Жыл соңына дейін "Протон" зымыраны бірнеше мәрте ұшырылады

загруженноеБүгін Байқоңыр ғарыш айлағынан "Протон-М" қауіпті деп саналатын зымырантасығышы ұшырылған болатын. Бұған дейін осындай зымыран көктен құлап, ауамызды улаған болатын. Жыл соңына дейін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 5-6 «Протон-М» зымыран тасығышы ұшырылады.  ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков бұл жайында келесіні айтты: «Жоспар бойынша 15 «Протон» зымыран-тасығышы ұшырылуы тиіс болатын. Солардың 6-уы ұшырылды. 6-шы зымыран-тасығышты ұшыру кезінде апат болды. Қалған 9-ын жылдың аяғына дейін ұшырып үлгере алмайды. Сондықтан, 5-6 зымыран тасығыш ұшырылатын шығар». «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды толығымен тоқтату үшін кем дегенде 10 жыл қажет.  «2004 жылы мемлекетаралық келісімге қол қойылған болатын. Сол келісімнің негізгі мақсаты - жаңа «Бәйтерек» ҒЗК жасап, оны ұшыру арқылы «Протонды» ұшыруды толығымен тоқтату еді. Бірақ, «Ангар» зымыран тасығышының негізіндегі жаңа кешен іске қосылу мәелесі созылып кетті, өйткені Ресейдің техникасы уақытылы жасалынбай қалды. Сондықтан, ол жобаны біз 85-ші жылдан бері ұшып жүрген, мүмкіндіктері толық тексерілген «Зенит» зымыран тасығышына ауыстырдық», - деді М.Молдабеков. Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасы орынбасарының айтуынша, «Зенит» зымыран тасығыштары алдағы 2-3 жыл уақыт ішінде ұшырыла бастамақ. «Зенитті» ұшыру арқылы «Протонды» ұшыруды тоқтатамыз. Ал басқа зымыранды ұшырмай жатып, «Протонға» тыйым салсақ, бұл «Байқоңырды» жабу деген сөз», - деп тодықтырды ол. Оның айтуынша, «Протон-М» зымыран тасығыштарының ұшырылуын толығымен тоқтату үшін біршама уақыт қажет. «Бұл мәселені қызбалыққа салмай, жақсылап ойланып шешу керек. Ол шешім екі  ел арасындағы келісімде жазылып қойған. Бірте-бірте «Протонның» орнына зиянды отындарды пайдаланбайтын «Зенит» зымыран тасығышына көшіп, зияны жоқ зымыранды ұшыратын боламыз. Бұған кем дегенде 10 жылдай уақыт керек», - деп түйіндеді ол.

bnews.kz