ШАҢЫРАҒЫ ШАЙҚАЛҒАН ҚАЙРАН АУЫЛ (Қызылағаш сапарынан)

dsc080062dsc080103Қызылағаш оқиғасын теледидардан көріп қанды қырғынға қабырғамыз қайысып еді. 10 сәуір «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен ауылдағы халықтың нақты жағдайымен танысу мүмкіндігіне ие болдық.

АЛҒАШҚЫ ӘСЕР

           Желдің өтіне, сайдың аузына орналасқан осы ауылдың ойраны шығып құлазыған бейнесін көру өте ауыр болды. Тіпті жаңа салынып жатқан үйлер мен елдің қыбыр-жыбыры болмағанда бейне оба жайлаған ескі жұрттай сүркейлі көрінеді екен. Біз барғанда дәл бір қазалы ауылдың қайғы-зарындай сүйектен өтерлік суық боран азынап тұрды. Мүмкін журналистер тобының келе жатқанын сезген өлгендердің рухы тірілерге айтуға үлгермей қапияда кеткен ащы наласын жеткізіп қалуға тырысып жатқан шығар. Алғашқы ақпаратта ауылдың 70 пайызы қираған деген мәлімет алып едік. Ал біздің көзіміз көргені 95 пайызы қираған, күрендіге айналған, бұрын ауыл болды дегенге сенгісіз аянышты көріністер болды.

Бәрімізде іштей тынып, азалы ауылға үнсіз қарай бердік.

 

ЖАҢЫЛБЕК АПАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Мен кезіккен алғашқы ауыл тұрғыны өзін Жаңылбек Баратханқызы деп таныстырды. Біздің мән-жайымызды білген соң ашынған, шерлі бейнемен мынадай әңгіме айтты:

– Қарнымыздың ашқанына жыламаймыз, қадырымыздың қашқанына жылаймыз. Апатты Алланың әмірінен десекте ауыл әкімдерінің хабарламауынан халық қасірет шекті. Өз үй-ішіміз топан судан бір сағат бұрын ғана хабарланып аман қалдық. Ал көшеге шыққан тұрғындарды үйіне қуып кірген әкімдер мен милициялардан қорқып бұғып қалғандардың көбі суға кетті. Үкімет суға кеткендердің санын білмей ме, жасырып отырма, нақтылысын өздері де айтпайды. Өзгелергеде айтқызбайды. Біздің межемізше суға кетіп өлгендердің саны 200 ден көп. Мен өзім оралманмын. Оралмандардың көбінің тіркеуі басқа жердегі ауылдарда болғандықтан тізімдік бойынша іздегенде олардың аты шықпайды. Қазір біреу онда, біреу мұнда кеткен. Кімнің өлі, кімнің тірі екенін ешкім айтып бере алмайды. Ал өлген адамның нақты аты-жөнін айтып бермесең саған ешкім сенбейді. Сенгенді қойып «өсек таратпаңдар» деп аузымызды жабады. Сырттан Талдықорған, Алматы немесе басқа жерден біреулер келіп, ел жағдайын білейік дегенде болмаса елдің күндегі мұң-зарын, бар-жоғын елеп ескеріп жатқан ешкім жоқ.

            Жаңыл апамен әңгімелесіп тұрғанымызда қасымызға бір топ құрылысшы жігіттер келді. Ендігі әңгіменің беталысы соларға бұрылды.

«ҚАНАТ» - NS ҚАРАП ТҰР,

«АЛМАТЫҚҰРЫЛЫС» ЖАРАП ТҰР

Нұқ пен Бейсеннің айтқандары

          Біз ауылдың Алматы жағындағы кіре беріс жағына салынып бітуге таяп қалған жиырмадай үйді көріп қуанып қалып едік. Ал мына жігіттердің айтқаны мүлде басқаша болып шықты. Соның ішінде жел мен күннен қап-қара болып тотығып кеткен Нұқтың сөзі ащы-ащы шықты:

Бұл жерге үй салып жатқандарды сыртынан көріп тұтас бір компания деп ойлап жатқан шығарсыздар. Олай емес. Ақшасына келісіп осында жұмыс бастаған немесе бастау ниетіндегі көптеген компания  бар.  Оның қаншасы халыққа  тиімді  жұмыс жасап жатыр оны білмейміз. Мына сауда заманында қайсы тегін жұмыс істей қойсын. Киімдерімізден көрініп тұрғандай біз «Қанат-NS» компаниясының жұмысшыларымыз. Жұмыс істейміз деп алып келгендеріне жиырма күндей болды. Елге көмектеспек түгілі өз жанымызды баға алмай қалдық. Компания жұмыс жүргізуге әлі күнге сынық бұрауда әкелген жоқ. Жұмыста басталмады. Біз үстімізге алған үйлерді салмақ түгілі ірге тасында қаламадық. Ел бізді күтіп бір күйзелсе, біз бастықтарымызды күтіп екі күйзеліп отырмыз.

