Мәңгiлiк сарын
2009 ж. 01 шілде
2356
0
Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза бiраздан берi әңгiме болып жүрген «Мәңгiлiк сарын: қазақтың 1000 күйi, 1000 әнi» атты жобаның тұсауын кестi. Яғни, қазақтың дәстүрлi ән-күйi домбыра, қобыз, сыбызғы және оркестрмен түпнұсқалық орындалып, заманауи қалыпта, сандық технологиямен жазылған тұңғыш музыкалық антология түрiнде жарыққа шықпақ. Әртүрлi мектептердiң, әйгiлi әншi, күйшi, халық композиторларының барлығының мұрасы қамтылады. Антология 100-ге тарта СD-диск пен бiрнеше қалың кiтап бейнесiнде партитуралар жинағын құрайды. Жұрт бiрi-бiрiнен сүйiншi сұраған басқосуға министрлiк өкiлдерi, қазақ өнерiнiң жанашырлары, өнер қайраткерлерi қатысты. Ғалым Доскен, Сара Күзембаева, Базархан Қосбасаров, Бiләл Ысқақов, Айтжан Тоқтағанов, Рамазан Стамғазиев, Талғат Мұқышев, Қаршыға Ахмедияров, Сержан Шәкiрат, Алмас Алмат, Қатимолла Бердiғалиев, Ақан Әбдуәли, Алла Сейiтова, тағы басқалар – жобаны жүзеге асыруға алақанына түкiре асыға күтiп отыр. Вице-министр Асқар Бөрiбаев пен көптен көрiнбей кеткен Ғалым Доскен «Мәңгiлiк сарын» жобасының Ғылыми-редакциялық және сараптамалық кеңесiнiң тең төрағалары болып тағайындалды. Бұл үлкен iске елiмiздiң барлық музыка зерттеушiлерi, этнографтары, шетелдегi қазақ диаспоралары өкiлдерi, жалпы, қалың көпшiлiк ықыласпен белсене атсалысары сөзсiз. Рас, қазақ халқының дәстүрлi музыкасының жинақталып, нотаға Александр Затаевичтiң арқасында түсiрiле бастағаны белгiлi. Министр айтқандай, оның «Қазақтың 500 әнi», «Қазақтың 1000 әнi» жинақтарын бiлмейтiн жан сирек. Мұхтар Абрарұлы аталған жинақтардың ел мәдениетiндегi алатын орнының ерекше екендiгiн, олар жарық көргеннен кейiнгi қазақ музыка өнерiне қатысты iргелi шығармалардың қай-қайсысында болсын оның сүбелi үлесi барын атап өттi. – Тұңғыш операмыз «Қыз Жiбекте» Евгений Брусиловский халқымыздың отыздан астам әнi мен күйiн пайдаланған екен. Оның партитураларының барлығы дерлiк сол Затаевич шығарған жинақта болды. «Ер Тарғын» операсында да дәл сондай жағдай қайталанды. Ғалым Доскен мырза «Қазақстан» телерадиокорпорациясының президентi болып тұрған кезде Қазақ радиосының алтын қорындағы, қазақтың музыка және дыбыс жазу, кинофото құжаттар архивiндегi және түрлi музыкалық ұжымдар репертуарындағы 400-дей күй жинақталып, «Мәңгiлiк сарын» деген атпен жарық көрдi, – деп атап өттi министр өз сөзiнде. Ендi сол игiлiктi жұмыс одан да ауқымдырақ, арналырақ мөлшерде, мемлекеттiк маңызы бар iс санатында қолға алынғалы отыр. Бұл ретте «Мәңгiлiк сарынның» алғашқы авторы болған Ғалым Доскеннiң осы жолғы жоба жетекшiсiнiң бiрi ретiнде бекiтiлуiнiң де әдiл шешiм екендiгiне дау жоқ. – Кейде бiз ауызекi әңгiмеде «Қазақта 5000-дай күй, 10000-дай ән бар» дегендi айтамыз. Мен осы төңiректе көп ойландым, шындығында, бiзде ең болмағанда 1000 күйдiң партитурасын шығып көрдi ме екен? Өкiнiшке қарай, әлi күнге дейiн бiз «Қазақтың 1000 әнiнiң партитуралық немесе СD жинағы мынау, күйi мынау» деп ауыз толтырып айта алмай, көрсете алмай отырмыз. Шығыста «Халуа-халуа дегеннен ауызға дәмi келмейдi» деген мақал бар ғой, соның кебi. Жинақталмаған соң, цифрланбаған соң, көрсетiлмеген соң ол ел игiлiгiне жарай алмайды. Оны нақты iске асырмасақ, құр мақтанғаннан түк пайда жоқ. Мiне, сондықтан бiз бүгiн «Мәңгiлiк сарын: қазақтың 1000 күйi, 1000 әнi» атты жобаға кiрiсейiк деп отырмыз. Министрлiк қажеттi мөлшерде қаржы бөлдi, шет жерлерге ғылыми-этнографиялық экспедициялар да қарастырылған. Бұл – iстiң басы ғана. Алдымен осыны игерiп алайық. Бәлкiм, жоба келер жылдары «Қазақтың 2000, 3000 әлде тiптi 5000 ән-күйi» деген ауқымда да жалғасар. Егер бiздiң әлеуетiмiздiң шынымен жеткiлiктi, мұрамыздың сол айтқанға сай молдығына көз жетсе, iсiмiздiң нәтижесiне қарай мұны неге жалғастырмасқа?! – деп түйiндедi сөзiн Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза.