешім қабылданғанда қаперге алынды. Мен қаржының игерілмеуіне жол берген лауазымды тұлғаларды жазаға тарту бойынша бірінші басшыларға тапсырма берген едім. Мұндай ұсыныстар түсті. Сондықтан мен денсаулық сақтау вице-министрі Тәкежановқа, ауыл шаруашылығы вице-министрі Толыбаевқа, қаржы вице-министрі Теңгебаевқа сөгіс жариялаймын», - деді Премьер-министр. Сонымен қатар, бірқатар комитеттердің төрағалары мен лауазымды тұлғалары жазаға тартылды. «Павлодар және Жамбыл облыстарының әкімдеріне осы мәселеге жауапты орынбасарларына сөгіс жариялауды тапсырамын. Қабылданған шешім жөнінде бүгінгі күннің соңына дейін ақпарат беріңдер», - деп тапсырды С.Ахметов.

bnews.kz