Азат Перуашев: Бизнестің жол картасы-2020-ның орындалмай қалу қаупі бар...

  BIZNES 2020 Бизнестің жол картасы-2020-ның  орындалмай қалу қаупі бар - бұрын мақұлданған 406 жоба мемлекеттік қаржыландыруды алмады. Бұл туралы кеше Мәжілістің пленарлық отырысында Азат Перуашев мәлімдеді. Премьер-Министр С.Н. Ахметовтің атына жолданған фракцияның депутаттық сауалында, ағымдағы жылдың 17 мамырында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шарттарына енгізілген өзгертулерден кейін туындаған кәсіпкерлердің  проблемалары туралы сөз болып отыр. Түзетулер бағдарламаның критерийлеріне және қаржыландырудың көлеміне қатысты. «Басқа көптеген бағдарламалардан Бизнестің жол картасының айырмашылығы оның өте тиімді болуында. Оның шарттарын нақты сектордағы мыңдаған компаниялар пайдаланады, олардың көпшілігі дағдарыстан ойдағыдай шықты және сенімді даму үстінде. Мыңдаған жұмыс орындары сақталды және кеңейтілді, сыртқы нарықта да сатылатын бәсекеге қабілетті өнімдер өндірілуде. «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде 3 мыңға жуық жобаларға 642 млрд. теңге субсидия берілді.  20 млрд. теңгеден артық сомаға 200-ден астам жобалар кепілдендірілді. Инвестицияның жалпы сомасы 100 млрд. теңгеге жуық 450 кәсіпорын үшін өндірістік инфрақұрлым жүргізілуде және т.б., - деп көрсетілген сауалда. - Бұл көрсеткіш Елбасының саяси ерік-жігерімен, мемлекеттік органдардың, даму институттарының, өндірістік бизнестің және екінші деңгейлі банктердің өзара іс-әрекеттерімен қамтамасыз етілген болатын». Алайда, А.Перуашев атап көрсеткендей бүгінгі таңда Өңірлік үйлестіру кеңестерінде мақұлданған көптеген жобалар одан ары қаржыландырылмай отыр – бұл туралы «Ақ жолға» келіп түсіп жатқан көптеген кәсіпкерлердің өтініштерінде айтылады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қаржының жетіспеушілігіне байланысты тіпті мақұлданған жобалар бойынша да келісім шарттарға қол қоймай отыр: Қордың мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта бұрын мақұлданған 100 млрд. теңгеден артық сомаға 406 жоба бойынша шарттарға қол қойылмаған. 2013 жылдың соңына дейін олар бойынша болжамдалған субсидия сомасы 2 926 млн. теңгені құрайды. «Бүгінде, «Атамекен» одағының арқасында шағын және орта бизнесті қолдау өте сәнді тақырыпқа айналды, министрліктер осыны перде қылып оны игеру үшін бюджеттен қаражат сұрайды: тек қана Еңбек министрлігі үнемі кәсіпкерлікке жәрдемдесуге ондаған миллиардтарды салады. Алайда, Еңбек министрлігі қолында қоятын кепілі жоқ, не өзінің қаражаты жоқ, тіпті өзінің жеке баспанасы жоқ адамдардан қалайша кәсіпкер жасап шықпақ? 1-2 млн. теңгеге олар қандай бизнес ұйымдастыра алады? –деп сұрайды депутаттар. – Екі-үш бас сиыр сатып алуға, жем-шөп дайындауға болар. Бұл бизнес емес, кәдімгі натуралды шаруашылық қой! Осы адамдарға дәріс оқығанша, жұмысқа орналастыру керек! Еңбек министрлігінің бұл бап бойынша үнемі ақшаны игеріп отыруы, ал жұмыссыздар санының төмендемеуі кездейсоқтық емес. Сондай-ақ, «ақжолдықтар» жөнсіз көбейіп кеткен жобаларды қаржыландыруды қысқартуға шақырады. Мысал ретінде «ҚазАвиаСпектр» зауытын келтіреді, іске қосуға мемлекетпен ҮИИД бағдарламасы бойынша 750 миллион теңге бөлінген, «ҚазАгро»-мен жеңілдіктермен несиеге  846 миллион теңге берілген. Алайда, осы күнге дейін зауыт ештеңе де шығармаған. Одан басқа, А.Перуашевтың айтуынша жуырда Үкіметтің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына  түзетулердің жаңа топтамасын енгізуді жоспарлап отырғаны белгілі болған, онда: - егін шаруашылығы, мал шаруашылығы және орман шаруашылығы; - тау-кен өнеркәсібі саласында техникалық қызметтер; - сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді қадағалау; - тұрушылықты ұйымдастыру жөніндегі қызмет (мейманханалық бизнес) сияқты және т.б. салалардың алынып тасталынуы мүмкін. «Біздің еліміз үшін агроөнеркәсіп кешенінің негізі ретінде егіншіліктің және мал шаруашылығының қандай маңызы бар екенін айтпасақ та болады деп ойлаймын. Сумен жабдықтау және кәріз жүйесі сияқты қызметтердің басымдылығы туралы тіпті айтудың өзі ыңғайсыз: Еуроодақта осы қызметтердің түрлері үшін жаппай айрықша, төмен ҚҚС мөлшерлемелері қолданылады.  Ал біз болсақ оларды басымдылықтардан алып тастамақпыз. Мейманханалық қызметке қатысты – егер де біз ішкі туризмді дамыту туралы айтатын болсақ, тіпті оны салалық кластердің бірі деп қостық, онда мейманханасыз қандай туризм болмақ?» - деп атап көрсетті парламенттік фракция көшбасшысы. Осыған байланысты, «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы Үкіметке келесі сұрақтарды жолдайды: 1) Өңірлік үйлестіру кеңестерінде мақұлданып қойылған, «Даму» қоры  шарттарға қол қоймаған жобалармен Бизнестік жол картасы бағдарламасына қатысушылар үкіметтен қолдау ала ма? Өткізу мерзімінің орындалмауына байланысты келген шығындардың орны толтырыла ма? 2) «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының басымдылық тізімінен бірқатар салаларды алып тастауды жоспарлау туралы бизнесмендердің қауіптенулері орынды ма және бұл жоспарлар неге негізделінген? Әлемдік дағдарыстың нағыз қызған кезінде Президент Н.Назарбаев бастап берген осындай сәтті бағдарламаны, экономиканың ресми өсуінің жағдайында қаражаттың жетіспеушілігін сылтауратып тоқтатып тастаудың орынсыз екеніне «Ақ жолдың» депутаттары сенімді. «Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясы сайлауалды тұғырнамасын іске асыруды және отандық бизнестің мүдделерін қорғау бойынша жұмысын жалғастыра береді.

www.qazaquni.kz