Алаш қайраткерлерiн атқандардың атын атау керек! Әйтпесе қылмыс қайталана бередi
2009 ж. 01 шілде
2697
0
Өзара тiл табыса алмады, бiр-бiрiне қарсы күрестi делiнетiн Сұлтанбек Қожан пен Тұрар Рысқұловтар ұлт мәселесiне келгенде бiрiгiп кетiп отырған. Мысалы, Тұрар Рысқұлов «Бiз үшiн ең қымбет нәрсе не? Революция бiз үшiн мақсат па, құрал ма?» дей келiп «Революция бiз үшiн қазақ проблемасын шешудiң құралы» деп жауап бередi. «Репрессияның нақты себебi қазақ халқының экономикалық жағдайында жатқан жоқ па, өйткенi ол кезде әрбiр бай бүгiнгi тiлмен айтқан фермер едi ғой, айналасындағы ел сол байдың жалдамалы жұмысшылары емес пе едi» деген сұрақ баяндамашы тарапынан да қолдау тапты. Отырыста «Украина 30-жылдарда өз халқының 10 пайызынан айрылса да «голодоморға» байланысты Ресейден 10 млрд.доллар құн төлеудi талап етiп отыр, бұл жөнiнде олар 10 томдық құжаттар жинавғы басып шығарды, БҰҰ-ның алдына мәселе етiп қойды, ал ұлттың тең жарымынан айрылған бiз қашан бұл мәселенi осындай дәрежеде ашық көтеретiн боламыз, неге саяси қуғын-сүргiн құрбандарына арналған еске алу күнi 31-мамыр күнi, мектеп оқушылары сабаққа бармайтын кезге белгiленген, неге ол күнде басқа датаға ауыстырмаймыз, неге аштық пен репрессия жайлы баспасөз бетiнде жыл бойына мақалалар жариялап, неге тарих оқулықтарына өз деңгейiнде бермеймiз» деген мәселе де көтерiлдi. Бұл жайында қосымша баяндама жасаған Қазақстан «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамының президентi, жазушы, тарих ғылымының кандидаты Бейбiт Қойшыбаев былай дедi. Мәкең баяндамасында репрессияның тегi, түпкi себептерi, ауқымы, салдары жайында жақсы түсiндiрiп бердi. Мен сол төңiректе бiрер сөз қоспақпын. Негiзгi мәселе большевизмнiң алға қойған мақсатында. Естерiңiзде болар, Ленин мен оның серiктерi көтерген алғашқы ұран бүкiләлемдiк революция жасау болатын. Оның жүзеге аспайтыны аныққа айналғанда, бiр елдiң – бұрынғы империяның ауқымында таптық негiзде құрылған бiр мықты мемлекет орнату iсi қолға алынды. Оның өзегi ретiнде орыс халқы iшiне кiргiзiлiп ұйыстырылатын және бiрыңғай орыс тiлiнде сөйлейтiн бiр халық жасау идеясы алынды. Большевизм құрған ұлттық құрылымдар iс жүзiнде сол мақсатқа апаратын баспалдақтар санатында ғана едi. Ұлттық республикаларға жариялануына рұқсат еткенiмен, шын ұлттық мүдденi жүзеге асыру бағытында қанаттарын жазғызбас үшiн ұлттық кадрлардың желкесiне төтенше комиссия, ГПУ, партиялық бақылау комиссиясы секiлдi аңдушылары мен жазалаушыларын төндiрiп қойды. Бiздегi репрессия жағдайының орталықтағы ахуалды үстемелей түсетiн қосымша ерекшелiгi сонда жатыр. Дегенмен, саяси репрессиялар ұйымдастырған большевизм-сталинизм туралы айтқанда, жасанды аштық, үш дүркiн соққан перманенттi ашаршылық кезеңдерiн ұмытпау керек. Осы орайда мен мына құжатты оқып берудi дұрыс көрiп отырмын: «Қазақстан «Әдiлет» тарихи-ағарту және құқық қорғау қоғамының 20 жылдығына арналған «Әдiлет» қоғамы: тоталитарлық тарихтан – демократиялық болашаққа» ғылыми-практикалық конференциясына қатысушылардың жұртшылыққа Үндеуi (үндеу бүгiнгi нөмiрде жарияланып отыр – ред) Бiздiң ойымызша, мұнда қозғалған мәселелердiң күллiхалықтық мәнi бар. Мұны БАҚ құралдары iлiп әкетiп, шартарапқа жеткiзудi, үгiт-насихаттық және ұйымдастырушылық жұмыстарын дүрiлдете жүргiзудi өздерiнiң парызы санауы тиiс едi. Бiрақ осы конференцияға бiздiң қазақ басылымдарынан жан келмедi. Ал алыстан арнайы кеп қатысып, құттықтау сөз сөйлеген Халықаралық «Мемориал» басқармасының өкiлi Борис Беленкин «Әдiлеттiң» 20 жылдығының ғылыми-практикалық конференциямен атап өтiлуi жайында «Мемориалдың» өз сайтында хабар берiп, қабылданған Үндеудi