Темекі сатқыш дипломат жазаланатын болды

1
1163

657c9d51186de98a37b320f429524cb3Қазақстан алдағы уақытта Африка құрлығымен тығыз қарым-қатынас орнататын болды. Кеше Сенатта өткен Үкімет сағатында сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «ыстық құрлық» саналатын Африкадағы Эфиопия мемлекетінде Қазақстан елшілігі ашылатынын мәлімдеді. Бұл ғана емес, Африка құрлығындағы мемлекеттермен ынтымақтастыққа көз тігіп отырған Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынасты алдағы уақытта одан әрі кең ауқымда нығайта түспек. Мұндай дипломатиялық шекараның ұлғая түсуінің еліміз үшін тиімді тұстары көп. 

Соңғы жылдары әлем назары Африкаға ауа бас­тағаны белгілі. «Қара құрлықпен» қарым-қатынасты жолға қою Қазақстанның қаперінен де кеткен емес. Сол мақсатта биылғы жылдың соңына таман Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Оңтүстік Африка рес­пуб­ликасына алғашқы ресми сапары жоспарланғаны белгілі. Соған орай Африканың экономикалық мүм­кіндігінің жоғары екендігін ескере отырып, «қара құрлықтың» саяси астанасы Эфиопиядан Қазақстан елшілігі келер жылы ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ жаңадан құрылатын елшіліктер 2014 жылы Мексикада бой көтермек. Мұндай елшіліктің биыл Бразилияда ашылғанын Сенаттағы Үкімет отырысында министр ха­барлады.

Африка десе, бұрнағы жылдары әлемнің құл ба­зарына саудаланып келген қара нәсілділердің тағдыры, отарланған қарапайым халқының қиналысы еске түсетін. Бас-басына бостандық алып, тәуелсіз атан­ғанымен, кейінгі жылдары ондағы жағдайдың жақ­сарғаны да шамалы. Қарақшылық бір жағадан алса, ашар­­шылық етектен тартады. Күштілер әлсізді то­найтынын да сондағы мемлекеттердің тынысынан байқап қалып та жатамыз. Айтпақшы, алдағы Ел­ба­сының сапарын ұйымдастыру мақсатында 11 қазан күні Оңтүстік Африка республикасына жұмыс бабымен барған Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қарулы топқа тап болыпты. Ондағы бұзақылар да онша-мұн­шаны мойындамай, бетімен кеткендіктен, басқа түскен қауіп зор болатын.  Дегенмен біздің дипломаттар то­сыннан төнген қатерден аман қалды. Кейіннен осындай оғаш қылық үшін Оңтүстік Африка билігі Қазақстаннан кешірім сұрап, қазақ дипломаттарының шығындарын толық өтеген. «Оңтүстік Африка Рес­публикасының басшылығы бұл туралы тиісті шара қабылдап, біздің делегацияның шығындарын қайтарып берумен қатар, өтіне кешірім сұрады. Біздің жігіттер де жарады, қазақ дип­ломаттары сабырлылық танытып, оқиғаны өршіт­пегені дұрыс болды. Дегенмен бетімен кеткен афри­калық бұзақылар біздің дипломаттарға ойы­на келгенін көр­сеткен.

Қуанышқа орай, олардың бар­лығы елге аман-есен оралды», – деді Ерлан Ыдырысов Сенаттағы отырыста. Айта кетерлігі, Оңтүстік Аф­рикаға Қазақстанның дипло­ма­тиялық тобын сыртқы істер вице-министрі Қайрат Сарыбаев бастап барған болатын. 11 қазан күні кеш­кілік ОАР-дың Йоханнесбургтағы халық­аралық әуежайынан Преторияға бет алған көлікті қарулы адамдар тонап кеткенін жергілікті «Меркьюри» газеті хабарлаған екен. Қа­рулы топтың шеңгелінен аман-есен босап шыққан отандастарымызды тонағандар «арнайы орган өкіліміз» деп таныстырған әл­декімдер қатты қыспаққа алса керек. Алай­да іздеуге түскен бұзақы топ әлі құ­рық­талмады.