         Нұқтың қасындағы Бейсен мен Есбол оның әңгімесін қостап, растығына сендірді. Бейсен:

– Балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан мына күнде шын жаны ашып жүрген ешкім жоқ сияқты. Үкімет адамдары мен тілшілер келсе, оларды біз сияқтыларға жолатпайды. Сіздерді көріп нақты жағдайды айтайық деп әдейі келдік. Біз мына елді асырамақ түгілі үйдегі аш қалған бала-шағамызды асырай алмай отырмыз. Компаниямыздың бізге бір тиын бермегеніне үш ай болды. Ал жұмысы тыңғылықты істеліп жатқан Таңатар деген кісі басқарған «Алматықала құрылысы» ғана. Олар салып   жатқан жиырма неше үй бітуге таяп қалды-дегенді айтты.

            Теледидар мен газеттен естіген қарша бораған қалың «жақсылық шапағаттың» әлі де мұнда толық жетпегені бізді қайран қалдырды.

            Үйлерді аралап жағдай ұғысайық деген ниетпен іргесінен жел аңыраған қалың көк шатырларға бұрылдық.

 

 

КӨК ШАТЫРДАН КӨРІП-БІЛЕНДЕРІМІЗ

            Біз сәлем бере кірген үйдің отағасы Мұрат Келкетайұлы атты оралман азамат екен. Оның айтуынша қытай жағында тұрмыс-тіршілігі өте жақсы болыпты. Соған қарамай атажұртқа тартып,  Қызылағашты мекендеген  екен. Келгеннен кейін қорасына қомақты мал салыпты. Тасқын келердің алдында қамауда тұрған 65 қой, 40 қозы, 2 сиыр, бір жылқысы болыпты. Компьютер, телевизор, тоңазытқыш секілді дүниелерін түгелдей Қытайдан тасып әкелген екен. Су келерден жарты сағат бұрын ғана хабарланған олар соқа бастарын ғана әзер аман алып шығыпты. Мал-мүлкінен дым қалмапты. Қытайдағы туысқандары көшіп келіңдер деп сәсем айтсада үкіметтің жәрдеміне үлкен үміт артып отырған көрінеді.

       Осыларды айта келіп ол былай деді:

-Апатты ешкім сұрап алмайды ғой. Болар іс болды, кетер нәрсе кетті. Бізді ендігі мазалайтыны бұдан кейінгі тұрмыс жағдайымыз. Үйлер әлі салынып бітпеді. Осы қарқынмен тұрса жаз ортасында әзер бітетін шығар. Егістік уақыты болды.

        Алақандай жеріміз жоқ. Үйіміз бітпесе де бізді тіршілік көзімен айналысуға нұсқайтын жандар болса жақсы болар еді. Үйлердің төбесі қалқайған соң бәрі кетеді. Қалғанымызға киер киім, ішер тамақ керек. Малды тіркеткен болсаңдар, сондағы санына қарап береміз дейді. Бірақ жаңадан көшіп келген оралмандардың көбі малын тіркетуді білмеген немесе оған үлгірмеген. Тіпті күн жыли бере мал сатып алған талайы бар еді. Осы жағы бәрімізгеде қиын болып тұр.

         Отағасымен қатарлас отырған Мәкек Қажыбекұлы да өз мұңын шағып мыналарды айтты: Әкімдер үйіне қуып кіргізді дегендердің көбі өлгендер болғандықтан оны ашып айтуға бәріміздің де аузымыз бармайды.

            Көмектеспей жатқан жоқ, шамаларынша көмектесіп жатыр. Бірақ сол көмектердің  қаншалық деңгейде екенін, қаншасы беріліп, қаншасы берілмей жатыр оны қара халық білмейді. Берсе аламыз, бермесе сұрамаймыз. Ең маңыздысы мал мен жер мәселесін тезірек шешіп берсе жөн болар еді.

