Қазақ құрылтайы қарсаңында

memlekettik tilАлматы қаласында 10-қазан күні ұлтшыл-демократтардың құрылтайын өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің бірінші жалпы жиналысы өтті. Алқалы жиынға Мұхтар Шаханов, Марат Тоқашбаев, Мереке Құлкенов, Рысбек Сәрсенбаев, Дос Көшім,  Қазыбек Иса,  Жарылқап Қалыбай, Әміржан Қосанов және басқа да 40-тан астам танымал ұлт жанашырлары қатысты. Олар Ғабиден Жәкей, Мақсат Нұрыпбаев, Болатбек Біләл дайындаған ұлттық мемлекет құру жөніндегі тұжырымдаманы бірауыздан мақұлдап, құжат құрылтай талқысына салынатын болып келісілді. Сондай-ақ, Құрылтайды ұйымдастырушы комитет құрылды. Оған 18 адам кірді. Комитет құрамы одан да кеңеюі мүмкін. Жалпы, жиын барысында бүгінгі қалыптасқан саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланды. Ұлтшыл күштердің ақсақалы Мұхтар Шаханов барлық ұлтшылдарды, жалпы жұртшылықты бірлікке шақырды. «Қазіргідей ұлттық мүдде аяқ асты болып отырған кезде біз бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керек» деді ол. Жиынның басы-қасында жүрген Рысбек Сәрсенбайұлы, ең алдымен, зиялы қауымның осы істе белсенділік танытып, нақты жұмыс жасау қажеттігіне тоқталды. Құрылтайдың бастамашыларының бірі Ғабиден Жәкей ұйымдастыру жұмыстарының қызу жүріп жатқанын, аймақтардағы белсенді азаматтармен қатар, шет елден келетін де азаматтардың бар екенін, қаржы мәселесінің шешіліп жатқанын атап өтті, ал, Мақсат Ілиясұлы ұлттық-демократиялық мемлекет орнату туралы тұжырымдама туралы әңгімелеп, алдағы 2014 жылы Еуразиялық Одақ құру жөніндегі келісімге қол қойылуы мүмкін екенін, 2014 жылдан бастап Кедендік Одаққа мүше елдердің компаниялары Қазақстанның тендерлеріне еркін қатыса алатынын айтты. «Егер Кедендік Одаққа мүше елдердің компаниялары Қазақстанның тендерлеріне еркін қатыса алатын болса, триллиондаған теңге қаржы шет елге кетеді, мыңдаған отандық компаниялар банкрот болып, миилиондаған адам жеп отырған нанынан айырылады. Оған жол беруге болмайды» – деді ол. Жиналыс қорытындысы бойынша Ұлтшыл-демократтарының халықтық жиынын 23 қарашада өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізіліп, бірауыздан мақұлданды. Ұйымдастыру комитетінің кезекті жиыны 17 қазан күні өтетін болды.