Сириядағы саяси жағдай Қазақстанға кері әсерін тигізуі мүмкін

Әлемнің назарын өзіне аударып отыр­ған отты нүктенің бірі – Сириядағы қақ­ты­ғыс. Ондағы саяси жағдайдың өрши тү­­суіне байланысты Қазақстан аза­­мат­­та­ры­ның жағдайын Сыртқы істер ми­­нистр­лігі жіті қадағалауда ұстап отыр­ға­нын аң­ғарт­­ты. Мысалы, Сирия аза­ма­тына тұр­­­­мысқа шыққан 19 қазақстандық аза­мат­­ша елдегі жағдайдың толқымалы бо­луына қарамастан, сонда қалатынын мә­лім­депті. Қазақстан азаматтары ғана емес, әлгі бүліншілігі артып тұрған елде күллі мұ­сылман әлемі мен шығыстың жауһар­ла­рының қазынасы әрі қазақ жұрты­ның мә­дени мұрасы саналатын нысандарға да қа­уіп төніп тұрғаны айқын. Соның бірі – Да­мас­кідегі әл-Фараби кесенесі. Министр Ер­лан Ыдырысовтың айтуынша, кесенеге қайта жөндеуден өткізіп жатқан қазақ­стан­дық мамандар жұмыстарын уақытша тоқ­та­туға мәжбүр. «Бірінші кезекте аза­мат­тардың амандығын сақтау үшін осындай қа­дамға барып отырмыз. Дамаскі мен Каир­де біздің тарихи құндылықтарымыз – Сұл­тан Бейба­рыс мавзолейі мен әл-Фа­ра­бидің зираты бар. Сұлтан Бейбарыс ме­ші­тінің құ­­ры­лысы мен Дамаскідегі зиратты қам­­қор­лығымызға алып, ақша бөліп отыр­­мыз», – деп тарқатты Ерлан Ыды­рысов.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстан Си­риядағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу­ді жақтайды. Сонымен қатар Си­риядағы жа­ғ­дай одан әрі шиеленісе түссе, бұл Қа­зақ­стан үшін тиімсіз болады. Себебі саяси тол­қын Иран­ға қарай ойысқан жағ­дай­да Кас­пий те­ңізі арқылы шектесетін елі­міз үшін аса қа­уіпті.

БҰҰ қауіпсіздік қоймалары Алматыда бой көтеруі мүмкін

Қазіргі таңда Орталық Азия елдері үшін БҰҰ гуманитарлық қауіпсіздік қоймаларын салу ұсынылып отыр. Қазақстанның БҰҰ-ның аймақтық құрылымдары мен халық­ара­лық ұйымдарын біріктіретін ұйымға айналғанын тиек еткен министр Ер­лан Ыдырысов бізде өңірлік орталық құ­руға мүмкіндік барын мысалға алды. Атал­ған орталық құрылған жағдайда оның негізгі міндетіне гуманитарлық көмек көрсету болатыны хақ. «Мұның ішінде төтенше жағдай орын алғанда гуманитарлық көмек үшін аса қажетті БҰҰ қоймаларының құры­лысы кіреді», – деп тоқталды сыртқы саясат бас­шысы. Мұндай қоймалар Қазақ­стан­да да аса зор сұранысқа ие көрінеді.

