"Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы ауысты

largeАстана қаласындағы "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы, наиб мүфти Қайрат Жолдыбайұлы бүгін мешіт мінберінде соңғы уағызын айтты. Ол халықты бірлік-ынтымаққа, татулыққа шақырып, әр істің түбінде бір қайыр бар екенін жеткізе келе өзінің ғылым-білім жолына ауысатынына байланысты мешіттің бас имамы қызметінен кететінін жариялады. Жиналған қауымға: "Мен өзім ғылым-білімге құштар жанмын. Өздеріңіз білесіздер, ғылым жолы - ауыр жол. Оған арнайы уақыт пен тиісінше көңіл бөлінуі тиіс. Биыл PhD докторантурасының соңғы жылындамын. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлынан мені "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы қызметінен босатуын сұрадым. Бас мүфти мешіттен босатса да, наиб мүфтилік қызметтен жібере алмайтынын білдірді", - деді. Сондықтан Қайрат Жолдыбайұлы бұрынғыша ҚМДБ жүйесінде наиб мүфти болып әрі Астана қаласының өкілдігінде қала бермек. Жұма намазына Діни басқарма төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, Қайрат Жолдыбайұлының діни басқарманың жұмыстарына қосқан мол үлесін айтып, өзінің және Қазақстан мұсылмандарының атынан алғысын білдіріп, иығына шапан жапты. Сонымен қатар, Астана қаласы мәслихатының хатшысы Есілов Сансызбай Сейтжанұлы Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлының атынан алғыс хат тапсырды. Сондай-ақ, "Әзірет Сұлтан" мешіті Ақылдастар алқасының мүшесі Амангелді Құрманғалиев, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров, Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Сағын Бекбол Ұбайдуллаұлы сөз алып, Қайрат Жолдыбайұлына ізгі тілектерін білдірді. Мешітте атқарылған ізгі іс-шараларға демеушілік жасап жүрген жаны жомарт кәсіпкерлердің атынан "Alit" компаниясының бас директоры, кәсіпкер Нұрлан Әлжанқұлов сөз сөйлеп, Қайрат Жолдыбайұлына шетелдік автокөліктің кілтін сыйлады. Сөз соңында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы құлшылық ордасы ғана емес, рухани-ағарту ордасына айналуға тиісті "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамдығына ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай Ораз тағайындалғанын хабарлап, тапсырылған жұмысты ары қарай жалғастыруға сәттілік тіледі.  ҚазАқпарат