              Осы шатырға жиналғандардың ішінде әйелдерде көп болды. Өзін Сайран деп таныстырған келіншек немере бауырлары Нұрмұрат деген жігіттің екі бала, әйелімен бүкіл отбасының суға кетіп қалғанын айтып көзіне жас алды. Екі баласы мен жігіттің сүйегі табылғанмен екі қабат әйелінің сүйегі табылмай кетіпті.

              Көк шатырдағылардың айтуынша ел осылай торғай тоз болып жатқанда «топалаңнан тоқаш іздеп», елдің тасқын Судан жағаға шығып қалған керекті темір-терсегі мен дүниелерін жинап, қарақшылық істегендер де көп болған екен. Жағамызды ұстадық.

              Біз кірген шатырға өздерін Алматыдағы «Таугүл-3» ықшам ауданы мешітінің наиб имамы  деп таныстырған ақ сәлделі жігіт. кірді. Халыққа өз қолдарымен ақша және дүние мүлік таратып жүр екен. Жаңа ғана түршіккен жүрегіміз мына мейірімділікті көріп жылынып қалды. Аллаға шүкір, имандыларымыз да бар екен дестік.

 

АҚ ҚАЙЫҢ – РУХ һӘМ АЛЛАНЫҢ ҮЙІ

           Бізді бастап келген «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты «Заңғар» шығармашылық бірлестігі (төрағасы Айдар Қырықбаев) Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу  басқармасымен бірлесіп 50 ақ қайың көшетін ала барыпты.

           Тілші-редакторлар тобы бәріміз жабылып сол ағаштарды Қызылағаштың өзен жақ бетіне жағалата отырғыздық. Басқалардың не ойлағанын   білмеймін, өз басым қазір дерегі шығып отырған 50 марқұмның рухына деген тағызым және ескерткіш деп білдім. Ақ қайың – рух жасарып, жайнап өсе берсе екен деп тіледім.

            Жұрттың ендігі назары ауыл орталығындағы мешітке ауды. Бүкіл дүниені жалмаған топан  судың мешіттің тобығынан ғана өткені бәрімізді қайран қалдырды. Құлақ естісе сенбес те едік. Тілшідер тобын бастап барып оқиғаға куә болғанда ғана Алламызға тағы бір мәрте тәубе үйірдік. Ауыл бойынша халықтың ақ тілегі мен арманын арқалаған Мешіт пен мектептің аман қалғаны шынында таңғажайып оқиға екен.

 

СОҢҒЫ ТҮЙІН

            Бір қызығы, қызығы емес қасіреттісі біз кезіккен ауыл тұрғындары өздеріне қаншама көмектердің жасалып жатқанына қарамастан, билік басындағыларға кекті күмәнмен үрке қарайды екен. Қара халық пен билік арасына соғылған тас қамал және оның зардабынан туған топан судың үрейлі қырғыны осындай суық бауыр күйге жеткізсе керек.

           Шындығына келер болсақ, ел болып, билік болып көлдей көмектердің көрсетіліп жатқаны өтірік емес. Бірақ біз көрген имамдар секілді періште пейілді жандардың өз қолымен апарып берген дүниесінен басқасының бәрі «бірнеше кеденнен» өтеді екен. Арадағы «салықтар» жайында ешкім білмейді.

          Сөзімізді жұбанышпен аяқтар болсақ осы күндері Қызылағаш бойынша алты ана аман-есен босанып, өздерінің «Топанбай», «Тасқынбай»ларын жыртық көңілдеріне медеу қылып отыр екен. Олардың кіндігін облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов өз қолымен кескен көрінеді.

 

              Қазақтың өшкенің жанып, өлгенің тірілсін дейтін батасы осындай қансырап қалған қаралы ауылға қабырғасы қайысқан ақ сақалдардың айтқаны болса керек. Алла: «сақтансаң сақтаймын» депті дегенді тағы айтамыз. Ел ертеңіне үмітпен қарасақ, «Қызылағаш» «Жасылағашқа» айналып, басы бүтін, бауыры толық берекелі ауылға айналса екен деген тілектеміз. Шайқалған шаңырақтардың кеткені келіп, кемтігі толып, қайта көтерілер сәті де алыс емес сияқты. Жер бетіндегі әр қандай қиындықтың Алланың бізге жіберген сынағы екенін еске алсақ, қайсар қазақтың ұл-қыздарының басынан көңілсіз күндердің көк бұлты да әлі-ақ айығып кетеді.

            Аллатағала сондай жақсы күндерге жеткізсін. Өмір есігін «ыңалап» ашқан Қызылағаштық сәбилердің шаңырағынан шаттық күлкісі үзілмесін!

 

Жәди ШӘКЕН