Еуропа Қазақстандағы адам құқығының шынайы жағдайына қанық емес

Сенат алдындағы баяндама барысында сыртқы істер басшысы батыс жұртына қа­тыс­ты мәселеге де ойысқан болатын. Ми­нистрдің айтуынша, Еуропа Қазақстан­дағы адам құқығының сақталуын көп жағдайда бейресми мәліметтерге қарап бағамдайды екен. Содан болар, кәрі құрлық өкілдері елі­мізге қатысты ресми ақпараттан гөрі алыпқашпа деректерге көп сүйенетінді шы­ғарыпты. «Адам құқығы жөніндегі мем­лекеттік департаменттің жыл сайын жа­сайтын баяндамасында Қазақстандағы бұл сала сынға алынып отыр. Біз тұрақты түр­де толық ақпарат ұсынып келеміз. Алай­да Еуропа басқа ақпарат көздерін, оның ішінде үкіметтік емес салалардың де­регіне сүйене отырып қорытынды шы­ға­рады», – деді Ерлан Ыдырысов се­натор­лар­ға жауап кезінде.

Еуропада Қазақстандағы адам құқығы туралы сараптама жасау кезінде ресми орындардың пікірі есепке алына бермей­тініне қынжылыс білдірген Ерлан Әбіл­фа­йыз­­ұлы: «Адам құқығына қатысты мате­риал­­ды неге біржақты пікірмен ұсы­­­насыздар? – деп, біз олардан үнемі сұ­рай­­мыз. Қойылған сұрақ орынды бол­ға­ны­мен, мұн­дай шешімін таппаған сауал біз­­де де бар және бұл мәселені шешуде са­палы нәтижеге жетуді көздеп отырмыз. Әсі­ресе батыс елдерінің үкіметтік емес ұйымдарына қатысты. Сонымен қатар біз өзі­міз­дің аза­мат­тық қоғаммен де жұмыс істеп жа­тыр­мыз», – деп түйіндеді.

Елшіге жараспайтын іс

Жалпы, дипломат – елдің имиджі. Сон­дықтан да бұл салаға баратындар мыңның ішінде іріктеуді қажет етеді. Тоқтала кететін жайт, Сыртқы істер министрлігінің «аула­сында» орын алған жаға ұстатар жайттар саусақпен санарлық болғанымен, олардың барлығы Қазақстанның сыртқы келбеті үшін жағымсыз пікірді арттыра түскеннен өзге пайдасы жоқ. Қайбір жылдары Түрік­мен­стандағы елшіміз алабай тұқымды итті шека­радан алып өтем деп, абырой­сыз­дық­қа душар болып еді. Ал соңғы рет Гер­ма­нияда болған жайттың жарасы, біз­дің­ше, жеңіл емес тәрізді. Нақтылап ай­та­йық, Қа­зақстанның Франкфурттағы бас кон­сул­дығының бұрынғы қыз­мет­керінің темекі контрабандасымен ұсталуы соң­ғы екі-үш жылдағы сорақы істің біріне ба­ланды.

Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкерінің бірі дипломатиялық пошта саласында жұмыс істей жүріп, қызметін жеке пайдаға асырғаны туралы отандық БАҚ беттерінде кеңінен айтылған еді. Ол ша­ғын топ құрумен қатар, біраз уақыт бо­йы Германияға контрабандалық түрде те­мекі өнімдерін жеткізіп тұрғаны анық­тал­­ған-ды. Бұған қатысты ойды одан әрі та­­ратып айтқан министр Ыдырысов: «Құ­қық қорғау орындары деңгейінде гер­ма­ниялық әріптестермен өзара бірлесіп қи­мыл­даудамыз. Іс жүзінде бізге мән-жай­дың қалай орын алғаны белгілі. Әри­не, екі дипломатты қылмыстық жауап­кер­­шілікке тарту басты назарда тұр. Өйт­ке­ні олар жазаға тартуға әбден лайықты қыл­­мысты жасады. Қылмыстық істі қоз­ғау­ға Қазақстан Бас прокуратурасы да баста­ма­­шы болды», – деп қысқа қайырды Ер­лан Әбілфайызұлы.

«Алаш айнасы»

1 Пікір

  1. Енді елшілеріміз контрабандамен айналысса жетіскен екенбіз. Өзге ұлттық алдында абройымызды көтерсін деп жіберген азаматтар, абройсыз болып оралғаны өкінішті.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз