3 млн бала аборттың құрбаны болмағанда, қазақ 20 миллионға жетер еді
2013 ж. 04 қараша
3298
3

Расында да, 1991 жылдары санымыздың 16 миллионға жетеқабыл болғанын ескерсек, осынша жылдың ішінде 1 миллионның айналасында ғана көбеюіміз ұлтымызға сын секілді.
Осы жағдайға алаңдаушылық білдірген қоғам қайраткері Ирак Елекеев Мәжіліс депутаты болып тұрған кезінде "Жасанды түсік жасауға заң жүзінде тыйым салу керек!" деп мәлімдеген болатын. "Менің ол мәлімдемем ұлт ертеңіне алаңдаудан туған еді. Статистикаға сенсек, жыл сайын елімізде 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалады екен. Бұл – 100 пайыз туу көрсеткішінің 80 пайызы деген сөз. Қазір ұрпағымыздың ерте есейіп жатқанын байқаймыз. Бірақ соған сай олардың жыныстық сауаттылығы байқалмайды. Ал бір рет жасанды түсік жасатқан жасөспірімнің ертеңгі күні ана болу мүмкіндігі кемиді. Көбіне бірінші шаранасын алдыртып тастағандар кейін балалы бола алмайды. Осылайша, елімізде бедеу аналар қатарының артуына себеп болып отырмыз",- дейді қоғам қайраткері И.Елекеев. "Елімізде әйелдің өз еркімен түсік жасатуына еш кедергі жоқ. Ана құрсағындағы сәбиінен құтылғысы келсе, еш кедергісіз құтыла алады. Бірақ айықпас дерт жамайды. Тіпті мерзімі үлкен шараналар ананың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Ананың бойында байқалмаған түрлі асқынулар, түрлі дерттер жасанды түсіктен соң өрши түсуі әбден мүмкін. Ең өкініштісі, әйел содан соң бала сүю бақытынан айырылатын жағдай жиі кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 80 миллионға жуық әйел жоспарсыз жүкті болады. Соның 20 миллионы жасанды түсік жасатады екен. Жасанды түсіктің салдарынан жыл сайын 68 мың әйел көз жұмған көрінеді. 2009 жылы әлемде 30 миллион жасанды түсік жасалса, соның 300 мыңы Қазақстанға тиесілі екен"- дейді отбасын жоспарлау орталығының бас дәрігері Ажар Тілегенова. Демек, алдағы уақытта ұлтымыз көбейсін, демографиямыз жақсарсын десек жасанды түсікке тыйым салумен қатар, әр отбасында кем дегенде үш баланың өмірге келуін ынталандыратын жұмыстар жүргізілуі керек. Әрине "адамның бір қызығы бала деген" халқымыз бала сүйгісі келмейді деп айту қиын. БҰҰ-ның есебі бойынша да Қазақстан халқы қартайып бара жатқан елдердің қатарына жатады екен... Дәл қазіргі таңда басқалар да елімізде көбею көрсеткішінің мәз емесін, халықтың басым бөлігінің жасы ұлғайғанын аңғарып отыр. Енді дамып келе жатқан еліміз үшін мақтанатындай нәрсе емес. Дамыған елдердің қатарына енгіміз келсе, дәл қазір біз барлық жағынан алда болуымыз керек еді. Жеріміздің көлемі жөнінен де әлем бойынша тоғызыншы орында екенімізді ескерсек, осынау ұлан байтақ өлкеге ие болатын халық санын арттыру парыз. Демек, алдағы уақытта көбею басты мақсатымыз болуы керек."Алаш айнасы"