Өзбекстан Президентінің қызы әкесінің қаһарына ілікті

detail_fb1c6f2672c94522ae92eb91d6766ea8Өзбекстан Президентінің отбасындағы жанжал әлі басылған жоқ. Сауыққұмар Гугуша батыс басылымдарындағы ашық-шашық суреттері үшін әкесінен таяқ жеген. Дегенмен кикілжіңнің басы тереңде секілді. Қазір өзбек билігі Гүлнарға тиесілі бірнеше радио мен телеарнаны жауып, құзырлы орындар тергеу жұмыстарын бастады. Сонымен қатар үлкен қыздың жақын достарына қысым көрсетіліп жатса, Гүлнардың өзіне шекара асуға тыйым салынған.

Шетелде дипломат болып, еліне оралған соң поп-жұлдыз бен киім дизайнеріне айналған өзбек басшысының қызы Гүлнар Кәрімованың басына биыл қара бұлт үйірілді. Күні бүгінге дейін Кәрімовтың тұңғышы әкесінің орынтағына бірден-бір үміткер ретінде аты аталып келген болатын. Опа-далап пен иіс су және зергерлік бұйымдар шығарып, не істерін білмей әр істің басын шалған сауыққұмар қыз енді әкесінің қаһарына ілінген сыңайлы. Оны Гүлнардың өзі де әлеуметтік желілер арқылы ашық жазуда. "... Сталин тарихта болған, қазір де бар... ол менің әкем! Сол қалпында мен өлгенше қала бермек..." В.Сталин ("Сын Отца Народов" фильмінен). Осыдан соң Ислам Кәрімовтың үлкен қызына қарсы компания толық іске қосылса керек. Ашық соғыстың басы өткен айда Гүлнардың туған бөлесі, белгілі кәсіпкер Акбарәлі Абдоллаевтың тұтқындалуынан басталған. Үлкен қыздың бизнесін жүргізген Аблоллаевті Гугушаның өзі жиын-тойларды Өзбекстанның келесі президенті деп таныстырған көрінеді. Ал оның Ислам акаға ұнамағаны анық. Ал 21-ші қазанда Гүлнарға тиесілі "Terra Group" медиахолдингіне қарайтын үш радио және төрт телеарнаның жұмысы тоқтаса, сейсенбіден бері холдингті құзырлы орындар тексеріп жатыр. Сонымен қатар президенттің үлкен қызы ұйымдастырған әлеуметтік шараларға Өзбекстанның БАҚ өкілдеріне баруға тыйым салыныпты. Сондықтан қыруар ақша жұмсалып, "Style.uz" өнер және сән апталықтары мүлдем елеусіз қалған. Бірақ соған қарамастан, Гүлнар Кәрімова қарсыласпай, шыдамдылық танытуды жөн көріпті. Ал Еуропада Гүлнардың серіктестеріне қатысы бар жемқорлық оқиғасы ушығып барады. Енді тергеу жұмыстарын Швеция мен Швейцариядан өзге Франция және Латвияның құқық қорғау органдары жүргізуде. Кәрімованың БҰҰ-да ресми өкілдігі аяқталған соң тергеу осындай үлкен аумаққа тараған көрінеді. Бастысы енді оның дипломаттық қол сұғылмаушылық құқығы жойылған. Әкесіне қарсы шыққан қыздың өзі қазір Өзбекстан аумағынан ары аса алмай отыр.