Қазақстан Республикасы Президентіне ҮНДЕУ

         Сіздерге сыбайлас жемқорлық белең алғандықтан және студенттік жатақханаларда  орын жетпегендіктен, амалсыз хабарласып  отырмыз.

        Біздің жатақханамызда не студенттерге,  не оқытушыларға да жатпайтын бөгде біреулер тұрады. Олар бұл жерді әлдеқашан өз меншігіне айналдырған. Ал біздер, тіпті автобус та бармайтын қаланың қиян шетінен бір бөлмелі пәтер жалдау үшін ауылдан ақша сұратуға мәжбүрміз.

        Сыбайлас жемқорлықтың өрістегені сонша, білім алу мүмкін болмай барады. Барлығы да бізден соғым, ақша талап етеді, қала берді, ұялы телефонының балансын толтыру үшін тиын-тебен сұрайды. Олардың қояр талаптары бір мұнымен шектелсе бір сәрі... Егер біздің бар ынтамыз тек ақша табуға ғана арналса, біз қалай білім аламыз? Онда біз болашақта мұғалім немесе заңгер емес, парақор болып қалыптасатынымыз айдан анық. Парақорлықтың бой алғаны сонша, тек «беске» оқитын болсаң да, алған бағаң үшін ақы төлеуге тура келеді. Егер ақша төлеуден бас тартсақ, онда бүкіл топты емтиханнан өткізбей, «құлатып» тастайды.

Құрметті Президент мырза!

Кұрметті қоғамдық ұйым өкілдері!

           Сіздер бұл іске араласып, министрді болып жатқан бұл сұмдық былық жайынан хабардар етсеңіздер екен. Біздің оқу орнын жауып тастағанға дейін арнайы комиссия жіберіп, істің ақ-қарасын анықтаса екен. Тексеруге түрткі болатын мына деректерді мысал ретінде әдейі келтіріп отырмыз.

1. Біздің ЖОО-да бағаны алудың өзіндік талаптары бар:

Мемлекеттік емтиханда «5» алу үшін 10 000 -15 000 теңге төлеуге тура келеді, ал “4”–тің құны – 8000 10000 теңге аралығында. Диплом қорғау, жалпы есеппен 80 000-100 000 теңгеге шығады. Ақшаны староста немесе жеке мұғалім арқылы жинатып алады. Емтиханда құлап қалудан қорыққан студенттер дипломын сәтті тапсыру үшін амалсыздан ақша беруге мәжбүр. Сонда бізді парақорлардан кім қорғайды?

2. № 2 және № 3 жатақханаларда шын мәнінде кімдер тұратынын тексерулеріңізді сұраймыз. Бұрын әрқайсысында 4 студент тұрған екі бөлмеден енді араларында есік жасап, шағын жөндеуден кейін екі бөлмелі пәтерге айналдырған.Қазмағамбетов пен оның командасы мынадай қиын кезеңде ауылдан келген байғұс студенттің қайтіп күн көретінін ойлап бас ауыртып жатпайды.

            Сондықтан, студенттік жатақханаларды мекендегендердің кімдер екендігін, олардың мұнда тұруға қандай құқы бар екендігін анықтауларыңызды сұраймыз.

            Егер Астанадан партия мен түрлі ұйым өкілдерінен құралған комиссия құрылмаған жағдайда, біз Алтай Қазмағамбетовты Атырау мемлекеттік университетінің ректоры қызметінен босатуды талап етіп, студенттердің қолын жинаймыз. Өйткені, біз олар жалғанды жалпағынан басып, сәнді өмір сүруі үшін емес, сапалы білім алу үшін ақша төлеп жатырмыз.

         Бізді оқудан шығарып жіберетін болғандықтан, өзіміздің аты-жөнімізді  жазбай  отырмыз.

 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің бір топ студенттері