Жемқор шенеуніктер креслоны түсінде ғана көретін болады

Chin_oligarhПрезидент тапсыр­ма­сына сәйкес, Бас про­куратура жыл ба­сынан Қыл­мыстық ко­декстің жаңа ре­дакциясын жа­зуға кі­ріскен-ді. Сиясы кеп­пеген осы құжатпен кеше мәжілісмендер та­нысып шыққан бо­­латын. Тұсауы ен­д­і кесілген жаңа редакциядағы кодекс 2015 жылдан бастап қол­­данысқа енеді деп көз­деліп отыр. Ен­деше, алда мүдделі та­раптарды қызу тал­қылаулар күтіп тұрғаны сөзсіз.  Алдымен кодексті жаңалаудың қажеттілігіне тоқталық. Тә­уелсіз Қазақстанның қолданыстағы қылмыстық кодексі 1998 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қолданыстағы ко­декс­тің әлеуеті де зор. Ең бастысы, мамандар мұнда Ата заң­мен айқындалған құндылықтар – адам, оның өмірін, құ­қықтары мен бостандығын сенімді түрде қорғайтын ұм­ты­лыстардың тұтас қамтылғанын алға тартады. Әйтсе де за­ман өзгермей тұрмақ емес. Сондай өзгерістердің үде­сі­нен шығу үшін қолданыстағы кодекстің 300-ге жуық бабы өз­геріске ұшырапты. Сонда да жүре түзетілген өзгертулер қа­зіргі таңда пайда болып жатқан қылмыстың жаңа түр­леріне қатысты қиындықтарға тап болған. Сонымен қатар барша заңның түп атасы – Конституция да осы уақытқа де­йін заман сұранысына сай өзгерді. Халықаралық ке­лі­сім­дерді де қабылдадық. Қазақстанның құқықтық саясатының тұ­жырымдамасы да жаңадан түзіліп, заң атаулының ізгілік жағына көбірек жүгі­неміз деп шештік. Ендеше, Қылмыстық ко­декстің нормалары осы жаңалықтарды тұтастай қамтып тұруы шарт. Елбасы жа­ңа кодекс туралы тапсырғанда да осыны меңзеген болатын. Ал Бас прокуратура әзірлеген ко­декс жобасына келсек, онда 467 бап (қолданыстағыда 422 бап еді – авт.) бар, мұның 98-і – жалпы бөлімге, 369-ы ерек­ше бөлімге жатады. Кодекс но­вел­лаларына келсек, мұн­да халықаралық тәжірибеге сай қыл­мыстық жазаға жа­татын әрекеттер үшін екі буынды жүйе қа­лыптасқан. Мұн­дай жүйе әлемнің көптеген дамыған елде­рінде қолданылады. «Кодексте біз әсіресе қылмыстың жаңа түрлерімен кү­рес­ке ерекше ден қойдық. Оның ішінде криминалы бел­сен­ді болып отырған тұсқа барынша назар аударылады. Ба­лалар мен жеткіншектерге қатысты қылмыс жасаушылық та қатаң жазаланады», – дейді бас прокурордың орынбасары Ио­ган Меркель. Бір сөзбен айтсақ, кодекс бір жағынан бі­рінші рет жасалған немесе әлеуметтік тұрғыдан осал адам­дар жасаған қылмысқа қатысты толеранттық ұстанымды ке­ңейтеді, екінші жағынан ауыр қылмыстарға, қайталанған қылмыстарға, ұйымдасқан қылмысқа, сондай-ақ сот төрелігіне қарсылық білдіруге қатысты шаралар қатаңдатылады. Криминалдық қызметтің бел­сен­ділігі байқалатын салаларда жа­залау қатайып, ұлттық келісім тұ­ғырына нұқсан келтірудің және әлеу­меттік жанжалдарды аран­датудың кез келген әрекеті үшін қа­таң жазалау көзделеді. Иоган Меркельдің ай­­туынша, барлық медициналық қыл­мыс­тар­­дың жеке бөлікке топтастырылуы да Қыл­мыстық кодекстегі жаңалықтың бірі болып табылады. Жалпы, бұл да қыл­мыс­тың жаңа түрінің қатарына енгенге ұқ­сай­ды. «Осы арқылы біз ана мен балаға қа­тысты жасаған қылмысы үшін жа­уаптылықты арттыру туралы Елбасының тап­сырмасын қамтып отырмыз. Оның ішінде адамды клондауға қатысты қыл­мыстық жауапкершілік қарастырылады, мұн­­дай бап қолданыстағы заңнамада жоқ», – дейді И.