Қайрат Нұртас қала әкімінің есігін неге қақты?!

photo_11710 Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі белгілі әнші Қайрат Нұртастың айналасында көтерілген шуға байланысты Ахметжан Есімовтен кешірім сұрау мақсатында, есігін қаққанын хабарлады. А.Есімовтің баспасөз қызметі Қайрат Нұртастың қала басшысымен бұрын кездесуге ынталы екенін де айтып өтті. Алайда, әкімнің бұл кездесуге уақыты болмаған. Қайрат 31 тамыз күні оның концерті аясында орын алған келеңсіз жайт үшін кешірім сұрады. Ахметжан Есімов болса, кешірімді қала басшылығынан емес, осы күні зардап шеккен жандардан сұрау керектігін түсіндірді. Зардап шеккендер қатарында «Прайм Плаза» сауда орталығының маңына жуық үйлердің тұрғындары, полиция қызметкерлері мен Нұртастың концертін көруге келген көрермендері болғанын еске саламыз. Осы түні кейбір адамдардың мүлкі де зардап шеккен. Қала әкімі Алматы қаласы еліміздің негізгі шаһарларының бірі екенін айта келіп, ал Қайрат көптің алдына шығып жүрген әнші болғандықтан, оның қатысуымен ұйымдастырылған концерттерде қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалап, мұндай тәртіпсіздіктердің орын алуына жол бермеу керектігін ескертті. Бұған дейін таратылған ақпараттар Қайрат Нұртасты телеарналардан көрсетуге тиым салынғанын жариялаған. Бұған қатысты Ахметжан Есімов: «Әр арнаның өзіндік саясаты бар. Әкімшілік телеарналардың ішкі саясатына араласпайды. Сондай-ақ қалада өткізіліп тұратын түрлі мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылу істеріне да араласпайды. Жауапкершілікті концерт ұйымдастырушылары өз мойындарына алу керек», – деді. Дау тудырған оқиға 31 тамыз күні «Прайм Плаза» ойын-сауық орталығының алдында өткен болатын. Қайрат Нұртас алғашқы әнін айтып болған соң, көрермендер сахнаға қарай ұмтылып, концертті жалғастыруға кедергі келтірген. Сондықтан әнші сахнадан кетіп қалды. Нәтижесінде сахна үстінде жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, бірнеше көлік зардап шегіп, сахна жабдықтары қираған. Тәртіп сақшылары белсенді 10 сотқарды бірден ұстады, тағы 20 бүлікші тексеруден өтіп жатыр. Бұл оқиғадан кейін Қайрат Нұртас алдын ала жоспарланған «Алматы-іңкәрім менің» атты ретро-фестивалінен және «ЕМА-2013» Еуразиялық музыка бәйгесінен шеттетілді.

Сурет tengrinews.kz сайтынан алынды