ЕҢБЕГІ ЕРЕН, ӨМІРІ ӨНЕГЕ ҰСТАЗ

1
4177

           Ғылым дейтін ұшы-қиыры жоқ кеңістікте өзіндік қолтаңбасын қалдырып, айналасына білімнің шам-шырағын жағып жүрген, «дария-кеуде, тау-мүсін» тұлғалар аз емес. Солардың бірі қырық жылға жуық психология саласында аянбай тер төгіп келе жатқан, ең алғаш Қазақстанда психология ғылымынан докторлық диссертациялық кеңес жасақтаған, «Қазақ психологтар қауымдастығын» құрған, қазақ психология ғылымында ұлттық дамудың даңғылын салған, психология ғылымдарының докторы, профессор, академик – Сатыбалды Жақыпов.

          Біз көбінде ғылым мен білімді қатар қоямыз. Бірақ ғылым дегеніміз тек білім жинақтарынан тұрмайды. Онда әдеп те, өнер де, саналылық та бар. Ең бастысы, ғылым теориялық білімді іс жүзінде қолданып, одан жаңалық жасауды көздейді. Ал осы жаңалық міндетті түрде адамдардың кәдесіне жарауы, оларға қызмет етуі тиіс. Осы тұрғыдан келгенде бұл күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің жалпы және этникалық психология кафедрасының меңгерушісі Сатыбалды Мұқатайұлының ғылым сапарындағы басып өткен жолы өрелі де өнегелі деуге әбден болады.

       Ол М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Психология» мамандығын тәмамдаған. Ғылым қуған жас маман алғашқы оқытушылық қызметін Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен бастады. Психологияны терең меңгеріп, оны жаңашылдықпен шәкірт санасына құюды, осы кәсіптің тың қырларын ашуды көздеген Сатыбалды Мұқатайұлы өзгелерден ерекшеленіп, өз ісіне адалдығын көрсетті. Қажырлы еңбегінің, ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде ол 1990 жылы университетте алғаш құрылған Қазақстан бойынша жалғыз қазақ және орыс тілдерінде қатар оқытылатын жалпы психология кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Университеттің оқу жүйесін жетілдіруге үлкен ден қоя білген ұстаз білім беруде дамыған елдердегі сабақ берудің озық технологиясын ендіруді қолға алып, алғаш рет эксперименттік лаборатория ашты. Осындай тыңғылықты жұмыстарының арқасында ол аталмыш жоғары оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі проректоры қызметіне көтерілді. Тынбай ізденіс жасауының арқасында “Целеобразование в совместной деятельности”, атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын  қорғап, ғылым биігінде тың белеске жетті.

           Өмір деп аталатын ұлы сапарда  талай-талай жақсылармен жолығысып, олар тағдырыңа да ықпал етеді екен. Бұл біз ойлап тапқан жаңалық емес. Менің айтайын дегенім, сол кездерде оқуға келіп түскен аспиранттар мен ізденушілер үшін өзіне ғылыми жетекші табу өте қиын болатын. Себебі, жоғарыда айтқандай, Қазақстанда психология мамандығы бойынша ғалымдар санаулы-ақ еді.

          Профессор С.М.Жақыповтың әдістемелік-семинарын, дәрістерін біздер асыға күтетінбіз. Ол кісінің әрбір дәрісі құнды мәліметтерге толы болатын, өзінің ұстаздары профессор А.Н.Леонтьев, профессор О.К.Тихомиров, В.П.Зинченконың еңбектерінен үзінді келтіре отырып, аудиторияны ойлау процесінің ең қиын шиеленіскен сұрақтармен тұйыққа тіреп қоятын. Бұл тығырықтан біздер тек дәріскердің көмегімен ғана шыға алатынбыз. Көптеген қызықты деректерді келтіре отырып, жүйелей оқытуда профессор Сатыбалды Мұқатайұлының осындай өзіне ғана тән тұлғалық ерекшеліктері мол еді.