жариялады. Беленкинмен «Аргументы и факты» сұхбат өткiздi. Өзiмiздiң «Егемен» Үндеудi мазмұндап қана бердi. Бiттi. Одан басқа бiр жәйттi айтайын. Былтыр күзде ашаршылықтың 70 жылдығына орай «Әдiлет» республикалық ғылыми-практикалық конференция өткiздi. Оған да бiздiң қазақ журналистерiнiң ешқайсысы жоламады. Ал, шынтуайтқа келгенде, бұлар қазақ басылымдары үшiн өте өзектi, белгiлi бiр науқанда ғана емес, тұрақты түрде жазып тұруды қажет ететiн тақырыптар ғой. Өйткенi бұл – тарихи шындықты ел-жұртқа түсiндiру – халқымыздың шын мәнiндегi бiрлiгiне қызмет ететiн мәселе. «Қазақ жерiн көркейтуге» әдемi ұран жетегiмен кеңес одағының түкпiр-түкпiрiнен құлшына жеткендер қазақ қасiретiн, өздерiнiң жасанды ашаршылықта шыбынша қырылған көшпендiлер сүйегi үстiнде шат тұрмыс құрып жүргенiн бiлген жоқ, себебi отаршыл билiк оны бiлдiруге мүдделi емес болатын. Ендi, тәуелсiз елде, соны азаматтарына жақсылап түсiндiру керек, сонда олар ата-бабаларының қазақтың өз жерiнде ұлттық азшылыққа ұшырауына, тиiсiнше бар салада кемiстiк көруiне себепкер болғанын ұғады. Қазаққа қатысты тарихи әдiлеттiлiк бiрiншi кезекте орнықтырылуы керек екенiн жүрегiмен сезетiн болады. Жалпы бiз патшалық тұсында басталып, кеңес кезеңiнде беки түскен құлдық санадан әлi құтылып болған жоқпыз. Бiр ғана мысал келтiрейiн. Тәуелсiздiктiң бастапқы буымен Жоғарғы Кеңесiмiздiң арнайы комиссиясы Отыз екiде большевизм көшпендiлерге қарсы геноцид жасады деп қорытқан-ды. Елiмiзде тұңғыш рет Ашаршылық құрбандарын еске алу күнi белгiленген. Сол күн бiрде-бiр рет мемлекеттiк деңгейде атап өтiлмедi, Алматыда ескерткiш орнатамыз деп белгiленген орын әлi сол белгiленген қалпы ғана тұр. Оның басты себебi бiздiң билiк буындарындағы азаматтарымыздың «орыс не деп қалады» деп жалтақтауында жатқан едi. Ал iс жүзiнде мәселе орыста емес, билiк құрған режимнiң, бүгiнде жоқ, жойылған мемлекеттiң қылмыстарында ғой. «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамы алдағы уақытта сталинизм зардаптары жайында арнайы ғылыми конференция өткiзбек ойда. Бiр ескертетiн жәйт – кеңес тұсындағы iрi тұлғалардың жақсы жақтарын мақтан тұта тұрып, кемшiлiктерiн талдауымыз керек, бұл оларды кемсiту үшiн емес, олардың бастан кешкен тәжiрибелерiнен сабақ алу үшiн, өзiмiздi түсiну үшiн, өткен кемшiлiктердi қайталамай, болашаққа сенiммен беттей алуымыз үшiн қажет». Саясатккер Серiк Сапарғали «өкiмет 1992 жылғы уәдесiн ұмытты, геноцидке, репрессияға қарсы белгi тас қойылған жерге ескерткiштi өзiмiз тұрғызайық, ұлттық мемлекет құру үшiн бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып күресетiн болайық» деген нақты ұсынысын ортаға салса, ұстаз, ғалым Аманқос Мектептегi «халықты ашындырмай және iлестiрмей ешнәрсе шығара алмаймыз» деген күдiгiн айтты. Хасен Қожа-Ахмет «бiз бүгiнгi репрессияны қашан айтатын боламыз, неге қайтадан Ресейге қосылуға елден ерек құмармыз, неге Алаштың азаматтарын атқандардың атын атап, түсiн түстемеймiз, айтпай жүре берсек ешнәрсе өзгермейдi ғой!» деген пiкiрiн айтты. Отырысты «әлемнiң озық елдерi халқының қолын арзан, кей жерде тiптi тегiн интернет қызметiне қалай жеткiземiз деп жатқанда бiздiң үкiмет интернеттi шектеумен әлек, оның үстiне «Мұстафа Шоқай» фильмi секiлдi Алаш қайраткерлерiнiң бейнесiн мүлдем ашып бере алмаған сәтсiз туындылар шығып жатқан кезде бiзге БАҚпен барынша көп жұмыс iстеу керек» деген саясаткер Әлихан Байменов қорытты (шешеннiң отырыста айтқан бiраз ойы оның бүгiнгi сұхбатында кеңейтiлiп берiлiп отыр – ред). «Темiрқазықтың» келесi мәжiлiсi 17 шiлде күнi «Қазақ мемлекетiнiң төл атауын өзiне қайтару» тақырыбы аясында өтетiн болып белгiлендi.
Ө.ӘБДУӘЛИҰЛЫ