ӨЗ ТАҒДЫРЫМЫЗ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

           Біз балаң кезеңнен өттік. Тәуелсіз елде дүниеге келген ерікті қазақтардың алғашқы буыны өсіп жетілді, демек, жауапкершілікті сезініп, дербес тіршілік ететін кез келді.

         Бүгінгі таңда Қазақстандағы бірде-бір қоғамдық күш ел Болашағы үшін тер төгіп, еңбек етуге дайын емес. Биліктің де, оппозицияның да мақсаты мәлім. Олардың көздегені де тым ұсақ. Алысты болжап, байыбына жете алмайтын олардың орнына біздің Жауапкершілігіміз келу керек.

          Бұрынғыша бөлінудің ешбір мәні қалмады, оның барлығы артта қалсын. Айтыс-тартыстан мезі болдық. Өйткені, дау-дамай тасасында Болашақ қамы елеусіз қалып қойып жатыр. Біз Қазақ Ұлттық Конгресі деп аталатын жаңа қозғалыс құра отырып, бұған дейінгі өкпе-ренішті де, ұрыс-керісті де, алауыздықты да өткен күннің еншісінде қалдырамыз. Өйткені, біз ұлы мақсат жолында бірігуге ниет еттік.

          Біз сырт көз қызыға да қызғана қарайтын өз еліміздің таңғажайып жобасын жасамақпыз. Сол арқылы қазақтардың әлемге айтары бар, өзгеге үлгі боларлық іргелі ел екенін дәлелдегіміз келеді. Пайдакүнемдік пен қанағатсыздық емес, сүйіспеншілік пен ар-намыс сынды құндылықтардан тұратын арманның іске асатынын көрсетпекпіз.

           Біздің бағдарлама қарапайым да айқын қағидалардан тұрады.

          Мемлекеттік құрылым. Кезінде посткеңестік сиықсыз кеңістіктің ажырамас бөлігі саналған елді сындарлы Қазақ державасына айналдыру. Өзге халықтарды құрметтеу және олардың да сый-құрметіне лайық болу. Ұлты мен ұлысына қарамастан, осы елді Отаным деп есептейтіндердің барлығын бір тудың астына біріктіру.

          Қоғамдық құрылым. Шексіз билік пен өктемдікті жойып, орнына жүйелі түрде халық билігін орнату. Сәндік демократияны жойып, мәнді демократиялық қоғам қалыптастыру. Жергілікті жерлерде қоғамдық өзін-өзі басқару жолға қойылуы тиіс, парламентке толыққанды билік берілуі керек. Ал сайлау процесінің айқын әрі әділ болуын бақылап, мемлекеттік институттардың іс-әрекетін қадағалауға ешқандай кедергі жасалмауы керек.      Саяси шектеу атымен болмауы тиіс. Сайлау процесіне араласып, нәтижесін бұрмалауға әрекет еткендерді қатаң қылмыстық жазаға тарту керек. Жеке-дара президенттік жойылуы тиіс. Саясаткерлердің сайлау алдында берген уәделерінің орындалуы қатаң қадағаланып, олардың бұл тұрғыдағы жауапкершілігі заң жүзінде бекітілуі керек. Ел алдындағы уәдесін орындай алмағандарды кәсіби деңгейі төмен деп тауып, ол кәсіппен айналысуына тыйым салу қажет.

          Экономикалық құрылым. Ойына келгенін істейтін шенеуніктер мен бюрократтарды ысырып тастап, жасампаз тап қалыптастыру. Бүгінгі күнге дейін қоғам бай мен кедейге бөлініп келсе, ендігі жерде олай болмауы тиіс. Біреулерге айрықша артықшылықтар беріп қойып, екінші біреулерді қорғансыз қалдыратын жүйені түп-тамырымен жою.

         Қазірдің өзінде мұндай идеяны қолдаушылар көп. Егер Мемлекет сенім артса, олардың қатары көбейе түспек. Бұл қатарға өзгеден жақсылық күтіп отырмай, лайықты өмір сүруге өз бетімен әрекет ететін жоғарғы инновациялық технологиялармен жұмыс жасап жүрген менеджерлерден бастап, отбасылық наубайханалардың қожайындары мен барлық деңгейдегі кәсіпкерлер де қосылуға дайын.

          Біз жарқын болашаққа лайықпыз! Осы ұлы мақсат біздің іс-әрекеттерімізді анықтап қана қоймай, өз-өзімізге деген сенімімізді де арттыра түседі.

 

Қазақ Ұлттық Конгресінің

бастамашыл тобы