Меркель. Бұдан бөлек, ең­бек дауларын арандатушыларды жазалау да қарастырылады. Сосын адам өмірі мен ден­саулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғимараттардағы құрылыс, сәулет қызметтерінің барлық сатысында осы са­ладағы қауіпсіздік ережелерін бұз­ған­дар­ға да қылмыстық жаза қолданылады. Бұл Қарағандыдағы «Бесоба» кешеніндегі қайғылы жайттың қайталанбауы үшін қам­тылса керек. Мұнымен қоса, экономикалық қыл­мыстар үшін де жаңа кодекс «жұм­сақ­тық» танытатын секілді. Дегенмен бұнда ең ал­дымен айыпты тұлға өз еркімен келтірген залалының орнын толтыруы тиістігі қаралыпты. «Түрмедегілердің санын қысқартуды да барынша қарастырдық. Бұл ретте бас бос­тандығынан айырудың жоғары шегін төмендетпек болдық. Жасалған сарап­та­ма­лар көрсеткеніндей, Францияда бас бос­тандығынан айырудың ең үлкен мер­зімі – 30 жыл, Ұлыбританияда, Кореяда – 25, Жапония мен Сингапурда, Қытайда – 20 жылды құрайды. Ал АҚШ-та жа­за­лау­дың жалпы жинақтап қосу жүйесі бар, ол бойынша сотталушының мерзімі жыл­дан асып, ғасырларға ұласады. Ал Қа­зақ­станда бұл мерзім 25 жылды, үкімдер жиын­тығында 30 жылды құрап отыр. Сон­дықтан да, біз бұны өзгеріссіз қалдырғанды жөн санадық. Дегенмен барлық қылмыстар бойынша санкцияларды қайта қарап шы­ғып, бірқатар қылмыстар бойынша жа­за та­ғайындаудың жоғары шегін түсірдік. Нә­ти­жесінде, аса ауыр қылмыстардың қай­сы­бірі ауыр қылмыстар санатына өтті», – дей­ді Иоган Меркель. Тоқтала кететін жайт, ұсақ қылмыстың қайталануына орай қол­даныстағы қылмыстық заңнамаға сү­йен­ген судьялар тіпті тауық ұрлағандарды пә­ленше жылға соттаған болса, жаңа ко­дексте бұның жолы кесілетінге ұқсайды. Сөйтіп, тауық ұрлағаны үшін түрмеге то­ғы­татын практика қайталанбайтын тә­різді. Дегенмен бұндай уақ қылмыс жа­сау­шылар жазалаудың басқа түрлеріне ұшы­рай­ды. Түрмедегілер санын төмен­де­туге қатысты да бірқатар жеңілдіктер көзде­ле­тінге ұқсайды. Жалпы алғанда кодекс біршама «жұм­сарған» секілді көрінеді. Дегенмен сы­бай­­лас жемқорлық қылмысқа ымырасыз кү­рес тетіктер кешені күшейтілетін тәрізді. «Мә­селен, мемлекеттің жемқорлық қыл­мыс­қа қарсы «соққысы» ретінде оған бар­ған азаматтардың атағынан, шенінен, дә­ре­жесінен,  мемлекеттік ма­ра­пат­тау­ларынан айыру көзделіп отыр. Сон­дай-ақ ондайларды өмір бойына мем­ле­кет­тік қызметпен айналысуға тыйым салу се­кілді жазалаудың міндетті қосымша түрі енгізілуде. Дәл осы секілді кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипатта қылмыс жасағандарға өмір бойы ба­лалармен жұмыс жасауына тыйым са­лынады», – деді Иоган Меркель. Айта кетерлігі, депутат Меруерт Қаз­бекова педофилдіктің өзінде қоғамда екі түрлі көзқарас болып жатқанын алға тар­тады. «Біреулері бұны ауру санап, оны ем­деу керек деп, тіпті химиялық кастрация жасатуды ұсынады. Бұны ауру санаймыз ба, әлде бұл қылмыскер ме? Оны кім айқындайды?» дейді депутат. «Сіздің сұра­ғыңызғы ерекше істер жөніндегі бұрынғы тергеуші ретінде жауап бергім келеді, – дейді прокурор Меркель мырза, – бұндай іс түскенде ең алдымен міндетті түрде пси­хо­логиялық сараптаманы айып­та­лу­шыға да, жапа шеккенге де жасау керек. Сосын оның қорытындысына қарап, ары қарай жұмыс істеуге болады. Айып­та­лушы өз ісіне жауап бере алатын жағдайда болса, заң аясында жаза тағайындауға болады». Иоган МЕРКЕЛЬ, Бас прокурор орынбасары:  – Терроризм мәселесі – өте күрделі. Онда туындайтын сұрақ: бірінші орында тұ­ратын адам өмірі ме, жоқ әлде құқы ма? Шындығында қайсысы: адам құқы ма, өмірі ме? Бізге де «өгізді өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын», былайша айт­қанда, ұстаған жерінен сынбайтын аралықты табу керек болды. Дегенмен бір не­месе бірнеше адамның өмірін қиюға алып соққан аса ауыр террористік қылмысқа жауапкершілік күшейтілді. Атап айтқанда, террористік қылмыстың кейбір түрлері үшін өлім жазасы көрсетіліп отыр. Әйтсе де, бұл жаза қолданылмайды, өйткені Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланған.

Қанат  Қазы,  "Алаш айнасы"