Жемқор шенеуніктер креслоны түсінде ғана көретін болады
2013 ж. 27 қазан
2170
2
Президент тапсырмасына сәйкес, Бас прокуратура жыл басынан Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын жазуға кіріскен-ді. Сиясы кеппеген осы құжатпен кеше мәжілісмендер танысып шыққан болатын. Тұсауы енді кесілген жаңа редакциядағы кодекс 2015 жылдан бастап қолданысқа енеді деп көзделіп отыр. Ендеше, алда мүдделі тараптарды қызу талқылаулар күтіп тұрғаны сөзсіз.
Алдымен кодексті жаңалаудың қажеттілігіне тоқталық. Тәуелсіз Қазақстанның қолданыстағы қылмыстық кодексі 1998 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қолданыстағы кодекстің әлеуеті де зор. Ең бастысы, мамандар мұнда Ата заңмен айқындалған құндылықтар – адам, оның өмірін, құқықтары мен бостандығын сенімді түрде қорғайтын ұмтылыстардың тұтас қамтылғанын алға тартады. Әйтсе де заман өзгермей тұрмақ емес. Сондай өзгерістердің үдесінен шығу үшін қолданыстағы кодекстің 300-ге жуық бабы өзгеріске ұшырапты. Сонда да жүре түзетілген өзгертулер қазіргі таңда пайда болып жатқан қылмыстың жаңа түрлеріне қатысты қиындықтарға тап болған. Сонымен қатар барша заңның түп атасы – Конституция да осы уақытқа дейін заман сұранысына сай өзгерді. Халықаралық келісімдерді де қабылдадық. Қазақстанның құқықтық саясатының тұжырымдамасы да жаңадан түзіліп, заң атаулының ізгілік жағына көбірек жүгінеміз деп шештік. Ендеше, Қылмыстық кодекстің нормалары осы жаңалықтарды тұтастай қамтып тұруы шарт. Елбасы жаңа кодекс туралы тапсырғанда да осыны меңзеген болатын. Ал Бас прокуратура әзірлеген кодекс жобасына келсек, онда 467 бап (қолданыстағыда 422 бап еді – авт.) бар, мұның 98-і – жалпы бөлімге, 369-ы ерекше бөлімге жатады. Кодекс новеллаларына келсек, мұнда халықаралық тәжірибеге сай қылмыстық жазаға жататын әрекеттер үшін екі буынды жүйе қалыптасқан. Мұндай жүйе әлемнің көптеген дамыған елдерінде қолданылады.
«Кодексте біз әсіресе қылмыстың жаңа түрлерімен күреске ерекше ден қойдық. Оның ішінде криминалы белсенді болып отырған тұсқа барынша назар аударылады. Балалар мен жеткіншектерге қатысты қылмыс жасаушылық та қатаң жазаланады», – дейді бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель. Бір сөзбен айтсақ, кодекс бір жағынан бірінші рет жасалған немесе әлеуметтік тұрғыдан осал адамдар жасаған қылмысқа қатысты толеранттық ұстанымды кеңейтеді, екінші жағынан ауыр қылмыстарға, қайталанған қылмыстарға, ұйымдасқан қылмысқа, сондай-ақ сот төрелігіне қарсылық білдіруге қатысты шаралар қатаңдатылады.
Криминалдық қызметтің белсенділігі байқалатын салаларда жазалау қатайып, ұлттық келісім тұғырына нұқсан келтірудің және әлеуметтік жанжалдарды арандатудың кез келген әрекеті үшін қатаң жазалау көзделеді. Иоган Меркельдің айтуынша, барлық медициналық қылмыстардың жеке бөлікке топтастырылуы да Қылмыстық кодекстегі жаңалықтың бірі болып табылады. Жалпы, бұл да қылмыстың жаңа түрінің қатарына енгенге ұқсайды. «Осы арқылы біз ана мен балаға қатысты жасаған қылмысы үшін жауаптылықты арттыру туралы Елбасының тапсырмасын қамтып отырмыз. Оның ішінде адамды клондауға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылады, мұндай бап қолданыстағы заңнамада жоқ», – дейді И.Меркель. Бұдан бөлек, еңбек дауларын арандатушыларды жазалау да қарастырылады. Сосын адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғимараттардағы құрылыс, сәулет қызметтерінің барлық сатысында осы саладағы қауіпсіздік ережелерін бұзғандарға да қылмыстық жаза қолданылады. Бұл Қарағандыдағы «Бесоба» кешеніндегі қайғылы жайттың қайталанбауы үшін қамтылса керек. Мұнымен қоса, экономикалық қылмыстар үшін де жаңа кодекс «жұмсақтық» танытатын секілді. Дегенмен бұнда ең алдымен айыпты тұлға өз еркімен келтірген залалының орнын толтыруы тиістігі қаралыпты.
«Түрмедегілердің санын қысқартуды да барынша қарастырдық. Бұл ретте бас бостандығынан айырудың жоғары шегін төмендетпек болдық. Жасалған сараптамалар көрсеткеніндей, Францияда бас бостандығынан айырудың ең үлкен мерзімі – 30 жыл, Ұлыбританияда, Кореяда – 25, Жапония мен Сингапурда, Қытайда – 20 жылды құрайды. Ал АҚШ-та жазалаудың жалпы жинақтап қосу жүйесі бар, ол бойынша сотталушының мерзімі жылдан асып, ғасырларға ұласады. Ал Қазақстанда бұл мерзім 25 жылды, үкімдер жиынтығында 30 жылды құрап отыр. Сондықтан да, біз бұны өзгеріссіз қалдырғанды жөн санадық. Дегенмен барлық қылмыстар бойынша санкцияларды қайта қарап шығып, бірқатар қылмыстар бойынша жаза тағайындаудың жоғары шегін түсірдік. Нәтижесінде, аса ауыр қылмыстардың қайсыбірі ауыр қылмыстар санатына өтті», – дейді Иоган Меркель. Тоқтала кететін жайт, ұсақ қылмыстың қайталануына орай қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сүйенген судьялар тіпті тауық ұрлағандарды пәленше жылға соттаған болса, жаңа кодексте бұның жолы кесілетінге ұқсайды. Сөйтіп, тауық ұрлағаны үшін түрмеге тоғытатын практика қайталанбайтын тәрізді. Дегенмен бұндай уақ қылмыс жасаушылар жазалаудың басқа түрлеріне ұшырайды. Түрмедегілер санын төмендетуге қатысты да бірқатар жеңілдіктер көзделетінге ұқсайды.
Жалпы алғанда кодекс біршама «жұмсарған» секілді көрінеді. Дегенмен сыбайлас жемқорлық қылмысқа ымырасыз күрес тетіктер кешені күшейтілетін тәрізді. «Мәселен, мемлекеттің жемқорлық қылмысқа қарсы «соққысы» ретінде оған барған азаматтардың атағынан, шенінен, дәрежесінен, мемлекеттік марапаттауларынан айыру көзделіп отыр. Сондай-ақ ондайларды өмір бойына мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салу секілді жазалаудың міндетті қосымша түрі енгізілуде. Дәл осы секілді кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипатта қылмыс жасағандарға өмір бойы балалармен жұмыс жасауына тыйым салынады», – деді Иоган Меркель.
Айта кетерлігі, депутат Меруерт Қазбекова педофилдіктің өзінде қоғамда екі түрлі көзқарас болып жатқанын алға тартады. «Біреулері бұны ауру санап, оны емдеу керек деп, тіпті химиялық кастрация жасатуды ұсынады. Бұны ауру санаймыз ба, әлде бұл қылмыскер ме? Оны кім айқындайды?» дейді депутат. «Сіздің сұрағыңызғы ерекше істер жөніндегі бұрынғы тергеуші ретінде жауап бергім келеді, – дейді прокурор Меркель мырза, – бұндай іс түскенде ең алдымен міндетті түрде психологиялық сараптаманы айыпталушыға да, жапа шеккенге де жасау керек. Сосын оның қорытындысына қарап, ары қарай жұмыс істеуге болады. Айыпталушы өз ісіне жауап бере алатын жағдайда болса, заң аясында жаза тағайындауға болады».
Иоган МЕРКЕЛЬ, Бас прокурор орынбасары:
– Терроризм мәселесі – өте күрделі. Онда туындайтын сұрақ: бірінші орында тұратын адам өмірі ме, жоқ әлде құқы ма? Шындығында қайсысы: адам құқы ма, өмірі ме? Бізге де «өгізді өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын», былайша айтқанда, ұстаған жерінен сынбайтын аралықты табу керек болды. Дегенмен бір немесе бірнеше адамның өмірін қиюға алып соққан аса ауыр террористік қылмысқа жауапкершілік күшейтілді. Атап айтқанда, террористік қылмыстың кейбір түрлері үшін өлім жазасы көрсетіліп отыр. Әйтсе де, бұл жаза қолданылмайды, өйткені Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланған.
Қанат Қазы, "Алаш айнасы"