           2000 жылы профессор С.М. Жақыпов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шақыруымен философия және саяаттану факультетінде «этникалық және педагогикалық психология», қазіргі «жалпы және этникалық психология» кафедрасының ашылуынан бүгінгі күнге дейін меңгерушісі қызметін атқаруда. Ол кезде Қазақстанда психологиядан ғылым докторлары жоқтың қасы болатын. Сондықтан, профессор С.М.Жақыпов бұл саланың кешеуілдеп қалмауына жол бермей, Қазақстанда психологиядан диссертациялық кеңес құруды көздеді. Ол үшін сонау алыс-жақын шет елдермен байланыс жасап, ғалымдардың басын қосу керек болатын. Бұл оңайға түскен жоқ. Бірақ жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибесінің негізінде Сатыбалды  Мұқатайұлы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен психология ғылымы бойынша ғылым докторларын шақыртып, Қазақстанда тұңғыш рет психологиядан докторлық диссертациялық кеңес құрды. Соның арқасында аспирантура, докторантураны бітірген психология мамандарына диссертацияларын қорғауға даңғыл жол ашылды. Бұл диссертациялық кеңес Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүрген ғылыми ізенушілердің тағдырын бір жерге тоғыстырғандай болды.

          Профессор С.М.Жақыповтың осындай ерен еңбегінің арқасында ғылым қуған жас   мамандарға даңғыл жол ашылып, Қазақстандағы психолог мамандардың жетіспеушілігі азайды. Тіпті, психология ғылымдарының кандидаттары мүлдем жоқ кейбір жоғары оқу орындарында білікті мамандар көбейді.

            Машақаты көп ұстаздық қызметті абыроймен атқарып, қыры мен сыры көп басшылық қызметті игілік жолына бағыттаған Сатыбалды Мұқатайұлы таразы басын тең ұстап, ұстамдылық ұлағатын, адамгершілік қасиеттерін паш еткен нағыз ғалым. Ол кісінің ең үлкен ерекшелігі қарапайымдылығы. Білім қуған әрбір жасқа кез келген уақытта кеңесін аямайтын адамгершілігі мен ұстаздық шеберлігі өз алдына бір төбе. Ол өзі сүйген ғылымға шәкірттерінің бағытын нақтылап көрсетіп, әрбір жас маманды ғылымға тартудан ешқашан жалықпайтын. Сатыбалды Мұқатайұлы 350-ден астам ғылыми еңбектің, соның ішінде, 3 монография, 18 оқу құралы, отызға жуық оқу-әдістемелік құралдарының авторы. «Жоғары оқу орнындарының үздік оқытушысы» номинациясының жеңімпазы. Қазақстан психологтары Ұлттық қауымдастығының Президенті және Қазақстандық екі психологиялық журналдың ғылыми редакторы. Оның жетекшілігімен 2 гранттық жоба және 6 ғылым докторы, 44 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы  дайындалған.

          Міне, осындай күреске толы ғұмырды басынан кешірген, психология ғылымының көшбасындағы ғалым-ұстазымыз Сатыбалды Мұқатайұлының жақында 60 жасқа толған мерей тойы. Иә, өзінің өмір жолын түгелдей ғылымға арнаған, білімге адал, ары таза ұстаз туралы айтар сөз көп. Ғалымдығын айтпағанның өзінде, елі үшін, мемлекет үшін тер төккен қайраткерлігінің өзі бір төбе. Ол кісінің диссертациялық кеңес пен қауымдастық құруын, ғылым докторы мен кандидаттарына жетекшілік жасауын ғылымға деген қамқорлығы деп түсінеміз. Осының бәрі нағыз азаматтың еліне деген перзенттік парызы, азаматтық борышы екеніне де ешқандай күмәніміз жоқ.

 

Назираш ЖҰБАНАЗАРОВА,

әл-Фараби   атындағы

ҚазҰУ оқытушысы

1 Пікір

  1. Ия, дұрыс айтасыз! Оның лекцияларын асыға күтеміз! Өте жақсы түсіндіреді! Мысалдармен толықтырып отырады. Керемет! Ол қандай 2 психологиялық журнал жазып жібермейсіз бе?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз