«Нұр Отан» басты патриоттық күшке айналуға тиіс"

Отан

«Нұр Отан» партиясының  кезектен тыс XV съезі

Съезд жұмысына партияның барлық өңірлік филиалынан ұсынылған 1200 делегат, сондай-ақ шақырылған мыңнан астам қонақ қатысты, олардың арасында үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдарының, дипломатиялық корпустың өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтер басшылары бар.

Съезд делегаттары «Нұр Отан» партиясының құндылықтар бағдарын белгілеуге, партияның алдағы ондаған жылдардағы миссиясын айқындауға арналған жаңа саяси Доктринасын қабылдады. Съезде партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оның атауы мен эмблемасына, Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу мәселелері, сондай-ақ бақылау-тексеру органдарының бірқатар жайттары қаралды.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы бұл форум Қазақстанның жаңа тарихының бетбұрысты кезеңінде өтіп отырғанын айтты.

– Қоғамымыз «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айтылған жаңа ұлы мақсаттарға батыл қадам басты. Қазақстан мерейінің XXI ғасырдың ортасындағы тарихи асқақтауы қысқа да нұсқа түрде нақты көрініс тапқан. Стратегияның өзегі – біздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға тиіс екеніміз. Біздің мақсаттарымыздың керемет екені  айқын көрінген. Халқымыз қазір қол жеткізген осындай экономикалық және әлеуметтік биіктерге өткен тарихында ешқашан жеткен жоқ. Бұны тек қазақстандықтардың бүгінгі буыны ғана жүзеге асыра алды. Тәуелсіздікті жариялап, Қазақстанымызды дамытып, біз даму перифериясынан біржола алыстап, Еуразиядағы лайықты жаңа мемлекетке айналдық. Енді бүкіл әлемдік қоғамдастықпен біз әрдайым бір иықтаса жүруге тиіспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті партияның XXI ғасырдағы көшбасшылығы қандай болуы керектігі жөніндегі көзқарасын білдірді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» басты патриоттық күшке айналуға тиіс екенін айтты. Партияның маңызды миссиясы, «Қазақстан – 2050» Стратегиясында атап көрсетілгендей, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың жалпыұлттық орталығына айналу. Бұған қоса, партия жалпыұлттық бірліктің орталық буыны болуы қажет. Бұл тұрғыда «Нұр Отанның» халықты топтастырушы партия ретіндегі мәртебесін ескере отырып, оған көпэтносты халқымыздың бірлігі үшін зор жауапкершілік жүктеледі. Ол өңіраралық байланысты нығайту ісін де атқаруға тиіс.

Тағы бір негізгі міндет ретінде Қазақстан Президенті партияның азаматтық қоғамдағы көшбасшылығының маңыздылығын атады. Осы орайда, ол Азаматтық Альянспен бірлескен жұмысты дамытып, адамдардың нақты проблемаларын шешетін патриоттық бағыттағы барлық үкіметтік емес ұйымдар мүддесінің қорғаушысы болғаны жөн.

Партияның көшбасшылығының тағы бір қыры – «Нұр Отанның» экономикалық және әлеуметтік инновациялардың жалпыұлттық қайнар-көзіне айналу. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы міндеттерін іске асыру үшін парламенттік және қоғамдық бақылау мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігіне тоқталды. Қазақстан Президенті әлеуметтік жаңғыртудың маңызды бағыты жастар саясаты екеніне байланысты XXI ғасырда көшбасшылықтың тізгіні тек жастар белсене қолдайтын партияда ғана болатынын айтты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Стратегия-2050-ді жүзеге асыру арқылы партияның басты ұраны бұдан да нақтырақ мәнге ие болатынын атап өтті. – Алға – жаңа инновациялық-индустриялық экономикаға, біртұтас әрі ұйысқан ұлт ретіндегі қазақстандықтардың жаңа сапалы өміріне, ХХІ ғасырдың қарқынды әрі жауапты мемлекеті ретіндегі Қазақстаның халықаралық беделінің жаңа шыңдарына! Бұл – біздің іс-қимылымыздың жиырма бірінші ғасырдың ортасына дейінгі үш тұғырлы векторы. Мемлекет пен партияның алдағы жұмысының тарихи мағынасы осында жатыр. Біздің ортақ Қазақстандық Арманымыздың терең мәні де осы, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, сьезд барысында Парламент Сенатының депутаты Н.Оразалин, «Алтын жүрек» сыйлығының ұйымдастыру комитетінің төрайымы Ж.Омарбекова, Парламент Мәжілісі комитетінің төрағасы М.Әшімбаев, «Ерке-Нұр» компаниясының президенті Ф.Мерхамитқызы, Қостанай қаласы мәслихатының депутаты Т.Новикова, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің басшысы К.Төсекбаев, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Сунақ ата ауылдық округының әкімі А.Қыстаубаева сөз сөйледі. Сьезд соңында «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен және Үкімет мүшелері мен өңірлік филиалдар басшыларының қатысуымен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген Бюро отырысы өтті. Оның барысында партияны жаңғыртуға, аппарат жұмысының тиімділігін түбегейлі көтеруге байланысты нақты тапсырмалар берілді.